Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Өткенмен ешкімнің жоқ таласпағы,

Тарихқа тағзым ету нақ асқары.

Ұрпаққа үлгі болып мәңгі тұрсын,

Ерлердің монументі Қараштағы.

Адамзат тарихындағы жойқын соғыс - Ұлы Отан соғысы аяқталғанына келесі жылы 70 жыл толады. Бұл дата барша қазақстандықтар үшін үлкен маңызға ие. Себебі, барша адамзатқа ортақ құндылық – бейбітшілік үшін қару асынып, өр кеуделерін оққа тосқан жауынгерлердің құрамында қазақ жерінің айбынды жігіттері де болды. Әсіресе, бұл мереке Подгорное ауылы үшін ерекше болмақ. Өйткені, осы ауылдан шыққан Иван Яроцкии, Николай Фонов, Сергей Седнев есімді үш батыр жеңістің бір табан жақындай түсуіне себепкер болып, сол жолда өздерінің өмірлерін құрбан қылды. Біздің мақсатымыз – аталмыш ауылды өз атына сай қылып, гүлдендіру, көріктендіру. Себебі, осындай батырларымен мақтана алатын шағын ауыл облыста, тіпті, республикада жоқ десек, артық айтқандық емес.

 

Подгорное ауылында өз жалғасын тапқан жұмыс кеңесі барысында аудан әкімі осы мәселені көтерді. Ауылдың клуб ғимаратында жергілікті тұрғындармен кездесу өтіп, оның барысына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Жолдасбекұлы Нұрғалиев қатысты. Аталмыш кездесудің басты мақсаты – Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы аясында Подгорное ауылында өткізілетін шаралардың легімен таныстыру, түйткілді мәселелердің түйінін бірлесе іздестіру болды.

Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына арналған республика, облыс көлемінде өтетін ауқымды шаралармен қатар, Подгорное ауылында да қомақты жұмыстар жүргізіліп, бұл елдімекен облыс деңгейінде өткізілетін мерекелердің ұйытқысы болады деген жоспарды аудан әкімі қаңтар айында өткен өзінің есептік кездесуінде айтқан болатын. Белое ауылында өткен жиында осы мәселе бойынша атқарылған жұмыстар ұсынылып, алдыға қойылып отырған нақты мақсаттар айтылуы тиіс еді. Алайда, жүктелген тапсырма аудан әкімінің идеология бойынша орынбасары К.Смаилованың назарынан тыс қалған. Нәтижесінде, ендігі жұмыстарды қысқа мерзім ішінде жүзеге асыруға тура келеді.

Дүйсенғазы Мағауяұлы соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен барлық жауынгерлердің батырлығын, күш-қайратын, қаһармандықтарын атады. Өз сөзінде аудан әкімі Елбасының қаза болған жерлестер туралы естелікті мәңгі сақтау, оларды құрметтеу, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне әрдайым көңіл бөліп, сыйлау бойынша тапсырмасын жүзеге асыруға баса назар аударды. Ең алдымен ол атқарылуға тиісті жұмыстардың легімен таныстырып шықты. – Алдымызда тұрған міндеттердің алғашқысы – Жеңіс монументін орнату. Бұл - ауылдағы киелі орынға айналуы тиіс. Екінші кезекте ауылдық клуб күрделі жөндеу жұмысынан өткізілуі тиіс. Мереке қарсаңында, яғни 5-9 мамыр аралығында жаңа келбеттегі, барлық талаптарға сай бұл ғимараттың қабырғасында облыс, аудан көлеміндегі шаралар өткізіліп, түрлі сайыстар ұйымдастырылуға тиіс. Клубты жөндеу жұмыстары алғашқы қар түскен мерзімге дейін қызу жүргізілу керек. Себебі, бұл өңірдің қары ерте түсіп, тек сәуір айында кететінін ескерсек, уақыт жағынан жұмыстарды аяқтап, діттегенімізді жүзеге асыра алмай қалуымыз ықтимал. Үшіншіден, ауылдағы білім ошағын мінсіз қалыпқа келтіру. Бұл жерде де жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Барлық ескі жабдықтар заманауи, жаңа құралдармен алмастырылатын болады. Тағы бір міндет – ауылға кіре беріс бұрылыстан бастап мектепке дейінгі жолға асфальт төселіп, оның бойы жарықтандырылуы тиіс. Осы іспеттес жұмыс ауылдың бас көшесі бойында да жүргізіледі деп жоспарлануда, - деді аудан басшысы.

Аталған ауқымды жұмыстар қомақты салымды қажет ететіні белгілі. Алайда, облыстан бөлінетін қаржы барлық шығынды көтеріп алуға қауқары жетпейді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осы орайда, Дүйсенғазы Мағауяұлы алдыға қойылған мақсаттар мен міндеттердің орындалуын жүзеге асырудың бірден бірі жолы ретінде қоғамдық қор ашуды ұсынды. Маусым айынан бастап іске қосылатын аталмыш қорға осы ауылдың ақсақалдарынан, белсенді азаматтарынан құралған комиссия бақылау жүргізбек. Олар барлық құйылған қаражатты қадағалап, әділетсіздіктің орын алуына жол бермейді. Ең алдымен, ол үшін аудан халқына үндеу жариялануы тиіс. – Біздің ауданның әр азаматы осындай игілікті істен шеткері қалмайды деп ойлаймын. Себебі, шағын ауылдан шыққан үш бірдей даңқты батырдың жерінде өмір сүру – біз үшін мақтаныш. Кез келген ауылға бұл сияқты бақыт бұйырмаған. Сол себептен, ауданның қарапайым халқынан бастап, беделді, табысты кәсіпкерлері де осы іске жұмылады деген сенімдемін, - деді Дүйсенғазы Мағауяұлы.

«Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, қоғамдық қор мен алда күтіліп тұрған жұмыстар тізбегі жұрт назарына ұсынылған соң жамағат дауысқа салып, аудан басшысының көтеріп отырған бастамасын толық қолдайтындарын білдірді. Жиын барысында сөз алған Сарыбел ауылының тұрғыны Талғат Сағатов салынатын монументтің эскизін таныстырып өтті. Сәулетшінің айтуынша, ені 10-12 метрді құрайтын бұл ескерткіште үш батырдың кеуде мүсінімен қатар, сол аймақтан соғысқа аттанған барлық жауынгерлердің есімі қашалған тақта көрініс таппақ. Эскиз жобасын жасауға сәулетші өз қалтасынан 250 мыңнан астам қаржы салған. «Бұл менің ашылғалы отырған қоғамдық қорға құйған қаржым болсын» деген Талғат Сағатов алғашқылардың бірі болып қайырымдылық танытты. Егер ойға алынған істердің барлығы жүзеге асса, бұл аймақ ауданның назар аударарлық орындарының біріне айналып, туристік кластерге енгізілетін болады. Бұл дегеніміз – жергілікті тұрғындар ауылшаруашылығы өнімдерін саудаға ұсынып, түрлі қызмет көрсету орындарын ашып, сол арқылы қосымша табысқа қол жеткізеді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Жолдасбекұлы өз сөзінде үш батыр шыққан өңірде өткізілетін шаралардың барлығы облыс әкімі тарапынан қолдау тауып отырғанын, облыстық жоспарға кіргізілетінін айта келіп, «Біз барлық жағынан, әсіресе, қаржы мәселесі жағынан көмек қолымызды созуға тырысамыз. Ең бастысы – ауыл халқының ынтасы болса болғаны», - деді.

Ендігі кезекте жоспарланған істерді жүзеге асыру және қосымша атқарылуға тиісті шаралар бойынша аудан әкімі түрлі бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді. Атап айтсақ, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ә.Саржановқа келесі жылдың мамыр айының басында өтетін шараларды ұйымдастырып, ашық есік күнін өткізу тапсырылса, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Р.Бектасовқа жаңа мектептің алдын жарықтандыру мен ауыл көшелері жолдарының ойық тұстарына қиыршық тас себу жұмысы жүктелді. Ал, ауданаралық аурухананың бас дәрігері С.Таңатаровқа ауылдық ФАП-қа барар жолға жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Палатцы ауылдық округінің әкімі Б.Мұқышевқа аймақтан түлеп ұшқан, бүгінде республиканың түкпір-түкпірінде лауазымды қызмет атқарып отырған тұлғалармен хабарласып, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында осы жұмысқа тарту жүктелді. Сонымен қатар, мектеп қабырғасында мұражай ашу, абаттандыру, аймақтан соғысқа аттанған барлық батырларды жинақтап, тізімін жасау сынды тапсырмалар берілді. Аталған тапсырмалардың орындалуын жіті қадағалау аудан әкімі орынбасары К.Смаиловаға жүктеді.

Кездесу барысында аудандық мәслихат хатшысы Р.Беспаев, ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы В.Лебеденко сөз сөйлеп, аудан әкімі Дүйсенғазы Мағауяұлының бастамасын қолдайтындарын айта келіп, округтің барлық тұрғыны мен кәсіпкерлерін жұмыла жұмыс жасауға, қоғамдық қорға алғашқылар болып салым салуға үндеді. Сондай-ақ, ауыл халқы да ойларын ашық айтып, тілек-өтініштері мен көкейлеріндегі сұрақтарын қойды.

Кездесудің соңында аудан әкімі Дүйсенғазы Мағауяұлы мен Ербол Жолдасбекұлы бастаған бір топ азамат ескі монумент тұрған орынға барып, аумақтың жай-күйімен танысты.

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Маусым 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
2 3 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз