Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Сәуір 2015

24 Сәуір 2015

СПОРТТЫ ЖАНЫНА СЕРІК ЕТКЕН – ГҮЛІМ

Жақында Тараз қаласында 1998-1999 жылы жасөспірімдер арасында қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты болды.

Ата-бабадан жалғасып келе жатқан, бүгінде мәресіне жетіп қазақ спорт түрінің бел ортасынан орын алған, қазақ күресін насихаттап, онымен айналысып атын шығарып жүрген ұлдар мен қыздарымыз жетерлік. Бұл саланың дамуына үлес қосып жүрген, Үлкенбөкен спортшылары десек те артық айтқанымыз емес. Жігіттеріміз белдесіп, ата күшін көрсетіп жатса, бұлармен қатар қыздарымызда қалыспай келеді. Соның бірі, бірегейі болып жүрген спортшы қызымыз Үлкенбөкен мектебінің 10 сынып оқушысы Гүлім Тұрысбекова. Жастайынан жаттығып, спортты жанына серік еткен Гүлім, осы жолғы жарыстарда қазақ қызының намысын бермеді. Гүлім Аягөз қаласында өткен қазақ күресінен облыстық біріншілікте 1 орын алып, ал Тараз қаласындағы Қазақстан чемпионатында 3 орын және «Спорт Шеберлігіне Үміткер» атағын иеленіп, марапатталды. Таразда өткен бұл додаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 90 спорт майталмандары қатысты. Өзіміздің Шығыс өңірінен 8 қыз барды, солардың арасынан жүлделі орынды қаншығасына байлаған Гүлім.

Бұл үлкен жетістік бапкері Дәурен Данабековтың да көп жылғы еңбегінің жемісі. Ол өзінің шәкіртінің болашағына үлкен үмітпен қарап, өжет қазақ қыздарының қатары көбейіп келе жатқанына қуанады. Атқа мініп жауға шапқан аналарымыздың қайсарлығы мен батылдығы, бүгінгі бейбіт күнде де қыздарымыздың бойынан табылуы мақтанарлық. Гүлімге мектепті ойдағыдай бітіріп, спортта ғана емес, өмірдің әр саласында бүгінгідей жеңістерге жетеріне сенімдіміз.

Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ

МАҚСАТЫМЫЗ - САЛАУАТТЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ

Келешегіміздің келбетті, болашағымыздың баянды болуы бүгінгі жастарға тікелей байланысты. Өйткені олар – «ертеңімізді жасайтын бүгініміз». Елдің қуаты мен қозғаушы күші де – осы жастар.

Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде мектептің орны ерекше. Осы мақсатта Жұбандық Болғанбаев атындағы Самар орта мектебінде 18 сәуір күні бокстан мектептің ашық біріншілігі өтті. Жарысқа Преображенка    ауылынан 2001-2007 жыл аралығындағы боксшы оқушылар келіп қатысты. Өскемен қаласынан арнайы келген Жайсекенов Өміржан Құмарқанұлы төрелік етті. Өте тартысты өткен жарыста Рахимгалиев Өркен Мұратқанұлының тәрбиеленушілері Ж.Болғанбаев атындағы орта мектептің командасы: Даулетқазы Санияр, Чедеринов Ербол, Мәсәлімов Нұржан, Оралбеков Рауан, Кумашев Азамат жүлделі І орынға ие болса, Тоқтаров Ерназ, Дүйсенбай Ермаһан, Гизатуллин Рахат ІІ орыннан көрінді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер мақтау қағаздарымен марапатталды.

Мектепте салауатты өмір салтын насихаттау жұмысы өз деңгейінде жүргізілуде. Оқушылар бо-йында отансүйгіштік, еңбекқорлық, адамгершілік қасиеттерді дамыту үшін өткізілетін шаралар жас ұрпақтың келешекте өз еліне адал қызмет ететін дарынды тұлға болып шығуына көмектесері сөзсіз.

Самал Айдарқызы,

 «Жас Отан»

жастар қанатының мүшесі

Read more

АРМАН-ТІЛЕК БІР АРНАДА ТОҒЫССЫН

Құрметті жерлестер! Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқы ынтымағы күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Біздің «Асыл қазына» этнофольклорлық «Асыл қазына» әжелер клубы құрылғанына аса көп бола қойған жоқ. Дегенмен де бүгінгі күні ұжымды әр концерт сайын ауылдағы кәрі-жас асыға күтеді. Біз өзіміздің атқарып отырған жұмысымызды аса қажет деп санаймыз. Сондықтан да №1 Самар орта мектебінде жиі болып тұрамыз. Сабақты орыс тілінде оқитын балалар үшін қазақ ұлтының салт-дәстүрін көрнекі түрде көрсетіп, әндер орындаймыз. Оқушылармен тығыз байланыс орнатуға тырысып, орталық кітапханамен бірігіп, оған колледж, Ж.Болғанбаев атындағы, №1 Самар орта мектебінің оқушыларын шақы-рамыз. Ата-аналармен де кездесу өткізіп, ұлттық болмысымызды насихаттауға үлес қосып жүргенімізді мақтан тұтамыз. Самар Мәдениет үйінде жаб-дықталған бір бөлмеде біз ұлттық ою-өрнектер мен қолданбалы өнер туындыларын қойғанбыз. Оған келіп көремін деушілерге есік ашық. «Русский сувенир», «Забава», «Атамекен» ансамбльдері мен домбырашылардың «Атамұра» ансамблімен де тығыз байла-ныста жұмыс атқарып келеміз.

Құрметті аудан тұрғындары, отандастарымыз. Сіздерге әр-қашанда осындай бір отбасы болып, тату – тәтті өмір сүруді нәсіп етсін. Кең байтақ Отанымызда тек қана ынтымақ пен бірлік мекен етсін деп тілейміз. Тек мереке күндері ғана емес, күнделікті тіршіліктегі ниет-пиғылымыз бен арман-тілектеріміз бір арнада тоғыса берсін деп тілейміз. Қазақстан жасасын!

Самар ауылындағы «Асыл қазына» әжелердің фольклорлық-этнографиялық  клубының мүшелері

Read more

АРДАГЕРЛЕРГЕ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ МЕДАЛЬДАР ТАБЫСТАЛДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлы Отан соғысы ардагерлерін жалпыұлттық қолдау шарасы жөніндегі бастамасы кеңбайтақ Отанымыздың барлық өңірлерінде жалғасып жатыр. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы ТМД елдерінің бәрінде де кең көлемде аталып өтуде. 2015 жыл Достастық елдерінде Ардагерлер жылы деп белгіленген. Осы орайда атап көрсететін бір жайт, Қазақстанда өткен жұма күні бүкіл еліміз бойынша бұрын-соңды болмаған, ТМД мемлекеттерінің ешбірінде баламасы жоқ шара басталған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыстар мен қалалар және аудандар әкімдері соғыс ардагерлерінің үйлеріне арнайы барып, оларға алдағы Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналған мерейтойлық медальдарын табыстады.

Ағымдағы жылдың 17 сәуір күні сағат 10.00-де барлық ауылдық округтердің клуб үйлерінде, мектептердің акт залдарында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және оларға теңестерілген азаматтарға мерейтойлық медальдар тапсырылды. Бұл іс шара - Көкпекті ауылының Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Бұнда ардагерлерді құттықтап, мерекелік концерт қойылды. Сонымен қатар, ең қастерлі мереке Жеңіс күні қарсаңында Самар ауылы Мәдениет үйінде болды. Бұл мерекелік кешке, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Гүлбаран Майлыбайқызы Ақшабаева құрметті қонақтарды келе жатқан мерекелерімен құттықтады.

- Биыл халқымыз үшін ерекше жыл. Еліміз Ұлы Жеңістің 70 жылдығын лайықты мерекелеу үшін үлкен дайындық үстінде. Біз соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне соғыстың отты жылдарында ерлік танытқаны, ұмытылмас азабын жеңгені үшін алғысымызды білдіреміз. Қымбатты ардагерлер, сіздердің Жеңісті жақындатуға қосқан үлестеріңіз ұшан теңіз, - деді «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары.

Құттықтау сөздерді Самар ауылдық округінің әкімі С.Дүсіпов, Көкпекті ауданы қорғаныс бөлімінің басшысы Р.Абдрахманов жалғастырды. Олар аға буын өкілдері қолдарына қару ұстап, майданға аттанып, балалықты ұмытып, қара жұмысқа жегілген бозбала мен бойжеткендер «Бәрі де майдан үшін!» ұранымен аянбай еңбек еткендігін атап көрсетті.

Тыл еңбеккері және ардагер ұстаз самарлық З.Сидорова келе жатқан Ұлы мереке Жеңіс күнімен құттықтады, зор денсаулық, бақыт, ашық аспан тіледі. Өз сөзінде Зинаида Васильевна отбасыларында cоғыс кезінде майдан жолынан келіп тұрған хаттар туралы және әкесінің інісі хабарсыз жоғалып кеткенін айтты. Аудан бойынша соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне барлығы 594 медаль табысталды.

Қариялардың кеуделері мерейтойлық медальдармен толығып, қуанышқа кенелді. Кездесу аяқталғанда мәртебелі қонақтарға мерекелік қонцерт ұсынылды.

Қанат АПСАДЫҚОВА,

Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ

 

Read more

ШЕТЕЛДЕРДЕГІ КӨКПЕКТІЛІКТЕРДІҢ ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАСЫ

 

 

 

Экономикасы өркен жайып, халқының әл-ауқаты жылдан-жылға жақсарып келе жатқан Қазақстан бүгінде бүкіл дүниежүзіне танымал әйгілі мемлекетке айналды. Ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге жетудің сыры елдегі бірлік пен татулықта екені баршамызға аян. 2012 жылы ҚХА-ның 19 сессиясында сөйлеген сөзінде Ассамблея төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тұрақтылық – біздің татулығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз, бірлік – баға жетпес байлығымыз, жаңару – келер күнге, кемел келешекке жетелейтін жарқын жолымыз болып табылады. Осы үш ұғым біздің мызғымас мемлекетіміздің тұтастығына тірек болып тұр», - деген еді.

Айтқандай-ақ , елдегі бейбітшілік пен келісім мәселелері бойынша азаматтық қоғамды жалпыұлттық ұйыстыру институтына айналып үлгерген, бұдан 20 жыл бұрын құрылған ҚХА Отан игілігі үшін барлық күшті біріктіру орталығына айналды. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында елде болып жатқан игі істерден әрдайым хабардар болып, құлақ салып отыратын, кіндік қаны тамған атамекенін жүрегінің түкпірінде сақтап жүретін шетелдегі отандастарымыздың сағынышты сәлемі мен қуанышқа ортақтасып, құттықтауларын жеткізбекпіз.

КӨКПЕКТІ ӨҢІРІ МЕН ҮШІН ЖҰМАҚ МЕКЕН

- Мен Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданы, Көкпекті ауылының тумасымын. 1960 жылы қазақ топырағында дүниеге келдім. Мен үшін кең-байтақ туған өлкемнің әр тасы, бел-белесі, өзен-көлі, кәусар ауасы, аспандағы сәулесі мол күні мен айы, жұлдыздары, кеңпейіл, жаны жайсаң адамдары өте ыстық. Егер Германияда кездейсоқ бір қазақты көріп қалсам, туған-туысымды көргендей болып, шексіз қуанамын, елге деген сағынышым арта түседі.

Өйткені, бал балалық шағымды, есейіп, ержеткен қызыққа толы жігіттік кезеңімді өткізген, петропавловкалық Светлана атты неміс қызын кезіктіріп, отбасын құрған, Елена, Ирина, Наташа сынды сүйкімді қыздарымды сүйгізген Көкпекті өңірі мен үшін жұмақ мекеніндей. Германия мемлекетіне 1998 жылы отбасыммен бірге қоныс аударғаныммен, одан туған жеріме деген махаббатым күшеймесе, әлсіреген жоқ.

Осы жылдар ішінде Көкпектіге 4 рет барып, сағынышымды басып қайттым. Қазақстанда биылғы жыл мерейтойлы мерекелерге толы екенінен құлағдармын. Аудандық газет арқылы солардың бірегейі ҚХА-ның 20 жылдығымен құттықтап, жүрекжарды ыстық лебізімді жеткізгім келеді.

Барша қазақстандықтарды, көкпектілік жерлестерімді,  достарым мен туыстарымды осынау мамыр айының алғашқы күнімен бірге келетін мамыражай, жарқын мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге мықты денсаулық, шаттыққа толы өмір, еңбекте толағай табыстар және елдің амандығы мен жұрттың тыныштығын тілеймін. Қазақстан әлемдегі көшбасшы елге айналсын.

Бойков Виктор Андреевич,

Германия,

Хоттенген қаласы

ҚАРАМОЙЫЛДЫ ЖИІ ЕСКЕ АЛАМЫН

- Мен туған Қазақстанымды сағынамын ба? Әрине, өте қатты сағынамын. Өйткені, мен сонда туып, сонда өстім. Мен Көкпекті ауданының Солдат Хуторында дүниеге келдім. Мектепте 4 сыныпқа дейін білім алып, ары қарай Олеговка ауылында 8 сыныпты бітірдім. Менің ата-анам маған еңбек сүйгіштікті, үлкендерді құрметтеуді үйретті. Әлі есімде, біздің хуторда қазақтар, шешендер, сығандар, немістер, орыстар тұрды. Біз олардың балаларымен өте тату тұрдық. Менің ата-анама деген  алғысым шексіз, олар маған адамдарға деген сүйіспеншілік пен құрметтеуді үйретті.

Біздің отбасы көпұлттан құралған қазақ, неміс, татар, орыс та бар, келінім Италиядан, ал күйеу балам қазақ. 2013 жылы ұлым екеуіміз апайым Мария мен күйеу балам Тұрсын Енсебаевтың үйінде қонаққа бардық. Мен үлкен сағынышпен туып өскен Хуторок селосын қазіргі Қарамойылды еске алып отырамын. Германияда тұрып жатқаныма 20 жыл болды, қазір мен күнделікті қазақстандық теларналардағы бағдарламаларды көріп отырамын.

Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Сіздердің елдеріңізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекет өркендеп, ілгері басып келеді.  «Бірлік бар жерде - тірлік бар» деген халық даналығы есімде. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы.

Бірлік мерекесімен барлық Көкпектіліктерді құттықтаймын, аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын дегім келеді. Баршаңызға денсаулық, бақыт тілеймін.

Катерина Шмидт (Кабельский),

Германия, Аугсбург қаласы,

 

 

 

Read more

ҚАЗАҚТЫҢ ӘДЕТ-ҒҰРПЫН БЕРІК ҰСТАНҒАН ОТБАСЫ

Еліміздегі басты мерей-тойлардың бірі - Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын атап өтуге санаулы күндер ғана қалды. Бүгінде мемлекетімізде жүз отыздан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бірлік пен ынтымақта тату – тәтті өмір сүруде. Осындай жандардың арасында бір-бірімен көңілі жарасқан интернационалды отбасылар да аз емес. Бір шаңырақ астында бейбітшілікте қазақтың әдет – ғұрпын берік ұстанған от-басының бірі – Көкпекті ауы-лында тұратын Гусейновтар әулеті.

Минижиан Гайфутдиновна татар қызы. Өмірлік жан жары - Гусейн Свооглының ұлты әзербайжан. Жастарды Көкпекті ауылы таныстырып, табыстырған.

Бүгінде әже болып отырған Минижиан 1953 жылы Көкпектіде дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Семейдегі педагогикалық институттың физика-математика факультетін тәмәмдап, 42 жыл Көкпекті орта мектебінде ұстаздық қызметте болған. Ал, Гусейн ата 1951 жылы Азербайжан республикасының Ленкоран қаласында дүние есігін ашқан. 1972 жылы Көкпектіге көшіп келгеннен кейін құрылыспен айналысқан. Сол қызметте жүрген кезінде өмірлік жан жолдасы Минижианды кездестіріп, бірден ұнатқанын бізге майда қылжақпен баяндап берді. – Біз кемпіріміз екеуміз 1973 жылдың 5 желтоқсанында таныстық. Бір көргенннен ұнаттым. Осы қызбен шаңырақ көтеруге бел байлап, 1974 жылы наурыз айында отбасын құрадық. Содан бері, міне, қанша жыл өтсе де тату-тәтті ғұмыр кешудеміз. Үш қыздың әкесімін. Бейбітшілігі жарасқан елім, кең байтақ жерім бар. Сондықтан менен асқан бақытты жан жоқ! – дейді Гусейн ата.

Отасқан жылдарын ғана емес, тіпті танысқан күндеріне дейін естерінде сақтаған екі қарттың махаббатына таң қалмасқа амалың жоқ. Осындай ғашықтық сезімнің нәтижесі - раушандай жайқалған үш қызы. Бүгінгі күні қыздары бір-бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырған үлгілі ана. Үлкен қызы Адия орыс жігіті Николаймен шаңырақ көтеріп отбасымен Павлодар қаласында. Ортаншы қыздары Мадина Серік есімді қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, Семей қаласына қоныc тепкен, кенжелері Альфия әкесі қазақ анасы орыс, яғни ұлты қазақ Анатолий есімді жігітпен отбасын құрып, Көкпекті ауылында тұрады. Аталған қыздарынан асыл сүйекті қарттарымыз 8 немере сүйіп, солардың қызығын көріп отыр.

Біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің баста-уы - Қазақстан халқының ор-тақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айналды. «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады» деген дана бабаларымыз. Көкпекті жерін мекендеп жатқан интернационалды отбасылар соның бірден бір айғағы десе де болады. Махаббат толқынында бірге жүзген қарттарға мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз.

Жанерке АБЫЛХАН

Read more

ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ БАҒАЛАЙ БІЛУДІ ҮЙРЕТУ ПАРЫЗЫМЫЗ

Самар орталық кітапханасынды Ассамблеяның 20 жылдығына орай «Салт-дәстүрім – асыл қазынам» атты са-йыс өтті. Бұл сайысқа Самар аграрлық-техникалық колледж студенттері (ұлдар) командасы мен Ж.Болғанбаев атындағы орта мектептің қыздар командасы қатысты.

Жеті кезеңнен тұратын сайыстың алғашқы кезеңінде таныстыру болып, ұлдар командасының таныстыруы сәтті шықты, ал екінші кезеңде екі жақ та өздері білім алып отырған мекеменің тарихын баяндады. «Ұлттық ойындар мен оюлар – ата-баба мұрасы» деген кезеңде ұлдар асық ойнауды насихаттаса, қыздар оюлардың түрі, оны қалай ою керек екендігін көрнекілікпен көрсетті. Әрине, сайыс болған соң өнерлері де сынға түспей қалмады. «Қамажай биін билеген қыздарға студент Толқын Юра  қарсы шығып, ән айтты.

 Сайыс барысында «қазан шегелеу», «ақ», «жаңбыр шақыру», «ат қою», «тәбәрік» сөздеріне түсінік беріліп, «Бесікке салу» дәстүрі көрсетілді. Қыздар командасы «Әдепті бала – арлы бала, әдепсіз бала – сорлы бала» атты көрініс көрсетті. Сайыс соңы екі команданың  қосылып «Қара жорға» биін билеумен аяқталды.

«Елімнің дәстүр - салтын ардақтаған,

Өсеміз ұлан болып ел мақтаған», - дегендей, ұлтының салт-жоралғыларын біліп өсу өскелең ұрпақ үшін зор міндет. Бүгінгі са-йыстан олар талай тәлім алып, есте сақтап, ертеңгі күні басқаларға жеткізері сөзсіз. Бір ғана сайыспен шектеліп қалмай, жастарымызға құндылықтарымызды бағалай білуді үйрету біздің  парызымыз.

Клара НҰРПЕЙІСОВА

 

Read more

ЖЫЛЫЖАЙДА ЖҰМЫС ҚЫЗЫП ТҰР

Былтырғы жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аясында ауданда 4 жоба жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны 19 миллион теңге. Халықаралық ұйым жүзеге асырылар жобалардың құнын аудан халқының санына орай бөледі. Жобалардың негізгі бағыты «жасыл экономика» үдерісін қолдану.

«Жасыл экономика» - бұл табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын сақтауға бағытталған, сондай-ақ соңғы пайдалану өнімдерін өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз ететін экономика. «Жасыл» экономика бірінші кезекте, қазіргі уақытта сарқылуға ұшыраған пайдалы қазбалар – мұнай, газ ресурстарын үнемді тұтынуға және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған.

Жасыл экономиканың негізінде – таза немесе «жасыл» технологиялар жатыр. Мамандардың айтуы бойынша «жасыл» экономиканы дамыту, көптеген постиндустриалды елдерде өзінің ауқымымен қозғаған экологиялық дағдарысты біздің елде болдырмауға мүмкіндік береді.

Еліміздегі тұрақты даму үрдісін ескеретін болсақ, жасыл экономика - бұл теориялық түсінік емес, нағыз өміршең мәселе. Кешкі уақытта көшелерді жарықтандыру мақсатымен жоба аясында Көкпекті ауылына жарықдиодты энергия үнемдеу шамдары орнатылды. Самар және Көкпекті коммуналдық шаруашылықтарына суды тоқтаусыз жеткізу және қуат көзін үнемдеу үшін ескі насостардың орнына жаңа, үнемді құрылғылар алынды.

Сонымен бірге, аудан орталығындағы екі мектеп жанынан қос бірдей жылыжай бой көтерді. Бұл күні аталмыш жылыжайларда жұмыс қызып тұр. Күзде тұрғызылған жылыжайда бұл күні қияр, қызанақ, аскөк, бұрыш өсірілуде. Сан түрлі гүлдер де енді қылаң беріп келеді. 

 

- Алғаш салынған күннен бастап осы жылыжайда жұмыс істеп келемін. Күзде тұрғызылғаннан бері Көкпектінің қаратопырағын кіргіздік. Құнарлы топыраққа түскен дән күтім мықты болса жақсы өнім беретіні сөзсіз. Енді қылаңдап шығып келе жатқан өсімдіктің небір түрін күтіп-бағудың сыры да көп. Ерінбей жұмыс істеген жанға бұл жылыжай деген нағыз сыйлық, - дейді еңбекқор Рашид Байпақбаев.

Осылайша, халықаралық ұйым жобасының аясында салынған жылыжай көкпектіліктердің игілігіне қызмет етуін бастады. Алдағы уақытта шыққан өнімдер мектеп асханасындағы ас мәзірінде, білім ордасындағы сан алуан шараларда пайдаланылмақ.

Дархан БЕРДІБЕК

Read more

ҰЛТТАР ДОСТЫҒЫНЫҢ АЛТЫН БЕСІГІ

Бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті – бұл әр күн сайын біздің қасиетті жеріміздің өсіп-өркендеуіне өзінің жаны мен жүрегін салып жүрген барлық 17 миллион қазақстандықтың жанды шығармашылығы. Бізде әр этнос басқа этностардың өрнектерімен үйлестіре отырып, өз өмірінің өрнегін құрып келеді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев

Толықсып дән өседі егісінде,

Төрт түлік мал қаптаған өрісінде.

Сан ұлттың өкілі бар бұл аймақта,

Бас қосқан заманының зор ісінде.

Жергілікті ақын Нәкен Серікбаев пен композитор Нұрлан Шапатовтың «Көкпекті вальсі» туындысының әуенімен тербелген жыр жолдары бұл. Тоқсаныншы жылдардың соңында дүниеге келген өнер туындысы Көкпекті ауданының бар болмысын айшықтап тұр. Шалқар шабыт пен жүрек тебіренісі тудырған шығарма туған өлкенің өткені мен бүгінін, жарқын болашағын жырлау өзектілігін сан ғасыр өтсе де, сан ұрпақ алмасса да жоғалтпақ емес. Ғасырлар бойы қазақтың кең байтақ даласын мекендеген ұлт пен ұлыстардың ынтымағы мен бірлігі өзек болған өнер туындысының да тындарманға айтпағы осы.

Қойнауы құт Қалбадан бастау алып, сайын дала Сарыбелге ұласқан Көкпекті ауданында бүгінгі күні жиырмадан астам ұлт пен ұлыстың өкілі бір атаның баласындай тату-тәтті тіршілік етуде. Олардың барлығы Толағайдың төсінде туып, өсіп-өнген ұрпақ. Тағдыр талайымен, бірі көшіп, бірі жер ауып, тың игеріп келген сан ұлттың ұрпағы қазақ даласын Отаным деп біледі. «Қасиетті қарашаңырақ» деп пір тұтады.

Мұрағат деректерінде және Қалихан Ал-тынбаевтың «Көкпекті» кітабында біздің ауданға өзге ұлт өкілдерінің қоңыс аударуы, келу себептері мен орналасуы туралы мол мәлімет бар. Тарихи деректер бойынша Көкпекті бекінісі салынған 1763 жылдан осы өңірге орыс-казактар қоңыстануы бас-талады. Оларға ішкі Ресейден келген шаруалар, саяси себептермен жер аударылғандар, татарлар қосылып отырған. Көкпекті жеріне ең алғаш татар ұлтының өкілдері 1804 жылы келе бастаған. Қалихан Алтынбаевтың жазуы бойынша, Көкпектіде округ құрылып, өнеркәсіп молайған соң татар диаспорасы да қанатын кеңге жайған. Сол заманда Көкпекті өзенінің сол жағалауы «Татар слободкасы» атанған екен. 1908-1914 жылдары, Столыпин реформасынан кейін патша үкіметі гагауздарды қазақ даласына жер аударып, олардың бір тобы Көкпекті аймағына келіп қоңыстанды.

Біздің ауданға неміс, поляк, шешен ұлттары 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде жер ауып келген. Поляктар соғыс біткенде еліне қайтса, шешен, неміс ұлтының көптеген өкілдері ауданда тұрақтап қалды. Ел басына күн туған сұрапыл соғысқа ауданнан қазақ, орыс, украин, өзбек, беларусь, поляк, еврей, мордва ұлтының өкілдері аттанып, Отан қорғауда тізе қосып шайқасты. Ауызбіршілік пен тағдыр табыстырған достықтың арқасында Кеңес халқы Ұлы Жеңіске қол жеткізді. Ауданнан шыққан 9 бірдей Кеңес Одағының Батыры атанған абзал азаматтарымыз отансүйгіштік пен ерліктің һас үлгісі.

Ауданға өзге ұлт өкілдері келуінің тағы бір кезеңі тың игеру науқаны болғаны анық. Тың игерілген кеңшар «Ұзынбұлақтың» алғашқы қазығын қаққан тың игеруші Мырзабек Өтебековтің естеліктерінде осы кезеңге байланысты мәліметтер көп кездеседі. «Ұзынбұлақ» кеңшарының алғашқы тұрғындары украин Иван Юрченко, армян Завен Тоноян, неміс Владимир Браун, болгар Иван Петров, молдаван, Алексей Байш болған екен. Тың иегеру науқанында қажырлы еңбек пен берекелі бірлік тоғыстырған тағдырлардың мекеніне айналған Ұзынбұлаққа барлығы 21 ұлттың өкілі келіпті.

«Жұлдыз» газетінің 1974 жылғы 19 ақпандағы 22 санында Социалисттік Еңбек Ері Анатолий Булгактың «Сплоченность» деген жазбасы сақталыпты. Онда «Біз, комсомолдар мен жас-тар тобы, тың игеру үшін Молдавиядан келдік. Біз жергілікті тұрғындармен ортақ мақсат жолында еңбек етіп, қайғы мен қуанышты бірге бөлістік. Бүгін тың даласы құлпырып тұр. Осы мақсатта біз, қазақтар мен орыстар, украиндар мен молдавандар, эстондар жұдырықтай жұмылып, иін тіресе еңбек еттік» деген Батырдың жүрек толғанысы жеткізілген.

Соғыстан кейін аудан тұрғындары үлкен бір отбасындай барлығы бірігіп, құлдыраған шаруашылықты көтерді, бірлік пен жарқын болашаққа деген сенімнің арқасында биік белестерді бағындырды. Қай салада болмасын, оларды бір мүдде тоғыстырды. Ол – Отанға деген сүйіспеншілік, өз ісіне деген адалдық және кәсіби шеберлік. Михайл Самарский, Дарья Парий, Иван Ипатко, Максим Цепура сынды еңбексүйгіш жандардың маңдай тері бағаланып, Социолисттік Еңбек Ері атағы берілді.

Сол замандағы тың игерушілердің бірқатары Кеңес Одағы ыдыраған соң тарихи Отанына қайтып кетті. Алайда, осында қалып, туған жеріне ту тіккен олардың ұрпағы әлі күнге ауданымызды мекен етуде.

Қазіргі уақытта ауданымызда этносаралық достықты нығайту, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарын насихаттау мақсатында  қазақтардың «Асыл мұра» және «Мирас», орыстардың «Вера», татарлардың «Туған яқ моннары», немістердің «Хоффнунг» этнобірлестіктері құрылған.

Аудандағы этносаралық білдестік пен ынтымақ саласына зор үлес қосып жүрген Сихварт Елена Павловна, Шарова Надежда Васильевна, Красникова Надежда Александровна, Шнайдер Таисия Васильевна, Пономарева Наталья Викторовна, Каримова Альфия Габдульнурқызы, Нечаева Тамара Ивановна, Гебель Лариса Клименьтенва, Кутеталадзе Валентина Федоровна, Штукерт Галина Аркадьевна, Галиева Альфия Гусейновна сынды жерлестеріміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлы достықтың алтын көпірі болып жүр.

Қазақ халқын достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы уықтары іспетті. Көңілі жомарт, пейілі кең жұртымыз көптеген ұлт пен ұлысты ұйыстыра білді. Бір шаңырақ астында достық жырын әуелеткен көпұлтты халқымыздың әрдайым бірлігі бекем, ынтымағы берік болсын!

Дархан БЕРДІБЕК

Read more

БЕРЕКЕ ТҮБІ БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚТА

Құрметті аудан тұрғындары!

Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Құрылғанына 20 жыл толып отырған Қазақстан Халқы Ассамблеясының алғашқы съезінде сөйлеген сөзінде   Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық табыстарымыздың түп қазығы мен негізі этносаралық татулық пен бірлікте жатқандығын қадап айтқан.

Еліміз бірлік мекеніне айналып қана қоймай, еліміздегі ұлттар мен ұлыстар «Мен қазақстандықпын!», - деп көтеріңкі көңіл күймен, отансүйгіштікпен, патриоттық сезіммен айтатын күнге жеттік. Оның жарқын мысалын аудан өмірінен де айқын көріп отырмыз. Ауданда ондаған ұлттың өкілі бір үйдің баласындай, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде.

Қазақстан Республикасын мекен еткен 130-дан астам ұлт өкілі күні бүгінге дейін ынтымақтастықта, бір шаңырақ астында тату-тәтті, жарасымды тіршілік кешіп келеді. «Жүзі басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір», мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды, сондай-ақ қазақ халқын қарапайымдылығы, қонақжайлылығы, бауырмалдылығы үшін ерекше бағалайды. Қазақстанның бұған дейінгі жетістігі де, бұдан кейінгі алар асуы да, шығар биігі де елдегі ынтымақ пен татулыққа, бірлікке тікелей байланысты екені даусыз. Бірлігі берекелі, тірлігі тиянақты, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, Мәңгілік еліміз жасасын, барлықтарыңызға жақсылық пен бейбіт күн тілеймін!

Рамиль Сағандыков,

Көкпекті ауданы әкімінің м.а.

Read more

ЖЕТІСТІК НЕГІЗІ - ОРЫНДАУШЫЛЫҚ ТӘРТІП

20 сәуір күні әкімшіліктің мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін атқарушы Р.Н.Сағандыковтың төрағалық етуімен аппараттық отырыс өткізілді. Жиында суармалы жерлерді игеру, жылу беру маусымының қорытындылары мен жаңа маусымға дайындық, көктемгі су тасқыны кезеңіндегі қолға алынған шаралар мен алдын алу жұмыстары, алдағы мерекелік шараларға дайындық барысы туралы мәселелер қарастырылды.

Ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы М.Теміржанов аудандағы суармалы жерлердің игерілуі мен технологиялардың қолданылуы туралы баяндады. Алқаптарды суғару барасында біздің ауданда арықпен су жіберу және жаңбырлату технологиялары ғана қолданылады. Марат Қапарұлының мәліметі бойынша тамшылатып суғару әдісін пайдаланушылар жоқ. Аудан басшысы ауылшаруашылық бөліміне 3 магистральдық каналдың жобалау-сметалық құжаттарын қайта есептеу бойынша іс-әрекет жүйесін қалыптастыруды тапсырды.

Жылу беру маусымы аяқталды. Алайда, биылғы қыс көрсеткендей бұл салада әлі де күрмеуі шешілмеген түйінді мәселелер баршылық. Рамиль Нығметжанұлы келесі жылу беру маусымына дайындық барысында шығынды азайтып, тиімді пайдалану жолдарын қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ, ақпарат берген Тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басшысы Р.Бектасов пен білім беру бөлімінің басшысы Ш.Мустафиноваға білім беру мекемелеріне жеткізілетін көмір бағасын тұрақтандыру, неғұрлым төмен бағамен алу жолдарын қарастыру міндеті жүктелді.

Көктемгі су тасқыны кезіндегі іс-әрекеттер барысындағы аудандық қызметтердің бірізділігі мен ауызбіршілігі қуантарлық. Одан бөлек, жұмыла көтеріліп, береке-бірлігін паш еткен шұғылбайлықтардың ынтамқты әрекеті де атаусыз қалмады. Десек те, алдағы күндері ауа температурасының жоғарылауы күтілетініні ескеріліп, тиісті органдарға кез-келген жағдайға да-йын болу керектігі баса айтылды.

Барша адамзат тарихында өшпес із қалдырған Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына санаулы күндер қалды. Мерекелік шараларды лайықты деңгейде өткізу бойынша ауданда арнайы жұмыс тобы, ішкі саясат бөлімі, барлық идеялогиялық қызметтер қарқынды жұмыс жүргізуде. Бұл тұрғыда уақыттың тығыздығын ескере отырып, барлық жердегі дайындық жұмыстарын жандандыру қажеттілігіне назар аударылды.

Сонымен бірге, аппараттық отырыс барысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша алынған несиелік қаражаттың қайтарылымы бойынша мәселелер қаралды. Отырысты қорытындылай келе, Рамиль Нығметжанұлы аудандық қызмет басшыларының назарын өз ісіне деген жауапкершілікті терең сезіне білу және сеніп тапсырылған саладағы орындаушылық тәртіпті қатаң сақтауға аударды.

Дархан БЕРДІБЕК

Read more

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30      

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз