Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың халыққа жолдаған Жолдауында экономикалық-әлеуметтік биіктерге көтерілу үшін рухани байлықтың, дансаулықтың қажеттілігі көрсетілгендігі мәлім. Ал, денсаулықтың мықты болуы, бүгінгі таңда еңбек етіп жүрген әрбір ақ желеңді абзал жандарға байланысты екені сөзсіз.

Толығырақ...

1992 жылдың 4-ші маусымы күні еліміздің мемлекеттік рәміздері қабылданып, содан бері бұл күн Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні ретінде аталып келеді.

Ту, Елтаңба және Әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері болып саналады. Рәміздер - тәуелсіз елдің намысы, ел рухын әуелетер қозғаушы құрал. Бүгінде рәміздер күні республика бойынша аталып өтуде. Мерекелік іс-шара Самар қарттар үйін де айналып өткен жоқ. Осы мекемеде «Мемлекеттік рәміздер - тәуелсіздік белгілері» атты мереке өтті. Алғашқы ретте әлеуметтік қызмет көрсету мамандары А.Чкартова,  Ж. Рахимбекова, Ж.Раева, Г.Шотанова, Р.Сейтқамзина қарттар үйінің тұрғындарымен бірге көк байрағымызға бас иіп, әнұранды орындады. Шара барысында рәміздеріміз жайлы толық мағлұматтар беріліп, рәміздердің тәуелсіз еліміз өмірінде алатын орны кеңінен насихатталды. Мемлекеттік рәміздерге байланысты викториналық сұрақтар қойылып, қарттар үйінің тұрғындары бар ынталарымен жауап беріп, лайықты сыйлықтарына ие болды. Осы мекеменің қызмет алушысы Л.Куликова өз шығармашылығынан «Қазақстан», «Мама» өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ, Самар қарттар үйінің «Атамекен» вокалдық тобы мен Д.Самарина «Атамекен», «Қазақстан - қыран далам» «Сильные люди» сияқты патриоттық әндерден шашу шашты. Шараға қатысушылар патриоттық әндерден қуат алып, ерекше сезіммен тарасты. Мемлекеттік рәміздер күні - әрбір қазақстандықтың патриотизмдік рухы мен елі үшін мақтаныш сезімін оятатын мерекеге айналды.

Ә.Құдагелдинова, Самар қарттар үйінің

әлеуметтік қызмет көрсету бойынша маманы

275-тен аса отбасы қоныстанған Белое ауылдық округі абаттандырылуы, шаруашылығын шыр айналдыруы, тұрғындарының қоғамдық белсенділігі, аудан спортына қосқан жетістіктері жағынан алғанда ауданымыздағы бетке ұстар елдімекендердің бірінен саналады. Жуырда осындай жақсылықтардың басы-қасынан табылып, көп іс-шараларға мұрындық болып жүрген жас әкім Мұхтар Жаңкебаевпен жолығудың сәті түскен. Ауыл әкімінің айтуынша, ауыл тынысын кеңейтуде бастауыш ақсақалдар ұйымының, ауыл белсенділерінің, тұрғындардың, жастардың өз ауылына деген сүйіспеншілігі мен патриоттық ұстанымдары түрткі болуда. Тіршілік ететін ортасын, күнделікті балалары асыр салып ойнайтын ауылдың іші-сыртын, қора жайлары мен қоршауларын ретке келтіру, санитарлық тазалықта ұстау ұзын жолдың бойына қоныс тепкен аққалалықтар үшін үйреншікті жағдайға айналған. Олар өз ауылдарының мәртебесін көтеруге, тұрмыс-тіршілігін жандандыру ісіне барын салуға даяр.

-Округ аумағында аудан бюджетінің қоржынына сүбелі үлес қосып, заман көшінен кенже қалмай,тіршіліктерін ілгері бастырып отырған бірнеше қомақты мекемелер мен шаруа қожалықтары бар. Атап кететін болсам, Өскемен титан-магний комбинатының филиалы - «Сәтбаев кен байыту кәсіпорны» ильменит кенін өндіретін кен байыту комбинаты құрылысының жобасы жасалуда. Егер бұл кәсіпорын іске қосылса, жұмыс орындары қазіргіден де көбейетіні анық. Жергілікті тұрғындардан кадрлар даярлау ісі де оң шешімін тауып отыр. «Самар-Астық» ЖШС (Бақытбек Құмаров), «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 40 адамды жұмыспен қамтып отырған "Қараөткел"ШҚ (Қуат Закириянов), мүйізді ірі қара өсірумен шұғылданатын «Адал» ШҚ (Зайра Құмарова). Биыл лизингпен осы шаруашылықтарға 20 миллион теңгеге 6 трактор сатып алмақпыз. «Жаңажол» ШҚ ауыл шаруашылығына ылғалсақтағыш техникасын қолдану арқылы жаңа технологияны енгізіп, мал азығына арналған судан өсімдігін өсіруді қолға алуда. Сондай-ақ, бізде «Жұмыспен қамтудың жол картасына» жобаларын өткізіп, ірі қара мал өсіру бағытында жаңадан істерін бастаған жандар да жеткілікті. Олардың ішінен 3 топ мүгедегі Ә.Шакиеваны ерекше атауға болады. «Жайлау» бағдарламасы бойынша үш адам қамтылып отыр,- дейді М.Жаңкебаев.

Ауыл тұрғындары арасында бұқаралық спортты кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, балғын спортшыларды жаттықтырып, жарыстарда жүлделі орындардан көрініп, аудан, облыс спортын дамытып жүрген мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімдерімен әңгімелестік. Олардың бірі –зейнеткер жасына жетіп отырған, 44 жыл өмірін мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі қызметіне арнаған спортшы Қалиев Қалмахан Нұрбекұлы. Ол Өскемен қаласындағы пединституттың дене шынықтыру пәні факультетін тәмамдағалы бері мектепте өз мамандығын жетік меңгеріп, жас ұрпақты спортқа баулып,соңғы жылдары сыныптан тыс жұмыста волейболдан қыздар командасын жаттықтырып келеді. Өзін әлі сергек ұстайтын спортшы-ұстаздың айтуынша, 12 адамнан, жастары бойынша 3 командадан тұратын волейболшы қыздар облыста сан мәрте топ жарды. Жуықта аталған Ж.Шайжүнісовтың 100 жылдық мерейтойында өткен жарыста 3 медальға ие болған. Оның қолынан Көкпекті ауданы қыздар командасының арасында III спорттық разряды бар 2 облыс чемпионы – Анищенко Юлия мен Салихжанова Сабина сынды қыздар тәрбиеленуде. Сондай-ақ, спортшы-ұстаздың ізбасарлары, спорт шеберлері, дене шынықтыру пәні мұғалімдері аудан, облыс, республика көлеміндеспортпен шұғылданып, жас ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосуда. «Біз жалпы алғанда спортшылар отбасымыз деуге толық негіз бар. Өйткені, Өскеменде тұратын немерем Қалиева Жәнел көркем гимнастикадан спорт шебері, «Динамода» бапкер, Президенттік мектепте оқитын немерем Қалиев Әмір жеңіл атлетикамен және футболмен айналысады. Өзім балалар мен жастардың бос уақытында оларды СӨС ұстануға, бұқаралық шараларды өткізуге, Президенттік тест тапсырмаларын орындауға жұмылдыру ісіне атсалысамын. Спортпен шұғылданған жеткіншектердің өзіне деген сенімділігі, күш-жігері артып, намысшыл, мақсатқа ұмтылу, олардың бойында жеңіске жету сынды қасиеттер қалыптасатындықтан жасөспірімдердің құқықбұзушылық әрекетке баруға уақыты да болмайды.Осындай игі істерге басты назар аударып жүретін мектеп мұғалімдеріне, ата-аналарға, әсіресе, мектеп директоры Күлпану Зайнулдинқызына спортты дамытуға көп көңіл бөлетініүшін алғыс айтқым келеді. Өйткені, жарыстарға баруға үнемі көлік пен бөлінген қаражат жағынанқолдап отырады», - деген тілегін жеткізді Қалмахан Нұрбекұлы.

Әңгімеміздің арқауы 33 жастағы мұғалім, «Ауданның үздік жаттықтырушысы» ретінде аудан әкімінің 500 мың теңге сыйақысының иегері болған Аслан Болатбекұлы Ибраевпен жалғасты. Ол бала кезден бастап жаны сүйіп қалаған спорт өнерінен бір сәт те қол үзбеді.11 жыл мектепте дене шынықтырудан сабағын жүргізіп, жиыны 30 шақты әртүрлі жастағы ұлдар командаларын жаттықтырып жүр. Шәкірттерінің ішінен Яловой Иван, Зайнулдинов Арман, Закариянов Ержас атты ұландар - 3-4 дүркін Қазақстан чемпионы болып, спорт шеберіне үміткер, күміс жүлде иегерлері. Сондай-ақ, республикалық, облыстық, аудандық турнирлерде көптеген шәкірттер үздік ойындар көрсетіп жүр. «Мәселен, С.Ағзамовты еске алу турнирінде 3 жыл қатарынан I орынды жеңіп алдық. 1996-1997 жылғылардың ішінен облыс чемпионатында бірнеше рет жекелеген балғындар жүлдегер атанды. Өзім бастап апарған ақырғы 24 сәуірде өткен спартакиадаға командамыздан 5 бала қатысып, III орынға қол жеткіздік. Осындай жеңістер балалардың спортқа деген ынтасын арттыратыны сөзсіз. Облысқа қатысатын 9 ұлда  3-спорттық разряд бар. Кететін үлкендердің орнына 1-3 сыныптардың ұлдарын жинаудамын. Келешекте бұдан да үлкен жетістіктерге жетіп, биіктерді бағындыратынымызға сенімім мол. Біз, тіпті, балалардың жазғы демалыс күндерінде де дене тәрбиесін елеусіз қалдырмаймыз. Оларға волейбол, баскетбол, футбол ойнайтын доптар беріп қоямыз. Балалар жаз бойы жаттығып, күштері мен денсаулықтарын нығайтып, күзде мектепке тың күш-жігермен келеді. Сөзімнің ақырында айтарым, спортшыларға спорттық киімдер мен спорттық инвентарь керек. Сондай-ақ, спортты дамытуға үнемі қолдау жасап, көлікпен, жолақысымен, басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етіп жүрген Самар БЖСМ директоры Е.Мұқаев пен мектеп директоры К.Қожаеваға үлкен рахмет айтамын», - деп ойын түйіндеді талапты жас Аслан Болатбекұлы.

Жан-жағыңызға көз салып қарасаңыз, әр жерде аула сыртында волейбол және баскетбол алаңшалары жасалғанын, оның жанында топ-топ балалар ойнап жүргенін көргеннен-ақ, бұнда спорттың алатын орны бөлек екенін байқайсыз. Бұл жерден салауатты өмір салтын қалыптастыруда үлкен жетістіктерге жетіп, жастарды спортқа баулып жүрген адамдары бар ауылдың болашағы да жарқын болары анық деген сеніммен аттандық.

Бақыт МҮЛІКОВА

Балаларды қорғау күні – жыл сайын әлемнің 30-дан астам елінде аталып өтілетін халықаралық мереке. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде қиын сәттерге тап болып, тағдырдың теперішін көрген балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балдырғандарға арналған мерекелік шаралар, қайырымдылық акциялар өткізіледі. Біздің аудан да бұл үрдістен шет қалмады. Үлкенбөкен ауылында ұйымдастырылған балалардың көңілді мерекесіне аудан әкімі Д.М.Мусин қатысты. Ол өзімен бірге балаларға арнап ойыншықтар мен тәтті сәлем-сауқытын ала келді.

Мектептің акт залына салтанатты киінген балалар және олардың аналары, апалары мен аталары жиналды. Барлық жерден балдырғандардың шаттық күлкілері мен қуанышты дауыстары жаңғырып тұрды. Шараны жүргізушілер сахна төріне мерекенің басты қатысушылары – ауылдық округтегі балалар бақшасының түлектерін шақырды. Бүлдіршіндер бар ынталарын сала отырып, өлең жолдарын оқыды, ән шырқады. Алғашқы құттықтау сөзді алған аудан әкімі барша жиналған балаларға жүрекжарды тілегін арнады. – Балалар – біздің болашағымыз. Елбасы Н.Назарбаевтың алдыға қойған міндеттерін жүзеге асырып, әлемнің дамыған отыз елінің қатарына ену үшін, ең алдымен, біз дені сау, білімді ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Сол себептен, қазірден балаларымызға барынша көңіл бөліп, олардың ойдағыдай дамуы үшін барлық керектіні беруге тиіспіз. Қымбатты балалар және қадірлі ата-аналар, барлықтарыңызды осындай жарқын мерекемен құттықтаймын. Отбасыларыңызға бақ-береке, бақыт пен сәттілік тілеймін.

Ауылдық округ әкімі Н.Назарханов пен ауыл ақсақалы К.Баймолдиннің құттықтауында аға буынның ізін жалғастырушы ұрпаққа деген, өз елінің патриоттары болып өсіп келе жатқан округтің жеткіншектеріне деген мақтаныш сөздер айтылды.

Балдырғандардың шаттығын бөлісе келген қиял-ғажайып ертегілерінің кейіпкерлері қосыла ән шырқап, би биледі. Әсерлі және көрнекті қойылымдардың бірін бүгінде тәртіпті оқушылардың қатарында жүрген, өткен жылдарда балабақшамен қош айтысқан түлектер көрсетті.

Ал, бүгінгі бүлдіршіндерге – биылғы жылдың түлектері үшін мектеп табалдырығын аттайтын маңызды сәт алда. Аз қамтылған отбасы балаларына ауыл демеушілері «Мейірім» қайырымдылық акциясы аясында мектепке қажетті сыйлықтар табыс етті. Үлкенбөкен мектебін осыдан бірнеше жыл бұрын бітірген түлектер мерекеде  білім ордасына бағалы сыйлықтар табыстады. Мерекелік шара балалардың асфальтқа сурет салу байқауымен өз мәресіне жетті.

1 маусым күні Көкпекті ауданының орталық алаңы, мәдениет үйі, бүкіл көшелері жүздері бал-бұл жанып, бейне бір ханзадалар мен ханшайымдардай болып жасанған, қолдарында түрлі-түсті шарлары бар балдай тәтті сәбилер мен бүлдіршіндердің сыңғырлаған шат күлкісіне, былдырлаған періште үндеріне толып, ерекше арайлы түрге енді. Өйткені, жадыраған жайдары жаз айының алғашқы күні балдырғандардың алаңсыз ойнайтын, олардың бақытты балалық шағын паш ететін шаттыққа толы мерекесін ала келіп еді.

Кең ауқымдылығымен ерекшеленген жарқын мерекенің бұл жолғы ұйымдастырушылары - аудан орталығындағы «Балалар өнер мектебінің» қызметкерлері. Міне, бүлдіршіндер асыға күткен мерекелік концерттік бағдарламаның шымылдығын Дильназ, Мадияр және Ясмин атты балғын жүргізушілер ашты. Олар жауқазындай жайнаған бөбектерге ыстық лебіздерін арнай келе, алғашқы құттықтау тілегін жолдау құрметін аудан әкімінің орынбасары Клара Рафикқызына берді.

-Балалық шақ – бұл ең бақытты және алаңсыз кезең, айналадағылардың бәрі үлкен және жарқын, ал адамдар – мейірімді. Әлемде қуанышты, бақытты бала күлкісінен керемет не бар. Бүгін сендермен қатар бүкіл әлем балалары бұл әсерлі де жарқын мерекені тойлауда. Қымбатты балақайлар! Сендерді қуаныш пен шаттыққа толы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әр жаңа атқан таңдарың ересектердің махаббаты мен қамқорлығына бөленсін, ал балалық шақ тек бақытты және жылы естеліктер қалдырсын! – деп ізгі тілегін жеткізді.

Кеш жүргізушілері іс-шараның бағдарламасымен таныстырып, балдырғандарды қолөнер бұйымдарынан жайылған көрмелерге, асфальт бетінде сурет салу байқауына,интелектуальдық және спорттық ойын түрлеріне қатысуға шақырды.

КӨКПЕКТІНІҢ БӘЙШЕШЕКТЕРІ-2014

Аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен балабақша, мектепалды даярлық топтарының бүлдіршіндері арасында «Көкпекті бәйшешектері» деген атпен өткізілген шығармашылық өнер сайысы көрерменнің көз қуанышына айналды. Құртақандай ғана сайыскерлер өзін өзі таныстыру, өнер сайысы кезеңдеріне тамылжыта ән салып, мың бұрала би де билеп бойында бар өнерлерін жан сала паш етті. Ал, шығармашылық жұмыстарының көрмесі әділқазылар алқасының алдына жайылды. Киім кию үлгісі, өнері, шығармашылығы жағынан бірінен бірі асып түсіп жатқан балапандардың сайыс қорытындысын шығарып, сарапқа салу, әділ баға берушілер үшін оңайға соқпағаны рас. Ақыры, байқау қорытындысына барынша әділ баға беріліп, бас жүлдені Ж.Шайжүнісов атындағы ОМ Ахан Дильназ жеңіп алды. I орынды М.Әуезов атындағы ОМ Ізғұтты Айзере, II орынды І. Жансүгіров атындағы ОМ Махаббатова Дильназ иемденсе, Миролюбовкалық Сабазова Әдемі III орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ, Ж.Шайжүнісов атындағы ОМ Ахан Гауһар «Кішкентай ханшайым», Шұғылбайдан Әділханов Досжан «Өнерлі бала» атақтарына ие болды. Ал, Баяхмет Нұрай, Жақыпбекова Ислана, Жаңбырбаева Жанайым сынды бүлдіршін ханшайымдар белсенді қатысқаны үшін марапатталып, барлық қатысушыларға әдемі ойыншықтар сый-сияпаттар ұсынылды. Бір айта кетерлігі, айшықты шараның қызығына қызық қосқан «Балерке» балабақшасы бүлдіршіндерінің балдай тәтті тілдерімен оқыған тақпақтары, әндері мен билері де мерекенің көрігін онан сайын қыздыра түсті бұл күні.

Алаңда өткізілген «Әлем балалар көзімен» тақырыбында асфальтта сурет салу байқауынан 1 орын Н.Қабдрешева, «Үздік батпырауық» сайысынан 1 орын Шәріптоғай мектебінің оқушысы М.Маркенова,«Батпақ» ойынында 1 орын № 1 команда ойыншылары Б.Тлеухан, А.Әсенов, Д.Фахрутдинова, С.Астанин, О.Елисеева алды. Ал, «Көңілді старттардан» 1 орынды Көкпекті балалар үйінің командасы жеңіп алды. Барлық ойынға қатысушылар мақтау қағазымен марапатталды.

БАР ЖАҚСЫЛЫҚ БАЛАЛАРҒА

Дәл осы сәтте мәдениет үйі ғимаратындағы би залында да Көкпекті аймағы бойынша Оңалту орталығы қызметкерлерінің  ұйымдастыруымен «Бар жақсылық балаларға» атты сазды ойын-сауық бағдарламасы барлық шаттығымен, қуанышты дүбірімен өтіп жатты. Аудан әкімнің орынбасары К.Смаилованың қызмет алушы балғындарға арнаған мерекелік ізгі құттықтауынан соң, С.Көпесовтың орындауындағы әсем де көңілді ән «Мерекенің» әуенімен педагогтар мен балалар, әлеуметтік қызметкерлер қосыла жаңа заман биін биледі. Сондай-ақ, тәрбиешілер ертегі кейіпкерлері - жылқы, қонжық, қоян, сайқымазақ кейпінде киімдерін киініп алып, балаларға шексіз шаттық сыйлауда болды. Қуаныш одан әрі жалғасып, айнала қол ұстасып, бәрі бірлесе «толқиды теңіз», «мысық пен тышқан», «ақсерек-көксерек», «ручеек» қызықты ойындарын ойнады, шыркөбелек қалықтап вальс, қара жорға, өзбек, аққу билерін нақышына келтіре орындады. Әсіресе, көрерменнің көзайымына айналған дене шынықтыру пәні мұғалімі Жан Нұрсапаев пен Артем Дюсюповтың орындауындағы «Ертегілер» әнін ерекше атап кеткен жөн. Мерекелік ойын-сауықта өнерлерімен ерекшеленген 3 балаға аудан әкімінің сыйлығы берілді. Олар: Дюсюпов Артем, Оразалина Шырын, Мейіржанов Қанағат сынды өнерлі балақайлар. Бұл күнгі балалардың бақыты мен  шаттығында шек болған жоқ. Бірінен бірі өткен сүйкімді, бар сән-салтанаты жарасқан балалардың көңілді мерекесіне оңалту орталығы Көкпекті бойынша 65 балаға тәттілер мен жеміс-жидектер толтырылған дорбалар мен аудандық кәсіпкерлер Палатасының директоры Ә.Мұқашеваның әр балаға арналған ойыншықтары тапсырылса, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы тәттілер, торттар, жеміс-жидектер мен сусындар жайылған дастарханын ұсынды.

Күн шуағын төгіп, аспан нұрланып тұрған бұл күні – Самар ауылында Балаларды қорғау күні аталды. Алаңға үлкені бар, кішісі бар жиналған бала кереметтей көп болды. Аталары мен әжелері немерелерімен, жас отбасылары, тіпті, бүкіл отбасымен келгендер де бар екен. Көңілді шуыл, әуен бүкіл алаңға жаңғырығып тұр. Қолдарына қызылды-жасылды шар, түрлі ойыншықтар ұстаған балалар мәз-мейрам.

Алаң төріндегі сахнаға күн мен көңілді жолбарыс баласы шығып, балалар үшін көңілді мереке басталып кетті. Бұл күн олар үшін ұмытылмас жарқын сәттердің біріне айналғаны анық. Жарқыраған Күн мен Жолбарыс балаларға түрлі ойындар ойнатты. Мысалы, «теңіз қандай болады?» деген сауалға  «сары, қара, қызыл, тұзды теңіз» деген жауап берген балалар сыйлық алды. Мерекеге жиналғандарды Самар ауылдық округінің әкімі С.Дүсіпов құттықтады. Ол балаларға және олардың ата-аналарына, әжелері мен аталарына зор денсаулық тіледі.

Мерекелік концертке жас бүлдіршіндер белсене қатысты. «Дәншік» балабақшасының, Самар бастауыш мектебінің, Ж.Болғанбаев атындағы орта мектептің кішкентай өнерпаздарының концертін тамашалағандар дән риза болысты. Балалар шығармашылық үйінің ұйымдастыруымен балдырғандар асфальтқа сурет салды. Бір қызығы биыл олардың арасында ешқандай бәйге жарияланған жоқ. Ең кішкентай суретші екі жастағы болса, ересегі он бір, он екі жасар болды. Елуге жуық суретшінің барлығына бірдей сыйлық таратылды.

Мерекелік шарадан мекемелер де сырт қалған жоқ. Мысалы, Самар МӘМ ұжымының кәсіподағы балаларға тәтті шырын мен шоколад таратты. 

Мерекеге белсене қатысқан балаларға ауылдық округ әкімінің және мәдениет үйі атынан мадақтамалар табыс етілді. «Шашбаулым», «Самарчанка» би топтары, Бинұр Тілеубекова, Яна Габизуллина, Амина, Дарибаева, Анеля Боданева, Мадина Мұхтарбек және басқалары осындай марапатқа лайық деп танылды. Мерекенің қызықты болып өтуіне «Мәмбет» шаруа қожалығы, кәсіпкер Л.Федорова демеушілік жасады.

Бұл күні Самар ауылындағы спорттық модульдің футбол алаңында оқушылардың орта буын жастағы командалары арасында футболдан жарыс өтті. Бұл жарыста Самар ЖБСМ-нің 2006 жылғы туылған ұлдар командасы бірінші орын алды.

Жазды барлығымыз да жақсы көреміз. Жаз - ол көңілді демалыс, суға түсу, лагерьге бару, үлкендеге көмектесу, бау-бақша күту, балалар сөзімен айтқанда, таусылмайтын қызық кезең. Жаздың алғашқы күні Баларады қорғау күні болуы да тегін емес секілді. «Үлкендердің осындай мереке ұйымдастырғанына біз кереметтей қуаныштымыз», дейді олар. Осындай қуаныштар жаз бойы бола берсін.

Біздің тілшілер

 

БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ БАЛ СӘТТЕРІ

1 маусым – Үлгілімалшы ауылында Балалар күніне арналған «Балғын балалар -біздің болашағымыз» атты мерекелік шара жоғарғы деңгейде өтті. Жиналған қауымды ауыл әкімі А.Смағұлов және әйелдер алқасының мүшесі К.Айдарханова, ардагер ұстаз Қ.Айжақсина құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Ауылымыздың музыканты Б.Байтұновтың сүйемелдеуімен балалар мерекелік әндер шырқады, би биледі. Жас ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында веложарыс ұйымдастырылды. Бас жүлдеге ауылдың тумасы, Семей қаласының тұрғыны О.Игимбаев велосипед тігіп, ол қарсыластарынан оқ бойы оза шапқан М.Қизатовқа бұйырды. Спорт ардагері М.Айжақсин жарыс жүлдегерлеріне сыйлықтар мен мадақтамалар тапсырды. Мерекенің ойдағыдай өтуіне «КалМухЖом-Ахмет», «Елтай», «Сейіт», «Мейіргүл» т.б шаруа қожалықтары демеушілік жасап, балаларға тәтті-дәмділер мен сусындар сыйға тартылды.

М.Мырзабекова,

Үлгілімалшы ауылының жастар маманы

Аудан әкімі Д.М.Мусиннің төрағалық етуімен 27 мамыр күні аудандық әкімшілік отырысы өтті. Күн тәртібінде кешенді тәсіл мен шапшаң шешімдерді қажет ететін өзекті мәселелер қаралды.

ҚҰРЫЛЫСТЫ САЛЫП ҚАНА ҚОЙМАЙ, ОНЫ

ТІРКЕУДЕН ӨТКІЗГЕН ЖӨН

Көлемді құрылыс жұмыстары мен тұрғын үй құрылысы жайлы аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылысы бөлімінің басшысы Б.Бекенов баяндап берді. Ол соңғы жылдары құрылыс көлемінің өскенін, 2011 жылғы 1232 шаршы метрден 2013 жылы 2156 шаршы метрге дейін ұлғайғанын атап өтті. Биылғы жылы, Б.Бекеновтың болжалы бойынша, бұл көрсеткіш 2230 ш.м. құрайды. 1 мамыр күнгі ахуал бойынша жоспарлы міндеттерді Миролюбовка және Құлынжон ауылдық округ әкімдері толықтай орындаған. Ал, Тассай, Үлкенбөкен, Үлгілімалшы, Шұғылбай ауылдық округтерінің әкімдері бұл міндеттерді орындаудың жолдарын енді қарастыруда. Бөлімнің мәліметіне сүйенсек, биылғы жылы «Қалисатарұлы» (С.Жотабаев) шаруа қожалығының Самар ауылында үш тұрғын үйі, «Талап» (Ж.Күшікпаев) қожалығының Ақой ауылында екі үйі, «Шыңғыс» (Ж.Отаров) шаруашылығының Мамай ауылында екі үйі және Көкпекті ауылында сегіз пәтер  пайдалануға беру жоспарланып отыр. – Бұрын салынған тұрғын үйлер мен басқа да нысандарды тіркеу бойынша жұмыстар жүргізу қажет, - деді Б.Бекенов ауылдық округ әкімдеріне қарата айтқан сөзінде. – Ол үшін техникалық бақылаудың өкілдерін шақырып, олармен жұмыс тұстарын келісіп шешіп, бар жылжымайтын мүлікті тиісті түрде рәсімдеу керек. Осы мәселе бойынша нақты жұмыстарды атай келе, аудан әкімі  келешектегі  жұмыстың басымдықтарын анықтады – бұл дербес тұрғын үй құрылысы мен заңнамаға сәйкес техникалық құжаттарды рәсімдеу мәселесі.

ТУРИЗМДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ БҮКІЛ ӨМІРІҢЕ ЖЕТЕТІН ІС БОЛУЫ МҮМКІН

Аудан әкімінің орынбасары А.Әкімова келешекте ауданда туристік кластер құру және туризмді дамыту туралы ақпарат берді. Алмагүл Жанахметқызының айтқандарын тыңдай келе, аудан әкімі аудандағы туризмнің болашақ жоспарларын бір нүктеге тоғыстырды.

-Туризм – қазіргі таңда билік органдарының жұмысының республикалық және облыстық деңгейдегі негізгі бағыттарының бірі. Қазақстандағы туристік саланың даму Концепциясы бізді осыған бағыттайды, - деді Дүйсенғазы Мағауяұлы. Ол аталған мәселе бойынша аудан әкімдігі аппаратының басшысына ауылдық округ әкімдері үшін семинар өткізуді тапсырды. Өйткені, жақын арада бұл олардың негізгі жұмысы болмақшы. Атқарылған жұмыстарды саралай келе, аудан әкімі ауданда туристік кластерді құру мен дамытуға дайындалған жобаны аяқтау және Концепцияға сәйкестендіру қажеттігін ескертті.

-Бізде барлық қажеттіліктер бар, тек ауыл әкімдерінен ұсыныстар келіп түссе болғаны, -деп Дүйсенғазы Мағауяұлы, қатысушылардың назарын ауданның есепке алынбаған туристік салаларына аудара келе. Бәрінен бұрын, бұл – Толағай тауы маңына, туған өлке туралы аңыздарды зерделеуге арналған туристік жорықтар ұйымдастыру. Экскурсиялар мен тарихи-мәдени маршруттардың әзірлемесін жасау қажет. Аң аулау шаруашылығының іс-әрекетіне ерекше көңіл аудару керек. Өкінішке орай, ауылшаруашылық және малдәрігерлік бөлімінің, жер қатынастары бөлімінің, Самар, Мариногорка, Палатцы, Үлкенбөкен, Көкпекті округтерінің әкімдік аппараты мамандары үшін бұл бағыттағы жұмыс белгісіз және жабық аймақты елестетеді. Ал. шынтуайтына келсек, бұл дегеніңіз қосымша қорлардың ашылмаған және пайдаланылмаған көзі, нағыз алтын Клондайк. Осы орайда,  аудан әкімі ауылшаруашылық және малдәрігерлік бөлімінің басшысына аудан аумағында орналасқан аң аулау шаруашылықтары туралы деректерді жинауды, олардың іс-әрекеттерін көлеңкелі экономикамен күрес қырынан қарауды тапсырды.

Келесі бағыт – бұл экотуризмді дамыту. Ауданның флорасы мен фаунасы бай, қорықшалар мен қорықтар бар.  Біз барлық табиғат байлықтарын экотуризмді дамыту үшін пайдалануымыз керек.

Басымдықтар ретінде «Мараленок» пантамен емдеу орны, пляж туризмі және балық аулау әуесқойлығын дамыту, Подгорное ауылындағы үш Совет Одағының Батырларының Даңқ Мемориалына бару жұмыстары ерекшеленді.  

-Бұл бағыттардың дамуы тек туристік саланың дамуына мүмкіндік жасап қоймай, қызмет көрсету, сервис, сауда салаларын дамытуда оң әсерін тигізе отырып, мультипликативті тиімділік те береді, - деді Дүйсенғазы Мағауяұлы.

Сонымен бірге, ол инфрақұрылымды дамыту қажеттігіне, әсіресе, жолдарға баса назар аударды. Облыстық дәрежедегі маңызы бар  «Көкпекті – Васильев өткелі» жолының көңіл толтырмайтын сапасы туралы біз газет беттеріне бірнеше қайтара жариялағанбыз. Алайда, бұдан жолдың сапасы жақсара қойған жоқ. Көргеніміздей, «ОблШығыс Жол» мекемесінің қолы «Көкпекті-Самар» жол учаскесіне сол бойы жете алмаған сыңайлы. Жолдағы ойықтар тегістелгенімен, одан әрі қарай еш қозғалыс көрінбейді. Бұндай жағдай қанша уақытқа дейін созылатыны беймәлім. Алайда, қаншама адамдардың өміріне қауіп төндіретін жол апатын тоспау керек сияқты.

-Бұл мәселе шұғыл шешімді қажет етеді. Өйткені, 1-2 маусымда мектеп түлектерін ҰБТ-ға тасымалдайтын уақыт жақындап қалды, - деп ТҮКШ, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөліміне сәйкес тапсырма берген аудан әкімі қадап айтты.

Өзен жағалауының санитарлық жағдайы, шындап айтқанда антисанитарлық жағдайы туралы бөлек сөз қозғалды. Бұл мәселенің оң шешімін табуы ауылдық округ әкімдері, құқыққорғау органдары және тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы қызметкерлерінің бірлескен және тұрақты жұмысын талап етеді.

БАЛАЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН НЫҒАЙТАТЫН

ЖАЙДАРЫ ЖАЗ МЕЗГІЛІ

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ш.Мұстафинованың мәліметі бойынша, 99% балалар мен жасөспірімдер жазғы демалыс, денсаулықты жақсарту сынды шаралармен қамтылып, бос уақыттарын тиімді пайдаланатын болады. Жалпы бала санының 1 пайызы, яғни қырық оқушы медициналық көрсеткіштерге сәйкес жаздық балажайларда демалуға, туристік сапарларға шығуға, еңбекпен шұғылдануға денсаулықтары келмейді. Биылғы жылы ауданда 5 балажай жұмыс жасайтын болады. Олар – Новостройка ауылындағы «Балауса-Көкпекті» денсаулықты жақсарту-спорттық балажайы, Мойылды ауылындағы «Таусамал» туристтік балажайы, Сарыбел ауылындағы «Жас Толқын» пікірсайыс балажайы, Көкжыра ауылындағы «Жас өркен» мен Миролюбовка ауылындағы «Достық» денсаулықты жақсарту-спорттық балажайлары. Сонымен қатар, мектеп қабырғасындағы балажайлар, Астана, Өскемен, Ұлан, Абай, Жарма аудандарына туристік сапар мен экскурсия жұмыстары ұйымдастыру жоспарлануда. Аудан әкімі білім беру бөліміне көп балалы және аз қамтылған отбасы балаларына, «қиын» жасөспірімдерге, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

 

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БӨЛІМІНІҢ ОРЫНДАУШЫ ТӘРТІБІ «АҚСАУДА»

Ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы М.Теміржановтың Тассай ауылындағы балық қорларын сақтау және оны дамыту мәселесі бойынша өткен кеңестегі тапсырмалардың жүзеге асырылуы жайлы ақпараты дайын болмай шықты. Қойылған бірде-бір сұраққа мардымды жауап бере алмаған Марат Темиржановтың жұмысын аудан әкімі қатты сынға алды. – Тассайда өткен кеңесте берілген басты тапсырма – балық аулауды заңды негізде жүргізу – ауылшаруашылығы бөлімінің назарынан тыс қалған. Анықтама беру мәселесі де шешімін таппаған. Аудан шекарасынан тыс жерлерге шығарылатын балықты есепке алу ретке келтірілмеген. Құқыққорғау органдарымен қарым-қатынас орнатылмаған. Яғни, іс жүзінде ешқандай жұмыс атқарылмаған, - деп қорытындылады өз сөзін аудан әкімі. Берілген атпсырманы орындау бойынша ол ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының және соған жетекшілік ететін орынбасарының қанағаттанғысыз жұмысын, балық «барымтасын» тежеу бойынша құқыққорғау органдарының әлсіз жұмыс жасап жатқандығын атап өтті. Бұл мәселе Үйлестіру кеңесінің отырысында қарастырылатын болады.

Отырысты қорытындылай кеое, аудан әкімі тапсырмалардың дер кезінде және сапалы орындалуын, шешімдерді қабылдауда жетік тәсілді қолдануды, жалпы сұрақтар бойынша түрлі қызметтер жұмыстарының жұмыстарын үйлестіруді талап етті.

Надежда ШАРОВА

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2024 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз