Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Халқымыздың тәмсіл сөздері көп-ақ. Соның бірінде еңбектенген жанның алмай қоймайтын биіктігі болмайтынын бір ауыз сөз түйіндейді. Ол - «Көз қорқақ, қол батыр» мақалы. Шынында да, осы бір мақал әлі күнге өміршең. Экономикалық тоқырау, жұмыссыздық, тұрақты жалақының болмауы және халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуі секілді өтпелі кезеңдегі қиындықтар бүгінгі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында артта қалды. Елбасының тапсырмасымен министрліктер мен ведомстволар халықтың әлжуаз бөлігін қолдауға арналған әлеуметтік бағдарламаларды және жобаларды ойлап тауып, Үкіметтің қаулысымен бекіткені белгілі.

2011 жылдан бастап ел аумағында мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы жұмыс істейді. Жол картасын жүзеге асырудың басты бағыты - аймақтардағы инфрақұрылымдарды қамтамасыз етуге, ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға негізделген. Осындай келелі мақсаттарды мұрат еткен мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланған Құлынжон ауылдық округінің тұрғындары Мадат Анатпаева мен Әсем Күдебаева бүгінде өз кәсіптерінің жемісін көріп отыр.

 

ОН САУСАҒЫНАН ӨНЕР ТАМҒАН ІСМЕР

Тігінші кәсіби болуы тиіс. Сонда ғана оның қолынан шыққан туындылары сапалы болады. Күндіз-түні тапжылмастан жұмыс істейтін тігін ісінің маманы Мадат Анатпаева осынау пікірді берік ұстанады.

Шағын несие арқылы үйінің ауласынан шағын цех ашып, несібесін көре бастаған ол еңбектің жемісі оңайлықпен келмейтінін жақсы түсінеді. Қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірген Мадат апай «Мен ешқандай қиындықтан қорықпаймын. Алдағы уақытта да күндіз-түні қызмет етуге мүмкіндігім бар», - дейді.

Ісмер жан еңбекке жарар жастан бастап кеңес заманының барлық жұмыстарына араласып, қажырлы еңбек атқарған жан. 1977 жылы еңбек жолын бастаған бойжеткен өзінің өмірінде әртүрлі мамандық бойынша, атап айтқанда тракторист, бригадир, сауыншы, шұжық шығаратын цехтың басшысы болып қызмет атқарады. Ол - сол кездегі Самар ауданы бойынша тракторға отырған нәзік жандылардың алғашқысы еді. Осылайша, жастайынан еңбектің дәмін татқан Мадат апайдың еңбегі әрдайым билік тарапынан қолдау тауып, ол кісінің фотосуреттері облыстық басылым беттерінен жарық көріп тұрды. Мақалалар жарық көрген газет беттері бүгінде сарғыш тартып кетсе де, Мадат апай оларды көзінің қарашығындай сақтайды. Үйге келген қонақтарға көрсетеді. Әрине, бұл - мақтанарлық іс. Себебі, бүгінгі күннің өзін айтпағанда нәзік жан бола тұра трактордың құлағында ер адамның өзінен кем түспей ойнау – әркімнің қолынан келе бермейтін іс.

Ал, 2000 жылдан бері ол тігіншілік ісіне бет бұрып, іс тігуді күнкөріске айналдырған. Ауыл тұрғындарының тапсырысын үй ішіндегі бір бөлмеде қабылдап, жұмыс жасаған ол кәсібінің өрісін кеңейту мақсатында 2012 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша шағын несие алады. Бұл қаражатқа 2 тігін машинасы мен тігуге қажетті бұл, ине, жіп сынды заттарды сатып алады. Кезінде трактордың, қазір тігін машинасының құлағында ойнайтын Мадат апай тұрғындардан тапсырыс қабылдау арқылы жұмыс жасайды. Арнайы тігінші білімі болмаса да, ісмер «Оқу — ойдан артық емес» деген сөзді дәлелдей түскендей.

–Тігіншілік ісі бала кезімнен жаныма жақын. Анам өмір бойы тігінмен айналысқан шебер жан. Алдағы уақытта анамның ісін жалғастырып, кәсібімді кеңейте түссем деген ойым бар. Ал, жалпы жеке кәсіппен шұғылданғысы келетін өзім секілді ісмерлерге мүмкіндік беріп, екінші бағыт бойынша субсидияға қол жеткізген жоба шартына өте ризамын, – дейді ол.

Ауылдағы шағын ғана цех. Соның өзі қыруар шаруа тындырып отыр. Себебі, өзі айтқандай, тігінші тапсырыс берушілердің көңілінен шығуға тырысады. Бағасы да ойға қонымды. Мәселен, көлемі үлкен көрпе – 3 мың теңге болса, шағын көрпелер – мың жарым теңге көлемінде. Сонымен қатар, жайма, жастыққап, көрпенің тысы, желең, киім тігу, қайта жөндеу, күрте, жейделердің сырмаларын орнату секілді өтініштерді орындайды. Алдағы уақытта тігінші қасына бір кісіні көмекшілікке алуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, жүннен тігілетін байпақтар тігу де ойында бар екен. Бұл кәсіптің қыр-сырына қанық ісмер жан бүгінде дамыл таппай еңбектенуде. Қай кезде де аздан бастаған іс жұғымды бола отырып, жемісі де тез көзге көріне бастайды. Олай болса, қолда барын оқсатып, адал нәпақасын тауып отырған Мадат апай үлгі боларлық жан.

 

КӘСІБІН КЕЛІСТІРЕ БІЛГЕН КӘСІПКЕР

Ауылдың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін көтеру мақсатында құрылған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы төмен пайызды несие  алып,  өзінің шағын бизнесін жандандырып жатқан тағы бір жан – Әсем Күдебаева.

Іскер әйел Құлынжон ауылының ортасынан, күре жолдың бойына халыққа арзан бағамен қызмет көрсететін асхана ашқан екен. Алған мамандығы аспазшы болғандықтан да, асхананың ас мәзірін өзі қадағалап, тұтынушылардың көңілін табуға тырысады. - Келушілер көбіне әңгімелесуге, еркін демалуға келеді. Сондықтан, ең бірінші жайлылыққа мән береміз. Екінші тағамның дәмділігіне, тіл үйірер дәмді тағамдар болса, қайтып айналып соғары сөзсіз. Тұтынушыны қазыққа байланған арқандай қайтып айналып келуі үшін, ең алдымен, тазалыққа, астың дәмділігіне мән беру керек деп ойлаймын. Сонда ғана тұрақты келушілердің санын арттыруға болады, - дейді Әсем.

Алғашқыда ауыл ортасынан шағын дүңгіршек ашып, халыққа қызмет етуді бастаған Әсемнің қолы, әрине, салған жерден жүріп кете қоймаған. Себебі, қаржы тапшылығынан шағын дүңгіршектің ішін тұтынушылар сұранысына сай барлық тауарлармен қамтамасыз ету мүмкін емес екені белгілі. Кейін күре жолдың бойында қаңырап бос тұрған үй сатылымға шыққанда оны сатып алады. Сол жерден шағын асхана ашуды жоспарлайды. Алайда, бұл іс біршама салымды қажет ететіні белгілі. Осылай күнді күнге ұрып жүргенде кәсіпкер мемлекеттің «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы жайлы естіп, несие алуға бел буады. Кәсіп ашып, күнкөрісін жақсартамын дегендерді демеп, қаржылай қолдау ұсынып отырған осы бір мүмкіндікті қалт жібермей, тез арада керек құжаттарын тапсырады. «Әрекет түбі — берекет» демекші, осылайша мемлекеттің қамқорлығын тиімді пайдалана отырып, шаруаны өрге домалатудың зор мүмкіндігі туады. Мемлекет берген 1 жарым миллион қаражатқа ғимарат ішін жөндеуден өткізіп, жылу батареяларын орнатады. Жаңадан үстел, орындықтарға тапсырыс береді.

- Алғашқыда қиын болғанымен, қазір жағдай оңалып, жұмыс жүріп жатыр. Келушілер қатары күн санап өсуде. Күре жолдың бойында орналасқандықтан, көбіне жолшыбай өткендер келіп тамақтанады. Жаз мезгілінде клиенттеріміз бұдан да көбейеді деген ойдамыз. Себебі, өздеріңіз білетіндей біздің ауыл өткелге жақын орналасқан. Елбасымыздың қолдауының арқасында дүниеге келген «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасымен ойға алған арманымды қысқа уақыттың ішінде орындап отырмын. Сол үшін оған зор алғысымды білдіремін, - деп ризашылығын білдірді ол.

Бұл асханада екі жұмыс орыны бар. Сонымен қатар, балалары да сабақтан қолдары босаған кезде аналарына келіп, қолғабыс жасайды. Келген адам ас мәзірінен лағман, қуырдақ, түшпара, манты сынды қалаған тағамдарының бәрін табады. Бұлардың бағалары да арзан әрі дәмі тіл үйірерліктей. Алдағы уақытта кәсіпкер «шағын асхананың көлемін ұлғайтсам ба» деген жоспары бар екенін жеткізді. Себебі, таңертеңгі сағат 8-ден кешкі сағат 8-ге дейінгі аралықта дамылсыз жұмыс жасайтын асхананың ішіне келген адамдар сыймай кететіндей жағдайлар болып жатады. Олай болса, Әсел Күдебаеваның еңбегіне жеміс, жұмысына сәттілік тілейміз.

Отандық өндірісті дамытуға қолдау көрсету жөніндегі Елбасы тапсырмасын орындауға жол ашқан аталмыш бағдарлама кәсібін енді бастаған ауыл халқы үшін барынша тиімділік әкелгеніне көзіміз жетіп отыр.

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

Құлынжон ауылдық округінде ауыл шаруашылығының бүгінгі өрісі - көңіл көншітерлік. Оған біз «Серік», «Восток фиш» шаруа қожалықтары мен жылқы фермасын аралау барысында көз жеткіздік. Аталмыш нысандар етті мал шаруашылығын дамыту, асыл тұқымды түлік басын көбейту, сонымен қатар, шипалы сусын – қымыз өндірісін өрлету бағытында жұмыс істейді. Шаруашылық басшыларының болашаққа межелеген жоспарлары да көп, аянбай еңбек етуге даяр.

 

ТӨРТ ТҮЛІКТЕН ЫРЫС ТАУЫП ОТЫРҒАН ШАРУАШЫЛЫҚ

Қазақтың бағзыдан келе жатқан амандасу салтындағы «Мал-жан аман ба?» деп «малды» «жаннан» бұрын қойып сөйлейтiн дағды бекер пайда болған жоқ, сiрә. Күн көрiс көзi негiзiнен мал шаруашылығы болған кезде қалыптасқан сөз тiркесi «малы күйлiнiң жаны түгел болады» дегендi меңзесе керек. Кеңес дәуiрiндегi колхоздастыру, кәмпеске, аштық, саяси қудалау сияқты науқандарының салдарынан қазақ төрт түлiк малдың киесiнен айрылып қала жаздап, шаруасын әрең оңалтты. Тәуелсiздiк алып, дербес ел болған соң өрiстегi мал санын көбейтуге, оның iшiнде асыл тұқымды мал өсiруге қайта ден қойды. Мәселен, басшысы Асқар Қажығалиев болып келетін «Серік» шаруа қожалығы төрт түлікті қасиет тұтқан қазақ халқының ата кәсібін дамытқанына 5 жылдың жүзі болған. Бастапқы кездері балық шаруашылығымен айналысқан шаруашылық уақыт өте келе тиісті қаражат жинағаннан кейін мал басын көбейтуге, ауыл шаруашылығын дамытуға ден қояды. Ең алдымен, Балқаш жеріне барып, 6 бас түйе алып келеді. Тағы біраз мерзімнен кейін қорасын жылқы, ірі қара малға толтырып, ісі әдеуір алға басты. “Жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы” дегендей, бүгінде бұл шаруашылықтың иелігінде 230 ірі қара мал, 12 бас түйе және 20 жылқы бар.

Қазірде мейманасы тасып, шаруасы шалқып тұрған шаруашылықтың қожайыны Асқар Қажығалиев барғанымызда аудан орталығына өз жұмыстары бойынша аттанып кетіпті. Есесіне, қожалықтың басы-қасында жүріп, барлық істен хабардар інісі Еркін Қажығалиев бізге мал тұратын орын және оның жай-күйімен таныстыра отырып, әңгімелеп берді.

-«Қалауын тапса, қар жанар» демей ме, бабын таба білсең, кез келген шаруаны дөңгелетіп әкетуге болады екен. Әуелде сатып алынған бірен-саран ірі қара малды күн, түн демей күтімге алып, өсімін қадағалаған ағам бүгінде еңбегінің жемісін көріп отыр. Сол ағамның ізімен мен де жылқы малының санын көбейту мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несие алып, сол қаражатқа 20 бас жылқы сатып алдым. Бүгінде қымыз өндіру кәсібін қолға алып отырмын, - дейді шаруа. Жабы тұқымы сүтті болып келетіні белгілі. Сол себептен, шаруа болашақта аталмыш тұқымды жылқылар сатып ала отырып, кәсібінің өрісін кеңейту ойында бар екен. - Алдағы уақытта мемлекет тарапынан тағы көмек берілсе, жылқының басын 40 бірлікке жеткізіп, қымызымызды заманауи тұрғыда мемлекеттік стандартқа сай, арнайы бөтелкелермен сатар едім, - деп өз жоспарларымен бөлісті ол. Осыншама мал басын қысқы азықпен қамтамасыз ету де оңай шаруа емес екені анық. Осы орайда, қожалық басшысы мал шаруашылығымен қатар шабындық жерлерді ұстап, егін егуді де қолға алған. Мәселен, алғашында 80 гектар алқапты құраған жер телімі қазіргі таңда 500 гектарға жеткен. Осындай иелігі бола тұра Асқар аға қол астындағы шаруашылықтың шашауын шығармай ұстайтын тындырымды қожайын екені бірден аңғарылып тұр. Себебі, ат шаптырым аймақты алып жатқан қора-жайының маңайы да, іші де жинақы, таза.

-Асқар дөңгелетіп отырған шаруашылықтың шарапатын ауылдастары да көріп отыр. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып қана қоймай, ол ауыл ішінде өтіп тұратын әдеби-мәдени шараларға, қиын қыстау кезде барлығына дерлік көмек қолын созып, өзгелерге өнеге болудан танған емес, - дейді бізді қожалық басына бастап барған ауылдық округтің әкімі Ш.Шаирғазина.

Істің жөнін біліп қана қоймай, көпшілікке көмек қолын созып, ел алғысын арқалап жүрген азаматтың қожалығынан еңбек еткеннің еңсесі биік болатындығын көңілімізге түйіп қайттық.

 

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАНЫҢ БЕРЕРІ МОЛ

Қазекем төрт түлікті түлеткен тіршілікті атакәсіп деп бағалайды. Расында да, біздің халқымыз ертеден-ақ жайлау төсінде мыңғырта мал айдап, оның бабын жасауға ерекше көңіл бөлген еді. Бір кездері, тіпті, қазақ даласында отар-отар қой өріске шығып, оның басын 50 миллионға жеткізуге құлшыныс болған. Қазір қайтадан мал шаруашылығына бетбұрыс бар. Әрине, заң басқа, заман басқа дегендей. Осы орайда елімізде арнайы бағдарлама қабылданды. «Жайлау» бағдарламасы ауылда қой шаруашылығын дамыту және тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық өмір сүру деңгейін жоғарылату мақсатын көздейді. Айта кетер болсақ, аталмыш бағдарлама, бірінші кезекте, банктен несие ала алмайтын, бірақ мал шаруашылығымен шұғылдануға дайын азаматтарға арналған. Бағдарламаға қатысушыға қойылатын басты талап, міндеттемені қамтамасыз етуді қарастыратын тұрғын үйінің болуы және алған малды сақтандыруы. Жүргізілген есептеулерге сәйкес, бес жылдың нәтижесі бойынша, бүгінгі күні 100 бас қой алған азамат «Ертіс» ӘКК-на 200 бас қайтарып, ал өз меншігіне 300 бастан астамын қалдырады.

Аталмыш бағдарламаның шарапаты тиген жандардың бірі – Еркін Булембаев. Ағымдағы жылы аша тұяқтының басын көбейту мақсатында ол осы бағдарламаның аясында 100 қой алды. Сонымен қатар, ата кәсіпті ширатамын деген ауылдастарына, аудандастарына көмек қолын ұсынуы үшін Еркін бағдарлама бойынша кеңес беріп, қойларды таңдап алуды жүзеге асыратын оператор болып тағайындалды.

-Ауылды жерде туып-өскен соң, мал ұстамау, егін екпеу біз үшін жат нәрсе. Алайда, ата кәсіпті дөңгелетіп, дамыту да қаражатты қажет ететіні белгілі. Осы орайда, істі одан әрі өрістетуге мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек-жайдың маңызы зор. «Жайлау» бағдарламасының шарттарымен танысқаннан кейін мен де бел буып 100 бас қой алдым. Әзірге нәтиже жаман емес. Олардың басым бөлігі төлдеді. Шүкіршілік, мал басы өсіп келеді. Алдағы уақытта ауылдастарыма осы бағдарлама арқылы қораларын малға толтыруға көмектеспекпін. Ауылда да екі қолға бір күрек табуға болады. Ол үшін мемлекет тарапынан да барлық жағдай қарастырылған. Тек ниет болса болғаны, - дейді шаруа. Бағдарлама аясында әкелінетін қойлардың басым көбі Күршім ауданынан жеткізілетінін де айта кетті ол әңгіме барысында.

Қорасында несиеге алған қойлардан басқа 300 бас малы бар қожаның 500 гектарға жуық шабындығы да, оны шабуға арналған техникасы да сақадай сай тұр. Сол себептен, ол малды қысқы азықпен қамтамасыз ету жағынан көп қиындық көрмейді. Көбіне бидай мен арпаның дәнді-дақылдарын егетін оның қоластында 4 жалдамалы жұмысшы еңбек етеді. Қазіргі таңда 2 байыс тұқымды қойы бар шаруа алдағы уақытта олардың санын көбейте отырып, асылдандыру бойынша жұмыс жасамақ. Сонымен қатар, жаңа трактор алу да жоспарында бар екенін жеткізді ол. Ауыл төскейінде тек ауыл шаруашылығын дамытып қана қоймай, жерлестерін жұмыспен қамтып отырған шаруаға еңбегіңіз жана берсін деген тілек білдіреміз.

 

ӘКЕ КӨРГЕН ОҚ ЖОНАР

«Күлдір де күлдір кісінетіп, күреңді мінген» қазақ халқы қылқұйрықты Қамбар ата баласын ерекше әспеттейді. Өйткені біз - жылқы мінезді халықпыз. Ал жылқы - өте кінәмшіл, кірпияз, шөптің асылын жейтін, судың тұнығын ішетін ақылды жануар. Осы қазақ халқының ежелден ен тағып, қастерлеп, қадір тұтып, артына мирас етіп келе жатқан түлігі - қылқұйрықты өзіне дос, қанат санамаған ер-азамат қазақ арасында некен-саяқ десек, артық айтпағандық болар. Құлынжон ауылында тұратын Шаирғазиндер отбасын ауылдастары жылқышылар әулеті ретінде таниды. Отағасы Жанәбіл ауыл шетіндегі 1997 жылы құрылған жылқы фермасында жарты ғасыр еңбек етіп, жылқы баптап, күтумен айналысқан. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, Руслан Шаирғазин де бала кезінен әкесінің қасында жүріп, ат жаратудың қыр-сырына қанығып өсті. Жылқы фермасының қожайыны сан мәрте ауысып отырса да, Шаирғазиндер өз еңбектерінен бір ретте ауытқыған емес. Қазіргі таңда ферманың қожайыны өскемендік Айлита ханым болып табылады. Алайда, жылқы малына жүрегі бұрып тұратын Руслан ол жердегі бар жылқыға өз малына қарағандай күтіп, баптап жүреді.

-Ауылда тудым. Жастайымнан атқа құмар болдым. Содан болар, ат жалын тартып мінер азамат болғалы осы жылқылар күтіміне қараудамын. Талай бәйгелерге қатыстым. Тұлпар таңдап, сәйгүлік сайлап мінген үлкен кісілерді де көрдім, - дейді жас жігіт.

Бүгінде жылқы фермасының жағдайы көңіл көншітерлік. Мәселен, ағылшын тұқымды сәйгүліктерінің саны 30 шақты болса, қалған 30-ы қазақ даласының аттары. Осындай асау үйретуді бұйым көрмейтін, жылқының мінезіне қанық кәнігі жылқышылардың алдағы ісіне сәттілік тілейміз.

 

МАҚСАТЫ БИІК КӘСІПКЕР

Армандар орындалады, ол үшін ең бастысы мақсат, ерік, шыдамдылық және, әрине, қаражат болуы қажет. Бұны біз Көкжыра ауылының қақ ортасынан ашылған «Береке» дүкенінің иесі, жас кәсіпкер Жадыра Қалмақбаевамен жүздескенде ойға түйдік. Ұлан ауылының тумасы болғанымен, Жадыра Көкжыра ауылының жігітіне тұрмысқа шығып, шаңырақ көтерді. Алайда, тұрмысқа шыға сала талапты қыз қол қусырып отырмай, бірден жеке кәсіпкерлікпен шұғылдануды жөн деп тапты. Алғашқылардың бірі болып ауылда дүкен ашып, елге қызмет көрсетуде. Алған мамандығы да қаржы саласына қатысты болғандықтан, бұл істі еш кедергісіз бастап, батыл кірісіп кетті. Әрине, дүкен ашып, оны дамыту да бірталай қаржыны қажет ететіні белгілі. Алайда, жас кәсіпкер еш мойымайды. Салған қаржыны өнідіріп алатынына да сенімі мол. Қазіргі таңда бұл дүкеннен ауыл тұрғындары тұрмысқа қажетті жуу заттарынан бастап, азық-түліктерді сатып алуда. Елімізде кәсіпкерлікті дамыту қарқынды қолға алынып жатқан тұста өз кәсібін дөңгелетпек ниетпен үйінің қасынан шағын дүкен ашқан жас кәсіпкердің бастамасына тұрғындар дән риза.

-Әрине, осы дүкенді ашқан кезде бойымды күдікті сезімдер биледі. Себебі, бұл көп күшті және салымды талап ететін іс. Сіз ауыл тұрғындарының тұрмысын білесіз ғой, артық қаражат ешкімде жоқ. Сонымен қатар, сататын тауардың бағасына шарықтатып үстемақы қосу да адамгершілікке жатпайды. Алайда, осыған қарамастан, азға қанағат етіп те жақсы жұмыс жасауға болады. Менің ойымша, бұнда ең бастысы шыдамдылық қажет, - дейді Жадыра. Алдағы уақытта жас кәсіпкер тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табыс деңгейін арттыру мақсатында жүзеге асып жатқан «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы несие алып, ауыл ортасында қаңырап тұрған ғимаратты жөндеуден өткізе отырып, бір бұрышынан тойхана, екінші бұрышынан дәріхана, шаштараз сынды халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашуды жоспарлап отыр екен. Оның бұл бастамасын ауылдық округтің әкімі Ш.Шаирғазина да қолдап отыр.

– Мен кәсіпкерлікке жаңа бет бұрған адамдарға көмек қолын ұсынатын «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы туралы естіп, тиімді шарттарымен таныса келе, қуанышымда шек болмады. Себебі, алдағы уақытта кәсібімді жетілдіріп, көлемін ұлғайтсам ба деген ойым бар. Бұл – ауыл тұрғындары үшін қолжетімді несие. Мен мұны Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендік саясаты деп білемін, - деді Жадыра.

Бүгінгі таңда Жадыра Қалмақбаеваның ойға алған жобалары қаралу үстінде. Егер ұсынып отырған жобалары қолдау тапса, оған 3 млн. теңге көлемінде несие берілмек. Олай болса, көкжыралықтардың аудан халқы сияқты шаштаразға барып, өз ауылдарындағы тойханада дүркіретіп той жасап, дәрі-дәрмекті жылдам әрі керек кезде ала алатындай күндері де алыс емес. Ендеше, жас кәсіпкерге тек сәттілік тілейміз.

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

 

 

 

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2024 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз