Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

    1 тамыз күні Ұлы Отан соғысының ардагері Гарганов  Федор Кузьмич 95 жасқа толды. Ардагерді құттықтауға ардагерлердің облыстық кеңесінің төрағасы  Г.Бердюгин, жазушы, соғыс ардагері А.Егоров, аудандық мәслихаттың хатшысы Р.Беспаев, ауданның ауылдарынан соғыс ардагерлері, ардагерлердің бастауыш ұйымдарының төрағалары қатысты. 

 Ардагердің мерейтойын атап өтуге арналған шараны ұйымдастыру жөніндегі бастаманы Қ.Аухадиев атындағы ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрайымы Т.Шнайдер көтерді. Бағдарлама мазмұнды, кең ауқымды болды. Майдан даласында қаза тапқан жауынгерлер-жерлестерін бір минут үнсіздікпен еске алып, Жеңіс саябағындағы ескерткішке гүл дестелерін қойған соң барлығы мектепке қарай ауысты. Мұнда патриоттықтың үлгісі, жерлестерінің мақтанышы Кеңес Одағының Батыры Қ.Аухадиевтің ерлігі мен қаһармандығын  паш ететін, преображенкалықтардың қажырлы еңбегін, Қазақстанның мәдениеті мен тұрмысын баяндайтын мұражайды тамашалады. Қонақтар сарғайған майдан хаттарына мұңая әрі таң қала қарады, экскурсовод-оқушылардың әңгімелерін тыңдады.

 Ауылдық округ әкімшілігінің ғимаратында өткен жылы ғана ардагерлерге арналып кабинет ашылды.  Биыл ол кабинет жөнделіп, кеңейтілді. Таисия  Васильевна бастауыш ұйымның жұмысы туралы жинақталған материалдар мен құжаттарды көрсете отырып баяндап берді. Біздің назарымызды ауылдық округтің Естелік кітабы аударды, онда ауылдық округтен соғысқа аттанғандардың барлығының есімі жазылған. Барлығы екі жүз адамның 191-і елге оралмаған.  – Енді ардагерлер ұйымы мектеппен бірлесіп соғысқа қатысқандардың суреттерін жинауды алдыларына міндет етіп отыр,-дейді Т.Шнайдер. Геннадий Бердюгин округ ардагерлер кеңесінің жұмысына жоғары баға берді. – Сіздердің бұл атқарғандарыңыз өте ауқымды әрі қажет жұмыс. Біз басқа аудандардың ардагерлер ұжымдарына үлгі болуы үшін мұнда әлі екі-үш семинар өткіземіз. Аудан әкімі бізді қолдайды деп сенемін,-деді Геннадий Леонидович.

 Ал бұл кезде Мәдениет үйінде ардагердің мерейтойына арналған салтанатқа соңғы дайындық жүріп жатты. Федор Кузьмичтің үлкен суреті сахна төрінде тұрды. Слайдтық көрсетілім оның жауынгерлік және еңбек жолынан сыр шертті.  Бұл күні барлық игі тілектер мен әсем әндер ардагер Ф.Гаргановқа арналды.Оған облыс әкімі Б.Сапарбаевтың, аудан әкімі Д. Мусиннің атынан алғыс хат пен көптеген сыйлықтар мен гүл шоқтары ардагерге табысталды. Аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері ұсынған концерт кереметтей көңіл күй сыйлады.  

Соғыс ардагері, жазушы Александр Егоров былай деді:

- Мен сіздердің  аудандарыңызда алғаш рет болып отырмын, маған өте ұнады. Табиғаты әсем, таза, жасыл желекке көмкерілген ауылдар көп екен. Егіс алқаптары қандай, диқандардың еңбекке деген құлшынысы көрініп тұр. Адамдар да қонақжай, ашық-жарқын екен. Бүгінгі мереке ауданда ардагерлердің ерлігін ұмытпайтынын, оларға қашанда құрмет көрсетілетінін байқатты. Мен бүгінгі мерейтой иесі Федор Кузьмичке ұзақ ғұмыр, бақыт, отбасына, туған –туыстарына бақуаттылық тілеймін. Көкпектіліктерге ашық аспан, бейбіт күн тілеймін. 

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай жасалынып жатқан игі-шаралардың өн бойында соғыс ардагерлерінің есімін ел есінде қалдыру көзделген. Олардың ерлігі мен Жеңістен кейінгі еңсесі түскен елді көтеруге, шаруашылықты дамытуға, қоғамды жақсартуға қосқан үлестерін ұмытуға болмайды.

Осы мақсатта біздің ауданымызда да ауқымды шаралар қолға алынуда. Солардың бірі - баршамызға мәлім Подгорное ауылындағы мерекелік шаралар топтамасы. Бұл бағытта аудан әкімі Д.М.Мусиннің бастамасымен бірқатар шаруалар қолға алынып, Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу бойынша ауданымызда 2014-2015 жылдарға арналған кешенді жоспар-тапсырма жасалынды.

Осы орайда  1941-1945  жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын Үш Кеңес Одағының Батыры шыққан Подгорное ауылында атап өтуге дайындық жұмыстарын жасау және өткізу жөніндегі жоспар-тапсырманың қаншалықты деңгейде орындалғанын білу мақсатында аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әлібек Саржановқа жолыққан едік. Оның айтуынша, ержүрек ағаларымыздың ерлігін мәңгіге сақтап, ұрпаққа ұран, елге мұра болып қалдыру жолында аталған бөлім де аянбай еңбек етуде.

-Ұлы Отан cоғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары ауылдық округтерде орналасқан ескерткіштердің, обелисктердің, мемориалды кешендердің жай-күйін тексеріп, сараптау жүргізуде. Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен батырларға арналып берілген көше атаулары анықталуда. Сонымен қатар, жалпы білім беретін мектептердегі жауынгерлік Даңқ бөлмелері мен музейлердің санағы жүргізілуде. Обелиск, ескерткіштер және мемориалдық кешендерді лайықты күтіп-ұстап тұру үшін Жергілікті ауылдық округ әкімдері тарапынан жауапты мамандар бекітілуі келісілуде.

Жоспар-тапсырмаға сәйкес Үш Кеңес Одағының Батыры шыққан Подгорное ауылында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге дайындық жұмысын жүрізу бойынша төмендегідей шаралар атқарылуда:Қазіргі уақытта Подгорное ауылдық клуб үйі ғимаратын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалған. 2014 жылдың тамыз айының басында құрылыс жұмыстары басталады.

Сонымен қатар, бүгінгі уақытта мемориал-кешеннің эскиздері дайындалып, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігіне қарауға жіберіледі. Кешеннің алаңын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жобада қамтылған. Алаңға шырша және көркемдік бұталар егіледі. Біздің ойымызша, мемориал кешен аудан тұрғындары мен қонақтар көптеп келетін орынға айналады.

Ал, мерекелік шаралар тізіміне тоқталатын болсам, 2015 жылы сәуір айында Жеңістің 70 жылдығына арналып ауылдық округ көркемөнерпаздары арасында тетатрландырылған қойылымдар мен спектакльдер байқауы өтеді. Сонымен қатар, аудан жастары арасында патриоттылық сезімді күшейту мақсатында «Ерлігіңді жырлаймыз» атты патриоттық әндер байқауы ұйымдастырылады. Қазіргі уақытта Жеңістің 70 жылдығына орай шығармашылық ұжымдардың репертуарларын жаңарту жұмыстары жүргізілуде, - дейді бөлім басшысы.

Олай болса, ер есімін ел есінде қалдыру мақсатында жұмыс атқарып жатқан бөлім мамандарының ойлағандары жүзеге асып, алдағы жұмыстары жемісті болатынына сенім білдіреміз.

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

 

ҰЛЫ ЖЕҢІС ЖОЛЫНДА

Ұлы Отан соғысы осыдан 69 жыл бұрын аяқталғанымен, оның салған жарасы талай жүректе әлі де бар. Балғын балалық шақтары осынау зұлмат жылдармен тұспа-тұс келген жандар қаншама?! Бірі қару көтеріп, соғысқа аттанса, енді бірі тылдағы еңбекті үлкендермен бірге бөлісті. Ел басына түскен қиын-қыстау шақта тылда қара жұмысқа жегілген кешегі балалар – бүгінде бір әулеттің ақ сақалды атасы, шежірелі қазынасы. Сондай теңіздей терең ақылы бар, сыйлы қарттардың бірі Көкжайық ауылында тұрады. Тоқан Жазынаев - бала кезден ауыр жұмысқа араласып, еңбектің нар жүгін көтерген тыл ардагері. Таяуда біз ардақты жанның ауылында болып, ол кісімен әңгіме құрып қайтқан едік.

Ауылдық округте Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған дайындық жұмыстары басталып та кеткен. Оның басты дәлелі - Жеңіс саябағының бой көтеруі.Айналасы гүлмен көмкерілген монумент кешегі сұм оқиғалар желісінен сыр шерткендей. Көз алдыңа қарумен қан майданда Отан үшін арпалысып жүрген жауынгер мен күні-түні далада кетпенімен талмай еңбектеніп жатқан тылдағы жұмыскерлер келеді. Тәтті балалық шақ деген ұғым мен балауса сезім орындалмаған арманы болып қалған Тоқан ата да соғыс зардабын тартқан жандардың қатарынан. Ол 1934 жылы қазіргі Самар ауданындағы Александровка ауылында дүниеге келген. Сұрапыл соғыс басталған кезде буыны қатаймаған жас бала болатын. Майдандағы әскерлерді азық-түлікпен жабдықтау мақсатында ол әр маусымдағы жұмыстарға араласып, бұзау бағып, өгіздермен жер жыртып, егін екті.

Қаншалықты адам төзгісіз ауыр жұмыстарды атқарған ол, елінің ертеңін ойлағаны даусыз. Өзінің өткені жайында сұрағанымызда, Тоқан ақсақал жастық шағы жайлы бізге сыр ақтарып, сонау қиын кезеңдерді ой елегінен өткізді.

-Қазір жасым 80-де. Кешегі сұм соғыстың зардабын тартқан адаммын. Миллиондаған адамның өмірін қиып, бейбіт өмір сүріп жатқан қаншама отбасын бақытсыздыққа душар еткен сол бір сұрапыл соғыс басталған кезде мен небәрі 7-8 жаста едім. Осылайша, сұм соғыстың өрті балалық шағымызды шарпыды, - дейді Тоқан атамыз көзіне жас алып. - Соғыс кезінде Қазақстан майданды киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды. Жас деп ешкім қараған жоқ. Колхозда барлық жұмысты әйелдер, балалар атқарды. Жер жыртып, егін егіп, мал өсіріп, одан өндірген өнімді майданға жөнелтіп отырдық. Өте қиын кезең болды. Бірақ, еш мойыған емеспіз. Тынымсыз еңбектің арқасында ғана жеңіске жетерімізді білдік. Сондықтан, жас та болсақ   «Бәрі де Жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін»- деген ұранмен еңбек еттік.

Тың игеру кезінде «Буденный» совхозында тракторшы болған ардагер соғыстан кейін, 1947 жылы осы Көкжайық ауылдық округіне қоныс аударған. Кеңес Одағы кезінде де еңбектен қол үзбей, шопан болып еңбек еткен. Оның бұл еңбегі елеусіз қалмады. Тылдағы, бейбіт өмірдегі қызметіне орай Үкімет тарапынан берілген мақтау-марапаттар – «Еңбек ардагері» медалі, мерейтойлық медальдар кеудесінде жарқырайды.

Тоқан қария жан жары Зейнешпен 6 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде сол балаларынан 6 немере, 1 шөбере сүйіп отырған бақытты ата.

Сөз соңында Тоқан ата: - Біз көрген қиындықты кейінгі ұрпақ көрмесін. Сұм соғысты ешкімнің басына бермесін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, - деген тілегін жеткізді..

Сол бір қиыншылықты өткерген ардақтыларымыз санаулы ғана қалды емес пе?! Сол себепті, алда келе жатқан Ұлы Жеңістің 70 жылдығын лайықты, жоғары дәрежеде атап өту – біздің, яғни кейінгі ұрпақтың борышы. Әрине, мұның бәрі сұрапыл соғыста дұшпанының сағын сындырған майдангерлер алдындағы перзенттік парызымызды өтеудің аз ғана бөлігі. Себебі, от пен оқтың ортасында жүріп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қазыналы қарттарымыз қандай да болсын қошеметке лайық.

Сандуғаш ҚАЖЫОМАРОВА

«Жаздың бір күні – жылға азық» деген нақыл сөздің  мәнін қысы –жазы мал соңында жүрген шаруа адамы жақсы түсінеді. Қысы қатаң біздің өлкенің адамдары үшін жаздың әр қолайлы сәтін пайдаланып қалу тіптен маңызды екені айтпаса да түсінікті. Аязды да боран-шашыны көп болатын қыстан төрт түліктің қоңды шығуы қыс қамын ерте жасауға тікелей байланысты. Осы орайда аудан шаруаларының мал азығын дайындау кампаниясына қалай кіріскені бүгінгі күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі болғандықтан, ауылдық округ әкімдерінің бұл науқан туралы қаншалықты мәліметке ие екендігін білуді жөн көрдік.  

Бүгінгі күнге Тассай ауылдық округінде округ әкімінің мәлімдеуінше, жылдық шөп шабу жоспары бойынша дайындалатын 2376 тонна мал азығынан  590 тонна қырдың шөбі дайын. - Шөп шабу науқанының басталғанына 5 күн болды. Қырдың шалғыны біткеннен кейін, шабындыққа көшпекшіміз. Жұмыс барысы жаман емес, еш кедергісіз жүріп жатыр, өткен жылғы мөлшерде жинап алатынымызға сенімдіміз. Ал, тұрақтандыру қорынан біздің округке ұн берілген жоқ. Бұл - округте меморандумдар жасайтындай ірі өндіріс орындарының болмауынан. Қор жасаудың басқа жолдарын қарастырудамыз. «Мәмбет» ШҚ тасымалданатын нан бағасы 48 теңгеден тұрақты, - деді округ әкімі.

Ал, Биғаш ауылдық округі әкімінің айтуынша, тұрақтандыру қорының өнімдері жоқ болса да, ұннан таршылық көріп отырмаған көрінеді. Ол жерде ауыл тұрғындарына «Құсайынұлы» ШҚ облыстан жеткізілген бірінші және жоғары сұрыпты бір қабы 2600-2900 теңге тұратын ұнды жұмысшыларға таратып отыр. Нан бағасы 55 теңге. Мал азығын даярлау жұмыстарының барысы бойынша ауа райының қолайсыздығына байланысты өткен жылғыдай молшылық болмайтын секілді. Былтырдан қалған 290 тоннадай шөп қоры бар. Нақты сандық дерек науқан соңында белгілі болады.

Шұғылбай ауылдық округінің әкімі де мал азығын дайындау бойынша нақты қанша өнім алатыны туралы әлі болжам жасамапты. Тұрақтандыру қорында 4 тонна бидай бар екендігі туралы қысқа ғана айтқан ауыл әкімі жолда жүргендіктен, қалған сұрақтарға жауап бере алмайтынын жеткізді.

 Үлкенбөкен ауылдық округінен алынған мәлімет бойынша жылдық мал азығын дайындау 9950 тоннаны құраса, қазіргі таңда 1800 тоннасы дайын.  6 шаруашылық науқанға керек жанар-жағар майды арзандатылған бағаман ауданнан алмақшы. Ас атасы нанды ауыл тұрғындары «Мәмбет» ШҚ  сұрыпына қарай 50, 55, 45 теңгеден тұтынып отыр.

Көкжайық ауылдық округінің әкімі ауыл халқын ұнмен шаруа қожалықтары және ұжымдар қамтамасыз етіп отырғанын жеткізді. - Нан бағасы 50-55 теңге көлемінде. Мал азығын дайындау қарқынды жүргізілу үстінде. Атап айтқанда, бүгінгі күнге 4000 тонна жем-шөп  дайын.  «Талап» ШҚ Күшікпаев 1700 тонна пішендеме, «Елім-ай» ШҚ 1000 тонна дайындады. Су жайылымынан шабылатын шабындықтардан түсім гектарына 1400-1700 центнерден алынады деп күтілуде. Сондай-ақ, бірнеше шаруашылықта өткен жылдан қалған 1400 тоннадай мал азығы бар болғандықтан, малымызды қыстан аман алып шығуға толық негіз бар. Мал басын қысқарту туралы сөз болуы да мүмкін емес, - деп округ әкімі  нық сеніммен жауап берді.

Теректі ауылдық округінде әкімнің айтуынша, 7000 тоннаға жуық мал азығы дайындалу керек болса, оның 300 тоннасы дайын көрінеді.  Қазіргі күні, жоңышқа азығын дайындау жұмысы жүріп жатыр. «Теректі», «Жақас», «Рустам», «Қали», «Қызыл жұлдыз» ШҚ-тары өз шабындықтарында науқанды бастап кетті. Қалған шаруашылықтар мал азығын 25 шілдеден кейін дайындай бастамақ. Былтырғы жылдан округте 500 тоннадай шөп қоры сақталған.

Ал, өкінішке орай, Үлгілімалшы және Көкпекті ауылдық округтерінің әкімдерімен хабарласу мүмкіндігі болмады.

Бақыт МҮЛІКОВА

Асқан жанашырлықпен, үнеммен пайдаланбаса судың да сұрауы бар екенін соңғы жылдары жақсы түсіне бастағандаймыз. Баяғыдай «су – тегін» дейтін заман жоқ. Биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында да Президент дамыған 30 елдің қатарына кіру бағытында «Қазақстан-2050» Стратегиясы жол сілтейтін шамшы­рақ ретінде еліміздің негізгі мақсаттарын жоғалтпай, адамдардың күнделікті өмірінің проблемала­рын шешуге мүмкіндік беретінін баса айтты. Жолдауда Елбасы «жасыл экономикаға» көшу тұжы­рымдамасына сәйкес суармалы жерлердің 15 пайызын су үнемдеу технологияларына көшіруді, су тапшылығы мәселесін шешуді басты назарға алуды тапсырды.

Иә, топыраққа дән сеуіп, аспаннан жаңбыр күтіп, табиғаттың рақымшылығына үміт артып отыратын құнарлы қара топырақты алқаптарға егілетін егін, бау-бақшадан алынатын өнімге қарағанда қолмен суарылатын жерлерден әлдеқайда мол пайда табатынымыз белгілі. «Жеті күн жауған жаңбырдан желіп өткен су артық» деген нақыл сөз сондықтан айтылған болар. Кеңестік кезеңде суармалы егістікке аса мән берілген еді. Соның нәтижесінде өлкемізде сандаған су қоймалары салынып, бөгендер жасалып, арық-тоғандар тартылып, қыруар қаржы жұмсалған. Алайда, тоқсаныншы жылдары соның көбі құрдымға кетіп, нәтижесінде алқаптар ауқымы тым азайып кеткені шындық. Енді, міне, сол олқылықтың орнын толтырып, кеткен кемшілікті қайта түзеу, сөйтіп сулы да нулы аймағымыздың табиғат берген ен байлығын барынша пайдалану мақсатты түрде қолға алынды. Оның ауыз толтырып айтарлық нәтижелері де жоқ емес. Оған соңғы жылдары ауданымыздағы «Теректі» ШҚ осы бағытта атқарылып жатқан қыруар жұмыстар дәлел.

Ерінбей еткен еңбегінің арқасында Жер - Ананың төсін еміп, мол өнімге ие болып отырған еңбекқор жандардың бірегейі теректілікҚанат Садықов өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыру мақсатында жаңбырлатып суару әдісін қолданып отырған жанның бірінен. Ірі шашыратқыш жаңбырлатқыштар суарудың салыстырмалы түрде алғанда арзан әдісі, жер бедерінің ерекшеліктеріне ыңғайланғыш, ол арықпен суару әдісіне қарағанда суарудың біркелкі болуына үлкен мүмкіндіктер береді. Аталған шауашылықта бұл сынды қондырғының ДДН-70 үлгісі қолданыста. Бүгінгі таңда егістік алқабында аталмыш техникамен 4 трактор қызу еңбектің бел ортасында жүр. Жаңбырлатып суару әдісі бір жағынан суды үнемдеуге сепітігін тигізсе, екіншіден адам күшіне деген қажеттілікті азайтып, сапалы өнім алуға мүмкіндік артады. –Қазіргі таңда жұмысшылар жоңышқа алқабын суаруда. Бұл өнімді бір рет жинап алған болатынбыз. Енді суарылғаннан соң екінші мәрте, тіпті, табиғат жағдайы қолайлы болып жатса үшінші қайтара жинап алуды жоспарлап отырмыз. Егістік алқабы үстінен тартылып жатқан шлюзге су арықтан сорғыш моторлары арқылы жеткізіледі. Біздің иелігімізде бұл техниканың 5 бірлігі бар. Олардың 3 электр қуатымен жұмыс істесе, 2 дизельді болып келеді. Осы шлюзден суды сорып алып шашатын екі қанатты агрегатты «иығына іліп алып» жүретін трактор бір орында бір сағат аялдайды. Бұрқыраған судың екіпіні 70 метр аумаққа шашырайды. 1 қондырғы күніне 15 гектар жерді суаруға қауқары жетеді. Бүгін жоңышқаны суарып болсақ, ертеннен бастап 300 гектар аумақты алып жатқан бидайдың «шөлін қандырамыз», - дейді 2 жылдан бері осы әдіспен суаруды қолға алған Қанат Бидахметұлы. Жаңаға жаны құмар қожалық басшысы әрдайым Ресейге барып, шет ел әріптестерінен үлгі алудан жалыққан емес. Мәселен, жуырда ғана Барнауылға сапар шегіп, заманауи техникалардың көрмесін көріп қайтқан. Сондағы мақсаты –озық үлгідегі, тиімді суару қондырғысын сатып алу. – Сәтін салса, 2015 жылы көздеген мақсатыма жетіп, жаңа суару қондырғысын аламын деген ойдамын, - дейді шаруа.

Былтырдан бастап шаруа қожалығы арыш егуді алғаш рет қолға алса, биыл соя өсіруге бел буған. Қожалық иелігіндегі жалпы жердің 3609  арыш, 290 гектарына соя егілген. Оның айтуынша, соя өсірудің тиімділі – оның әр килограмы жоғары бағаланады және шет елде, әсіресе, Қытай жаққа сұранысқа ие. Бұл өнімнің тұқымын қожалық басшысы Үржар, Талдықорған және Өскемен алқаптарынан сатып алып келген екен. Ал, арыш құрғақшылыққа төзімді әрі Ресей мемлекеті оны саудалап алуға әрдайым дайын. Аталған өнімдерге тамыз айының соңына қарай орақ салу жоспарланып отыр.

Суармалы алқаптарды игеруде кеңес заманында қолданылған «Жаңбыр» деп аталатын әдісті жаңғыртып, оның біршама жетілген түрін егістік көлемін арттыруда қолданып отырған, сондай-ақ, астық тұқымдарының жаңа мәдениетін кеңінен енгізіп жатқан шаруа басшысы  “жақсыдан үйрен, жаманнан жирен” деген нақыл сөзді жанына бекем ұстаған. Ендеше, осындай еңбек адамына жұмысыңыз сәтті, көмбеңіз астыққа толсын деген тілегімізді білдіреміз.

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

Аудан әкімі Д.М.Мусин Сарыбел, Палатцы және Миролюбовка ауылдық округтерінің тұрғындарымен қосымша қорларды іздестіру мәселесі бойынша жиналыс өткізді. Ол кеңестің қорытындысы бойынша ауылдық округ әкімдері мен аудандық қызмет басшыларына хаттамалық тапсырма берді. Сарыбел және Палатцы ауылдық округтерінде бір ай ішінде атқарылған жұмыстың барысымен танысу мақсатында аудан әкімінің орынбасары А.Әкімовамен бірге жұмыс сапарына шыққан едік.  

Сарыбел ауылының шағын құрамдағы белсенділері мен ауылшаруашылық өкілдері және кәсіпкерлер қатысқан жиында Сарыбел ауылдық округтің әкімі К.Сакунова округтің жұмыс жағдайы туралы ақпарат беріп өтті.

Ауылдық округ әкімі аппараты ауыл тұрғындарымен және кәсіпкерлерге жерді сатып алу, құжаттарды рәсімдеу бойынша  түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Алайда, қазіргі таңда бюджетке бірде-бір қаржы түскен жоқ. Мойынында қарызы бар адамдар берешекті тек қыркүйек айында ғана өтелейтіндерін айтып, уәде беруде. Қаржы бөлімінің жетекшісі Г.Смағұлова қосымша қорлар бойынша барлық көрсеткіштердің өзгеріссіз, сол қалпында қалғандығын жеткізді. Жеке меншік дүкендердің қожайындары бір ауыздан салықты мұқияті төлеп, жалдамалы жұмысшылардың жалақысын 30 мың теңгеге дейін көтергендерін айтты. «Батырақ»ШҚ өкілінің айтуынша, шаруашылықта 52 адам еңбек етеді. Олардың барлығымен еңбек шарты бекітіліп, тиісті төлемдер жасалады. Жалдамалы жұмысшылардың орташа айлық еңбекақысы 47-48 мың теңгені құрайды. Ал астық жинау кезінде комбайыншылардың жалақысы 200 мың теңге дейін көтеріледі. «Далабай» шаруа қожалығында да барлық жалдамалы жұмысшылар ресми түрде рәсімделген. Ал жағалаудағы жер иелері бойынша бұл мәселе әлі де шешімін таппай отыр.  

Кездесуді қорытындылай келе, Алмагүл Жанахметқызы аудан әкімінің барлық тапсырмасын орындауда округ әкімі аппаратының атқарған жұмыстарын қанағаттанарлықсыз деп атап көрсетті. Ол демалушыларға үйді жалға берушілерді есепке алу керектігін қадап айтты. Олар жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелуге міндетті. Тұрғындар тарапынан тасымалданатын көмір бағасының жоғарылығына байланысты (1 тонна 9 100 теңге) көптеген наразылықтар айтылды. Сонымен қатар, жүк машинасы бар тапқыр сарыбелдіктер көмірді жеткізіп беру үшін жерлестерінен бір рейске 4000 теңге алады.

 

Палатцы ауылдық округінің әкімі Б.Мұқышевтің мәліметі бойынша, жалпы 600 мың теңгенің қосымша қоры өндіріліп алынған. Тек «Эльдар» қожалығының бір өзі қорды 2 млн. теңгенің түсімімен толықтыруға қабілетті. «Бірақ бұл мәселе әзірге шешімін таппай отыр». Подгорный ауылында Мамырбаев дүкенге ие болса, Р.Қозығұлов мал шаруашылығы фермасын рәсімдеуде. Ал Р.Дүзбенбетов жерді сатып алу бойынша құжаттарын әзірлеуде. Бұл жұмыстарды әлдеқайда іске асырып тастауға болар еді. Алайда,  қоныстандырушы В.Паксюткиннің салбырлығына байланысты іс орнынан жылжымай отыр. Рәсімделмеген нысандар қатарында «Алтай» ШҚ (Б.Ғабитов), «Эльдар» ШҚ (Е.Шакиров) жылжымайтын мүліктері бар. Округтегі жерлерді түгендеу жұмыстары жүргізілген, пайдаланылмаған, артық жерлер жоқ. Шаруа қожалықтары жылдың соңында салықтарын төлейді. Әңгіме барысында «Алтай» ШҚ көптеген мал шаруашылық нысандарынан бас тарып отырғаны анықталды. Енді осы мәселені қарастыру – алда тұрған міндеттердің бірі.

Жалдамалы жұмысшыларды ресми түрде рәсімдеу мәселесі бойынша округ әкімі аппараты 5 жалдамалы жұмысшысы бар «Алтай» шаруа қожалығының еңбек шартының үлгісін таратты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының екі қатысушысы Палатцы ауылында тұрғындарды нан өнімдерімен қамтамасыз ету үшін наубайхана ашып, құс шаруашылығын дамытумен айналыспақ.

–Қарқынды жұмыс жасап, тиісті органдарға, әріптестерге жүгінген жөн. Сіздерге халық үміт артып отыр. Сол себептен олардың мәселелерін шешу – сіздердің басты міндеттеріңіз. Халықтың қызығушылығын оятып, көшуге насихаттап отыруларыңыз қажет. Жылдың аяғына дейінгі салықтардың түсімі бойынша болжауларыңыз да жоқ, - деп қадап айтты аудан әкімінің орынбасары.

Ардагерлер кеңесінің өкілі, құқық қорғау органының ардагері В.Лебеденко әрдайым туған өлкесінің шашбауын көтеріп, ауылының көркеюі бойынша округтің жас әкіміне қолдау көрсетіп отырады. Оның айтуынша, кассалық аппарат барлық сауда орындарында бар әрі сатып алушыларға чек беріледі. Кәсіпкерлер жалдамалы жұмысшыларсыз жұмыс істейді.

Округ әкімінің айтуынша, жағалаудағы мәселе шырғаламы көп жағдай – ол әлі шешілген жоқ, иесі де табылмады. «Жер комитеті немесе басқа да арналар арқылы іздестіру керек, нәтижесі болуға тиіс. Әкім осы мәселені мықтап қолға алып, айналысуы керек», - деп түйіндеді өз ойын Алмагүл Жанахметқызы.

Қанат АПСАДЫҚОВА

 

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2024 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз