Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Жыл сайынғы дәстүр бойынша өткізілетін керуен биылғы жылы да өз жұмысын сәтті бастады. Ауданымыздың орталығы Көкпекті ауылынан бастау алып келе жатқан керуен, Көкжайыққа кеп тізгін тартты. Көкжайық ауылының орталық алаңында 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орайластырып алынған «Өшпес ерлікке мәңгілік тағзым» атты керуен акциясы өткізілді.

Толығырақ...

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді аталы сөзге тоқтай білген дана ұлтымыз. Бүгінгі таңда істің қиюын келтіріп, әр салада өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандар аз емес. Статистика шығарған соңғы мәліметтерге сүйенсек, осы кәсіпкер жандардың басым бөлігін орта жастан асқан адамдар құрап отыр екен. Демек, бұл салада жастарымыз аз деген сөз. Жас демекші, жақында жас та болса мал шаруашылығымен айналысып отырған Шұғылбай ауылдық округіндегі «Қажы-мұхан» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түскен еді. Төрт-түлік ата-баба кәсібі десек те, қиындығы бір басқа жетіп артылатын мал өсіру ісімен, оған қоса егін шаруашылығымен бүгінгі жастардың айналысып жүргені көңілімізді қуантты.

Толығырақ...

Аудан әкімі Д.М.Мусиннің тапсырмасымен, жерді тиімді пайдаланып, шаруасын шырқ үйіріп отырған белді шаруа қожалығы әкелі-балалы Виничуктер отбасының егіс даласына бардық. Күзгі жиын-терін науқанының қызған шағында орақ барысымен танысып, күнбағыс өсіп тұрған алқапты өз көзімізбен көріп қайттық.

«Жер қадірін - диқан білер» деп бекер айтылмаса керек. Жыл он екі ай егіс танаптарын баласындай күтіп-баптайтын - диқан бейнеті мен зейнеті мол еңбектен күс-күс болған алақанының жылуын, жүрегінің мейірімін, өзін, өзін ғана емес, бала-шағасын асырап отырған қара жерге дәнмен қоса сіңіреді. Өйтпесе болмайды. Жер — өзін қылаусыз сүйген адамға ғана жомарт. Еліміз тәуелсіздігін алып, жеке шаруашылық жүргізу үрдісі қалыптасқаннан бері ауданымызда диқаншылар әулетінің қалыптасуына негіз қаланды. Біз әңгімелегелі отырған Виничуктер әулетінің тыныс-тіршілігі егіншілікпен тығыз байланысты. Жас жігіттер егіншілік технологиясына да жете мән береді. Ол құрғақшылықта да астықсыз қалдырмайды. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» дейді қазақ. Үстіміздегі қуаңшылықтың зәрәзап қылғанына қарамай, тәуекел еткен диқаншы ағайындылардың еңбегі жанып, күнбағыс егістігі бітік шығыпты.

Бос жатқан жерлерді өңдеп, егіншілікпен айналысқандарына көп бола қоймаса да ағайынды Виктор мен Юрий «Әке көрген - оқ жонар» деген аталы сөздің ақиқаттығының дәлеліндей өздерін кішкентайынан еңбексүйгіштікке баулыған әкесі Владимир Виничуктің еңбек мектебінен өткенін көрсетіп жүр. Жастайынан өзі де еңбекпен шыныққан В.Виничук ұлдарына бағыт-бағдар беріп, үнемі қолдау жасап, ақыл-кеңес беріп отырады. Олардың жас та болса диқаншылықтың қыр-сырын меңгеріп, жердің жомарттығын пайдалана білуі, күн-түн демей істеріне адалдықпен қарауы - ауданда жұмыссыз сенделіп жүрген жастарға үлгі етерлік өнеге деуге болады.  

-Егіншілікпен біз бүкіл отбасымызбен шұғылданамыз. Сондай-ақ, екі тракторшы жігіттерді жұмыспен қамтып отырмыз. Жалпы көлемі 2000 гектар жерге күнбағыс,бидай мен арпа септік. Ауа райы қолайсыздығының залалы бізді де айналып өтпегенмен егістігіміз жаман шыққан жоқ. Көктемгі егін егу науқанын уақытылы бастау, агротехникалық шараларды толық сақтау мен сапалы тұқым құрғақшылық белең алып тұрған жазда да мол өнім алуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Мөлшермен алғанда 1 гектарынан 7-8 центнерден өнім аламыз ба деп отырмыз. Биыл егістік алқабына элита тұқымды бидайдың «Омская-18» сұрпын Өскемен қаласындағы «Тандем-Агро» компаниясынан сатып әкелдік. Бұл жерде агрономда, механизатор да, күзетші де өзіміз. Біріміз түнде күзетсек, екіншіміз комбайнмен орамыз, енді біріміз жерді қайта жыртамыз. Осылайша таңның атысы, күннің батысы бидайды жинап алғанша тыным таппаймыз. Одан кейінгі кезек күнбағыс жинауға тиеді, - дейді жас диқан Юра күнге тотыққан жүзі нұрлана жымиып.

Оның айтуынша, күнбағыстың гибрид тұқымын Өскеменнен сатып әкеліп, биыл бірінші рет салған. Ал «Рокки» тұқымын екінші жыл өсіруде. Күнбағыстың «Арена ПР» сұрпының артықшылығы - осы дақылға зиян келтіретін пероноспороз және тағы басқа ауруларға төзімділігі. Аталмыш гибрид тұқымдыққа жарамағанмен, майлы сұрып болып табылады.

Арнайы дала аруы өсіп тұрған алқапты аралағанымызда көргеніміз, олар түп-түзу қатарлармен, дәнге толы табақшаларын көтере алмай, бастарын иіп тізіліп көздің жауын ала қызықтырады.

Юраның айтуынша,ұзаққа созылатын кезеңіне байланысты күнбағысты нәрлендіру заттары біршама көп талап етіледі. Өсімдіктен 1 центнер тұқым алу үшін топырақтың 6 кг азоты, 2,6 кг фосфоры, 8,6 кг калий қажет болады. Жеткілікті калийі бар қара топырақта ерекше тиімді азот және фосфор тыңайтқыштары болуы керек. Басқа топырақтарда фосфор және калий тыңайтқыштарын жер жырту барысында пайдаланады. Азот тыңайтқыштарын көктемде ұрықтандыру кезінде қолданады. Органикалық тыңайтқыштар із салушы астына салынады Егер бұны тікелей күнбағыс астына төсейтін болса, онда оның сабағы тым ұзарып кетеді. Күнбағысты әрдайым бір егілген жеріне үнемі егу, әркезде араға 8—10 жыл салып жерді тыңайту керек. Биылғы салған гибрид тұқымын олар жыл сайын көктемде сатып алып сеппек. Өйткені, бұл әртүрлі табиғат жағдайларына төзімді, бейімделген сұрып.

Биылғы жылы жігіттер үкіметтен алған 3 млн. теңге субсидияға элеватор сатып алып, оған жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үкімет тарапынан іспен шұғылданам деушілерге көмек болып жатса, ендеше дана халқымыз «ақсұңқар жемін шашып жейді» дегенге сай, диқан жігіттер де жақсылық жасау азаматқа жарасатынын біледі. Олар да өз ауылдастарын азық-түлікпен қамтамасыз етуде көмек қолын созуға әрқашан даяр екендіктерін айтады.

Кәсіп әкеден балаға ауысса, ырыс бірге ауысады. Әке жолын қуған Витя мен Юраның қасынан кенже інісі Николай да қалмай, олармен бірге еңбек етуде. Ол екеуі де диқаншылық кәсіптің берері мол екенін түсінген, жер қадірін біледі. Ендеше, бұл әулет егіншіліктен қол үзбейтіні анық. «Бабын тапсаң – байлық жерде» дегеннің байыбына көзі жеткен жас диқандарға еңбектерің жансын, табыстарың еселене берсін дегіміз келеді.

Бақыт МҮЛІКОВА

 

БОЛАШАҚТЫҢ ҚАМЫ ҮШІН

  Бала болашағым деп ойлайтын ата-ана оның сәби кезінен жан-жақты дамуына көңіл бөледі. Ол үшін ең алдымен отбасындағы тәрбие мен мектепалды даярлық және тәрбие ошақтарының бірлескен жұмысына жете мән беріледі.  Бұл орайда ауданда бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту  бойынша жетістіктер бар. Биылдың өзінде Қ.Аухадиев және Теректі ауылдық округтерінде жекеменшік балалар бақшасы пайдаланылуға берілгелі отыр.

  Преображенка ауылындағы іргелі шаруашылық басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Е.Т.Қойгелдин ауылда бос  тұрған бұрынғы кеңшар кеңсесі, кейіннен дәрігерлік амбулатория болған ғимаратты қайтадан жөндеп, елу орындық балабақша жасауды қолға алған. Мұнда қызу жұмыс жүріп жатыр. Құрылысшылармен бірге балабақшаның құралып үлгерген қызметкерлері де еңбек етуде. Олар көркемдеу жұмысына белсене қатысып жүр.

-Балабақшада екі топ болады. Оларға тәлім –тәрбие беретін педагогикалық  құрам мен қамту қызметкерлері жасақталып қойды. Тәрбиешілердің барлығы да арнайы білімді,жас мамандар, олардың екеуі «Дипломмен -ауылға» бағдарламасы бойынша келді,-дейді балабақша меңгерушісі Г.Тұрлыбекова.

 Екі топқа арналған бөлме, ас үй, әдістемелік кабинет, гигиеналық , кір жуатын бөлме – барлығы да қарастырылған. Оларға арналған жиһаздар, тұрмыстық техника жеткізіліп, орнатылып жатыр. Аулада балаларға арналған ойын алаңдары мен әткеншек және басқа да ойын құрылғылары орнатылады, айнала жасыл желекпен көмкеріліп, безендіріледі. Ержан Тұрсынханұлы құрылыс басында болып, бақылау жасап тұрады.  –Біз бұл жобаға бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша   өзіміздің қаражатымызды салып отырмыз. Бұл жұмысқа ауылдың кәсіпкерлері де атсалысып жатыр. Біздің ауылдың балалары да заман талабына сай тәрбие мен білім алуға тиіс,-дейді шаруашылық басшысы.

 

 

ҚЫС АЗЫҒЫН ЖАЗ ҚАМДА

 Шаруасы өрге басып тұрса да, биылғы қуаңшылық салдарынан тек қана 9 мың гектар алқаптан өнім күтеміз деп жасырмайды Ержан Тұрсынханұлы. Агротехникалық шаралардың қатаң сақталуы ғана осынша алқапты сақтап қалуға мүмкіндік берді. Шарушылық үшін маңызды науқан мал азығын даярлау болып табылады. Өйткені аудандағы жалғыз тауарлы-сүт фермасы осында орналасқан. Автоматтандырылған неміс қондырғысы орнатылған бұл ферма іске қосылған. Қазір мұнда 550 бас сиыр сауылады. –Біз шаруашылықтың бұл инновациялық жобасын жетілдіре түсу үшін ең қажеттісі сауылатын сүт мөлшерін төмендетпеу болып табылады. «Сиырдың сүті – тілінде»- демекші, оларға жем-шөппен бірге сүрлем аса қажет. Сондықтан сүрлемдік жүгері өсіруге жете көңіл бөлінеді,-дейді Е.Қойгелдин.  «Өрнек» ЖШС аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі. Жыл сайын техниканы да жаңартып отыратын да осылар. Ұзақ жылдар бойы «Қазагроқаржы» АҚ-мен сенімді серіктестік орнатқан шаруашылық биыл да бірнеше комбайн, жем-шөп тарататын қондырғы және басқа да техника алған. Ең басты жетістіктері өндірілген өнімді қамбаға тазалап құю үшін жаңа қырман орнату болып тұр.

 Қырман басында шаруашылық жөніндегі меңгеруші Ш.Искаковтың басшылығымен қырман меңгерушісі С.Холодков бастаған жігіттер соңғы жұмыстарды атқаруда. Қуаты сағатына 150 тонналық алып қондырғыны орнатуда ағайынды Закировтар, И.Шнайдер,С.Аязбаев,О.Кривых,В. Бабов және бақалары қысқа мерзімде аяқтады. –Орақты жаңа батап жатырмыз, енді аз күнде жұмыс қызады, біз де жаңа астықты қабылдауға дайын болып қалдық,-дейді Шәміл Ғаппасұлы.- Жаңа қондырғымен жұмыс жеңілдеп қана қоймайды, дәнді дақылдардың тазалық сапасы да артады, әрі көп үнем болады. Жұмысшы күші де азайып, тек қана операторлар жұмыс істейді. Заманауи техникамен жұмыс істеу уақыт талабы.

 Шаруашылықтағы бұл да бір жаңа инновациялық жоба болып отыр.

ДЕНСАУЛЫҚ-ЗОР БАЙЛЫҚ

Округ тұрғындары үшін асыға күткен тағы бір жаңалық-жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы. Дәрігерлік амбулаторияның орналасқан аумағы 362 шаршы метрді құрайды. Облыстық бюджеттен бөлінген 130 млн теңге жұмсалған бұл әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Соңғы әрлеу жұмыстары аяқталған бөлмелерге жиһаздар орналастырылып жатыр. Сонымен бірге өрт қауіпсіздігі дабылы тартылуда. Бір-екі күнде аулаға асфальт жабынды да төселеді деп күтілуде.

  Округ әкімі Д.Қойгелдиннің айтуынша, құрылыс жұмысы әкімшілік, «НұрОтан», авторлық және техникалық бақылауда тұр. Құрылыс бөлімінің де тарапынан бақылау күшті. «Белгіленген уақытынан кешеуілдегенімен, мердігерлер бар күш-қуатты жұмсап, мерзімінде аяқтауға тырысуда»,-дейді ол. Амбулаторияға бас дәрігер де жаңадан келген. Жас маман М.Тоқпаева «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша, қала  тұрғыны бола тұрып  ауыл ға қоныс аудармақшы. Жергілікті билік оған тұрғын үй мәселесін шешуді алдыңғы кезектегі мәселелердің бірінен санайды.

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ»

 Биыл Қ.Аухадиев атындағы орта мектепте де жаңалықтар баршылық. Соның ең бастысы – бірыңғай мектеп формасын енгізу болып отыр. «Біз самарлық білім ошақтары секілді оқушылардың бірыңғай киіммен жүруі керектігін шештік. Қазірдің өзінде 120-дан артық киім әкелінді. Таяу күндері қалған формалар да жеткізіледі»,-  деп бөліседі жаңалықтарымен Дәурен Бақытжанұлы.

 Оқушыларға арналған киім үлгілері әдемі, бағасы да қалта көтерерліктей, қыз балаларға арналғаны 5000, ал ер балалардікі 2,5 мың теңгеден аспайды. Бір оқушыны киіндіру үшін бұдан екі есе шығын жұмсалатынын есептесек, преображенкалықтардың бастамасын құптамасқа болмас. Тұрмысы төмен отбасыларына көмек те қарастырылп отыр.

 Округтің тұрғындары да ауылдағы атқарылып жатқан барлық жұмыстардан тыс қалмай, барынша атсалысуда. Ауыл қайнаған жұмыс ордасы десе болғандай. «Дегенмен де, кейбір жатып ішер жалқауларымыз да жоқ емес, бірақ, оларға қарап біздің жұмысымыз тоқтап қалған жоқ, олардың белсенділігін арттыру үшін ауылдағы қоғамдық ұйымдар әңгіме өткізіп жатыр. Тентектерімізді де түзетуге уақыт тауып отырған жайымыз бар»,-дейді округ әкімі.

Клара НҰРПЕЙІСОВА

Ағайынды көкөніс өсіруші Зүлфиевтер біздің ауданымыздағы тұтынушыларды бау-бақша өнімдерімен бірден-бір қамтамасыз етушілер. Олардың қолымен өсірілген сапалы әрі экологиялық жағынан таза көкөністер тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие. Кәсіпкерлердің өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігі көктемде теңге бағамының құнсыздану кезеңінде көкөніс бағасы негізсіз көтерілгенде айқын көрінді. Аудан әкімінің қолдауымен муниципалдық базарды Тоғай Зүлфиев арзан көкөністерін сатылымға шығаруға пайдалануда.

   Тоғай Зүлфиевтің бақшасына қарай апаратын соқпақ жол жіп-жіңішке болып ирелеңдей жетелейді. Жап-жасыл бау боп өрілген жүйектерде көгенделген қиярлар мен қызанақтар, орамжапырақтар мен сәбіздер және картоп өскен алқаптар жайқалып, көздің жауын алады. Бақша алқабының екінші жағында бірнеше адам пісіп-жетілген өнімді қапқа салып жинап жүр. Зүлфиевтердің ең бірінші пісетін дәруменге толы қиярларын жинау үшін бүкіл отбасы мүшелері таң бозынан кеш қарайғанға дейін еңбектенуде.

-Биыл қияр жақсы өнім беріп жатыр, - дейді жасыл бақшаның сүйкімді қожайыны Мехрибану. –Бақша басына таңертең ерте келіп, кеш қайтамыз. Біздің тұрмыс-тіршілігіміздің көзі, жеп отырған нанымыз осы болғандықтан кешке дейін тер төгеміз. Еңбек етпесең, аузың да қимылдамайды.

-Зүлфиевтердің еңбекқор отбасының үлкен-кішісі бақшада жұмыс істейді. Жер өңдеушінің жұмысы өте ауыр. Бәрі қолмен істеледі, - дейді оны қостап, Құлынжон ауылдық округінің әкімі Шәмшібану Шайырғазина.

-Бұл отбасы өздерін өздері қамтамасыз етіп отыр. Олардың көкөністері тек ауданда ғана емес, облыс аумағында үлкен сұранысқа ие. Тоғай Зүлфиевтің балалары да кішкентайынан шаруаға епті. Үлкен ұлы Нұрсұлтан – колледждің студенті, жазда ата-анасына жәрдемдеседі. Қалған үшеуі мектепте оқыса, Джахангер – 4 жаста. Жақында облыс орталығында болған жәрмеңкеде Тоғай Зүлфиевтің қиярлары 80 теңгеден сатылды. Бұл күні қаланың басқа нүктелерінде оның бағасы 200-250 теңге болып шарықтап тұрған еді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Тоғай ауылдық округте өтетін түрлі шараларға үлкен қолдау көрсетіп отырады. Өсірілген өнімдерін төмен бағамен ұсынады.

Мәселен, облыстық жәрмеңкеде керемет сұранысқа ие Зүлфиевтердің өнімдерін барлығы біледі. Көктемде өткен жәрмеңкеде олар қала тұрғындарына картопты 55 теңгеден, орамжапырақты 20-25 теңгеден сатты. Қазіргі күндері Зүлфиевтердің қаншама тер төгіп өсірген көкөністері бақша басынан-ақ арзан бағамен сатылып кетіп жатыр. Олардың жинаған өнімдері отбасына кіріс кіргізіп, жыл бойы аудан тұрғындары балғын көкөністер тұтынғанын қалар едік. Тоғай Зүлфиев несие алмаса, көкөніс сақтайтын қойма салу немесе оны сатып алу еш мүмкін емес.

Оның отбасы 2003 жылдан Құлынжон ауылында тұрған. Өткен жылы олар бақшаға жақынырақ болу үшін Бастаушыға қоныс аударып, үлкен ұрасы бар үй сатып алды.

 –Мен өзім Тәжікстаннанмын. Тағдыр айдап осы аймаққа келдім. 1976 жылы Ахмеровода әскер қатарында қызмет еттім. Әскерден кейін Өскемен қаласында отбасын құрып, тұрып қалдым да құрылыста прораб болып істедім. Аласапыран кезеңде жұмыссыздық орын алғаны белгілі. Бала-шағаны қайтсем де асырау керек болды. Сөйтіп, 2003 жылы маған ауылға келіп көкөніс өсірумен шұғылдануға кеңес берген Казнаковка ауылдық округінің әкімі Күлбибі Жолжақсыновамен таныстым. Бұл сала маған бөтен емес. жермен жұмыс істеу қолымнан келетін. Оның үстіне сол кезде бос жатқан жерлер өте көп болды. Осылайша мен сіздердің аймақтарыңызға келіп, осында біражола қалдым. Өз өмірімді жермен шұғылданумен байланыстырдым.

Бүгінгі күні көкөністердің алты түрін өсірудеміз. Міне, қияр өткізуді бастап та кеттік. Жақында қызанақ та пісе бастайды. Көкөністерді бөлшек саудаман облыстағы «Дина» сауда нүктесіне өткіземіз. Күзде тұрғындарға аса қажетті көкөніс - пияз сатамыз. Содан кейін орамжапырақтың кезегі келеді. Біздің өнімдеріміз Самар ауылындағы муниципалдық базарда жақсы сатылады. Қыста біз барлық көкөніс түрлерін тұрақты бағамен 70 теңгеден саттық. Қазіргі таңда қияр 80 теңгеден жақсы өтуде. Қызанақ 200 теңгеден, 50-60 теңгеден орамжапырақ болады. Жер өңдеу кезінде экологиялық жағынан таза, табиғи тыңайтқыштар пайдаланамыз. Атап айтсам, көң, құс саңғырығы, арамшөптерді құрту үшін гербицидтер қолданамыз.

Биыл аудан әкімі Д.М.Мусиннің қолдауымен Тоғай Зүлфиевке 60 гектар жер телімі бөлініп, оның 35 гектары картоп өсіруге арналған танап, қалған 25 гектарына көкөніс өсіреді. Алғаш рет субсидия алуға құжаттар рәсімделді.

Көкөніс өсірушінің басты мәселелерінің бірі – көкөніс сақтайтын қойма. Қоймаға сақталған өнімдермен қыс және көктем айларында аудан халқын балғын көкөніспен қамтамасыз етіп отыруға болады. Сонымен қоса, жерді талапқа сай өңдеу үшін жаңа техника керек. Жер танаптарын жырту, арықтар қазу үшін мен  техника жалдаймын. Осылайша, тапқан табысымыздың бір бөлігі соған жұмсалады. Жаңа трактор мен қойма біз үшін ең маңызды мәселе болып тұр. Қияр жинау жұмыстарын орындаған адамдарға күніне 1500 теңге төлеймін. Ал, картоп жинағанда одан қымбатырақ, яғни, 2000 теңге төлеймін. Оны да әзірге құрғақ әрі жылы ауа райы тұрған кезде жиып-теріп алу керек. Бүгінгі күні сыйымдылығы 200 тонналық қойма бар. Бірақ, ол жеткіліксіз.

Дүйсенғазы Мағауяұлының қолдауымен тағы бір көкөніс қоймасын сатып алу мәселесі шешілуде. Егер бұл мәселе оң шешімін тапса, аудан тұрғындарын жыл бойына балғын көкөністермен қамтамасыз етуге мүмкіндік аламыз. Оған қажетті құжаттарды даярлауда Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Әлия Мұқашева зор көмек көрсетуде.

Келешекте Тоғайдың тек аудан халқын ғана емес облысты да көкөніспен қамту ойында бар. Ол үшін көкөніс өсірушіге жаңа техника мен жер аумағын кеңейтіп, көкөніс отырғызуды арттыру қажет.

-Менің оған мүмкіндігім бар және  ойға алған істердің барлығы да жүзеге асатынына сенімдімін, - дейді Тоғай. – Болашаққа арналған жоспарым өте үлкен. Өйткені, менің шаруа қожалығым бар. Егер жан-жақтан аудан мен ауылдық округ, ауылшаруашылық бөлімі басшылары, туған-туысқандар мен дос-жарандар қолдау көрсетіп жатса, онда жұмыс істеуге деген құлшынысың артып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті жақсартуға, жаңа технологияларды енгізіп еңбегіңнің нәтижелілігін арттыруға талпынасың. 

 Қанат АПСАДЫҚОВА

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2024 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз