Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары миллиондаған бейкүнә адамдардың өмірін жалмаған екінші дүниежүзілік соғыстың қайғы-қасіретін адамзат баласы әлі де ұмыта қойған жоқ. Сол кездегі ұлы держава Кеңестер Одағы үшін Ұлы Отан соғысы деп айдар тағылған, от пен оққа ораған, қаншама жандарды ажал құштырған сұрапыл соғыстың алапаты мен жүректерге салған жарасы арада 70 жыл уақыт өтсе де жазыла қоймай отыр. Күні бүгінге дейін оның әр үйден, әр отбасынан қылаң беріп қалары бар.

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні аудан орталығындағы Жеңіс саябағында Ұлы Жеңістің 69 жылдығына орайластырылған мерекелік шара ұйымдастырылды. Аудан орталығының мекемелері мен ұжымдары салтанатты шерумен митинг өтетін орынға жиналды. Шеру сабында соғыстың басты кезеңдеріндегі оқиғаларға сәйкес безендірілген жүк машиналарының үстінде сахналық көрініс арқылы көз алдыға келтірілген соғыс жылнамасы туралы қойылымдар өте әсерлі шықты. Айтулы мерекеге орай, кеудесіне таққан орден, медальдары жарқырап, саябаққа бет алған қарт ардагерлерді көргенде еріктен тыс көздерге жас үйіріліп, жүректер сыздап, жаныңыз толқиды. Олардың теңдессіз ерлігі ұрпаққа мұра болып қалатыны ғана көңілге шуақ құяды.

Отанға қауіп төнгенде қолына қару ұстап, жауға қарсы тұрған аталарымыз бен ағаларымыздың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Олардың көпшілігі жан беріп, жан алысқан ұрыстарда қаза тапты. Ал, аман-есен оралғандары халық шаруашылығының түрлі саласында еңбек етті, ұрпақ өсірді. Отан үшін, болашақ ұрпақ үшін жан аямай күрескен ардагерлердің қатары жыл санап сирей түсуде. Сұм соғысты көзімен көріп, жеңіске жету жолында жауына дес бермеген батырлардың арасында біздің жерлестеріміз де бар. Бүгінгі бейбіт күні Ұлы Жеңістің 69 жылдығын ортамызда мерекелеп отырған Көкпекті ауданы бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлерін атап өтуді жөн көрдік. Олар – Ақшалов Нұрмұханбет, Бирюков Илья, Винников Семен, Гарганов Федор, Кинбаев Елеусіз, Түсіпбеков Аркадий, Халиуллин Мұстафа, Цепков Петр, Балахонов Павел, Виноградов Сергей, Ықласов Мүтәләп, Қожаев Құсман, Твардовский Эдуард, Федосова Валентина, Чумаков Николай сынды ардақтыларымыз. Олардың алдында әрдайым басымызды иіп, қадір тұту, құрмет көрсетіп, мақтан ету әрбіреуіміздің қасиетті борышымыз.

Аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин Ұлы Жеңістің 69 жылдығымен құттықтау сөзінде: «Әр жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күнін көкірегімізде ерекше көңіл мен мақтаныш сезімі ұялаған намыс пен біз үшін бейбіт өмір мен ашық аспан сыйлаған ардагерлерімізге деген айрықша ризалықпен қарсы аламыз. Жеңіс күні біздің еліміздің ұлылығын, күші мен қуатын бейнелейді. Барша отандастарымыз үшін аса қастерлі мерекеге айналған салтанатты күн құтты болсын! Ұрпақтарымыз ешқашанда соғыс өртін көрмесін», - деген ізгі тілегін жеткізе келе, ардагерлерге ерекше ілтипат білдірді.

Қ.Аухадиев ауылдық округінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Шнайдер Таисия Васильевнаның ардагерлік қозғалыстағы, өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудегі белсенділігі үшін «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан «Құрмет» белгісімен марапатталуы мерекелік шараның мерейлі сәті болғаны рас. Сондай-ақ, Таисия Васильевна жерлестеріне ыстық лебізін арнап, өзіне берілген марапат үшін алғысын білдірді.

Қанды қырғын майданда талай боздақ етігімен қан кешіп жүріп, өздерінің жастығын, күш-жігерін соғысқа жұмсады. Елі, жері үшін жанпида еткен, туған жерінен топырақ бұйырмай, жат елде мүрделері қалған боздақтар рухына бас иіп, олардың ескерткіш құлпытасына гүл шоқтары аудан әкімінің, аудандық ардагерлер кеңесінің, Ауған жауынгерлерінің, ішкі істер бөлімі ардагерлерінің және мекемелер мен ұжымдардың атынан қойылды. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының ардагері Ақшалов Нұрмұханбет ата, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Әбенов, қорғаныс бөлімі басшысы, капитан Р.Абдрахманов Ұлы Жеңіс мерекесімен соғыс және тыл ардагерлеріне, жиналған қауымға құттықтау сөздерін, жылы лебіздерін арнап, еліміз аман жұртымыз тыныш, аспанымыздың ашық болуын тіледі. Мерекелік іс-шара аудандық мәдениет үйі ұжымының соғыс жылдарындағы әндер шырқалған концерттік бағдарламасымен жалғасып жатты.

Біз де өз тарапымыздан Ұлы Отан соғысы ардагерлерін Ұлы мерекемен құттықтап, бізге тыныштық өмір сыйлағандарыңызға, Жеңіс әпергендеріңізге рахмет айтамыз. Мың тағзым саған, майдангер!

Бақыт МҮЛІКОВА 

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Мамыр 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз