Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Біздің өңірдің өзекті мәселесі - баспана жайы. Әрине, бұл өмір заңдылығы ғой. Аудан тұрғындарын толғандырған осындай толғақты мәселе қашанда күн тәртібінде. .Апта басында аудан әкімінің міндетін атқарушы Рамиль Сағындықов жеке мәселелері бойынша азаматтарды қабылдау жүргізді. Рамиль Нығметжанұлы қабылдауға келген азаматтарды бірден еркін пікір алмасуға шақырды.

Қабылдау барысында азаматтардың жеке сауалдарына қатысты түсіндірмелер жүргізіліп, заң тұрғысында пайдалы кеңестер берілді. Аудан әкімінің қабылдауында болған бірқатар азаматтың сұрақтары мағыналас. Тұрғындарды мазалайтын негізгі сұрақ - тұрғын үй мәселесі. Бірінің үйі апаттық жағдайда тұрғандықтан пайдалануға жарамсыз болса, енді бірі баспанасының тарлығын алға тартады.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Рамиль Нығметжанов жер телімін бөлу, жұмыспен қамту, материалдық көмек көрсету мәселелері бойынша заң талаптарын жете түсіндіріп, үй кезегіне тұрғандарға баспана тек кезекпен ғана берілетінін, яғни баспананы беру - еліміздің тұрғын үй қатынастары туралы заңдылық аясында шешілетінін қадап айтты.

Қалай дегенде де бұл күнгі қабылдау ашық әңгіме түрінде өрбіді. Азаматтардың барлық ұсыныстарын назарға ала отырып, Рамиль Нығметжанұлы оларды шешудің жолдарын атап өтіп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Біздің тілші

2015 жылдың Көкпекті аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен  «Ең үздік жас ұстаз» атты облыстық байқаудың аудандық кезеңі болып өтті. Байқауға қатысып, сынаққа түсуге 9 жас маман өтініш білдірді. Әуезов атындағы орта мектебінің география пәні мұғалімі Б.С. Байгереев, Ж. Шайжүнісов атындағы орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Ж.С. Нарбинова, «Октябрь мектеп – балабақша кешені» КММ физика пәнінің мұғалімі Д.М.Мергенчинов, Көкжайық орта мектебінің жас маманы Д.С. Оспанов, Қ.Аухадиев атындағы орта мектебінің математика пәні мұғалімі А.К. Рахимова, Көкпекті орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Аубакирова Б.С, Новотимофеевка орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пән мұғалімі Т.Ж Калиев, Амангельді орта мектебінің тарих пән мұғалімі А.Е Бибосынова қатысты. Сайыс бірнеше кезеңдерден тұрды: «Мен болашақтың мұғалімімін» тақырыбында бейнеролик түсіру, «Мен және менің мамандығым» атты презентациялар сайысы, «Үздік портфолио» сайысы, бәсекеде барлық қатысушылар ойшыл, ізденімпаз, шығармашыл екендерін дәлелдеді. Дегенмен кейбір ұстаздар мұғалім жұмысының кәсіби шеберлігі ұстанымдарын  нық сақтайтындығын қазылар алқасына да, қарсыластарына да таныта білді. Б.С. Байгереев пен  Ж.С. Нарбинова  ІІ  және ІІІ жүлделі орындарға  лайық  деп танылды.

Суырылып алға шығып, бас жүлдеге иеленген жас маман «Октябрь мектеп – балабақша кешені» КММ физика пәнінің мұғалімі  Д.М.Мергенчинов 2015 жылдың  24 ақпан күні Өскемен қаласындағы облыстық білім басқармасы «Шығыс» өңірлік орталығының мұрындық болуымен «Ең үздік жас ұстаз» атты байқаудың  облыстық кезеңіне жолдама алды.

Облыстық байқауға өңіріміздің аудандары мен қалаларынан барлығы 19 үміткер қатысты. Еңбек өтілі әлі бес жылға тола қоймаған жас ұстаздар додаға түсті. Мұғалімдердің бойынан жастық жалын есіп - ақ тұрды. Бұл байқаудың алғашқы кезеңі жас мамандардың шығармашылық хоббиін көрсетулерінен басталды. Байқағанымыз, байқауға қатысушылардың бәрі де шетінен өнерлі екен. Біздің ауданымыздың намысын қорғап барған «Октябрь мектеп – балабақша кешені» КММ физика пәнінің мұғалімі Мергенчинов Даурен Мельгатович көпшілік алдында өзінің оригами құрастыруда, ұшақ құрастыруда және тағы да басқа өнерлерін ортаға салып отырғандардың көңілінен шыға білді.

Байқаудың екінші кезеңі де тартысты өтті. Қатысушылар мамандығы жайында мақтана әңгімелеп, «Мен болашақтың мұғалімімін» тақырыбында болашақтың мектебі және сол мектептің дамуына қосар үлесі туралы шағын бейнероликтерін ұсынды. Бейнероликтерді бағалау кезінде қазылар оның эстетикалық нормаға сай болуына, жаңа технологияларды қолдануы мен инновациялық идеясына ерекше мән берді.  Бұл кезеңде де Даурен өз мектебінің болашағын және сол мектептің дамуына өзінің, өз пәнінің үлесін әсерлі көрсете білді.

   Байқау нәтижесінде  әділқазылардың шешімімен облыстық сайыстың  бас жүлдесін біздің Даурен қанжығасына байлады. Өнерің өрге басып, жұмысың жетістіктерге толы болсын. Жарайсың Даурен!

Аудандық білім беру бөлімі

Аудандық мәдениет үйінің айналасы наурыз мерекесімен көріктеніп, көктемнің шуақты күнінің шұғыласымен сән-салтанат базарына айналғандай. Ақ шағаладай көзге көрінетін әсем киіз үйлер аудан орталығындағы мекемелердің бұл думанға үлкен дайындықпен келгенінен хабардар етеді. Әсем әуенмен тербеліп халыққа қызмет етіп, керекті дүниелерін саудалап тұрған саудагерлер мен жеке шаруа қожалықтары мерекелік көңіл күйді айшықтай түскендей. Әр киіз үйдің іші-сырты безендіріліп, қазақ халқының салт–дәстүрінің салтанатынан көрік берсе, ақ дастархандағы наурыз көжеден бастап, сан түрлі ұлттық тағамдардан халық дәм татып тәнті болды.

Мерекенің алғашқы құттықтауында сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Р.Н.Сағындықов жиналған тойшыл қауымға ырыс пен береке тілеп, Илья Иванович Бирюков, Аркадий Түсіпбеков, Елеусіз Кинбаев сынды Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне оларға арнап аудандық бюджет қаражатына сатып алынған үйлердің кілттерін табыстады. Бұдан кейін Көкпекті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Әбенов құттықтау сөз сөйлеп, жерлестеріне ізгі тілегін жеткізді. Бұл айшықты мерекеде құттықтау сөз кезегін алған қонақтардың айтар тілегі бір жерден тоғысып жатты. Ол еліміздің тыныштығы, Отанымыздың бай-қуатты болуы, болашақ ұрпақтың алаңсыз өмір сүруі, ұлттардың ұлы достығы жайында болды. Наурыз мерекесінде Өнер мектебінің көрмесін тамашалаған халық тарих қойнауына көз жүгірткендей болды. Бұл жердегі көздің жауын алатын асқан шеберлікпен жасалған өнер туындылары мерейтойлы жылдың басты тақырыптарын қамтиды. Өнер мектебінің бейнелеу пәні мұғалімі Равиль Қияқпаевтің айтуынша, Темірлан Ержанов және Дмитрий Росс атты он саусағынан өнері тамған балғындардың қолынан шыққан көрінеді. Көрмедегі әсем мүсіндер мен олардың үстіндегі жарасымды ұлттық киімдері көрермен қауымды тамсандырғаны анық.

Наурыз мерекесінің сәнін келтіріп тұрған киіз үйлердің бәсекесінде 1 орынды аудандық аурухана ұжымы жеңіп алса, екінші орын Ж.Шайжүнісов мектебінің еншісіне бұйырды. Ал үшінші орынды аудандық білім беру бөлімі мен өнер мектебінің ұжымдары иеленді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен мақтау қағаздары табысталды. Бұл күні көрерменге орталық алаңдағы сахнадан тетрландырылған қойылымдар мен аудан орталығындағы ұжымдардың және мәдениет үйінің әртістерінің орындауындағы концерттік бағдарлама ұсынылды. Сондай-ақ, ауыл жастары түрлі ұлттық спорттық ойындарға қатысып, күш сынасты.

Осылайша, Көкпекті төрінде өткен биылғы Наурыз мерекесі халықтың көңілінен шыққаны аян. Олар ата-бабадан келе жатқан дәстүрлерді жаңа заман ағымына сәйкестендіріп, рухани ләззат алып қайтты.

Алда Елбасы сайлауы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Абай атамыздың 170 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Ата-Заңымызға 20 жылдығы күтіп тұр. Бұл мерекелер де береке-бірлікпен, асқақ көңіл күймен өтетініне сеніміміз мол.

Наурыз мерекесі құтты болсын, ағайын!

Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ

Наурыз таңы атысымен, әр үй көже қамына кіріседі. Әсіресе, ауылдағы ағайын бұл асқа ерекше мән береді. Көжеде кие бар дегенді жиі айтады. Бұл наурыз көженi    тойып iшсе, жыл бойы тоқшылық болады деген түсінікпен астасып жатыр. Қашанда дастарқаны жайнап, самаурыны қайнап тұратын қаймана қазақ үшін наурыз көженің орны бөлек.

Ендеше, қадірлі асымыз туралы Теректі ауылының тұрғыны, қазақтың салт-дәстүрін тасада қалдырмай, ұрпаққа насихаттап жүрген Сая әпкеміз бізге наурыз көженің құрамын айтып берген болатын, соны сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.

- Наурыз көжеге қосылатын жеті түрлі дән бар. Алмағайып заманда ас-арқау болған сол дәндер қазақ үшін қасиетті саналған екен. Бидай молшылықтың, берекенің, ырыстың бастауы. Ал күріш пен тарының, жарманың қадір-қасиеті бидайдан кем емес. Тұз — тағамның дәмін кіргізетін қоспа саналғанымен, ағзаға йодты тасымалдайтын қасиетке ие. Қысқы соғымнан қалған сүр етті қайнатып, сорпасына дәндерді салып пісіріп алып, су қосып, қатығы мен құртын, майын қосып тойымды тағамды қонағына ұсынған біздің елдің кең пейіліне разы боласың. Наурыз көжені тілеу көже деп те атайды. Осы күні арнайы пісірілген көжені көп ішсең тілегің орындалады деп айтады үлкендер. Мұндайда қарап қалмайтын таңқы танау балалардың да қарық болып қалары анық. Ағайын арасындағы араздық та бір кесе көженің арқасында жазылатын жағдайларды көр-дік. Бұл ене мен келіннің өза-ра бірлігі мен татулығынан, ардақты апалардың бар ықы-лас-пейілінен жасалған нау-рыз көженің дәстүрлік, ұлттық тағылымы шығар, – дейді Сая Рақым.

Ауылдастарына көже таратуды 14 наурыздан бастап кететін Сая әпке Қытайдан ата-баба қонысына оралған қандасымыз. Өзге елде жүрсе де қазақтың салт-дәстүрін сол қалпында сақтап, ауыл арасында Наурыз көже жасаудың қас шебері атанып жүр.

- Көже пісіру зор ықыласты, мерей-мейірді талап ететін еңбек. Қарапайым ғана ас көрінгенімен, дайындау әдісі бойынша әркімнің өз тәсілі мен ережесі болады. Сондықтан шығар әр үйдің көжесі бірі-біріне ұқсамайды. Әрқайсысының дәмі әр түрлі. Жеті дәннен жасалатын болғанымен, қоспасы бөлек. Мәселен, біреулер құрт езіп қосса, енді біреулер қатық немесе айран араластырып жатады. Кейбір апаларымыз май сақтаған қарынды бір жуып көженің түбіне тастап қояды. Бұл өте ежелгі әдіс. Әбден тұзы сіңген қарын көженің ғана дәмін кіргізбейді, бойында қышқыл элементтері жетіспейтін адам үшін таптырмас дәрумен көрінеді. Көжеге жылқының ысталған жалын дәкеге түйіп қайнату да бар, – дейді Сая әпке.Ендеше, Наурыз мерекесі құтты болып, барша қазақстандықтарға береке-бірлік әкелсін. Наурыз көжені тойып ішіп, тілеулеріңіз қабыл болғай дейміз!

Жанерке АБЫЛХАН

8 наурыз күні Көкпекті аудандық Қ.Алтынбаев атындағы мәдениет үйінде «Пай, пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!» атты сайыс өтті.

Келіндер сайысын өткізудегі негізгі мақсат қазақ қыздарын ұлттық тәрбиеге баулу, ұлттық тәрбиені жандандыру және ескіні қайта жаңғырту арқылы ежелден мирас қазақ келіндерінің инабаттылығы, төзімділігі, шеберлігі, адал-дығы, пәктігі, бауырмал-дылығы, қонақжайлығы мен ибалылығын барша жұртқа насихаттау мен әдеп-ғұрып, салт-дәстүрді дәріптей отырып, қыз-келіндердің санасына сіңіру болды. Сайыс барысында халқымыздың ертедегі салт-жоралғылары: ата мен енеге сәлем салу, қайын іні мен қайын сіңіліге ат қою, үлкеннің атын атамау үрдістерін қайта жаңғырту үшін түрлі тапсырмалар берілді. Келіндер сайысына 5 үміткер қатыстып, мынандай сынақ кезеңдерінен өтті: өзін-өзі таныстыру; сұрақ – жауап; қазақтың дәстүрлі қолөнерін үйден жартылай дайындап әкеліп, сахнада аяқтау; қазақтың ұлттық тағамдарынан дастархан әзірлеу – сайыс басында дайындап қою және сахнада оны қорғау; киім киюден сән үлгісін көрсету; өз өнерін көрсету. Сайысқа сақадай дайындықпен келген үміткерлер барлық кезең бойынша өнерлерін көрсетіп, дара шауып озғандары жүлделі орынға ие болды. Әділ қазылар алқасының шешімімен І орынды Көкпекті орта мектебінен қатысқан Әсел Сарманова иеленсе, ІІ орынды аудандық ауруханадан келген үміткер Анар Мұқатаева алды. Ал, «Аяжан» кафесінде жұмыс істейтін Жанар Нұрсапаева ІІІ орынды қанағат тұтты.

Сайысқа белсене қатысқан ибалы қазақ келіндеріне өнер-лері өрге озсын демекпіз!

Жанерке АБЫЛХАН

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2024 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз