Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы аудандардың әлеуметтік-экономикалық өсуі облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлының тікелей бақылауында. Бүгінгі таңда ауданымызда тың жобалар, жаңа бастамалар қолға алынып, алды өз нәтижелерін де берді. Аудан халқының әл-ауқаты жақсарып, жаңадан жұмыс орындары да ашылуда. Сонымен қатар, аудандық Кәсіпкерлер палатасы құрылып, соның аясында қарапайым халық жеке кәсіпкерлікпен шұғылдануда. Әлеуметтік бағдарлама арқылы несие алып, несібесінің жемісін көріп отырған тұрғындардың саны жыл санап артып келеді. Ауданның әлеуметтік жағдайымен танысу үшін 14 мамыр күні аудан орталығына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы іссапармен келді. Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы қойнауы құт, байтағы береке ауданымыздың бірқатар ауылдарын аралап, ол жақтағы атқарылып жатқан оңды істермен танысты.

 

ШАҒЫН БИЗНЕСТІҢ ШЫРАЙЫ МОЛ

Облыс әкімі аудан әкімі Дүйсенғазы Мағауяұлының бастауымен ең бірінші Миролюбовка ауылында орналасқан жеке кәсіпкер Ләзат Құдайбергеневаның шағын наубайханасына ат басын тіреді. «Рахат-нан» деп аталатын бұл шағын наубайхананың қожайыны 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында биылғы жылы 2 миллион теңге көлемінде несие алып, өз ісін бастауға бел буған. Ләзат Мұқатайқызы алған қаржысына нан пісіру қондырғыларын, керекті құрал-жабдықтар сатып алады. Кәсібі ақырындап жолға түсе бастағаннан кейін бағдарлама арқылы 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде шағын наубайхана тапсырыс бойынша дастарханның сәні саналатын нан өнімдерін өндірумен қатар, күніне «ас атасының» 400 бөлкесін дайындайды. - Біз несие алған бағдарлама - нағыз қарапайым халыққа арналған жоба. Пайызы төмен, қайтаруға берілген уақыт та ойға қонымды. Бұл елдегі дұрыс саясат пен шағын бизнеске деген ел басшыларының оң көзқарасының жемісі деп білемін, - дейді кәсіпкер. Облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы наубайшының дайындаған өнімдерін қарап, дәм татып, мемлекеттік бағдарламаны оң нәтижеде игере білген Ләзат Құдабергеневаның кәсіпкерлігіне жақсы баға берді.

ДҰРЫС ЕСЕПТЕУ – ОҢ НӘТИЖЕ

Бұдан кейін облыс басшысы «Миролюбовка НВХ» ЖШС-не ат басын бұрды. Бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестік ауданымыздағы жаңа бастама. Балық өндіруді қолға алғалы отырған аталмыш шаруашылық ағымдағы жылдың сәуір айында ғана құрылған. Қазіргі таңда істің жобасы құрылып, мақсаттары айқындалған. Жаңа серіктестіктің басшысы Нұрлан Алпысов облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлына жоспарланған жобаға сәйкес бағалы балық түрлерін өндіру бойынша инкубациялық цех құруды, теңіз өнімдерін өңдеуде консерві заводын орнатуды, балық өнімдерінің тауарын, сүйекті балық етін өндіру бойынша цех орнатуды, балық аулау қызметін көрсетуді көздеп отырғанын жеткізді. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін серіктестікке 1 млрд. 200 млн. теңге көлемінде қаржы керек екен. Қазіргі таңда бұл қаражатты несие арқылы алу қарастырылып, құжаттары әзірлену үстінде. Егер кәсіпкердің өтінішіне оң жауап беріліп жатса, онда жоба 2019 жылдың маусым айында іске қосылып, 93 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл өз кезегінде ауылдағы жұмыссыздықты жойып, аудан экономикасының әлеуетін арттыруға септігін тигізері анық. Сонымен қатар, бұл жоба аудандағы туризмнің дамуына да өзіндік үлес қосады деп жоспарлануда. «Ауданның экономикасына бұл сынды жобалар керек, тек барлығы ойға сыйымды, жан-жақты қарастырылған, есептеулері дұрыс болуы керек. Ең бастысы - балық өсіруде маңызды рөл ойнайтын аймақтағы судың сапасы мен оның қоры қарастырылу қажет. Одан кейін инфрақұрылымды жан-жақты есептеп алу да үлкен маңызға ие. Осыларды реттеп алсаңдар, ертеңгі күні бұл істің жүзеге асытынына сенім беки түседі», - деген облыс басшысы серіктестіктің бастамасын қолдап, оң көзқарас білдірді.

ШАРУА ЖАЙЫН СӨЗ ЕТСЕК

Келесі кезекте Бердібек Мәшбекұлы аудан халқын толығымен нанмен қамтамасыз етіп отырған «Мәмбет» шаруа қожалығына тоқтап, онда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұл жерде ол шаруа қожалығының өлшеп орайтын қондырғыларын, дайын өнімдерін қарап, өзінің жоғары бағасын берді. Есімбек Дәлелұлы басқарып отырған аталмыш шаруашылық 1993 жылдан бері жемісті жұмыс атқарып келеді. Өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және өндіру сынды қызмет түрлерімен айналысатын шаруашылықта бүгінде 105 жалдамалы жұмысшы еңбек етуде. Қожалықтың иелігіне 1330 га егістік, 164 га шабындық, 1242 га жайылым алқаптары мен 440 ірі қара мал, 2719 ұсақ мал және 70 бас жылқы кіреді. Алдағы уақытта шаруа қожайыны мал басы есебінен өнеркәсіптің көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Облыс басшысы бұл бастаманы қолдай келе, келешекте ол өз жемісін беретініне сенім білдірді. - Аудан экономикасын өрлету үшін өндірісті дамыту керек, оған бізде зор мүмкіндік бар. Көкпекті өңірінің табиғаты аса бай, оны ауданды дамытуға пайдалана білу керек. Экономиканы дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін тың күштерді пайдалану қажет. Мемлекетіміз әрдайым бізді қолдайды, еңбектеніңіздер, - деді ол. «Ырысты көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» деген қағиданы берік ұстанған Есімбек Дәлелұлының алдағы жұмысына облыс әкімі сәттілік тілей отырып, қош айтысты.

БАЙЛЫҚ ТА, АЗЫҚ ТА, АЙЛЫҚ ТА - БАЛЫҚТА

Түс ауа облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Құлынжон ауылдық округі аумағында орналасқан «Кузьмич» ЖШС-не ат басын тіреді. Бұл серіктестік те балық өндіруге бағытталған. Басшысы Владислав Гриценко болып табылатын бұл жеке меншік нысан қазіргі таңда өзіндік қаражатқа құрылып, 10 жұмысшыны жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Алайда, ауқымды жоба қомақты салымды қажет ететіні белгілі. Осы орайда олар мемлекет тарапынан қарастырылған әлеуметтік бағдарламалар негізінде несие алуға ниеттеніп отыр. Бүгінде қажетті құжаттардың барлығы жиналып, облыстық комиссияның қарауына берілген. Осы жаймен таныс болған облыс басшысы бұл инновациялық жобаның жүзеге асуы – аудан экономикасын дамытуға елеулі үлес қосатынын айта келе, бұл жерде де басты назар есеп пен бақылауға аударылу керектігін атап өтті. Аталған жоба сәтті жүзеге асып жатса, 33 жаңа жұмыс орны ашылып, салық көлемі 5-7 млн. теңгеге дейін өседі деп күтіледі.

ҮШ МӘСЕЛЕ ДЕ МАҢЫЗДЫ

Облыс басшысының аудандағы іссапары әрі қарай Самар аграрлық-техникалық колледжінде жалғасты. Оқу орны 1957 жылдан бері ауыл шаруашылығы үшін, қызмет көрсету саласында және тау-кен өндіру саласында мамандарды даярлаумен айналысып келеді. Қазіргі таңда САТК–де техник-механик, тракторист-машинист, жұмысшы жөндеуші, газ және электр дәнекерлеуші, электрик, омарташы, ветеринарлық санитар, наубайханашы-кондитер, аспазшы, шаштараз-модельер, даяшы-бармен – барлығы 12 мамандық бойынша білім берілуде.  Мемлекеттік білім берудің жаңа стандарттарының бірі – дуальдік оқыту жүйесі енгізілген бұл оқу орнындағы мамандар теориялық білімді тәжірибемен ұштастыра жүргізіп отыр. Облыс басшысы техник-механик даярлайтын оқу-өндірістік бөлімінде болды. Бұл жерде жеңіл көліктердің ақаулығын компьютерлік жүйемен тексеру, дөңгелектердің резеңкесін ауыстыру, яғни толықтай техникалық қызмет көрсетуге қажетті заманауи қондырғылар орнатылған. Сынып бөлмесі де жаңа үстел, орындықтармен жабдықталған.

Әрі қарай қонақтар колледждің асханасын көрді. Мұнда тұрмысы төмен отбасылардың балалары мен сырттан келіп оқитындар төрт уақыт тамақтандырылады. Ас мәзірінде талапқа сай сүт, бал міндетті түрде бар. Асхана алдындағы алаңда оқушылар өздерінің әр сала бойынша алып жатқан білімдерін пайдалана отырып жасаған көрмесі  назарға ұсынылды. Астық қоймасында астықты тазалау техникасын қалай пайдалануды іс жүзінде көрсетті. Тізқатар тізілген шаштараздар, дәнекерлеушілер, ветеринарлар, наубайшылар мен аспаздар және басқа да мамандықты меңгеріп жатқан студенттер ұсынған көрме назар аударарлықтай болды.

Б.Сапарбаев омарташылардың жақында ғана алған арнайы үйіне кіріп көрді. Бұл өте ыңғайлы. Далаға апарып орнатқанда да электр қуатын күн батареясымен немесе жел диірменімен алуға болады. Шағын ғана қондырғылар вагонның төбесіне орнатылған. Дуальдік оқыту жүйесі осы омарташылар дайындайтын топта дендеп енгізілген. «Бізге қазір мемлекет тарапынан қолдау көп. Біз соған разымыз», - дейді омарташылар тобының мұғалімі Қ.Тұңғышпаев. Бердібек Мәшбекұлы биыл қолдарына диплом алғалы отырған омарташыларға бірнеше сұрақ қойып, олардан тұщымды жауап алды.

Дуальдік оқыту жүйесі бойынша жақында ғана САТК облыстық семинар өткізген болатын. Облыс басшысы білім ордасының бағыты дұрыс екенін, ауылға қажет мамандарды даярлауда бүгінгі күні дуальдік оқыту жүйесі өте тиімді болатынын атап өтті.

Осы колледж ғимаратында тағы да екі маңызды мәселе қаралған жиын өтті. Оның бірі - алда келе жатқан ҰБТ тапсыруға арналды. Аудандағы мектеп бітірушілердің ҰБТ тапсыруға даярлық барысы туралы аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ш.Мұстафинова баяндады. Биыл ауданда көптен көкейде жүрген ҰБТ тапсыру орталығы ашылды. Өткен жылы аудан бойынша орташа көрсеткіш 67,2 баллды құраған. Маусымның екісінен бастап мектеп түлектері ҰБТ тапсырады. Биыл аудан бойынша орташа балл деңгейін 90-ға жеткізу көзделуде. Облыс басшысы оқушылардың білім деңгейі болашақ үшін маңызды орын алатынын атай келе, білім сапасына терең ден қоя отырып, оқушылардың мейлінше көп білім грантын ұтып алуға көңіл бөлу қажет екендігін айтты. «Алда әлі уақыт бар, соны пайдаланып қалуға тырысу қажет», - деді Б.Сапарбаев.

Көкпекті ауданының жер қойнауы бай. Қазба байлықтарын игеруді қазан төңкерісіне дейін-ақ шетел алпауыттары қолға алып, талайы қалталарын қалыңдатқан болатын. Тәуелсіз еліміздің экономикасы тұрақтана бастаған кезде бұрынғы жабылған осы кен орындары қайтадан зерттеліп, ондағы кен қоры анықталып, ауданда төрт бірдей кен барлау кәсіпорны жұмыс істеп тұр. Расына келгенде, олардың екеуі ғана алға қарай тұрақты дамып келеді. Бүгінгі кездесуге шақырылғандар арасында «Касад–Н» ЖШС бас директоры Ж.Қағазбеков, «СемГео» ЖШС бас директоры Е.Әріпжанов, «Сәтпаев кен байыту кәсіпорны» ЖШС техникалық директоры В.Колбин және «Шығыс жер қойнауын пайдалану» департаментінің мамандары қатысты. Аудан әкімі Д.Мусин облыс басшысы мен жиналғандар алдында аудандағы жер қойнауын пайдаланушылар туралы қысқаша айта келіп, бүгінгі күні екі кәсіпорынға мін тағып, олардың әрекетсіздігіне шара қолдану қажеттігін атап көрсетті. Олардың бірінің басшысы келіп отырса, «Родниковое» кен орнын игеруші «Бенефис» ЖШС мүлдем хабарсыз кеткен. Олар бірнеше жыл салық та төлемейді. Тіпті, өткен жылдың есебін тапсырмаған. Ал, «СемГео» ЖШС қолдан қолға өтіп, атқарылған жұмыстарында нәтиже болмай отыр. Олардың айтар желеуі Балажал кен орнында зерттеу жұмыстары бірнеше жыл қайталанып жүргізіліп отырған, яғни қаншама қыруар қаржы желге ұшқан. Қазіргі күні кен орны жабық деуге болады. Онда тек он адам ғана күзет қызметін атқаруда. Сегіз жылда келісімшартты толық орындауға қол жеткізе алмаған, жұмыста нәтиже жоқ. Енді келісімшартты бұзуды қарастыру қажет.

Керісінше, ильменит өндіретін «Сәтпаев кен байыту кәсіпорны» ЖШС жақсы жаңалығымен қуантып отыр. Қазіргі күні олар кен байыту комбинаты құрылысының жобасын жасауды бастаған. 2015 жылдан құрылысы басталып, толықтай 2017 жылы аяқталып, іске қосылатын болады. Онда жұмыс орны да арта түспек. Қазірдің өзінде мұндағы 160-тан астам жұмысшының 130-ы аудан тұрғындары. Жергілікті тұрғындардан кадр даярлау мәселесі де шешімін тауып отыр. Тағы бір қуанатын жағдай - кәсіпорын толықтай қазақстандық болған. Енді LTD атауы мүлде аталмайды. «Каскад-Н» ЖШС да бүгінгі күні барлық жағынан шарттарды орындап отыр. Әлеуметтік және меморандум бойынша төлемдер жасалады. «Көкпекті ауданының жер қойнауы қазба байлықтарға бай. Сол игеріліп ел игілігіне жаратылса, экономикамыздың өрлей түсуіне ықпал етеді. Ол тиісінше адамдардың әл-ауқатын арттыра түседі деген сөз. Сондықтан да, жасалған келісімшартты орындау керек», - деді Б.Сапарбаев. Жер қойнауын пайдалану департаментіне келеңсіз жағдайды түзетіп, келісімшартты қайта қарастыруды тапсырды облыс басшысы.

БЮДЖЕТТІҢ КІРІС БӨЛІГІНІҢ КӨЗІН ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Көкпекті және Самар ауылындағы Мәдениет үйлерінде ауылдық округтер әкімдерінің, аудандық мекеме басшыларының, шаруашылық субъектілер және ұйымдардың, аудандық мәслихат депутаттарының, аудан әкімі аппаратының жауапкершілік жұмысшыларының, ардагерлердің, жергілікті тұрғындар және БАҚ өкілдерінің қатысуымен кездесу өткізді. Аталмыш кездесуде облыс әкімі жұмыс сапарының басты мақсаты болып табылған – облыстың бүгінгі жай-күйін, аяқ алысын түсіндіріп, халыққа жеткізуді жүзеге асырды. Жиынды облыс әкімі Б.М.Сапарбаев өзі ашып, елмен есендесіп, баяндама жасау үшін аудан әкімі Д.Мусинге кезек берді. Аудан әкімі Дүйсенғазы Мағауяұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелері туралы баяндама жасады.

Аудан әкімі Д.М.Мусиннің баяндамасы «Бюджеттің кіріс бөлігінің көзін қайдан табуға болады?» деген сұрақ төңірегінде өрбіді. Салықтың жиналуына ауылдың, өңірдің, мемлекеттің бақуаттылығы тікелей байланысты болады. – Өздік кіріс көлемін арттыру – жергілікті атқару органдарының және салық басқармасының жұмысындағы басты басымдық болып табылады, - деп атап көрсетті аудан басшысы, бюджеттің кіріс бөлігі резервтеріне тоқтала отырып. Мысалы, өнім өндіру саласында «Рыбпром» ЖШС-н шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін шешу және оның толық қуатымен жұмыс істеуіне қосымша 4 миллион теңге қаржы құю қажет. «Каскад-Н» ЖШС-нің еңбекақыны көтеруіне байланысты салық мөлшері 5 млн теңгеге артады. «Өндіріс-2» бағдарламасы бойынша құны 100 млн теңге асфальттыбетон өндіру жобасын жүзеге асыру 2015 жылдан бастап жыл сайын 2 млн теңгеге дейін салық алуға мүмкіндік тудырады. – Жалпы алғанда, біз өндірістен қосымша 10-12 миллион теңгеге дейін салық түсімдерін күтеміз, - деді аудан әкімі.        

Ауылшаруашылығы саласында еңбекақыны реттеу, жерді тізімдеу, балық шаруашылығында жағалауды пайдалану және басқа да мәселелер қосымша қаржы көздерін 31-36 миллион теңгеге қамтамасыз етеді.

4-5 миллион теңге қаржы шағын және орта бизнес саласында жасырын, пайдаға аспай жатыр. Кәсіпкерлердің көлеңкелі кірістерін есепке алатын сәт туындады. Тіркелмеген жылжымайтын мүлікті есепке алу, демалыс базаларынан түсетін салықты да есепке алу қажет. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы негізінде ұсынылған жобаларда жаңадан ашылатын жұмыс орындарының нақты ашылғанын тексеру, олардың зейнетақы қорына аударымды және салықты уақытылы төлеуі қадағалануы керек. 

Туризм саласында да салық өндіретін жасырын көздер бар. Туристік нысандарды, онда келіп демалатын адамдарды тіркеуді жүзеге асыру, қызмет сапасын арттыру  керек. 

Экономика бөлімінің алдын ала есептеуі бойынша экономиканы арттыру көздерінен түсетін қосымша қаржы 45-50 миллион теңгені құрап отыр. – Енді бұл мәселелерді шешудің тиімді жолдарын нақтылап, алға қойған міндеттерді орындау үшін мақсатты жұмыс жүргізу қажет болады, - деп атап көрсетті экономикалық болжау жасай отырып аудан әкімі Д.Мусин. 

Ауданда 11 жобаны жүзеге асыру жұмысы қолға алынған. Олар ойдағыдай жұмыс істей бастағанда ауданның инновациялық дамуы, жұмыссыздар санын азайту, бюджеттің кіріс бөлігін толтыруды арттыру мәселелері де шешімін табады.   

«Елім-ай - Көкпекті» АӨК жобасы ( «Елім-ай  - Көкпекті» ЖШС, Б.Бекбердинов) өңірлік индустриаландыру картасына енгізілген.  

Өңірлік Үйлестіру Кеңесі мен Жаңа технологиялар және индустрия министрлігіне жолданған 800 басқа арналған тауарлы – сүт фермасы мен 400 бас ірі қараны бордақылау алаңын құру бойынша «Өрнек» ЖШС  (Е.Қойгелдин), «Елдар» ШҚ–нің қымыз өндіру (Е. Шакеров) жобасы мақұлданды.

Өңірлік Үйлестіру Кеңесінің қарауына «Кузьмич» ЖШС-нің (В. Гриценко) балықтың бағалы түрін, шаян, жылыжайда көкөніс өсіру, биологиялық тыңайтқыш пен құрама жем өндіру жобасы, «Миролюбовское НВХ» ЖШС балық өңдеу, балық тұқымын өсіру шаруашылығының жобасы  (Қ. Лұқпанов) ұсынылмақ.

«Талап» ШҚ (Ж.Күшікпаев) 400 бас ірі қараға бордақылау алаңын құру,    200 бас сиырға арналған «Қаз Ақ Сүт Жайнақ руы» ЖШС (Р.Егиншинов) тауарлы – сүт фермасын салу, «Табыс» ШҚ (А.Мәуітбеков) 150 бас ірі қараға бордақылау алаңын, «Дархан» ШҚ (М.Рапекова),  «Қараөткел» ШҚ (Қ.Закарьянов) 100 бас ірі қараға,   50 бас ірі қараға  «Мұқаш» ШҚ (Н.Абдрахманова) бордақылау алаңы құрылысы  инновациялық деп танылды.

Аталған он бір жобадан түсетін жалпы сома 4,6 миллиард  теңгені құрайды. Оларды жүзеге асыру барысында 364 жаңа жұмыс орны ашылады. – Ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің мәліметі бойынша, бұл жобалардың барлығы нақты және экономикалық негізді, ендеше  тұрақты кіріс көзіне айналып, салық түсімдері де тұрақты болады деген сөз, - деді аудан басшысы.

АШЫҚ ӘҢГІМЕ АЛАҢЫ

Көкпекті ауданы әкімінің есепті баяндамасынан соң, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйледі. Ол Елбасы алға қойып отырған міндеттерді айта келіп, ауданда жасалған бірқатар жұмыстарды атап көрсетті. Сонымен бірге, алда тұрған міндеттерді де саралап берді. – Ең басты міндет – тұрақтылықты сақтау. Бұл Қазақстан халқы бірлігіне, татулығына, ынтымағына тікелей қатысты екендігі анық. 130 ұлттың өкілі тұрақтанған Қазақстан әрдайым бейбітшіліктің туын биік ұстаған. Сол себептен де, Еуразиялық Одақтың еліміздің астанасы Астана қаласында бекітілетіні бекерден-бекер емес. Осы орайда, сіздерді де болашағымыздың жарқын да баянды болуы үшін барымызды бағалап, ел бірлігін нығайта түсуге шақырамын, - деді өз сөзінде Бердібек Мәшбекұлы.

Облыс басшысы, сонымен қатар, жұмыспен қамту мәселесіне де тоқталып өтті. - Мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан ауқымды істердің бір бағыты – халықты жұмыспен қамту. Елбасымыз жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында әрдайым жұмыссыздық мәселесіне баса назар аударып отырады. Егер де әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуға ниет білдірсек, оған жұдырықтай жұмыла отырып, әрқайсысымыз үлес қосып, адал еңбектене білуіміз керек. Масылдық пиғылдан арылып, кәсіппен шұғылдану қажет. Әсіресе, он екі мүшесі сау жас жігіттер жалқаулықтан арылып, жұмысқа тартылғандары абзал, - деп баса айтты ол.

Сондай-ақ, облыс әкімі есеп пен бақылауға жіті назар аударды. Бұл орайда ол ауылдық округ әкімдері жұмысының әлсіздігін атап өтті. -Ауыл арасынан шыққан халық қалаулысы қарамағындағы елдімекенде қанша үй, ол үйде қанша адам тұратынын, округ көлемінде мал басының санын және жеке меншік шаруашылықтар иелігіндегі жер телімдері жайлы ақпаратты жатқа білулері тиіс. Тіпті, сол алқаптардың қайсысы игерілмей жатқандығынан да құлағдар болуы керек. Сонда ғана ол әкім нағыз халық жанашыры болмақ. 4 жылға сайланған әкім жауапкершілікті сезіне білгені абзал. Әкім болып сайланған соң, өз жұмысын біліп, есептерді жүргізіп, тұрақты бақылау жасап отырған жөн. Сол үшін де оларға барлық жағдай жасалып, тіпті, жеке меншік көлік те бөлінді. Сол себептен, өз істеріңізді абыроймен атқара біліңіздер, ауылдық округ әкімдері, - деп қадап айтты өңір басшысы.

Ауылдарда жасыл желекті қорғау және табиғи тепе-теңдікті сақтау, абаттандыру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп отыру — жиын барысында көтерілген мәселенің бірі. Бұл орайда, облыс басшысы ауданның тазалығы әр ауладан бастау алатынын айта келе, жергілікті халықты тазалықты сақтауға, өз үйлерін, оның ауласын қалыпқа келтіруге үндеді.

Сөзінің соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бүгінгі жиналыстарда қатып қалған сценарийдің жоқтығын айтып, ұсыныс-пікірлерін барынша ашық айтуға шақырды. Сондықтан болар, сөз сөйлеп, ойын айтушылар көп болды. Мәселен, Самар ауылындағы жарыссөзге қатысқан Эмма Степанова Барнаулда өткен Наурыз мерекесінің біздің ауданға берер пайдасы жайлы сауал қойса, Г.Орсаева 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік шаралар тізбегімен таныстырып өтті. Ал, жастар атынан сөз алған Рыскүл Боданева мен ақсақал Қайыпжан Аусарбаев  ел ішінде көптеген жаңалықтар мен жақсылықтарға шапағаты тиіп жүрген облыс әкіміне риясыз алғыстарын айтты. Көкпекті ауылында өткен жиын барысында аудандық жастар орталығының директоры Д.Бердібек Көкпекті ауылында спорт модулін салу туралы мәселені көтерсе, аудандық Кәсіпкерлер Палатасының төрайымы Ә.Мұқашева мен ауданның құрметті тұрғыны Қуан ата Бердібек Мәшбекұлын облыс әкімдері рейтингісінде екінші орынды иеленуімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Қойылған барлық сауалдарға тұщымды әрі толыққанды жауап берген облыс әкімі кездесуді қорытындылай келе, жиылған әлеуметпен жылы қоштасты.

Клара НҰРПЕЙІСОВА, Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Мамыр 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз