Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

275-тен аса отбасы қоныстанған Белое ауылдық округі абаттандырылуы, шаруашылығын шыр айналдыруы, тұрғындарының қоғамдық белсенділігі, аудан спортына қосқан жетістіктері жағынан алғанда ауданымыздағы бетке ұстар елдімекендердің бірінен саналады. Жуырда осындай жақсылықтардың басы-қасынан табылып, көп іс-шараларға мұрындық болып жүрген жас әкім Мұхтар Жаңкебаевпен жолығудың сәті түскен. Ауыл әкімінің айтуынша, ауыл тынысын кеңейтуде бастауыш ақсақалдар ұйымының, ауыл белсенділерінің, тұрғындардың, жастардың өз ауылына деген сүйіспеншілігі мен патриоттық ұстанымдары түрткі болуда. Тіршілік ететін ортасын, күнделікті балалары асыр салып ойнайтын ауылдың іші-сыртын, қора жайлары мен қоршауларын ретке келтіру, санитарлық тазалықта ұстау ұзын жолдың бойына қоныс тепкен аққалалықтар үшін үйреншікті жағдайға айналған. Олар өз ауылдарының мәртебесін көтеруге, тұрмыс-тіршілігін жандандыру ісіне барын салуға даяр.

-Округ аумағында аудан бюджетінің қоржынына сүбелі үлес қосып, заман көшінен кенже қалмай,тіршіліктерін ілгері бастырып отырған бірнеше қомақты мекемелер мен шаруа қожалықтары бар. Атап кететін болсам, Өскемен титан-магний комбинатының филиалы - «Сәтбаев кен байыту кәсіпорны» ильменит кенін өндіретін кен байыту комбинаты құрылысының жобасы жасалуда. Егер бұл кәсіпорын іске қосылса, жұмыс орындары қазіргіден де көбейетіні анық. Жергілікті тұрғындардан кадрлар даярлау ісі де оң шешімін тауып отыр. «Самар-Астық» ЖШС (Бақытбек Құмаров), «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 40 адамды жұмыспен қамтып отырған "Қараөткел"ШҚ (Қуат Закириянов), мүйізді ірі қара өсірумен шұғылданатын «Адал» ШҚ (Зайра Құмарова). Биыл лизингпен осы шаруашылықтарға 20 миллион теңгеге 6 трактор сатып алмақпыз. «Жаңажол» ШҚ ауыл шаруашылығына ылғалсақтағыш техникасын қолдану арқылы жаңа технологияны енгізіп, мал азығына арналған судан өсімдігін өсіруді қолға алуда. Сондай-ақ, бізде «Жұмыспен қамтудың жол картасына» жобаларын өткізіп, ірі қара мал өсіру бағытында жаңадан істерін бастаған жандар да жеткілікті. Олардың ішінен 3 топ мүгедегі Ә.Шакиеваны ерекше атауға болады. «Жайлау» бағдарламасы бойынша үш адам қамтылып отыр,- дейді М.Жаңкебаев.

Ауыл тұрғындары арасында бұқаралық спортты кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, балғын спортшыларды жаттықтырып, жарыстарда жүлделі орындардан көрініп, аудан, облыс спортын дамытып жүрген мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімдерімен әңгімелестік. Олардың бірі –зейнеткер жасына жетіп отырған, 44 жыл өмірін мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі қызметіне арнаған спортшы Қалиев Қалмахан Нұрбекұлы. Ол Өскемен қаласындағы пединституттың дене шынықтыру пәні факультетін тәмамдағалы бері мектепте өз мамандығын жетік меңгеріп, жас ұрпақты спортқа баулып,соңғы жылдары сыныптан тыс жұмыста волейболдан қыздар командасын жаттықтырып келеді. Өзін әлі сергек ұстайтын спортшы-ұстаздың айтуынша, 12 адамнан, жастары бойынша 3 командадан тұратын волейболшы қыздар облыста сан мәрте топ жарды. Жуықта аталған Ж.Шайжүнісовтың 100 жылдық мерейтойында өткен жарыста 3 медальға ие болған. Оның қолынан Көкпекті ауданы қыздар командасының арасында III спорттық разряды бар 2 облыс чемпионы – Анищенко Юлия мен Салихжанова Сабина сынды қыздар тәрбиеленуде. Сондай-ақ, спортшы-ұстаздың ізбасарлары, спорт шеберлері, дене шынықтыру пәні мұғалімдері аудан, облыс, республика көлеміндеспортпен шұғылданып, жас ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосуда. «Біз жалпы алғанда спортшылар отбасымыз деуге толық негіз бар. Өйткені, Өскеменде тұратын немерем Қалиева Жәнел көркем гимнастикадан спорт шебері, «Динамода» бапкер, Президенттік мектепте оқитын немерем Қалиев Әмір жеңіл атлетикамен және футболмен айналысады. Өзім балалар мен жастардың бос уақытында оларды СӨС ұстануға, бұқаралық шараларды өткізуге, Президенттік тест тапсырмаларын орындауға жұмылдыру ісіне атсалысамын. Спортпен шұғылданған жеткіншектердің өзіне деген сенімділігі, күш-жігері артып, намысшыл, мақсатқа ұмтылу, олардың бойында жеңіске жету сынды қасиеттер қалыптасатындықтан жасөспірімдердің құқықбұзушылық әрекетке баруға уақыты да болмайды.Осындай игі істерге басты назар аударып жүретін мектеп мұғалімдеріне, ата-аналарға, әсіресе, мектеп директоры Күлпану Зайнулдинқызына спортты дамытуға көп көңіл бөлетініүшін алғыс айтқым келеді. Өйткені, жарыстарға баруға үнемі көлік пен бөлінген қаражат жағынанқолдап отырады», - деген тілегін жеткізді Қалмахан Нұрбекұлы.

Әңгімеміздің арқауы 33 жастағы мұғалім, «Ауданның үздік жаттықтырушысы» ретінде аудан әкімінің 500 мың теңге сыйақысының иегері болған Аслан Болатбекұлы Ибраевпен жалғасты. Ол бала кезден бастап жаны сүйіп қалаған спорт өнерінен бір сәт те қол үзбеді.11 жыл мектепте дене шынықтырудан сабағын жүргізіп, жиыны 30 шақты әртүрлі жастағы ұлдар командаларын жаттықтырып жүр. Шәкірттерінің ішінен Яловой Иван, Зайнулдинов Арман, Закариянов Ержас атты ұландар - 3-4 дүркін Қазақстан чемпионы болып, спорт шеберіне үміткер, күміс жүлде иегерлері. Сондай-ақ, республикалық, облыстық, аудандық турнирлерде көптеген шәкірттер үздік ойындар көрсетіп жүр. «Мәселен, С.Ағзамовты еске алу турнирінде 3 жыл қатарынан I орынды жеңіп алдық. 1996-1997 жылғылардың ішінен облыс чемпионатында бірнеше рет жекелеген балғындар жүлдегер атанды. Өзім бастап апарған ақырғы 24 сәуірде өткен спартакиадаға командамыздан 5 бала қатысып, III орынға қол жеткіздік. Осындай жеңістер балалардың спортқа деген ынтасын арттыратыны сөзсіз. Облысқа қатысатын 9 ұлда  3-спорттық разряд бар. Кететін үлкендердің орнына 1-3 сыныптардың ұлдарын жинаудамын. Келешекте бұдан да үлкен жетістіктерге жетіп, биіктерді бағындыратынымызға сенімім мол. Біз, тіпті, балалардың жазғы демалыс күндерінде де дене тәрбиесін елеусіз қалдырмаймыз. Оларға волейбол, баскетбол, футбол ойнайтын доптар беріп қоямыз. Балалар жаз бойы жаттығып, күштері мен денсаулықтарын нығайтып, күзде мектепке тың күш-жігермен келеді. Сөзімнің ақырында айтарым, спортшыларға спорттық киімдер мен спорттық инвентарь керек. Сондай-ақ, спортты дамытуға үнемі қолдау жасап, көлікпен, жолақысымен, басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етіп жүрген Самар БЖСМ директоры Е.Мұқаев пен мектеп директоры К.Қожаеваға үлкен рахмет айтамын», - деп ойын түйіндеді талапты жас Аслан Болатбекұлы.

Жан-жағыңызға көз салып қарасаңыз, әр жерде аула сыртында волейбол және баскетбол алаңшалары жасалғанын, оның жанында топ-топ балалар ойнап жүргенін көргеннен-ақ, бұнда спорттың алатын орны бөлек екенін байқайсыз. Бұл жерден салауатты өмір салтын қалыптастыруда үлкен жетістіктерге жетіп, жастарды спортқа баулып жүрген адамдары бар ауылдың болашағы да жарқын болары анық деген сеніммен аттандық.

Бақыт МҮЛІКОВА

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Маусым 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
2 3 4 5 6 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз