Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Барлық мектептерде күміс қоңырау күмбір қағып, ақ қанат армандарын әлдилеп, ұядан қияға ұшқалы отырған түлектеріне ақжол тіледі. Сан жылдар бойы білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымен қош айтысқан шәкірттер өмірдің сан тарау жолдарымен жарқын болашақ белестеріне ұмтылды. 25 мамыр - ата-аналар үшін қуанышты күн болса, оқушылар үшін қимас балалық шақпен қоштасу, сағыныш сезімін ұялатып, өткенге қайта оралтатын, ертеңгі күнге сенімді серік етіп, үкілеген үмітті арқау ететін күн. Бұл күні аудан бойынша барлық мектептерде соңғы қоңырау үнi сыңғырлап, мектеп түлектері жаңа да жауапты өмiрге аяқ басты. Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері үлпілдеп, мектеп қабырғасын имене аттаған Көкпектінің ұл-қыздары бүгінгі күні ойы толып, бойы өсіп, алтын ұя мектебімен қоштасты. Он бір жыл бойы сыңғырлаған қоңырау үні түлекер үшін ақырғы рет өзінің әсем үнін естіртті.

 

Аудан орталығындағы Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектепте соңғы қоңырау мерекесі жарасымды әнімен, салтанатты сәнімен өз мәнінде өрнек тапты. Аталмыш шараға Көкпекті ауылдық округінің әкімі Қайрат Жадрин, ардагер ұстаздар Хабиба Байбулова, Қайыпжан Аусарбаев және бiр топ ұстаздар қауымы мен ата-аналар қатысты. Сонымен қатар, бұл мерекеге осы мектепті 1999 жылы тәмамдаған түлектер келіп, сүйікті білім ордасымен, ұстаздарымен қауышты. Жиынның ашылуында алғашқы құттықтау сөз алған мектеп директоры Қажет Жүнісбеков мектеп бітіруші түлектердің алдағы үлкен сынақтан сүрінбей өтіп, ата-аналар мен ұстаздардың үмітін ақтауға тілегін жеткізді. Жыл қорытындысы бойынша мектеп мақтаныштары – үздік шәкірттерге мақтау қағаздары табысталды.

Сондай ақ, мектеп қабырғасынан түлеп ұшқандарына 10 жыл болған Жандос Мұхтаров пен Бауыржан Базарбаев қара шаңыраққа 10 баскетбол және волейбол доптарын сыйға тартты.

Жүректері лүпіл қаққан, қимастық пен қуаныш, аңсау мен арман сезімдері араласқан, осынау сәтте шәкірттік сәттің соңғы, өмір жолының алғашқы қадамында тұрған жас түлектер ұстаздарына деген ыстық лебіздерін білдіріп, кішкентайдан бірге өскен сыныптастарымен қимас көңілмен мектеп вальсін биледі.

Алдарынан арман жолы ашылғалы тұрған бітіруші түлек Құрмаш Сайболат пен Ақмарал Нұрғалымова орнымызды басар деген ниетпен білімнің кілтін 10 сынып оқушылары Айгерім Айтқазина мен Ерасыл Қадіровқа тапсырды.

Сонымен бірге, бүгінгі күні бұл білім ордасындағы тағы бір қуанышты сәтке куә болдық. Мектеп қабырғасынан Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мұражай ашылды. Көкпекті ауылдық округінің әкімі Қайрат Жадрин, ауданның құрметті қариясы, осы қара шаңырақтың ардагер ұстазы Хабиба Байбулова және «Көкпекті жолдары» ЖШС басшысы Гүлназ Нұрғалиева мұражайдың лентасын қиып, жәдігерлер сақталған қастерлі орынға, жетекшілік ететін тарих пәнінің ұстазы Нұржан Отрынбековке және мектеп ұжымының бастамаларына ризашылық білдіріп, жұмыстарына жеміс тіледі.

Мұражай төрт бөлімнен тұрады. Бір бөлімі Ұлы Отан соғысына қатысқан аудан батырлары мен тыл ардагерлеріне арналса, бір бөлімінде мектептің шежіресі жазылған. Енді бір бөлімінде Жақия Шайжүнісовтың еңбек жолы баяндалып, естеліктері сақталса, ақырғы бөлімі білім ордасынан түлеп ұшқан түлектер жетістігі жөніндегі ақпараттармен қамтылған.

Мұражайдың ашылу салтанатына арналған концерттік бағдарлама мектептің акт залында жалғасын тауып, келген қонақтар мектеп оқушыларының өнерлерін тамсана тамашалап, кеш соңында барлық қонақтар естелік суретке түсті.

Бұл күні Көкпекті орта мектебіндегі дәстүрлі соңғы қоңырау мерекесіне мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары, туған-туыстары, ұстаздары, аудан жұртшылығы көптеп жиналды.

Қызығы мен қиыншылығы мол, әр оқу жылы қайталанбас тарихқа толы мектептің мерекесі, оқушылардың сыныптан сыныпқа көшіп, асыға күткен жазғы демалысқа шығарып салатын соңғы қоңырау салтанатына сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Болат Бекенов, аудандық маслихатының депутаты, таэкван-до спортының жаттықтырушысы Бақыт Рахимов қатысты.

Осынау жан тебірентетін қуанышты күні түлектердің алғашқы ұстазы, сынып жетекшілері, ата-аналар, мектеп түлектеріне ақ жол тілеп, ұстаздарға шексіз алғыстарын жеткізсе, оқушылар да өз тарапынан зор алғыстарын айтып, сенімнен шығуға уәде етті.

Сөз кезегі мектеп мүдірі А.Танысбаевқа беріліп, мектептің озат оқушыларын мақтау қағаздарымен марапаттады. Ал, Бақыт Ғазизұлы Көкпекті орта мектебінің спорттық жетістіктеріне сүбелі үлес қосқан оқушыларға куәліктер табыстап, ынталандыру мақсатында мақтау қағаздарын таратты.

Ерке көңілмен «Мектеп вальсіне» тербелген мектеп түлектері салтанатты жиын соңында аспанға ақ көгершіндерді ұшырды. Ақ көгершіндер соңғы қоңырау үнінен күш алғандай мектеп бітірушілердің армандарын алысқа алып бара жатты.

 

Жанерке АБЫЛХАН

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Мамыр 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 28 29 30 31

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз