Подгорное ауылында өткен мамырдың жылы әрі ыстық күнімен, сыңғырлаған көктем құстарының шырылдауымен келетін «Соңғы қоңырау» салтанатына аудан әкімі Д.М.Мусин қатысып, мектеп түлектерінің қуанышына ортақтасты.
«Инвестициялық жоба» деген сөз тіркесі қазіргі күні екінің бірінің аузында. Бұл нені білдіреді, оның артықшылығы неде, неге бағытталған? Ол жайында аудан әкімінің орынбасары Алмагүл Әкімовамен әңгімелестік.
-«Инвестиция» терминінің өзі латынның “invest” сөзінен шыққан, яғни «салу» деген мағынаны білдіреді. Алайда, инвестиция тек қана қаржы салудан ғана тұрмайды. Ең бастысы, инвестицияның екінші бөлігі – кәсіпорынның инновациялық дамуы, модернизациялау, жаңа технологияларды енгізу арқылы кіріс кіргізу болып табылады. Осылайша,жобаны инвестициялау – бір нысанды инновациялық дамыту үшін қаржы құю деген сөз.
Инвестициялар жеке кәсіпкерлікті кеңейту, жаңа кәсіпорындарды дамыту, бизнестің жаңа салаларын игеру арқылы диверсификациялау мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
Қазіргі күні ауданда 11 инвестжоба қарастырылған. Олардың барлығы да аграрлық саланы дамытуға бағытталған. Оның ішінде үш жоба мал өнімдерін терең өңдеуге негізделіп отыр. Ол – ет, сүт, қымыз өндіру. Балық шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған екі жоба айрықша назарда. Олар дамудың барлық сатысын қамтиды, яғни уылдырықтан шабақ өсіру мен өскен балықты өңдеуге дейінгі жолды қарастырады. Әрине, олардың толықтай жүзеге асуы үшін уақыт қажет. Алайда, кәсіпорындар толықтай қуатына енгенде ол ерекше серпіліс береді. Оның соңынан аралық салалар да дамитын болады. Ең алдымен, бұл туризмге қатысты болмақ. Бірқатар жоба бойынша мал бордақылау алаңдарын құру да жоспарланған.
Инвестжобалардың тізбегі аталған кәсіпорындармен шектелмейтінін атап өту керек. Қазіргі күні көптеген кәсіпкерлер «Даму-Өндіріс-2», «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламаларын және басқаларды өз бизнестерін инвестициялауға пайдаланады. Кәсіпкерлікте әлі де игерілмеген сала көп, әркімнің де өз ісін бастауға мүмкіндігі бар.
Надежда ШАРОВА
«ЖАЙДАРМАННЫҢ» ЖАЙСАҢДАРЫ ЖИНАЛДЫ
Ағымдағы айдың 18 жұлдызында Қ.Алтынбаев атындағы Мәдениет үйінде Көкпекті жастар орталығының кубогы үшін облыстық жайдарман ойындары өтті. Облыстық деңгейдегі шара аймақ, аудан көлемінде өнер көрсетіп жүрген ең таңдаулы құрамалардың басын қосты. Әзіл кешінде көңілді де тапқырлар командалары қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп, әзілмен түйреді. Көрерменді күлкіге қарқ қылып, ойландырды.“Жайдарманның” айтулы көңілді кешін облыстық көңілді тапқырлар клубының директоры Ақбар Түсіпбеков жүргізді. Астарлы әзіл, заманға лайықты талғам көрсеткен жайдарманшылардың ойыны көрерменнің көңілінен шықты. Жиналған қауым құрмет-қошемет түрінде толассыз қол шапалақтады. Әсіресе, алыс аймақтардан келген командалардың әзілдері ерекше әсер қалдырды. Сайыс қорытындысы бойынша Өскемен қаласының «Селт еткізер» атты командасы өткір әзілмен, ұтымды қалжыңмен ерекшеленіп, Көкпекті жастар орталығының кубогын жеңіп алды.
Толығырақ...Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы аудандардың әлеуметтік-экономикалық өсуі облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлының тікелей бақылауында. Бүгінгі таңда ауданымызда тың жобалар, жаңа бастамалар қолға алынып, алды өз нәтижелерін де берді. Аудан халқының әл-ауқаты жақсарып, жаңадан жұмыс орындары да ашылуда. Сонымен қатар, аудандық Кәсіпкерлер палатасы құрылып, соның аясында қарапайым халық жеке кәсіпкерлікпен шұғылдануда. Әлеуметтік бағдарлама арқылы несие алып, несібесінің жемісін көріп отырған тұрғындардың саны жыл санап артып келеді. Ауданның әлеуметтік жағдайымен танысу үшін 14 мамыр күні аудан орталығына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы іссапармен келді. Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы қойнауы құт, байтағы береке ауданымыздың бірқатар ауылдарын аралап, ол жақтағы атқарылып жатқан оңды істермен танысты.
Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары миллиондаған бейкүнә адамдардың өмірін жалмаған екінші дүниежүзілік соғыстың қайғы-қасіретін адамзат баласы әлі де ұмыта қойған жоқ. Сол кездегі ұлы держава Кеңестер Одағы үшін Ұлы Отан соғысы деп айдар тағылған, от пен оққа ораған, қаншама жандарды ажал құштырған сұрапыл соғыстың алапаты мен жүректерге салған жарасы арада 70 жыл уақыт өтсе де жазыла қоймай отыр. Күні бүгінге дейін оның әр үйден, әр отбасынан қылаң беріп қалары бар.
9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні аудан орталығындағы Жеңіс саябағында Ұлы Жеңістің 69 жылдығына орайластырылған мерекелік шара ұйымдастырылды. Аудан орталығының мекемелері мен ұжымдары салтанатты шерумен митинг өтетін орынға жиналды. Шеру сабында соғыстың басты кезеңдеріндегі оқиғаларға сәйкес безендірілген жүк машиналарының үстінде сахналық көрініс арқылы көз алдыға келтірілген соғыс жылнамасы туралы қойылымдар өте әсерлі шықты. Айтулы мерекеге орай, кеудесіне таққан орден, медальдары жарқырап, саябаққа бет алған қарт ардагерлерді көргенде еріктен тыс көздерге жас үйіріліп, жүректер сыздап, жаныңыз толқиды. Олардың теңдессіз ерлігі ұрпаққа мұра болып қалатыны ғана көңілге шуақ құяды.
Отанға қауіп төнгенде қолына қару ұстап, жауға қарсы тұрған аталарымыз бен ағаларымыздың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Олардың көпшілігі жан беріп, жан алысқан ұрыстарда қаза тапты. Ал, аман-есен оралғандары халық шаруашылығының түрлі саласында еңбек етті, ұрпақ өсірді. Отан үшін, болашақ ұрпақ үшін жан аямай күрескен ардагерлердің қатары жыл санап сирей түсуде. Сұм соғысты көзімен көріп, жеңіске жету жолында жауына дес бермеген батырлардың арасында біздің жерлестеріміз де бар. Бүгінгі бейбіт күні Ұлы Жеңістің 69 жылдығын ортамызда мерекелеп отырған Көкпекті ауданы бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлерін атап өтуді жөн көрдік. Олар – Ақшалов Нұрмұханбет, Бирюков Илья, Винников Семен, Гарганов Федор, Кинбаев Елеусіз, Түсіпбеков Аркадий, Халиуллин Мұстафа, Цепков Петр, Балахонов Павел, Виноградов Сергей, Ықласов Мүтәләп, Қожаев Құсман, Твардовский Эдуард, Федосова Валентина, Чумаков Николай сынды ардақтыларымыз. Олардың алдында әрдайым басымызды иіп, қадір тұту, құрмет көрсетіп, мақтан ету әрбіреуіміздің қасиетті борышымыз.
Аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин Ұлы Жеңістің 69 жылдығымен құттықтау сөзінде: «Әр жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күнін көкірегімізде ерекше көңіл мен мақтаныш сезімі ұялаған намыс пен біз үшін бейбіт өмір мен ашық аспан сыйлаған ардагерлерімізге деген айрықша ризалықпен қарсы аламыз. Жеңіс күні біздің еліміздің ұлылығын, күші мен қуатын бейнелейді. Барша отандастарымыз үшін аса қастерлі мерекеге айналған салтанатты күн құтты болсын! Ұрпақтарымыз ешқашанда соғыс өртін көрмесін», - деген ізгі тілегін жеткізе келе, ардагерлерге ерекше ілтипат білдірді.
Қ.Аухадиев ауылдық округінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Шнайдер Таисия Васильевнаның ардагерлік қозғалыстағы, өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудегі белсенділігі үшін «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан «Құрмет» белгісімен марапатталуы мерекелік шараның мерейлі сәті болғаны рас. Сондай-ақ, Таисия Васильевна жерлестеріне ыстық лебізін арнап, өзіне берілген марапат үшін алғысын білдірді.
Қанды қырғын майданда талай боздақ етігімен қан кешіп жүріп, өздерінің жастығын, күш-жігерін соғысқа жұмсады. Елі, жері үшін жанпида еткен, туған жерінен топырақ бұйырмай, жат елде мүрделері қалған боздақтар рухына бас иіп, олардың ескерткіш құлпытасына гүл шоқтары аудан әкімінің, аудандық ардагерлер кеңесінің, Ауған жауынгерлерінің, ішкі істер бөлімі ардагерлерінің және мекемелер мен ұжымдардың атынан қойылды. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының ардагері Ақшалов Нұрмұханбет ата, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Әбенов, қорғаныс бөлімі басшысы, капитан Р.Абдрахманов Ұлы Жеңіс мерекесімен соғыс және тыл ардагерлеріне, жиналған қауымға құттықтау сөздерін, жылы лебіздерін арнап, еліміз аман жұртымыз тыныш, аспанымыздың ашық болуын тіледі. Мерекелік іс-шара аудандық мәдениет үйі ұжымының соғыс жылдарындағы әндер шырқалған концерттік бағдарламасымен жалғасып жатты.
Біз де өз тарапымыздан Ұлы Отан соғысы ардагерлерін Ұлы мерекемен құттықтап, бізге тыныштық өмір сыйлағандарыңызға, Жеңіс әпергендеріңізге рахмет айтамыз. Мың тағзым саған, майдангер!
Бақыт МҮЛІКОВА
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.