Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

28 Мамыр 2014

СПОРТШЫЛАРЫМЫЗ ЕРЛЕДІ

Өткен аптада Көкпекті ауылында таеквон-до спорты бойынша балғын спортшылардың Шығыс Қазақстан облыстық Чемпионаты өтті. Жарысқа Семей қаласынан келген бес клуб пен Курчатов қаласынан, Абай, Бесқарағай және біздің ауданнан шығыс жекпе-жегінің өнерпаздары қатысты.

Спортшылар 19 салмақ дәрежесінде спаррингтерге шықты. Даянгтегі жекпе-жек аса табанды, тіпті өте қатаң болды десе де болады. Спорттың бұл түрінің өкілдері сайыста өздерінің қорғану және қарсыласу шеберліктерін, дене күшінің мықтылығы мен шыдамдылығын, ең бастысы – ұстамдылығын, салмақтылығы мен рух биіктігін табысты көрсете алды. Соңғы аталған сапалық қасиеттер таеквон-до спортында жеңіске жетудегі бастылары болып табылады.

Қара белдік иегерлері - Мұрат Атқулиев және Махаббат Советхан сынды Қазақстан Республикасының бас судьясымен тағайындалған судьялардың бағалауы жоғары және кәсіби деңгейде болды.

Біздің команданың жаттықтырушысы Бахыт Рахимовтың айтуынша, жарыста ауданның екінші құрамасы өнер көрсеткен. Алайда, қарсыластардың күштілігі мен табанды күресіне қарамастан, нәтижесінде олар табысты өнер көрсетіп, жалпыкомандалық бірінші орынға шықты. Екінші орынды Абай ауданының командасы иеленсе, жеңіс тұғырының үшінші баспалдағына Семей құрама командасы орналасты.

Бұл жарыстар Қазақстан чемпионатына балалар арасында өткен алғашқы іріктеу бөлімі болып табылады. Оған біздің ауданның 15 балғын спортшысы табысты өтті.

Айта кетерлігі, бұл жолы тұңғыш рет командалармен бірге келген жанкүйерлердің көптігі қуантты. Шындығын айтқанда, әрбір спортшыға деген жоғары дәрежедегі қолдау қамтамасыз етілді десе орынды. Судьялар коллегиясы турнирді ұйымдастыру бойынша аудандық Дене шынықтыру және спорт бөлімі мен БЖСМ, сондай-ақ, біздің команданың ата-аналар комитетінің береке-бірлікпен атқарған жұмысын ерекше атап өтті. 

Надежда ШАРОВА

Read more

МАМАНДЫҚТЫҢ БӘРІ ЖАҚСЫ

Көкпекті аудандық кәсіпкерлер Палатасының төрайымы Ә.Мұқашеваның ұйымдастыруымен Самар ауылындағы дуальдік оқыту жүйесі бойынша білім беріп отырған Самар аграрлық-техникалық колледжіне және осы білім беру орнымен тығыз байланыста жұмыс істейтін «Мәмбет» шаруа қожалығына  ауданның бес мектебінің оқушылары саяхаттап қайтты. Жансүгіров атындағы, Құлынжон, Воздвиженка, Көкжота, Амангелді орта мектептерінен (Көкжыра) 9 сынып оқушылары ауылшаруашылығы мен өңдеу өндірісіне қандай мамандық қажет екенін, олардың жұмыс істейтін орындарын «Мәмбет» шаруа қожалығы негізінде көрді.

Жас маман-технолог Айсара Аманғазықызы «Мәмбет» шаруа қожалығында 2012 жылдан бастап жұмыс істейді. Ол алғашында өндірістен бейхабар болған, қазір ірі шаруашылықтың өңдеу саласын дөңгелентіп отыр. Айсара оқушыларға шаруашылықтың жармалау, мал азығын дайындау, орау цехтарын, диірменді аралатып көрсетті. Мұнда ылғи да жаңа қондырғылар орнатылған. Сонымен бірге, шаруашылықтағы нан зауытының жұмысымен танысты. Қазіргі күні зауытта колледждің наубайшы-кондитер бөлімінде оқитын студенттер тәжірибеден өтуде. Оқушылар бұл жерден үлкен әсер алды.

Аграрлық-техникалық колледжде оқушылар сынып бөлмелерін, өндірістік оқу корпустарын, асхана, жатақхананы аралады. Балалар барлық мамандық түрлері бойынша, колледждің тарихы жайында ұстаздардың әңгімелерін тыңдап, оқушылардың сабақ барысында қандай құралдарды пайдаланатынын көрді. Саяхатшылар аспаз-даяшы, ТҚС шебері мамандықтарына қызықты. Сонымен бірге, омарташылықпен айналысуға қызығушылық білдірді. Олардың сұрақтарына мұғалімдер мен шеберлер тиянақты жауап қайтарды. Колледж студенттерінің спорттық өмірі де қызғылықты. Олар дәл оқу орны жанындағы спорттық модульге барғанда оған көздері жетті.

-Оқушылардың кәсіби бағдар алғандары жақсы. Алдағы күні олар осы колледж қабырғасынан тек қана біреуге қызмет істейтін жұмысшы емес, өз істерін ашатын дайын кәсіпкер болып шығады. Біздің мақсатымыз да сол, - дейді Әлия Орынбекқызы.

Ол балаларға саяхат барысында ауданымызда қандай жобаларды жүзеге асыруға болатыны, кәсіпкерлер Палатасы тарапынан көрсетілетін қолдау түрлерін әңгімелеп берді. «Бұл күн біз үшін өте пайдалы болды» - дейді балалар.

Клара НҰРПЕЙІСОВА 

Read more

«СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ» – БАЛА ШАҚТАН БОЛАШАҚҚА ЖОЛДАМА…

Соңғы қоңырау... Бұл – мереке ата-аналар үшін қуанышты күн болса, оқушылар үшін қимас балалық шақпен қоштасу күні, сағыныш сезімін ұялатып, өткенге қайта оралтатын, ертеңгі күнге сенімді серік етіп, үкілеген үмітті арқау ететін күн. Бұл күні аудан бойынша барлық мектептерде соңғы қоңырау үнi сыңғырлап, жаңа да жауапты өмiрге аяқ басқан түлектер алтын ұя мектептерiмен қоштасты. Қоңырау Көкпекті ауданындағы 275 түлек үшін ең ақырғы рет өзінің әсем үнін естіртті. 

Аудан орталығындағы Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектепте соңғы қоңырау мерекесі жарасымды әнімен, салтанатты сәнімен өз мәнінде өрнек тапты. Аталмыш шараға аудандық мәслихаттың депутаты Р.Беспаев және бiр топ ұстаздар қауымы мен ата-аналар қатысты. Сонымен қатар, бұл мерекеге осы мектепті 2009 жылы тәмамдаған түлектер келіп, сүйікті білім ошағымен, ұстаздарымен қауышты. Жиынның ашылуында алғашқы құттықтау сөзін алған мектеп директоры Қ.Жүнісбекұлы, Рәмзи Сабырұлы мектеп бітіруші түлектердің алдағы үлкен сынақтан сүрінбей өтіп, ата-аналар мен ұстаздардың үмітін ақтауға тілегін жеткізді. Жыл қорытындысы бойынша мектеп мақтаныштары – үздік шәкірттерге мақтау қағаздары табысталды.

«Мектеп вальсімен» тербелген мектеп түлектері салтанатты жиын соңында аспанға ақ көгершіндерді ұшырды. Ақ көгершіндер соңғы қоңырау үнінен күш алғандай мектеп бітірушілердің армандарын алысқа алып бара жатты.

Ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген мереке

Бұл күні Көкпекті орта мектебіндегі дәстүрлі соңғы қоңырау мерекесіне кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп мектеп табалдырығын имене аттаған ұл-қыздардың ата-аналары, туған-туыстары, ұстаздары, аудан жұртшылығы көптеп жиналды.

Осынау жан тебірентетін қуанышты, аздап мұңды да күні ең әуелі аудан әкімінің атынан АББ-нің әдіскері М.Бексаинова, түлектердің алғашқы ұстазы, сынып жетекшілері, ата-аналар, 1969 жылғы бітірушілер мектеп түлектеріне ақ жол тілеп, ұстаздарға шексіз алғыстарын жеткізсе, оқушылар да өз тарапынан зор алғыстарын айтып, сенімнен шығуға уәде етті.

Сондай-ақ, осыдан 45 жыл бұрын мектеп бітірген 21 түлек, егде тартқан жастарына қарамай еліміздің әр түкпірінен келіп, туған мектебіне тағзым етіп, балалық шақтарын еске түсірді. 1969 жылғы түлектердің ішінен Мұрат Кәсембаевқа «Ең үздік ұйымдастырушы» грамотасы тапсырылды. Сондай-ақ, бұл күні жыл қорытындысы шығарылып, үздік оқушылар мен мектептің қоғамдық өміріне, түрлі байқауларға қатысқан, спорттық жетістіктеріне сүбелі үлес қосқан оқушылар мен сыныптар марапатталды. Қызығы мен қуанышы мол жарқын мерекенің күміс қоңырауы түлектер үшін ақырғы рет сыңғырлады.

Қош бол енді, мектебім менің, сенде оқып, сенде көктедім

Ж.Болғанбаев атындағы орта мектептің 27 оқушысы мектептен түлеп ұшты. Олардың екеуі «Алтын белгіге», екеуі ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер болып отыр. Салтанатты жиынға қатысып отырған ұстаздар қауымын, оқушыларды, олардың ата-аналарын бүгінгі мерекемен мектеп директоры Ж.Бақыраева құттықтады. Бүгінде білім беру сапасын арттыруда жаңашыл мұғалімдер  А.Сеңгірбаева, Т.Әбішева, Б.Исаев, Р.Асаубаева, Ө.Рахымғалиев және басқалары аянбай тер төгуде. Жас ұстаздарға өнеге көрсетіп келе жатқан мұғалімдер де баршылық. Олардың қатарында Ә.Қожахметованы атауға болады. Осы келе жатқан сынақ ҰБТ–дан жақсы көрсеткішке жетуді мектеп өздерінің алдына міндет қылып отыр. Ол межеден шығатындарына сенімді.

Соңғы қоңырау салтанатымен осы мектептің ұжымын және оқушылар мен ата-аналарды, мектеп түлектерін аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік бірлестік бастығы Қ.Искакова құттықтады. Ол жиналғандарға аудан әкімі Д.Мусиннің құттықтау хатын оқыды. «Құрметті оқушылар мен ұстаздар және ата-аналар, сіздерді оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы сынақтан сүрінбей өтулеріңізге тілектеспін. Қымбатты түлектер білікті маман атанып, еліміздің болашағын қалайтын азамат болатындарына зор сенім білдіремін», - делінген аудан басшысының құттықтауында. Жиын соңында мектептің үздік, қоғамдық жұмысқа белесене қатысатын, спортшы оқушыларға мадақтамалар тапсырылды.

Қ.Аухадиев атындағы Преображенка мектебінде түлектер, оқушылар және олардың ұстаздары үшін соңғы қоңырау соғылды. Қазақстан Республикасының Әнұранын патриоттық сезіммен және салтанатты түрде орындаған оқушылар тағы бір оқу жылын тәмамдады.

Бұл шарада мектеп директоры Е.Ниязбаев, ауылдық округ әкімі Д.Қойгелдин, ұстаздар қауымы мен ата-аналар түлектерді құттықтай келе, сәт сапар тіледі. Төгілген ақ тілектерде ертеңгі күні еліміздің лайықты азаматтары мен өз Отанының патриоттары болатын дарынды балаларға деген мақтаныш сезімі сезіліп тұрды. Жиын барысында мектеп директоры білімдегі, спорттағы жетістіктері және мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араласқан түлектер мен басқа да оқушыларға мақтау қағаздарын табыстады. Жалпы айтсақ, биылғы жылда мектепті 44 озат оқушы мен 865 оқу екпінділері бітіріп отыр.

Дәстүр бойынша, бірінші сыныптың бүлдіршіндері аға буын түлектерге жыр шумақтарын арнап, ән шырқады. Бітірушілер өз кезегінде оларға хат табыстады. Бұл хатты балдырғандар өздері түлек атанғанда, яғни 2024 жылы ашып оқымақ. Соңғы қоңырау соғылды. Алайда, түлектерді алда емтихандар, ҰБТ және мектеп бітіру кеші күтіп тұр. Олай болса, оларға тек сәттілік тілейміз.

Біздің тілшілер

Read more

ҚОҢЫРАУДЫҢ СОҢҒЫ СЫҢҒЫРЫ

Соңғы қоңырау - барлық қазақстандық мектеп бітіруші түлектер үшін дәстүрлі мереке. Аудан әкімі 25 мамырда Палатцы ауылдық округі Подгорное ауылының мектебінде болды.

Мектепте оқитын кезең ең алаңсыз өтетін жылдар болса, соңғы қоңырау – балалық шақпен қоштасудың нышанындай. Бұл – үйреншікті ертеңгілік емес, бұл – өмірдің белгілі бір баспалдағымен қоштасып, жұмбақ пен құпиясы, бұралаң жолдары көп болашақпен кездесу. Міне, сол үшін де соңғы қоңырау түлектер мен ұстаздар, ата-аналардың көздеріне еріксіз жас үйірілтетін шамалы мұңды күн. Алайда, бұл – келешекте не күтіп тұрғанын асыға күту, қимастық сезімнен туған көңіл толқынысының мұңы.

Подгорныйлықтар үшін ең жағымды жаңалық аудан әкімінің жақын арада бұнда мектептің жабылуы жоспарланбағаны туралы айтқан сөздері болды. – Онымен қоса, бұл ауылда келесі жылы - мектеп, клуб, дәрігерлік пункт сынды барлық әлеуметтік нысандарды жөндеуден өткізу жоспарлануда, - деді Дүйсенғазы Мағауяұлы.

Read more

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Мамыр 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 29 30 31  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз