Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді аталы сөзге тоқтай білген дана ұлтымыз. Бүгінгі таңда істің қиюын келтіріп, әр салада өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандар аз емес. Статистика шығарған соңғы мәліметтерге сүйенсек, осы кәсіпкер жандардың басым бөлігін орта жастан асқан адамдар құрап отыр екен. Демек, бұл салада жастарымыз аз деген сөз. Жас демекші, жақында жас та болса мал шаруашылығымен айналысып отырған Шұғылбай ауылдық округіндегі «Қажы-мұхан» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түскен еді. Төрт-түлік ата-баба кәсібі десек те, қиындығы бір басқа жетіп артылатын мал өсіру ісімен, оған қоса егін шаруашылығымен бүгінгі жастардың айналысып жүргені көңілімізді қуантты.

 

Міне, осы жайларға қызыққан біз шаруа қожалық иесіне хабарласып, бүгінде екі қолға бір күрек таппай жүрген жандарға үлгі болсын деген ниетпен Шұғылбай ауылына қарай жол тартқан едік.

Жолай бізді қарсы алған Шұғылбай округінің мал дәрігері, ауыл ақсақалы, осы жердің тыныс-тіршілігін алақандағыдай білетін Қуандық Жүнісов жалпы елдімекеннің жай-күйі мен шаруасын дөңгелентіп отырған ірі қожалықтар - «Қажы-мұхан» және «Салтанат» шаруашылықтарының атқарып жатқан еселі еңбектері туралы кідірместен әңгімелей жөнелді.

Оның айтуынша, бүгінгі күнге Шұғылбай ауылдық округінде жалпы саны 626 адам тұратын болса, оның ішіндегі экономикалық белсенді халық 344 адамды құрайды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 6 адам несие алды. Оның бесеуі мал шаруашылығын дамытуға, біреуі Ақбота Ерботина  шағын наубайхана ашу үшін несие алды.

Округте ірілі-уақты ұзын саны 30 шаруа қожалықтары бар. Олардың ішінде 11-і мал және егін шаруашылығын қосарландыра жүргізсе, қалғандары өсімдік шаруашылығымен, яғни күнбағыс, арпа, бидай өсірумен шұғылданады.

2012 жылмен салыстырғанда, мал шаруашылығындағы эпизоотикалық жағдайды жақсартып, жұқпалы аурулардың азайғанына да тоқталды. -Ол үшін біз уақытылы алдын-алу шараларын жүргізіп, 3000 бас ірі қарадан, 3200 бас ұсақ малдан 3 реттен қан алып, тексеру жұмыстарын жүргіздік. Бүгінгі таңда малдардың арасында жұқпалы аурулар дың көрсеткіші төмендеді. Сондай-ақ, мал азығын дайындау жұмыстары да қарқынды жүруде. Шөп жинау жұмыстары 80 %-ға орындалып, енді тасымалдау ғана қалды. 10 күн ішінде аяқтаймыз деп отырмыз. Жалпы, ауылдағы малға қажетті азықтың көлемі - 7000 тоннаны құрайды. Жеке меншік мал ұстайтын тұрғындар үшін шөптің бір тіркемесі 10 000 теңгеден жеткізіліп беруде.

Ауылға тартылған алты айда инвестиция көлемі 62 млн. 375 мың 341 теңгені құрайды. Бұл қаржы асыл тұқымды мал басын және жаңа ауыл шаруашылық техникаларын сатып алуға жұмсалуда.

Мәселен: «Қажы-мұхан» ШҚ басшысы  Ж.Байназаров 120 бас аналық асыл тұқымды ірі қара, 2 бас асыл тұқымды бұқа және 2 трактор алды. «Қалима» ШҚ басшысы Н.Зарипов 1 бас асыл тұқымды бұқа, «Мейірбек» ШҚ басшысы Қ. Тоқтаров 22 брусты тіркемелі шалғы, «Беларусь» тракторын, «Самур» ШҚ З.Оспанов біріктірілген топырақ өңдеу агрегатын, 40 бас аналық асыл тұқымды ірі қара, Б.Разаев жаңа МТЗ 10-52 маркалы тракторын алды, - дейді Қ.Жүнісов.

Осыған қарап-ақ, шұғылбайлықтардың уақыт көшінен кеш қалмай, шаруасын шырқ үйіріп отырғанын, қазіргі заман талабына сай тіршілік етіп жатқанын байқауға болады. Алайда, ауылда шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Келе жатқанда байқағанымыздай ауылға апаратын және ауыл ішіндегі ойлы-шұңқырлы жолдардың жағдайы көңіл көншітпейді. Мұнда техникалық мамандықтағы кадрлардың (көлік жүргізуші, тракторшы) жетіспеушілігі және ауыл мектебіне физика-математика пәні мұғалімінің жоқтығы орын алып отыр.

Тағы бір түйткілді сұрақ - тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы болатын. Аталмыш мәселе жуық арада шешімін таппақ. Бұл жұмысты атқарып жатқан Самар ауылының коммуналдық шаруашылық қызметтерін көрсету мекемесі таза су шығаратын құдықты орнатып, шұңқырын қазып қойған және құбыр тартылмақ. Құдық басына шағын ғимараты салынған, ендігі қалған ұсақ-түйек жұмыстар бітсе, қыркүйектің аяғына дейін пайдалануға беріліп қалатын түрі бар.  

Қазіргі күні мал азығын дер кезінде жинап алу үшін ауылда жасалынып жатқан және басқа да маңызды жұмыстар күн сайын сараланып, ауыл әкімінің жіті бақылауында тұр.

 

«ҚАЖЫ-МҰХАН» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНДАҒЫ ЕСЕЛІ ЕҢБЕК

Осы бір ауыл тұрмысы мен тынысын бес саусақтай біліп, оған шынайы жанашырлықпен қарап жүретін көзі ашық, көңілі ояу жігіт ағасы жайлы бір-екі ауыз сөз айтсақ, артық болмас. Шұғылбай ауылының тумасы, 63 жастағы әлі де қимылы ширақ, ойы сергек Қуандық Жүнісов бұрынғы Кеңес дәуірінде 25 жыл өмірін мал дәрігерлік қызметіне жұмсаған. Тоқырау жылдарында «Бекжан» ШҚ басқарған ол кейінгі жылдары округ әкімшілігінде мал дәрігірлік қызметін қайта жалғастырып, мал шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосып жүрген жан. Мелитополь ауылындағы белді шаруа қожалығықтарының бірі «Қажы-мұхан» шаруашылығына бастап келе жатқан жолда өз әңгімесін жалғаяястыра келе, 29 отбасы тұратын ауылда 900 ұсақ мал, 428 жуық ірі қара мал 125 жылқы ұстайтынын, тұрғындарының қысқы маусымға толық дайындық жасап, қораларына қажетті шөпті үйіп алғанын тілге тиек етті.

- Қазір мал шаруашылығын жүйелі түрде қолға алған азаматтар қатары көбейіп келеді, құдайға шүкір. Бұл іске ел ішіндегі жігіттер батыл кірісе бастағаны қуантатыны сөзсіз. Солардың бірі, Жәлел Байназаров Шұғылбай округіне қарасты Мелитополь ауылында  шаруашылығын шарықтатуға бекем кірісіп кеткен, еңбексүйгіштігімен қоса алдына мақсат қоя білетін жастардың бірі, - деді шаруашылық туралы хабардар еткен Қ.Жүнісов.

Осылайша әңгімеге айналған біз жас қожалық иесі Жәлел Байназаровтың күнбағыс өсіп тұрған алқабына келіп қалғанымызды да аңғармаппыз.

Аман-саулық сұрасқаннан соң шаруашылық басшысы бізді қызықтырған сұрақтар төңірегінде әңгіме қозғады.

-«Қажы-мұхан» шаруа қожалығы 2001 жылы құрылған. Оның 2717 га ауыл шаруашылық, оның ішінде 1400,7 га егістік жерлер, 450,2 га шабындық, 866,5 га жайылым жерлері бар. Шаруа қожалықтың жем-шөп дайындау үшін жаңадан сатып алынған «МТЗ-80»-3, «12-21» маркалы тракторлары-2, 1 комбайн, «КамАЗ» автомашинасы өз тиімділігін дәлелдеп, шаруа жұмысына көмегін тигізіп жатыр. Аталмыш шаруа қожалық мал тұқымын асылдандыру бағытындағы жұмыстарды қолға алдық. Ол үшін «Елімай» ШҚ 120 бас асыл тұқымды құнажын сатып алдым. Сондай ақ, 160 бас жылқы өсірудеміз. Қарамағымда 12 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Олар әлеуметтік жағынан қорғалған, жылдың басында зейнетақы жинақтау қорына ақшаларын аударып отырамын және тұрмыс-тіршіліктеріне қажеттіліктерімен қамтамасыз етуге көмектесеміз.

Биыл 524 гектар жерге «Канди» және «Арена» элита гибрид тұқымдас күнбағыс дәнін отырғыздық. Бұл өнімді және майлы бағыттағы, бірақ  тұқымдыққа жарамайтын күнбағыс сұрыпы. Оның тұқымын жыл сайын 1 келісін 230 $-дан сатып алып отырамыз. Жақында шабуға кірісеміз. Егіннен мол алу үшін жерді күтіп, баптаудың да маңызы зор. Жер күтіміне қатысты барлық агротехникалық жаңа технологияларды пайдаланып, түрлі зиянкестерге, ауруларға қарсы дәрі-дәрмектерді енгізіп отырамыз. Сонымен бірге ауыспалы егістік әдісін де қолданамыз. Қазіргі күнге 800 гектар жерді жыртып қойдық. Мүмкіндік болса, тағы да 500-600 гектардай тың жер алмақ ниетім бар, - дейді қожалық басшысы жадыраңқы жүзбен.

Отбасы берекесін кіргізетін, оның ұйытқысы болып жүрген Жәлелдің жан жары, үш баласының анасы Гүлнардың ақ көңілді, кеңпейіл отанасы екені байқалды. Қожалық басшысын іздеп үйіне келгенде алуан түрлі гүлдермен көмкерілген ауланы көргеннен-ақ, үй иесінің ұқыптылығына, еңбекқорлығына көз жеткіздік. Қонақтарды қарсы алғандағы оның жарқын жүзінен отбасына, бала-шағасына, жұбайына деген шексіз құрметі, оны үнемі демеп жүретін үйдің алтын қазығы екені анық көрінді. Гүлнардың қолдауы «Қажы-мұхан» ШҚ-ның ісін өрге бастырып, табысын еселей беретіні сөзсіз Егістік алқаптарын тиімді пайдаланып, өнім сапасын молайтуды көздеген қожалықтың алдыға қойған мақсаттары жоғары. Жұмысшылары еңбекақыларын астық, жем-шөп, қаржы ретінде толық алып, қысқы отынмен де қамтамасыз етіледі. Жәлел баспасөз басылымдарына барлық жұмысшыларын тегін жаздырады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жақсы түсінетін жас басшы Жәлелдің басты азаматтық ұстанымы - ауылдық округ бойынша тұрмысы төмен отбасыларына көмек қолын ұсынып, түрлі шараларға демеушілік жасап, қайырымдылық таныту.

Шағын ауылда өсімдік және мал шаруашылығын қатар дамытып жүрген, өз кәсібіне адалдықпен қарап, әрбір науқандық жұмыстың жүзеге асырылуынан, тындырымды тірліктен рахат тапқан шаруа қожалықтың еселі еңбегіне біз табыс тіледік.

 

БІЛІМ ОРДАСЫНДА АУЫЗ ТОЛТЫРЫП АЙТАРЛЫҚ ІСТЕР КӨП

Ауылға ат басын тіреген соң, ондағы іргесі өткен ғасырдың 1927 жылдары қаланған қасиетті білім ордасына бас сұғуды жөн санадық. Қазақ халқының көрнекті ақыны, қоғам қайраткері І.Жансүгіровтың есімін иеленген білім ұясы өткен оқу жылын табысты аяқтап, ҰБТ нәтижесі бойынша ауданда екінші орынға қол жеткізді. Өйтпегенде ше! «Алтын белгі» иегерлігіне үміткер, мектебі мен туған ауылының мәртебесін асқақтатқан Ақбота Мұқатаева сенімді ақтап шығып, бүгінде Семей медуниверситетінде білім алуда. Мектептің тыныс-тіршілігімен таныстыра жүрген білім ордасының директоры Жұмабай Ерботин биылғы оқу жылында оқушылар толық жөндеуден өткен спортзалда денешынықтырумен шұғылдануға мүмкіндік алғанын айтты. Жөндеу жұмыстарын «Беки» мердігерлік ұйымы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамти отырып жүргізгенін, сондықтан да сапалы жұмыс атқарылғанын әңгімелеп берді. Тағы бір айта кетерлік игілікті іс – мұндағы мектепалды даярлық тобы бүлдіршіндері толық күндік режімде тәрбие алатыны. Балдырғандар үшін барлық жағдай қарастырылып, жабдықталған бөлмелерді көргенде еріксіз қызығасыз. –Мектебімізде Назарбаев Зияткерлік мектебі жанындағы Педагогикалық шеберлік орталығының курсын өткен 5 ұстаз бармыз. Мен өзім 9 айлық курсын оқып келдім. Жаңа әдіс балалардың өздігінен ізденіп, білім алуына бағытталған, - деді мектеп басшысы.

Ал, ашылғанына аз уақыт болса да сөрелері ауыл тұрғындарынан жиналған көне жәдігерлерге толы тарихи-өлкетану мұражайының ішкі көрінісі бірден көз тартады. –Мұражай жәдігерлері тарих тереңінен сыр тартады, оған келушілер мұражай заттарымен танысып, дерек көздерін алады, таным-түсініктерін тереңдетеді. Мұражай мақсаты - «Мәдени мұра» стратегиялық тұжырымдамасының негізінде, көне дәуірдегі рухани мұраларды зерттеп қана қоймай, оны бүгінгінің санасына жеткізу. Біз мұражай жұмыстарын жалғастырып, әлі де дамыта бермекпіз, - дейді мұражай жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі В.Қалбағаева жоспарларымен бөлісіп.

МЕКТЕПКЕ БАРАР ЖОЛ - ДАҢҒЫЛ

Мектеп жасындағы балалардың барлығының мектепке толық баруын қамтамасыз ету мақсатында өткізіліп жатқан «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында ауылдық округтегі білім ордасы І.Жансүгіров атындағы орта мектепте бірқатар жүйелі шаралар атқарылуда. Мектептің тәрбие ісі меңгерушісі В.қалбағаеваның аутуынша, білім ошағында 2014-2015 оқу жылы көлемінде жұмыс атқаратын «Қамқорлық» кеңесі құрылған. Құрамына 7 адам енгізілген «Қамқорлық» кеңесінің жетекшісі Гүлнар Құниязова кеңестің оқу жылына арналған жұмыс жоспарын құрды. Жоспарға мектептегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған, асыраушысынан айрылған және көпбалалы отбасы балаларына көрсетілетін көмек түрлері кіреді. Бұл жұмыстарға мектеп ұжымы, ата-аналар комитеті, ауыл кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтары тартылыпты. Кеңес шешімімен мектеп жәрмеңкесін ұйымдастыру туралы алдын-ала хабарландыру ілінді және 1 қыркүйекке мектеп оқушыларының тізімдері анықталды. Сонымен қоса директор жанындағы кеңес отырысында көмекке мұқтаж оқушылар тізімі анықталып, қажетті заттар тізімі алынды. Материалдық жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасыларға демеушілік көмектер ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде ауыл кәсіпкерлері қолдау көрсетіп, демеушілік жасады. Осылайша жұмыла жасаған жұмыс нәтижесінде 6 оқушыға барлығы 30000 мың теңге көлемінде (ақшалай, оқу-құралдары, спорттық киімдер) көмектер берілді. «Мектепке жол» акциясына белсене атсалысып, мейірімділікті жандарына ту еткен С. Құнанбаева, Б.Қанапиянова, Г.Саябаева, Р.Мұхаметқалиева, Г.Тоқтамысова, Л.Жабалдинадай ауыл кәсіпкерлеріне мектеп және ата-аналар ұжымы зор алғыс білдіре келе, оларға мықты денсаулық пен қажымас қайрат және табыстары молая берсін деген тілек білдіруде.

Бақыт МҮЛІКОВА; Сара ТЫНЫБАЕВА

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қыркүйек 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз