Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

«ЖАЙДАРМАННЫҢ» ЖАЙСАҢДАРЫ ЖИНАЛДЫ

Ағымдағы айдың 18 жұлдызында Қ.Алтынбаев атындағы Мәдениет үйінде Көкпекті жастар орталығының кубогы үшін облыстық жайдарман ойындары өтті. Облыстық деңгейдегі шара аймақ, аудан көлемінде өнер көрсетіп жүрген ең таңдаулы құрамалардың басын қосты. Әзіл кешінде көңілді де тапқырлар командалары қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп, әзілмен түйреді. Көрерменді күлкіге қарқ қылып, ойландырды.“Жайдарманның” айтулы көңілді кешін облыстық көңілді тапқырлар клубының директоры Ақбар Түсіпбеков жүргізді. Астарлы әзіл, заманға лайықты талғам көрсеткен жайдарманшылардың ойыны көрерменнің көңілінен шықты. Жиналған қауым құрмет-қошемет түрінде толассыз қол шапалақтады. Әсіресе, алыс аймақтардан келген командалардың әзілдері ерекше әсер қалдырды. Сайыс қорытындысы бойынша Өскемен қаласының «Селт еткізер» атты командасы өткір әзілмен, ұтымды қалжыңмен ерекшеленіп, Көкпекті жастар орталығының кубогын жеңіп алды.

Толығырақ...

Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы аудандардың әлеуметтік-экономикалық өсуі облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлының тікелей бақылауында. Бүгінгі таңда ауданымызда тың жобалар, жаңа бастамалар қолға алынып, алды өз нәтижелерін де берді. Аудан халқының әл-ауқаты жақсарып, жаңадан жұмыс орындары да ашылуда. Сонымен қатар, аудандық Кәсіпкерлер палатасы құрылып, соның аясында қарапайым халық жеке кәсіпкерлікпен шұғылдануда. Әлеуметтік бағдарлама арқылы несие алып, несібесінің жемісін көріп отырған тұрғындардың саны жыл санап артып келеді. Ауданның әлеуметтік жағдайымен танысу үшін 14 мамыр күні аудан орталығына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы іссапармен келді. Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы қойнауы құт, байтағы береке ауданымыздың бірқатар ауылдарын аралап, ол жақтағы атқарылып жатқан оңды істермен танысты.

Толығырақ...

Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары миллиондаған бейкүнә адамдардың өмірін жалмаған екінші дүниежүзілік соғыстың қайғы-қасіретін адамзат баласы әлі де ұмыта қойған жоқ. Сол кездегі ұлы держава Кеңестер Одағы үшін Ұлы Отан соғысы деп айдар тағылған, от пен оққа ораған, қаншама жандарды ажал құштырған сұрапыл соғыстың алапаты мен жүректерге салған жарасы арада 70 жыл уақыт өтсе де жазыла қоймай отыр. Күні бүгінге дейін оның әр үйден, әр отбасынан қылаң беріп қалары бар.

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні аудан орталығындағы Жеңіс саябағында Ұлы Жеңістің 69 жылдығына орайластырылған мерекелік шара ұйымдастырылды. Аудан орталығының мекемелері мен ұжымдары салтанатты шерумен митинг өтетін орынға жиналды. Шеру сабында соғыстың басты кезеңдеріндегі оқиғаларға сәйкес безендірілген жүк машиналарының үстінде сахналық көрініс арқылы көз алдыға келтірілген соғыс жылнамасы туралы қойылымдар өте әсерлі шықты. Айтулы мерекеге орай, кеудесіне таққан орден, медальдары жарқырап, саябаққа бет алған қарт ардагерлерді көргенде еріктен тыс көздерге жас үйіріліп, жүректер сыздап, жаныңыз толқиды. Олардың теңдессіз ерлігі ұрпаққа мұра болып қалатыны ғана көңілге шуақ құяды.

Отанға қауіп төнгенде қолына қару ұстап, жауға қарсы тұрған аталарымыз бен ағаларымыздың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Олардың көпшілігі жан беріп, жан алысқан ұрыстарда қаза тапты. Ал, аман-есен оралғандары халық шаруашылығының түрлі саласында еңбек етті, ұрпақ өсірді. Отан үшін, болашақ ұрпақ үшін жан аямай күрескен ардагерлердің қатары жыл санап сирей түсуде. Сұм соғысты көзімен көріп, жеңіске жету жолында жауына дес бермеген батырлардың арасында біздің жерлестеріміз де бар. Бүгінгі бейбіт күні Ұлы Жеңістің 69 жылдығын ортамызда мерекелеп отырған Көкпекті ауданы бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлерін атап өтуді жөн көрдік. Олар – Ақшалов Нұрмұханбет, Бирюков Илья, Винников Семен, Гарганов Федор, Кинбаев Елеусіз, Түсіпбеков Аркадий, Халиуллин Мұстафа, Цепков Петр, Балахонов Павел, Виноградов Сергей, Ықласов Мүтәләп, Қожаев Құсман, Твардовский Эдуард, Федосова Валентина, Чумаков Николай сынды ардақтыларымыз. Олардың алдында әрдайым басымызды иіп, қадір тұту, құрмет көрсетіп, мақтан ету әрбіреуіміздің қасиетті борышымыз.

Аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин Ұлы Жеңістің 69 жылдығымен құттықтау сөзінде: «Әр жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күнін көкірегімізде ерекше көңіл мен мақтаныш сезімі ұялаған намыс пен біз үшін бейбіт өмір мен ашық аспан сыйлаған ардагерлерімізге деген айрықша ризалықпен қарсы аламыз. Жеңіс күні біздің еліміздің ұлылығын, күші мен қуатын бейнелейді. Барша отандастарымыз үшін аса қастерлі мерекеге айналған салтанатты күн құтты болсын! Ұрпақтарымыз ешқашанда соғыс өртін көрмесін», - деген ізгі тілегін жеткізе келе, ардагерлерге ерекше ілтипат білдірді.

Қ.Аухадиев ауылдық округінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Шнайдер Таисия Васильевнаның ардагерлік қозғалыстағы, өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудегі белсенділігі үшін «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан «Құрмет» белгісімен марапатталуы мерекелік шараның мерейлі сәті болғаны рас. Сондай-ақ, Таисия Васильевна жерлестеріне ыстық лебізін арнап, өзіне берілген марапат үшін алғысын білдірді.

Қанды қырғын майданда талай боздақ етігімен қан кешіп жүріп, өздерінің жастығын, күш-жігерін соғысқа жұмсады. Елі, жері үшін жанпида еткен, туған жерінен топырақ бұйырмай, жат елде мүрделері қалған боздақтар рухына бас иіп, олардың ескерткіш құлпытасына гүл шоқтары аудан әкімінің, аудандық ардагерлер кеңесінің, Ауған жауынгерлерінің, ішкі істер бөлімі ардагерлерінің және мекемелер мен ұжымдардың атынан қойылды. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының ардагері Ақшалов Нұрмұханбет ата, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Әбенов, қорғаныс бөлімі басшысы, капитан Р.Абдрахманов Ұлы Жеңіс мерекесімен соғыс және тыл ардагерлеріне, жиналған қауымға құттықтау сөздерін, жылы лебіздерін арнап, еліміз аман жұртымыз тыныш, аспанымыздың ашық болуын тіледі. Мерекелік іс-шара аудандық мәдениет үйі ұжымының соғыс жылдарындағы әндер шырқалған концерттік бағдарламасымен жалғасып жатты.

Біз де өз тарапымыздан Ұлы Отан соғысы ардагерлерін Ұлы мерекемен құттықтап, бізге тыныштық өмір сыйлағандарыңызға, Жеңіс әпергендеріңізге рахмет айтамыз. Мың тағзым саған, майдангер!

Бақыт МҮЛІКОВА 

Бүкіл ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған елінің қадірменді ұлдарының бірі болған Жақия Шайжүнісовтың жүріп өткен жолы кімге болса да үлгі мен өнегеге толы. Ол елдің алғысы мен ризашылығының арқасында өмірін мәнді өткізді. Соңынан өшпейтін із, сөнбейтін шырақ, таусылмайтын өсиет қалдырды.

Берекесіз ел мерекесіз болмайды. Ел ішінің құрмет тұтқан азаматтарын ардақтаудан аянбайтын ежелгі ізгі дәстүрінің үлгілі көрінісі Жақия Шайжүнісовтың туғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шаралар арқылы паш етілді. Тұғыры биік дара тұлғаның 100 жылдығын атап өтуге облыстан, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген меймандар қатарында ұлы Тоқан Жақияұлы мен оның жұбайы Людмила Лаврентьева, немересі Жанна және тағы бір ұлы Сержан Жақияұлы өзінің Аллен атты ұлымен, ұстаздың қыздары Надежда мен Гүлсім болды. Сонымен қатар, бұл мерейтойға кезінде оны өз әкелеріндей жақсы көріп, құрмет тұтқан тәрбиеленушілері де жиналды. Атаулы датаға арналған іс-шаралар Жақия аға ұзақ жылдар еңбек атқарған Қ.Раев атындағы балалар үйін аралаумен өз бастауын алды. Бұл жерде қадірлі қонақтар ұлы ұстазға арналған мұражайдағы бағалы экспонаттармен танысып, фотосуреттерді тамашалады. Балалар үйінің бүгінгі жай-күйінен мағлұмат алды. Келесі кезекте қонақтар еңбегі жанған азаматтың есімін арқалап отырған білім ордасына қарай бет алды. Білімнің қара шаңырағы ұстаздың мерейтойына жиналған қауымды жоғары дәрежеде қарсы алды. Мұғалімдер ұжымы қабырға стендтері арқылы ұстаздың өрелі өнегесі мен рухани мұрасы жайлы сыр шертсе, оқушылар қазақтың қара домбырасымен құйқылжыта күй орындады. Қадірменді қонақтар мұражайдағы, білім ошағындағы аяулы азаматтың кеуде мүсініне және орталық саябаққа гүл шоқтарын қойып, тағзым білдірді.

Мерейтойлық шара Қ.Алтынбаев атындағы аудандық Мәдениет үйінде өз жалғасын тапты. Ең алдымен қонақтар өнер ошағының кіре берісіндегі ұстаздың өмір жолы мен қызметтік жылдарын сипаттайтын көркемделген көрмемен танысты. Кең залда орналасқан көрмені тамашалуға жиналған халықтың қарасы мол болды. Келесі кезекте барлық қауым көрермендер залында бас қосып, олардың назарына Балалар үйінің өткен ғасырдағы 60-70 жылдардағы тыныс-тіршілігінен мағлұмат беретін кинофильмі ұсынылды. Салтанатты жиынның шымылдығын кішкентай бүлдіршіндердің ұлағатты жан, ұстазға арналған әдеби-сазды монтажы ашты. Бұл жиынның барысына құрметті қонақтармен қатар аудан басшысы Д.М.Мусин, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары мен ауыл ақсақалдары қатысты. Алғашқы сөз кезегі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ш.Мұстафиноваға беріліп, ол «Тұғыры биік дара тұлға» тақырыбында баяндама оқыды. Сонымен қатар, жиын барысында Қ.Раев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі болған, кейіннен өнегелі тәлімнің арқасында тәрбиеші қызметінен аталмыш мекеме директорының орынбасары қызметіне дейін көтеріліп, жемісті еңбек атқара білген Г.Орсаева, Көкпекті ауданының білім беру саласының ардагері В.Сейсембаева, кезінде аудан, облыс аумағында жауапты қызметтер атқарған зейнеткер С.Ахметов сөз кезегін алып, ұстаздық мамандықтың көш басында тұрған абыздың сан қырлы қасиеттері жайлы әңгімеледі.

Бұдан соң мінберге көтерілген ұстаздың ұлы Тоқан Жақияұлы өнегелі ой айтты. - 100 жыл бір ғасыр. Уақыт зымырап өтеді де кетеді. Меніңше, үлкен марапат кеудеге таққан жұлдыз емес, халыққа мүлтіксіз қызмет ету үдесі. Әкемнің еткен еңбегін елеп, осындай құрмет көрсетіп отырғандарыңызға көп рахмет. Әсіресе, аудан әкімі Дүйсенғазы Мағауяұлына балалары атынан үлкен алғыс білдіремін, - дей келе жоспарланған онкүндік шаралар аясында өткен жарыстардың қорытындысы бойынша жүлделі орындарды иеленген жеңімпаздарды марапаттады. Бір айта кетерлігі, жеңімпаздардың мойындарына тағылған медальдар Ж.Шайжүнісовтың 100 жылдық мерейтойына арнайы жасалған. Салтанатты шарада қорытынды сөз кезегін алған аудан әкімі Дүйсенғазы Мағауяұлы мерейтой қарсаңында аудан көлемінде атқарылып жатқан іс-шаралар жайында баяндады. - Көкпекті ауданынан шыққан ұлы тұлға Жақия Шайжүнісовтың есімін ардақтау және оның ерлік істерін жас буынға насихаттау — баршамыздың міндетіміз. Осы мақсатта ауылдың барлық мектептерінде ұстаз мерейіне арналған іс-шаралар болып өтті. Бұл шаралармен шектеліп қалмаймыз деген ойдамын. Ауылдастардың айтулы тұлғаға деген құрметі қашанда  жалғасын таба берері сөзсіз, - дей келе, жиналған қауымды мерейтоймен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Салтанатты жиын балалар үйінің тәрбиеленушілері болған, бүгінгі таңда студент, талай ән байқауларының жеңімпаздары ағайынды Нұрбек пен Еламан Мұратхановтардың орындауындағы «Мерекем» әнімен өз мәресіне жетті.

Мерейтойлық шаралардың легі одан кейін ипподром жақта ұйымдастырылған аламан бәйге, тай жарыс, құнан жарыс сынды ұлттық спорт сайыстарына ұласты.

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

Қымбатты Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!

Сіздерді 9 мамыр – Ұлы Жеңіс Күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі.

Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Елдің басына үлкен қауіп пен қатер, алапат қайғы мен қасірет төнген сол бір     ауызбен айтып жеткізгісіз ауыр уақытта оттан да ыстық Отан үшін от кешкен майдангерлердің көрсеткен өшпес ерлігін, қаһармандық өнегесін жас ұрпақ бойында қалыптастыру ең басты мақсатқа айналуға тиіс», - деп атап көрсеткен еді.

Қымбатты ардагерлер!

Сіздер елімізді жаудан ерлікпен қорғай білдіңіздер. Ал, бейбіт күндерде еліміз бен туған өлкеміздің игілігіне адал еңбек еттіңіздер. Қандай шаруаға болса да белсене қатыстыңыздар. Бүгінгі күні де біздің ортақ мәселелерден шет қалмайсыздар. Даңқты ерлік дәстүрлеріне адалдық пен патриотизм, қаһармандықтың лайықты үлгісі болып келесіздер. Ұлы Жеңіс үшін, өшпейтін Ерлік үшін шынайы көңілден шыққан алғысымызды қабыл алыңыздар.

Баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ пен береке тілейміз!

Д.Мусин, аудан әкімі

Р.Беспаев, аудандық мәслихаттың хатшысы

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2024 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз