Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Еліміз егемендік алған күннен бастап Елбасы Н.Ә.Назарбаев өңірлерді өркендету, қалалар мен ауылдарды абаттандыру және көгалдандыруға үлкен мән беріп, жүйелі жұмыстың барысын қатаң бақылауда ұстап келеді.

Дана халқымызда «Туған жер – тұғырың» деген аталы сөз бар. Сондықтан, ауылдарымыз бен көшелеріміздің әсем де әдемі, таза да көрікті болуы көпшілікпен бірге атқарылатын, тәрбиелік және мәдени мәні жоғары іс деп білеміз. Ауданымызда  бұл бағытта көптеген игілікті жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, жаяуы да, көліктісі де, жандысы да, жансызы да көше бойымен жүретін көкпектіліктерді бүгіндері қуантып отырған жайт –жаяужолдың төселуі. Аудан орталығында жол жиегін жөндеу жұмыстары қолға алынғандығы жөніндемердігер "Көкпекті Жолдары" ЖШС директоры Г.Нұрғалиева былайша баяндап берді:

-Жобалы-сметалық құжаттарға сәйкес жергілікті бюджеттен жол жөндеу жұмыстарына 21 млн. 539 152 теңге қаражат бөлінген болатын. Бұл Қабанбай батыр көшесінен бастау алатын жаяужол Ж.Шайжүнісов мектебіне дейін, барлығы 1,7 шақырым жолдың бойына төселмек. Қазіргі таңда, өлшеу жұмыстары жасалып жатыр. Алдағы уақытта бордюрлер қоюды қолға алмақпыз. Сондай-ақ, қосымша 8 су жіберу құрылғылары да орнатылуда. Бұған қоса, осы бөлінген қаражатқа Биғашқа шығатын жолға қисық сызықты діңгек орналастырылды.Жобаның жүзеге асырылу мерзімі 2014 жылдың маусым-шілде айларын қамтиды, - дейді ол.

Бұл оқушылардың жүретін жолы екендігін де ескерсек, алдағы уақытта тротуарлар жаяу жүргіншілер мен балалардың қауіпсіздігін  қамтамасыз ететіні сөзсіз. Гүлназ Нұрғалиеваның айтуынша, жол қозғалысының қауіпсіздігі ең маңызды, әрі негізгі мемлекеттік мәселе. Осы мәселені шешу кезінде аса маңыздысы, ол жол қозғалысы мүшелерінің ішіндегі ең кішкентай жаяу жүргіншілеріміз – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Жұмыс қарқынды жүріп жатқанымен, орын алып отырған олқылықтар да жоқ емес. –Біз ауылымызды көркейту жолында еңбек етіп жатырмыз. Алайда, мұны кейбір тұрғындар түсінбейді, наразылықтарын білдіруде. Себебі, жаяужол тұрғындардың дәл қақпасының алдынан төселуде. Кейбір үйлерде көліктер тұратын орын бар,оларды да ескеріп жатырмыз. Жаңа жаяужол тұрғындардың игілігі үшін екенін түсінсе дейміз олар, - дейді "Көкпекті Жолдары" ЖШС директоры.

-Туған ауылымыздың көркіне көрік қосу үшін жұмыс істеп жатқанымызға мақтанамыз. Ауылымыздың сәнін келтіруде өз қолтаңбаңды қалдыру да мәртебе әрі материалдық жағынан өзімізге де пайдасы зор, - деді пікірін білдірген жұмысшы жігіттер.

Біз олардың жұмысына сәттілік тілей отырып, көше тұрғындары бұл істің қаншалықты пәрменді болғанын келесі жылы өздері-ақ байқайды демекпіз.

Жібек ЕРЛАНҚЫЗЫ

Жалпы, сот жүйесі мамандары Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік кызмет туралы» Заңының негізінде мемлекеттік қызметшілердің қатарына жатады.

Ал, мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылып, мемлекеттік қызметшілердің адамгершілігі және моральдық-этикалық бейнесіне жоғары талаптар қояды. Сотта қызмет атқарып отырған әрбір маман мемлекеттік кызметші ретінде өзінің барлық қайрат-жігерін, күші мен тәжірибесін атқаратын кәсіби қызметте жұмсауы заңды. Өйткені, оған өзінің Отанына, Қазақстан Республикасының сот жүйесіне, соттың беделі мен коғамдағы орнын жоғары көтеруге, сотқа келген әр азаматтың конституциялық құқығы мен мүддесін қорғауға адал да қалтқысыз қызмет етеді деген сеніммен міндеттер жүктелген.

Сот маманы жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, мемлекеттің тілге және басқа тілдерге, сот жүйесінде, мемлекетік қызметте қалыптасқан салттар мен дәстүрлерге құрметпен қарап, сот жүйесінің абыройы мен беделін көтеруге, заңгер мамандығының ең жоғары сатысы судьялыққа жетуге барлық күш-жігерлерін, ақыл-ойларын жұмсауды мақсат тұтулары қажет.

Л.Құнанбаева, Көкпекті ауданының

№ 2 аудандық сотының кеңсе меңгерушісі

 

2002 жылғы 20  желтоқсанда  Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 57-ші сессиясы жыл сайын 23 маусымды - Біріккен Ұлттар Ұйымының Мемлекеттік қызмет күні деп  жариялап,  сәйкес қарар қабылдаған еді. Сонымен қатар, БҰҰ мүше мемлекеттерді дәл осы күнді Мемлекеттік қызметкерлер күні деп тануға шақырған болатын. Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының 2013 жылдың 23 маусымындағы қаулысына сәйкес бұл күн Мемлекеттік қызметкерлер күні деп белгіленді.

Осы атаулы күнге орай Қ.Алтынбаев атындағы Мәдениет үйіне өздерінің кәсіби мерекелерін атап өту үшін ауданымыздың мемлекеттік қызметкерлері жиналды. Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Д.М.Мусин мемлекеттік қызметтің қалыптасу жолдары, басқару органы қызметкерлерінің жаңа саңлақтары – мемлекеттік қызметкерлердің пайда болуы және дамуы мен олардың халық, қоғам алдындағы атқарар міндеттері жайлы баяндады. Барлығын кәсіби мерекемен құттықтай келе, аудан әкімі мемлекеттік қызметтің ардагерлерін ерекше атап, халық пен мемлекет игілігі жолында жасаған талай жылғы еңбектері үшін алғысын білдірді. – Сіздер біздің ауданның өркендеуіне, тоқырау уақыты саналатын 90-шы жылдары оның әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына ерекше үлес қостыңыздар. Сол кездері барлық жауапкершілік сіздердің арқаларыңызға жүктелген еді. Сондықтан, бүгінде қолымыздағы барымыз үшін сіздерге қарыздармыз, - дей келе, Дүйсенғазы Мағауяұлы барлық ардагерлерге алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар, бүгіндері өз міндеттерін абыроймен атқарып, ауданның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген қатардағы мемлекеттік қызметкерлер де ілтипатқа бөленді. Бұл күні мемлекеттік қызметкерлер қатарына жаңадан қосылып жатқан жастар салтанатты түрде ант қабылдады. Олар өз мәртебелерін лайықты түрде алып жүруге және адал, риясыз халыққа қызмет көрсетуге серт берді.

Аудандық мәслихат хатшысы Рәмзи Беспаев мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Облыстық басқарма басшысы Т.Жұмағұлов атынан аудан әкімі Д.М.Мусинге алғыс хат табыс етті.

Өз ісінің үздігі аталған майталман қызметкерлердің талайы бүгіндері арамызда жоқ. Жиналған қауым оларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Надежда Красникова жиналған қауымға ақ тілегін жеткізе келе, мемлекеттік қызметтің беделі мемлекеттік органдардың халыққа көрсететін қызметтерінің сапасына байланысты екенін атап өтті. – Мемлекеттік қызметші болу – бұл тек абырой емес, ол зор жауапкершілік, - деп, барлығына бақыт пен жақсылық тілей отырып.

Кәсіпкерлер Палатасы филиалының төрайымы Әлия Мұқашева мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтай келе, білім беру бөлімінің басшысы Ш.Мұстафиноваға, Миролюбовка ауылдық округі әкімі Г.Асаупқа және кәсіпкерлік бөлімі басшысы міндетін атқарушы М.Смағұловқа гүл шоқтарын табыс етті.

Болат Бекенов әріптестері Р.Бектасов, М.Теміржанов және Е.Құдайбергеновтың атынан қарауында жұмыстың ең қиын өндірістік учаскелері бар аудан әкімінің орынбасары Р.Сағындықовты құттықтады.

Жүрекжарды тілегін жеткізе келе, орталық аудандық аурухананың бас дәрігері Райфа Сафиоллинова: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» - деп, Ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың қара сөздерінен үзінді келтірді. Ол бұл сөздер бүгінгі күнгі мемлекеттік қызметкерлерді толығымен сипаттайтынын жеткізді. Сыйлық ретінде бас дәрігер әсем күй тарту етті.

Салтанатты шара мемлекеттік қызметкерлердің орындауындағы концерттік нөмірлермен өз мәресіне жетті.

Кеш соңында мемлекеттік қызметтің ардагерлері шарадан алған әсерлерімен, тілектерімен бөлісті

Құмар Орсаев, Көкпекті ауылының мемлекеттік қызмет ардагері, кезінде ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы қызметін атқарған:

-Елбасымыз Н.Назарбаев мемлекетті тиімді басқаруда бүгінгі күнгі мемлекеттік қызметкер қандай қасиеттерге ие болу керектігін айқындап берген болатын. Бұл – жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби біліктілік және оларды іс жүзінде оңтайлы қолдана білу, адалдық пен өмірлік белсенді көзқарас. Бүгінде осы залға жиналған әр қызметкер осындай қасиетке ие жандар. Біз сынды аға буынды жауапкершілігі мол, ақ ниетті өскелең ұрпақ алмастырғанына қуаныштымын. Барлық әріптестерімді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Алда тек табысты, биік жетістіктерге қол жеткізе беріңіздер. Ал, жастарға тілерім, қызмет баспалдағымен жоғары қарай көтеріліп, жаңа биіктерді бағындыра берсін.

Гүлжан Шентимирова, мемлекеттік қызмет ардагері, тұрғындарды әлеуметтік қорғау бөлімінде қызмет істеген, Самар ауылы:

-Бұл атаулы мерекені алғаш рет және барлығымыз бірге атап отырғанымызға қуаныштымын. Егер бірге болатын барлық уақытты есепке алсақ, онда бізді үлкен отбасы деп санауға болатын шығар. Мен барлық әріптестерім мен жас мамандарға жұмыста ғана емес, сонымен қатар қолға алған кез келген бастамаларда да жетістікке жетіңдер демекпін.

Жәнібек Әмірхан, Миролюбовка ауылдық округінің бас мал дәрігері:

-Мемлекеттік қызметте жүрген әр адам өзіне жүктелген міндеттердің маңыздылығын сезініп, елінің патриоты бола білуге тиіс. Барлығына денсаулық, еңбектеріне жеміс, отбасыларына бақ-береке қонсын. Ал, ең бастысы – біз қызмет ететін халықтың сүйіспеншілігі мен сенімін тілеймін.

Екатерина СКУДАРНОВА

«Бір терезе» қағидасы, «халыққа қызмет көрсету орталығы», «ерекше әлеуметтік қызмет» ұғымдары нақтыланып, «автоматтандыру», «толықтай автоматтандырылған мемлекеттік қызмет көрсету», «жекелеген автоматтандырылған мемлекеттік қызмет көрсету» ұғымдарын қарастыратын Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істей бастағалы жеті жыл болды. Біздің Көкпекті ауданында ХҚКО ашылған күннен бастап жұмыс істегендердің қатарында Нұржанова Гүлназ Болсынғазықызы да бар. Ол бұл жұмысты бастағанда қарапайым ғана инспектор болатын. Енді бөлімдегі білікті маман, тәжірибесі де мол. Оның еңбегі еленіп, былтырдан бері Самар ауылында операциялық зал басшысы болып қызмет атқаруда.

Халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтіндер мемлекеттік қызметкерге жатпайды. Бірақ, олар мемлекеттік қызмет пен халық арасындағы ең басты байланысшы, дәнекер. Олар «бюрократтықтың»ең басты жауы болып саналады.

Алғашында бұл орталықтар жергілікті атқарушы органның құзырында болды, содан кейін Үкімет қаулысымен Байланыс және ақпарат министрлігінің бақылауына берілген болатын. Ал, қазір олар Көлік және коммуникация министрлігіне қарайды.

-Алғаш ашылғанда біз халыққа қызметтің 15 түрін ғана ұсына алатынбыз. Ал қазір 171 түрлі қызмет көрсетіледі. Біздің ауданда соның 70-ке жуығы бар,-дейді Гүлназ Болсынғазықызы.

Г.Нұржанова өзінің қызметі туралы айта отырып, әріптестері жайында да жақсы ілтипатын білдірді. Қызметтестері С.Сатенова, Г.Терлікпаева, Г.Айдаровамен жұмысты бірге бастағанбыз дейді ол. Ал қазір оның қол астында қызмет атқарып отырған А.Габдрахманов пен Ә.Рақымғалиева жас та болса, халық көңілінен шыға білетін білікті мамандар. –Біздің жүйе модернизацияланған тұста басшы болып келген Қ.Жүнісов іскерлігін танытып, жұмысты жылдам жолға қойды. «Электрондық үкімет» қызметін пайдалануды және оны халыққа насихаттауды қолға алды,- дейді Г.Нұржанова.

Мемлекеттік қызметкерлерге талап қатты болса, халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтіндерге талап одан да қатаң. Олар республикадағы қандай заң болса, соның барлығын да білуі тиіс. Міне, екі бірдей жоғары білімі бар Г.Нұржанова осы талаптардың барлығына сай келеді. Самарлықтар оның қызметін жоғары бағалап та үлгерді. Ылғи да алдына келген адамдарға барынша түсіндіріп, құжаттарының жылдам әрі сауатты жасалуына жете көңіл бөледі, қол астындағылардан да соны талап етеді.

-Бұл өзі бір салмақты, байыппен сөйлейтін, жұмысын тыңғылықты атқаратын бала. Мен алдына бір рет қана барған едім, бір көргеннен – ақ қандай жауапты қызметкер екенін таныдым. Сондай қызметкерлер көп болса-дейді зейнеткер Қ.Ікербаева.

Еңбегің жана берсін, Гүлназ!

Клара НҰРПЕЙІСОВА

 

16 маусым күні аудан әкімі Д.М.Мусиннің төрағалық етуімен аппараттық кеңес өтті. Аудан басшылығының басты назарында туристік және балық аулау кластерлерін құру, кәріз жүйесі мен тазалау құрылыстары жұмыстары, жаз маусымында суда жүзу қауіпсіздігі ережелерін орындау сынды мәселелер қаралды.

Аудан әкімі орынбасары А.Әкімова аудандағы туристік кластер негіздері жайлы айтып өтті. Ол «Туризм туралы» Заңның, туристік саланың даму Концепциясы, ШҚО-да туризмнің дамуы бойынша мастер-жоспардың орындалып жатқанын жеткізді. Ауданның туристік кластері жобасында экологиялық, жағажайлық, емдеу-сауықтыру, этнографиялық, әуесқойлық және спорттық балық аулау мен аңшылық, қызық оқиғалы, мәдени-танымдық, балалар сияқты бірқатар сегменттер қарастырылған. Аталған істерді жүзеге асыру үшін мастер-жоспарда инфрақұрылымды, коммуникацияны, жол жиегіндегі бизнесті дамыту көзделген. Алайда, барлық жобалар тек бастапқы күйде, олар әлі де өңдеуді қажет етеді. Аудан әкімі ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімі балық кластерінің кейбір сұрақтарын аяғына дейін реттемегенін, мәселенің егжей-тегжейін түсінбегенін атап өтті. Дүйсенғазы Мағауяұлы екі кластер бойынша да жұмыс әлсіз жүргізіліп жатқандығын көрсетіп, олар шынайылықтан алшақ екенін баса айтты. Осыған байланысты, ол апта көлемінде қосымша жұмыс кеңестерін өткізіп, оның барысында барлық мәселелерді толық талқылаудан өткізуді тапсырды.

Көкпекті ауылында тазарту нысандары мен кәріз жүйелерін қолдану мәселесі күн тәртібінде көтерілген қызу тақырыптардың бірі болды. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысы Б.Бекеновтың мәліметі бойынша, 14 сәуірден бастап бұл нысанның барлық құжаттары «Көкпекті» СМКК-не тапсырылған. Ол балансқа алынған, кәріз жүйелері жұмыс қалпында.

Бірақ, бүгінгі таңда ұйымдармен келісімшарт бекітілмеген, АЭС-пен электрқуатын жеткізу бойынша келісім жоқ, нысан күзетпен қамтылмаған, кәріз стансаларына қызмет көрсететін қызметкерлер құрамы дайындалмаған. ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Р.Бектасов келісімшарттардың бекітілмеген себебі ретінде әлі күнге дейін белгіленген тарифтердің  жоқтығын көрсетті. Сонымен қатар, қаржы бөлімінің басшысы Г.Смағұлова, мердігерлік ұйымның директоры И.Ашихмина өз көзқарастарын білдіріп, аудан әкімінің сауалдарына орынбасарлары Р.Сағындықов, А.Әкімова мен «Көкпекті» СМКК директоры М.Матанов жауап беруге тырысты. Қателіктерден сабақ алады деуші еді. Өкінішке орай, белгілі болғандай, бұл нақыл сөз біздің кейбір басшыларға қатысты айтылмаған. Дәл осындай жағдай балансқа алу, қызмет көрсете бастау, тарифтерді бекіту Тассай ауылында суқұбырын енгізгенде орын алған болатын. Жарты жыл уақыт өтпей жатып, сол қызметтің басшылары қайтадан аяқтарын шалыс басып, қателіктерін қайталап отыр. Нысанды желтоқсан айында өткізген болатын, ал тарифтер мен пайдалануды тек белгілі бір мерзім өткеннен кейін ғана естеріне алып отыр. СМКК қаржы тапшылығынан қиындық көріп отырған уақытта, аудан орталығының кәсіпорындары төрт айға жуық кәріз жүйесін тегін пайдаланып келеді. – Коммуналды мекеме өз қызметі үшін ақы жинауды қамтамасыз етпейді. Қызметтер аясын кеңейту бойынша әлсіз жұмыс жасайды. Олар даму бағытында ешқандай шаралар қолданып жатқан жоқ, - деді Дүйсенғазы Мағауяұлы. Ол СМКК-де кадр даярлау әлсіз екенін көрсетті. Бұл болашақта кәріз жүйелерін ары қарай пайдалануда кедергі тударытыны сөзсіз. Сонымен қатар, аудан әкімі қосымша бюджеттік кіріс аралығында қарай отырып, бұл мәселе бойынша өз орынбасарларының жеткіліксіз жұмыс жасап жатқандығын баса айтты. Ол экономика және бюджетті жоспарлау мен ТҮКШ, жолаушылар транспорты және автокөлік жолдары бөлімдерінің, «Көкпекті» СМКК жұмыстарын әрекетсіздік ретінде бағалады. – Болашаққа көз салудың жоқтығы мен әлсіз құзыреттілік – міне, орын алған жағдайдың басты себептері. Тиісті кірістермен есепті реттей алмай отырған уақытта, біз ішкі қорларды іздеудеміз, - деп қорытындылады аудан әкімі. Бұл мәселе бойынша ол бірқатар тапсырмалар жүктей отырып, орын алған жағдайды шешу үшін басшылардан жедел және түбегейлі шаралар қолдануды талап етті.

Жаз мезгілінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар жайлы АІІБ басшысының орынбасары И.Новиков, Сарыбел, Самар, Миролюбовка ауылдық округтерінің әкімдері баяндады. Оларды тыңдай келе, аудан әкімі учаскелік инспекторлар, ТЖ бөлімі өз жұмыстарына үстірт қарайтындарын, Самар округі әкім аппаратының бейтараптылық танытып отырғандарын көрсетіп, бұлардың әрқайсысы екі баланың қаза болғанына моральды түрде жауапты екендіктерін қадап айтты. Ол, сонымен қатар, төтенше жағдайларды ескерту, қауіпсіздік бойынша ешқандай шараларды қолданбаған «ШығысСуқоймалары» қызметкерлерінің жұмыстарын қатты сынға алды. – Жаз мезгілінде тек жағалау маңайындағы ғана емес, сондай-ақ автожолдардағы қауіпсіздікті бақылауды қатаң қолға алып, заңнаманы бұзушыларға қатал шаралар қолдану қажет, - дей келе Дүйсенғазы Мағауяұлы адекватты шаралар қолдануды талап етті.

Надежда ШАРОВА

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2024 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз