Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Аудан әкімі Д.М.Мусиннің тапсырмасымен, жерді тиімді пайдаланып, шаруасын шырқ үйіріп отырған белді шаруа қожалығы әкелі-балалы Виничуктер отбасының егіс даласына бардық. Күзгі жиын-терін науқанының қызған шағында орақ барысымен танысып, күнбағыс өсіп тұрған алқапты өз көзімізбен көріп қайттық.

«Жер қадірін - диқан білер» деп бекер айтылмаса керек. Жыл он екі ай егіс танаптарын баласындай күтіп-баптайтын - диқан бейнеті мен зейнеті мол еңбектен күс-күс болған алақанының жылуын, жүрегінің мейірімін, өзін, өзін ғана емес, бала-шағасын асырап отырған қара жерге дәнмен қоса сіңіреді. Өйтпесе болмайды. Жер — өзін қылаусыз сүйген адамға ғана жомарт. Еліміз тәуелсіздігін алып, жеке шаруашылық жүргізу үрдісі қалыптасқаннан бері ауданымызда диқаншылар әулетінің қалыптасуына негіз қаланды. Біз әңгімелегелі отырған Виничуктер әулетінің тыныс-тіршілігі егіншілікпен тығыз байланысты. Жас жігіттер егіншілік технологиясына да жете мән береді. Ол құрғақшылықта да астықсыз қалдырмайды. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» дейді қазақ. Үстіміздегі қуаңшылықтың зәрәзап қылғанына қарамай, тәуекел еткен диқаншы ағайындылардың еңбегі жанып, күнбағыс егістігі бітік шығыпты.

Бос жатқан жерлерді өңдеп, егіншілікпен айналысқандарына көп бола қоймаса да ағайынды Виктор мен Юрий «Әке көрген - оқ жонар» деген аталы сөздің ақиқаттығының дәлеліндей өздерін кішкентайынан еңбексүйгіштікке баулыған әкесі Владимир Виничуктің еңбек мектебінен өткенін көрсетіп жүр. Жастайынан өзі де еңбекпен шыныққан В.Виничук ұлдарына бағыт-бағдар беріп, үнемі қолдау жасап, ақыл-кеңес беріп отырады. Олардың жас та болса диқаншылықтың қыр-сырын меңгеріп, жердің жомарттығын пайдалана білуі, күн-түн демей істеріне адалдықпен қарауы - ауданда жұмыссыз сенделіп жүрген жастарға үлгі етерлік өнеге деуге болады.  

-Егіншілікпен біз бүкіл отбасымызбен шұғылданамыз. Сондай-ақ, екі тракторшы жігіттерді жұмыспен қамтып отырмыз. Жалпы көлемі 2000 гектар жерге күнбағыс,бидай мен арпа септік. Ауа райы қолайсыздығының залалы бізді де айналып өтпегенмен егістігіміз жаман шыққан жоқ. Көктемгі егін егу науқанын уақытылы бастау, агротехникалық шараларды толық сақтау мен сапалы тұқым құрғақшылық белең алып тұрған жазда да мол өнім алуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Мөлшермен алғанда 1 гектарынан 7-8 центнерден өнім аламыз ба деп отырмыз. Биыл егістік алқабына элита тұқымды бидайдың «Омская-18» сұрпын Өскемен қаласындағы «Тандем-Агро» компаниясынан сатып әкелдік. Бұл жерде агрономда, механизатор да, күзетші де өзіміз. Біріміз түнде күзетсек, екіншіміз комбайнмен орамыз, енді біріміз жерді қайта жыртамыз. Осылайша таңның атысы, күннің батысы бидайды жинап алғанша тыным таппаймыз. Одан кейінгі кезек күнбағыс жинауға тиеді, - дейді жас диқан Юра күнге тотыққан жүзі нұрлана жымиып.

Оның айтуынша, күнбағыстың гибрид тұқымын Өскеменнен сатып әкеліп, биыл бірінші рет салған. Ал «Рокки» тұқымын екінші жыл өсіруде. Күнбағыстың «Арена ПР» сұрпының артықшылығы - осы дақылға зиян келтіретін пероноспороз және тағы басқа ауруларға төзімділігі. Аталмыш гибрид тұқымдыққа жарамағанмен, майлы сұрып болып табылады.

Арнайы дала аруы өсіп тұрған алқапты аралағанымызда көргеніміз, олар түп-түзу қатарлармен, дәнге толы табақшаларын көтере алмай, бастарын иіп тізіліп көздің жауын ала қызықтырады.

Юраның айтуынша,ұзаққа созылатын кезеңіне байланысты күнбағысты нәрлендіру заттары біршама көп талап етіледі. Өсімдіктен 1 центнер тұқым алу үшін топырақтың 6 кг азоты, 2,6 кг фосфоры, 8,6 кг калий қажет болады. Жеткілікті калийі бар қара топырақта ерекше тиімді азот және фосфор тыңайтқыштары болуы керек. Басқа топырақтарда фосфор және калий тыңайтқыштарын жер жырту барысында пайдаланады. Азот тыңайтқыштарын көктемде ұрықтандыру кезінде қолданады. Органикалық тыңайтқыштар із салушы астына салынады Егер бұны тікелей күнбағыс астына төсейтін болса, онда оның сабағы тым ұзарып кетеді. Күнбағысты әрдайым бір егілген жеріне үнемі егу, әркезде араға 8—10 жыл салып жерді тыңайту керек. Биылғы салған гибрид тұқымын олар жыл сайын көктемде сатып алып сеппек. Өйткені, бұл әртүрлі табиғат жағдайларына төзімді, бейімделген сұрып.

Биылғы жылы жігіттер үкіметтен алған 3 млн. теңге субсидияға элеватор сатып алып, оған жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үкімет тарапынан іспен шұғылданам деушілерге көмек болып жатса, ендеше дана халқымыз «ақсұңқар жемін шашып жейді» дегенге сай, диқан жігіттер де жақсылық жасау азаматқа жарасатынын біледі. Олар да өз ауылдастарын азық-түлікпен қамтамасыз етуде көмек қолын созуға әрқашан даяр екендіктерін айтады.

Кәсіп әкеден балаға ауысса, ырыс бірге ауысады. Әке жолын қуған Витя мен Юраның қасынан кенже інісі Николай да қалмай, олармен бірге еңбек етуде. Ол екеуі де диқаншылық кәсіптің берері мол екенін түсінген, жер қадірін біледі. Ендеше, бұл әулет егіншіліктен қол үзбейтіні анық. «Бабын тапсаң – байлық жерде» дегеннің байыбына көзі жеткен жас диқандарға еңбектерің жансын, табыстарың еселене берсін дегіміз келеді.

Бақыт МҮЛІКОВА

 

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қыркүйек 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз