Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай жасалынып жатқан игі-шаралардың өн бойында соғыс ардагерлерінің есімін ел есінде қалдыру көзделген. Олардың ерлігі мен Жеңістен кейінгі еңсесі түскен елді көтеруге, шаруашылықты дамытуға, қоғамды жақсартуға қосқан үлестерін ұмытуға болмайды.

Осы мақсатта біздің ауданымызда да ауқымды шаралар қолға алынуда. Солардың бірі - баршамызға мәлім Подгорное ауылындағы мерекелік шаралар топтамасы. Бұл бағытта аудан әкімі Д.М.Мусиннің бастамасымен бірқатар шаруалар қолға алынып, Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу бойынша ауданымызда 2014-2015 жылдарға арналған кешенді жоспар-тапсырма жасалынды.

Осы орайда  1941-1945  жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын Үш Кеңес Одағының Батыры шыққан Подгорное ауылында атап өтуге дайындық жұмыстарын жасау және өткізу жөніндегі жоспар-тапсырманың қаншалықты деңгейде орындалғанын білу мақсатында аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әлібек Саржановқа жолыққан едік. Оның айтуынша, ержүрек ағаларымыздың ерлігін мәңгіге сақтап, ұрпаққа ұран, елге мұра болып қалдыру жолында аталған бөлім де аянбай еңбек етуде.

-Ұлы Отан cоғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары ауылдық округтерде орналасқан ескерткіштердің, обелисктердің, мемориалды кешендердің жай-күйін тексеріп, сараптау жүргізуде. Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен батырларға арналып берілген көше атаулары анықталуда. Сонымен қатар, жалпы білім беретін мектептердегі жауынгерлік Даңқ бөлмелері мен музейлердің санағы жүргізілуде. Обелиск, ескерткіштер және мемориалдық кешендерді лайықты күтіп-ұстап тұру үшін Жергілікті ауылдық округ әкімдері тарапынан жауапты мамандар бекітілуі келісілуде.

Жоспар-тапсырмаға сәйкес Үш Кеңес Одағының Батыры шыққан Подгорное ауылында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге дайындық жұмысын жүрізу бойынша төмендегідей шаралар атқарылуда:Қазіргі уақытта Подгорное ауылдық клуб үйі ғимаратын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалған. 2014 жылдың тамыз айының басында құрылыс жұмыстары басталады.

Сонымен қатар, бүгінгі уақытта мемориал-кешеннің эскиздері дайындалып, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігіне қарауға жіберіледі. Кешеннің алаңын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жобада қамтылған. Алаңға шырша және көркемдік бұталар егіледі. Біздің ойымызша, мемориал кешен аудан тұрғындары мен қонақтар көптеп келетін орынға айналады.

Ал, мерекелік шаралар тізіміне тоқталатын болсам, 2015 жылы сәуір айында Жеңістің 70 жылдығына арналып ауылдық округ көркемөнерпаздары арасында тетатрландырылған қойылымдар мен спектакльдер байқауы өтеді. Сонымен қатар, аудан жастары арасында патриоттылық сезімді күшейту мақсатында «Ерлігіңді жырлаймыз» атты патриоттық әндер байқауы ұйымдастырылады. Қазіргі уақытта Жеңістің 70 жылдығына орай шығармашылық ұжымдардың репертуарларын жаңарту жұмыстары жүргізілуде, - дейді бөлім басшысы.

Олай болса, ер есімін ел есінде қалдыру мақсатында жұмыс атқарып жатқан бөлім мамандарының ойлағандары жүзеге асып, алдағы жұмыстары жемісті болатынына сенім білдіреміз.

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

 

ҰЛЫ ЖЕҢІС ЖОЛЫНДА

Ұлы Отан соғысы осыдан 69 жыл бұрын аяқталғанымен, оның салған жарасы талай жүректе әлі де бар. Балғын балалық шақтары осынау зұлмат жылдармен тұспа-тұс келген жандар қаншама?! Бірі қару көтеріп, соғысқа аттанса, енді бірі тылдағы еңбекті үлкендермен бірге бөлісті. Ел басына түскен қиын-қыстау шақта тылда қара жұмысқа жегілген кешегі балалар – бүгінде бір әулеттің ақ сақалды атасы, шежірелі қазынасы. Сондай теңіздей терең ақылы бар, сыйлы қарттардың бірі Көкжайық ауылында тұрады. Тоқан Жазынаев - бала кезден ауыр жұмысқа араласып, еңбектің нар жүгін көтерген тыл ардагері. Таяуда біз ардақты жанның ауылында болып, ол кісімен әңгіме құрып қайтқан едік.

Ауылдық округте Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған дайындық жұмыстары басталып та кеткен. Оның басты дәлелі - Жеңіс саябағының бой көтеруі.Айналасы гүлмен көмкерілген монумент кешегі сұм оқиғалар желісінен сыр шерткендей. Көз алдыңа қарумен қан майданда Отан үшін арпалысып жүрген жауынгер мен күні-түні далада кетпенімен талмай еңбектеніп жатқан тылдағы жұмыскерлер келеді. Тәтті балалық шақ деген ұғым мен балауса сезім орындалмаған арманы болып қалған Тоқан ата да соғыс зардабын тартқан жандардың қатарынан. Ол 1934 жылы қазіргі Самар ауданындағы Александровка ауылында дүниеге келген. Сұрапыл соғыс басталған кезде буыны қатаймаған жас бала болатын. Майдандағы әскерлерді азық-түлікпен жабдықтау мақсатында ол әр маусымдағы жұмыстарға араласып, бұзау бағып, өгіздермен жер жыртып, егін екті.

Қаншалықты адам төзгісіз ауыр жұмыстарды атқарған ол, елінің ертеңін ойлағаны даусыз. Өзінің өткені жайында сұрағанымызда, Тоқан ақсақал жастық шағы жайлы бізге сыр ақтарып, сонау қиын кезеңдерді ой елегінен өткізді.

-Қазір жасым 80-де. Кешегі сұм соғыстың зардабын тартқан адаммын. Миллиондаған адамның өмірін қиып, бейбіт өмір сүріп жатқан қаншама отбасын бақытсыздыққа душар еткен сол бір сұрапыл соғыс басталған кезде мен небәрі 7-8 жаста едім. Осылайша, сұм соғыстың өрті балалық шағымызды шарпыды, - дейді Тоқан атамыз көзіне жас алып. - Соғыс кезінде Қазақстан майданды киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды. Жас деп ешкім қараған жоқ. Колхозда барлық жұмысты әйелдер, балалар атқарды. Жер жыртып, егін егіп, мал өсіріп, одан өндірген өнімді майданға жөнелтіп отырдық. Өте қиын кезең болды. Бірақ, еш мойыған емеспіз. Тынымсыз еңбектің арқасында ғана жеңіске жетерімізді білдік. Сондықтан, жас та болсақ   «Бәрі де Жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін»- деген ұранмен еңбек еттік.

Тың игеру кезінде «Буденный» совхозында тракторшы болған ардагер соғыстан кейін, 1947 жылы осы Көкжайық ауылдық округіне қоныс аударған. Кеңес Одағы кезінде де еңбектен қол үзбей, шопан болып еңбек еткен. Оның бұл еңбегі елеусіз қалмады. Тылдағы, бейбіт өмірдегі қызметіне орай Үкімет тарапынан берілген мақтау-марапаттар – «Еңбек ардагері» медалі, мерейтойлық медальдар кеудесінде жарқырайды.

Тоқан қария жан жары Зейнешпен 6 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде сол балаларынан 6 немере, 1 шөбере сүйіп отырған бақытты ата.

Сөз соңында Тоқан ата: - Біз көрген қиындықты кейінгі ұрпақ көрмесін. Сұм соғысты ешкімнің басына бермесін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, - деген тілегін жеткізді..

Сол бір қиыншылықты өткерген ардақтыларымыз санаулы ғана қалды емес пе?! Сол себепті, алда келе жатқан Ұлы Жеңістің 70 жылдығын лайықты, жоғары дәрежеде атап өту – біздің, яғни кейінгі ұрпақтың борышы. Әрине, мұның бәрі сұрапыл соғыста дұшпанының сағын сындырған майдангерлер алдындағы перзенттік парызымызды өтеудің аз ғана бөлігі. Себебі, от пен оқтың ортасында жүріп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қазыналы қарттарымыз қандай да болсын қошеметке лайық.

Сандуғаш ҚАЖЫОМАРОВА

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Шілде 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
29 30 31      

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз