Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Асқан жанашырлықпен, үнеммен пайдаланбаса судың да сұрауы бар екенін соңғы жылдары жақсы түсіне бастағандаймыз. Баяғыдай «су – тегін» дейтін заман жоқ. Биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында да Президент дамыған 30 елдің қатарына кіру бағытында «Қазақстан-2050» Стратегиясы жол сілтейтін шамшы­рақ ретінде еліміздің негізгі мақсаттарын жоғалтпай, адамдардың күнделікті өмірінің проблемала­рын шешуге мүмкіндік беретінін баса айтты. Жолдауда Елбасы «жасыл экономикаға» көшу тұжы­рымдамасына сәйкес суармалы жерлердің 15 пайызын су үнемдеу технологияларына көшіруді, су тапшылығы мәселесін шешуді басты назарға алуды тапсырды.

Иә, топыраққа дән сеуіп, аспаннан жаңбыр күтіп, табиғаттың рақымшылығына үміт артып отыратын құнарлы қара топырақты алқаптарға егілетін егін, бау-бақшадан алынатын өнімге қарағанда қолмен суарылатын жерлерден әлдеқайда мол пайда табатынымыз белгілі. «Жеті күн жауған жаңбырдан желіп өткен су артық» деген нақыл сөз сондықтан айтылған болар. Кеңестік кезеңде суармалы егістікке аса мән берілген еді. Соның нәтижесінде өлкемізде сандаған су қоймалары салынып, бөгендер жасалып, арық-тоғандар тартылып, қыруар қаржы жұмсалған. Алайда, тоқсаныншы жылдары соның көбі құрдымға кетіп, нәтижесінде алқаптар ауқымы тым азайып кеткені шындық. Енді, міне, сол олқылықтың орнын толтырып, кеткен кемшілікті қайта түзеу, сөйтіп сулы да нулы аймағымыздың табиғат берген ен байлығын барынша пайдалану мақсатты түрде қолға алынды. Оның ауыз толтырып айтарлық нәтижелері де жоқ емес. Оған соңғы жылдары ауданымыздағы «Теректі» ШҚ осы бағытта атқарылып жатқан қыруар жұмыстар дәлел.

Ерінбей еткен еңбегінің арқасында Жер - Ананың төсін еміп, мол өнімге ие болып отырған еңбекқор жандардың бірегейі теректілікҚанат Садықов өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыру мақсатында жаңбырлатып суару әдісін қолданып отырған жанның бірінен. Ірі шашыратқыш жаңбырлатқыштар суарудың салыстырмалы түрде алғанда арзан әдісі, жер бедерінің ерекшеліктеріне ыңғайланғыш, ол арықпен суару әдісіне қарағанда суарудың біркелкі болуына үлкен мүмкіндіктер береді. Аталған шауашылықта бұл сынды қондырғының ДДН-70 үлгісі қолданыста. Бүгінгі таңда егістік алқабында аталмыш техникамен 4 трактор қызу еңбектің бел ортасында жүр. Жаңбырлатып суару әдісі бір жағынан суды үнемдеуге сепітігін тигізсе, екіншіден адам күшіне деген қажеттілікті азайтып, сапалы өнім алуға мүмкіндік артады. –Қазіргі таңда жұмысшылар жоңышқа алқабын суаруда. Бұл өнімді бір рет жинап алған болатынбыз. Енді суарылғаннан соң екінші мәрте, тіпті, табиғат жағдайы қолайлы болып жатса үшінші қайтара жинап алуды жоспарлап отырмыз. Егістік алқабы үстінен тартылып жатқан шлюзге су арықтан сорғыш моторлары арқылы жеткізіледі. Біздің иелігімізде бұл техниканың 5 бірлігі бар. Олардың 3 электр қуатымен жұмыс істесе, 2 дизельді болып келеді. Осы шлюзден суды сорып алып шашатын екі қанатты агрегатты «иығына іліп алып» жүретін трактор бір орында бір сағат аялдайды. Бұрқыраған судың екіпіні 70 метр аумаққа шашырайды. 1 қондырғы күніне 15 гектар жерді суаруға қауқары жетеді. Бүгін жоңышқаны суарып болсақ, ертеннен бастап 300 гектар аумақты алып жатқан бидайдың «шөлін қандырамыз», - дейді 2 жылдан бері осы әдіспен суаруды қолға алған Қанат Бидахметұлы. Жаңаға жаны құмар қожалық басшысы әрдайым Ресейге барып, шет ел әріптестерінен үлгі алудан жалыққан емес. Мәселен, жуырда ғана Барнауылға сапар шегіп, заманауи техникалардың көрмесін көріп қайтқан. Сондағы мақсаты –озық үлгідегі, тиімді суару қондырғысын сатып алу. – Сәтін салса, 2015 жылы көздеген мақсатыма жетіп, жаңа суару қондырғысын аламын деген ойдамын, - дейді шаруа.

Былтырдан бастап шаруа қожалығы арыш егуді алғаш рет қолға алса, биыл соя өсіруге бел буған. Қожалық иелігіндегі жалпы жердің 3609  арыш, 290 гектарына соя егілген. Оның айтуынша, соя өсірудің тиімділі – оның әр килограмы жоғары бағаланады және шет елде, әсіресе, Қытай жаққа сұранысқа ие. Бұл өнімнің тұқымын қожалық басшысы Үржар, Талдықорған және Өскемен алқаптарынан сатып алып келген екен. Ал, арыш құрғақшылыққа төзімді әрі Ресей мемлекеті оны саудалап алуға әрдайым дайын. Аталған өнімдерге тамыз айының соңына қарай орақ салу жоспарланып отыр.

Суармалы алқаптарды игеруде кеңес заманында қолданылған «Жаңбыр» деп аталатын әдісті жаңғыртып, оның біршама жетілген түрін егістік көлемін арттыруда қолданып отырған, сондай-ақ, астық тұқымдарының жаңа мәдениетін кеңінен енгізіп жатқан шаруа басшысы  “жақсыдан үйрен, жаманнан жирен” деген нақыл сөзді жанына бекем ұстаған. Ендеше, осындай еңбек адамына жұмысыңыз сәтті, көмбеңіз астыққа толсын деген тілегімізді білдіреміз.

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Шілде 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз