Асқан жанашырлықпен, үнеммен пайдаланбаса судың да сұрауы бар екенін соңғы жылдары жақсы түсіне бастағандаймыз. Баяғыдай «су – тегін» дейтін заман жоқ. Биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында да Президент дамыған 30 елдің қатарына кіру бағытында «Қазақстан-2050» Стратегиясы жол сілтейтін шамшырақ ретінде еліміздің негізгі мақсаттарын жоғалтпай, адамдардың күнделікті өмірінің проблемаларын шешуге мүмкіндік беретінін баса айтты. Жолдауда Елбасы «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес суармалы жерлердің 15 пайызын су үнемдеу технологияларына көшіруді, су тапшылығы мәселесін шешуді басты назарға алуды тапсырды.
Иә, топыраққа дән сеуіп, аспаннан жаңбыр күтіп, табиғаттың рақымшылығына үміт артып отыратын құнарлы қара топырақты алқаптарға егілетін егін, бау-бақшадан алынатын өнімге қарағанда қолмен суарылатын жерлерден әлдеқайда мол пайда табатынымыз белгілі. «Жеті күн жауған жаңбырдан желіп өткен су артық» деген нақыл сөз сондықтан айтылған болар. Кеңестік кезеңде суармалы егістікке аса мән берілген еді. Соның нәтижесінде өлкемізде сандаған су қоймалары салынып, бөгендер жасалып, арық-тоғандар тартылып, қыруар қаржы жұмсалған. Алайда, тоқсаныншы жылдары соның көбі құрдымға кетіп, нәтижесінде алқаптар ауқымы тым азайып кеткені шындық. Енді, міне, сол олқылықтың орнын толтырып, кеткен кемшілікті қайта түзеу, сөйтіп сулы да нулы аймағымыздың табиғат берген ен байлығын барынша пайдалану мақсатты түрде қолға алынды. Оның ауыз толтырып айтарлық нәтижелері де жоқ емес. Оған соңғы жылдары ауданымыздағы «Теректі» ШҚ осы бағытта атқарылып жатқан қыруар жұмыстар дәлел.
Ерінбей еткен еңбегінің арқасында Жер - Ананың төсін еміп, мол өнімге ие болып отырған еңбекқор жандардың бірегейі теректілікҚанат Садықов өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыру мақсатында жаңбырлатып суару әдісін қолданып отырған жанның бірінен. Ірі шашыратқыш жаңбырлатқыштар суарудың салыстырмалы түрде алғанда арзан әдісі, жер бедерінің ерекшеліктеріне ыңғайланғыш, ол арықпен суару әдісіне қарағанда суарудың біркелкі болуына үлкен мүмкіндіктер береді. Аталған шауашылықта бұл сынды қондырғының ДДН-70 үлгісі қолданыста. Бүгінгі таңда егістік алқабында аталмыш техникамен 4 трактор қызу еңбектің бел ортасында жүр. Жаңбырлатып суару әдісі бір жағынан суды үнемдеуге сепітігін тигізсе, екіншіден адам күшіне деген қажеттілікті азайтып, сапалы өнім алуға мүмкіндік артады. –Қазіргі таңда жұмысшылар жоңышқа алқабын суаруда. Бұл өнімді бір рет жинап алған болатынбыз. Енді суарылғаннан соң екінші мәрте, тіпті, табиғат жағдайы қолайлы болып жатса үшінші қайтара жинап алуды жоспарлап отырмыз. Егістік алқабы үстінен тартылып жатқан шлюзге су арықтан сорғыш моторлары арқылы жеткізіледі. Біздің иелігімізде бұл техниканың 5 бірлігі бар. Олардың 3 электр қуатымен жұмыс істесе, 2 дизельді болып келеді. Осы шлюзден суды сорып алып шашатын екі қанатты агрегатты «иығына іліп алып» жүретін трактор бір орында бір сағат аялдайды. Бұрқыраған судың екіпіні 70 метр аумаққа шашырайды. 1 қондырғы күніне 15 гектар жерді суаруға қауқары жетеді. Бүгін жоңышқаны суарып болсақ, ертеннен бастап 300 гектар аумақты алып жатқан бидайдың «шөлін қандырамыз», - дейді 2 жылдан бері осы әдіспен суаруды қолға алған Қанат Бидахметұлы. Жаңаға жаны құмар қожалық басшысы әрдайым Ресейге барып, шет ел әріптестерінен үлгі алудан жалыққан емес. Мәселен, жуырда ғана Барнауылға сапар шегіп, заманауи техникалардың көрмесін көріп қайтқан. Сондағы мақсаты –озық үлгідегі, тиімді суару қондырғысын сатып алу. – Сәтін салса, 2015 жылы көздеген мақсатыма жетіп, жаңа суару қондырғысын аламын деген ойдамын, - дейді шаруа.
Былтырдан бастап шаруа қожалығы арыш егуді алғаш рет қолға алса, биыл соя өсіруге бел буған. Қожалық иелігіндегі жалпы жердің 3609 арыш, 290 гектарына соя егілген. Оның айтуынша, соя өсірудің тиімділі – оның әр килограмы жоғары бағаланады және шет елде, әсіресе, Қытай жаққа сұранысқа ие. Бұл өнімнің тұқымын қожалық басшысы Үржар, Талдықорған және Өскемен алқаптарынан сатып алып келген екен. Ал, арыш құрғақшылыққа төзімді әрі Ресей мемлекеті оны саудалап алуға әрдайым дайын. Аталған өнімдерге тамыз айының соңына қарай орақ салу жоспарланып отыр.
Суармалы алқаптарды игеруде кеңес заманында қолданылған «Жаңбыр» деп аталатын әдісті жаңғыртып, оның біршама жетілген түрін егістік көлемін арттыруда қолданып отырған, сондай-ақ, астық тұқымдарының жаңа мәдениетін кеңінен енгізіп жатқан шаруа басшысы “жақсыдан үйрен, жаманнан жирен” деген нақыл сөзді жанына бекем ұстаған. Ендеше, осындай еңбек адамына жұмысыңыз сәтті, көмбеңіз астыққа толсын деген тілегімізді білдіреміз.
Арайлым МИРАТҚЫЗЫ
Аудан әкімі Д.М.Мусин Сарыбел, Палатцы және Миролюбовка ауылдық округтерінің тұрғындарымен қосымша қорларды іздестіру мәселесі бойынша жиналыс өткізді. Ол кеңестің қорытындысы бойынша ауылдық округ әкімдері мен аудандық қызмет басшыларына хаттамалық тапсырма берді. Сарыбел және Палатцы ауылдық округтерінде бір ай ішінде атқарылған жұмыстың барысымен танысу мақсатында аудан әкімінің орынбасары А.Әкімовамен бірге жұмыс сапарына шыққан едік.
Сарыбел ауылының шағын құрамдағы белсенділері мен ауылшаруашылық өкілдері және кәсіпкерлер қатысқан жиында Сарыбел ауылдық округтің әкімі К.Сакунова округтің жұмыс жағдайы туралы ақпарат беріп өтті.
Ауылдық округ әкімі аппараты ауыл тұрғындарымен және кәсіпкерлерге жерді сатып алу, құжаттарды рәсімдеу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Алайда, қазіргі таңда бюджетке бірде-бір қаржы түскен жоқ. Мойынында қарызы бар адамдар берешекті тек қыркүйек айында ғана өтелейтіндерін айтып, уәде беруде. Қаржы бөлімінің жетекшісі Г.Смағұлова қосымша қорлар бойынша барлық көрсеткіштердің өзгеріссіз, сол қалпында қалғандығын жеткізді. Жеке меншік дүкендердің қожайындары бір ауыздан салықты мұқияті төлеп, жалдамалы жұмысшылардың жалақысын 30 мың теңгеге дейін көтергендерін айтты. «Батырақ»ШҚ өкілінің айтуынша, шаруашылықта 52 адам еңбек етеді. Олардың барлығымен еңбек шарты бекітіліп, тиісті төлемдер жасалады. Жалдамалы жұмысшылардың орташа айлық еңбекақысы 47-48 мың теңгені құрайды. Ал астық жинау кезінде комбайыншылардың жалақысы 200 мың теңге дейін көтеріледі. «Далабай» шаруа қожалығында да барлық жалдамалы жұмысшылар ресми түрде рәсімделген. Ал жағалаудағы жер иелері бойынша бұл мәселе әлі де шешімін таппай отыр.
Кездесуді қорытындылай келе, Алмагүл Жанахметқызы аудан әкімінің барлық тапсырмасын орындауда округ әкімі аппаратының атқарған жұмыстарын қанағаттанарлықсыз деп атап көрсетті. Ол демалушыларға үйді жалға берушілерді есепке алу керектігін қадап айтты. Олар жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелуге міндетті. Тұрғындар тарапынан тасымалданатын көмір бағасының жоғарылығына байланысты (1 тонна 9 100 теңге) көптеген наразылықтар айтылды. Сонымен қатар, жүк машинасы бар тапқыр сарыбелдіктер көмірді жеткізіп беру үшін жерлестерінен бір рейске 4000 теңге алады.
Палатцы ауылдық округінің әкімі Б.Мұқышевтің мәліметі бойынша, жалпы 600 мың теңгенің қосымша қоры өндіріліп алынған. Тек «Эльдар» қожалығының бір өзі қорды 2 млн. теңгенің түсімімен толықтыруға қабілетті. «Бірақ бұл мәселе әзірге шешімін таппай отыр». Подгорный ауылында Мамырбаев дүкенге ие болса, Р.Қозығұлов мал шаруашылығы фермасын рәсімдеуде. Ал Р.Дүзбенбетов жерді сатып алу бойынша құжаттарын әзірлеуде. Бұл жұмыстарды әлдеқайда іске асырып тастауға болар еді. Алайда, қоныстандырушы В.Паксюткиннің салбырлығына байланысты іс орнынан жылжымай отыр. Рәсімделмеген нысандар қатарында «Алтай» ШҚ (Б.Ғабитов), «Эльдар» ШҚ (Е.Шакиров) жылжымайтын мүліктері бар. Округтегі жерлерді түгендеу жұмыстары жүргізілген, пайдаланылмаған, артық жерлер жоқ. Шаруа қожалықтары жылдың соңында салықтарын төлейді. Әңгіме барысында «Алтай» ШҚ көптеген мал шаруашылық нысандарынан бас тарып отырғаны анықталды. Енді осы мәселені қарастыру – алда тұрған міндеттердің бірі.
Жалдамалы жұмысшыларды ресми түрде рәсімдеу мәселесі бойынша округ әкімі аппараты 5 жалдамалы жұмысшысы бар «Алтай» шаруа қожалығының еңбек шартының үлгісін таратты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының екі қатысушысы Палатцы ауылында тұрғындарды нан өнімдерімен қамтамасыз ету үшін наубайхана ашып, құс шаруашылығын дамытумен айналыспақ.
–Қарқынды жұмыс жасап, тиісті органдарға, әріптестерге жүгінген жөн. Сіздерге халық үміт артып отыр. Сол себептен олардың мәселелерін шешу – сіздердің басты міндеттеріңіз. Халықтың қызығушылығын оятып, көшуге насихаттап отыруларыңыз қажет. Жылдың аяғына дейінгі салықтардың түсімі бойынша болжауларыңыз да жоқ, - деп қадап айтты аудан әкімінің орынбасары.
Ардагерлер кеңесінің өкілі, құқық қорғау органының ардагері В.Лебеденко әрдайым туған өлкесінің шашбауын көтеріп, ауылының көркеюі бойынша округтің жас әкіміне қолдау көрсетіп отырады. Оның айтуынша, кассалық аппарат барлық сауда орындарында бар әрі сатып алушыларға чек беріледі. Кәсіпкерлер жалдамалы жұмысшыларсыз жұмыс істейді.
Округ әкімінің айтуынша, жағалаудағы мәселе шырғаламы көп жағдай – ол әлі шешілген жоқ, иесі де табылмады. «Жер комитеті немесе басқа да арналар арқылы іздестіру керек, нәтижесі болуға тиіс. Әкім осы мәселені мықтап қолға алып, айналысуы керек», - деп түйіндеді өз ойын Алмагүл Жанахметқызы.
Қанат АПСАДЫҚОВА
Еліміз егемендік алған күннен бастап Елбасы Н.Ә.Назарбаев өңірлерді өркендету, қалалар мен ауылдарды абаттандыру және көгалдандыруға үлкен мән беріп, жүйелі жұмыстың барысын қатаң бақылауда ұстап келеді.
Дана халқымызда «Туған жер – тұғырың» деген аталы сөз бар. Сондықтан, ауылдарымыз бен көшелеріміздің әсем де әдемі, таза да көрікті болуы көпшілікпен бірге атқарылатын, тәрбиелік және мәдени мәні жоғары іс деп білеміз. Ауданымызда бұл бағытта көптеген игілікті жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, жаяуы да, көліктісі де, жандысы да, жансызы да көше бойымен жүретін көкпектіліктерді бүгіндері қуантып отырған жайт –жаяужолдың төселуі. Аудан орталығында жол жиегін жөндеу жұмыстары қолға алынғандығы жөніндемердігер "Көкпекті Жолдары" ЖШС директоры Г.Нұрғалиева былайша баяндап берді:
-Жобалы-сметалық құжаттарға сәйкес жергілікті бюджеттен жол жөндеу жұмыстарына 21 млн. 539 152 теңге қаражат бөлінген болатын. Бұл Қабанбай батыр көшесінен бастау алатын жаяужол Ж.Шайжүнісов мектебіне дейін, барлығы 1,7 шақырым жолдың бойына төселмек. Қазіргі таңда, өлшеу жұмыстары жасалып жатыр. Алдағы уақытта бордюрлер қоюды қолға алмақпыз. Сондай-ақ, қосымша 8 су жіберу құрылғылары да орнатылуда. Бұған қоса, осы бөлінген қаражатқа Биғашқа шығатын жолға қисық сызықты діңгек орналастырылды.Жобаның жүзеге асырылу мерзімі 2014 жылдың маусым-шілде айларын қамтиды, - дейді ол.
Бұл оқушылардың жүретін жолы екендігін де ескерсек, алдағы уақытта тротуарлар жаяу жүргіншілер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететіні сөзсіз. Гүлназ Нұрғалиеваның айтуынша, жол қозғалысының қауіпсіздігі ең маңызды, әрі негізгі мемлекеттік мәселе. Осы мәселені шешу кезінде аса маңыздысы, ол жол қозғалысы мүшелерінің ішіндегі ең кішкентай жаяу жүргіншілеріміз – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Жұмыс қарқынды жүріп жатқанымен, орын алып отырған олқылықтар да жоқ емес. –Біз ауылымызды көркейту жолында еңбек етіп жатырмыз. Алайда, мұны кейбір тұрғындар түсінбейді, наразылықтарын білдіруде. Себебі, жаяужол тұрғындардың дәл қақпасының алдынан төселуде. Кейбір үйлерде көліктер тұратын орын бар,оларды да ескеріп жатырмыз. Жаңа жаяужол тұрғындардың игілігі үшін екенін түсінсе дейміз олар, - дейді "Көкпекті Жолдары" ЖШС директоры.
-Туған ауылымыздың көркіне көрік қосу үшін жұмыс істеп жатқанымызға мақтанамыз. Ауылымыздың сәнін келтіруде өз қолтаңбаңды қалдыру да мәртебе әрі материалдық жағынан өзімізге де пайдасы зор, - деді пікірін білдірген жұмысшы жігіттер.
Біз олардың жұмысына сәттілік тілей отырып, көше тұрғындары бұл істің қаншалықты пәрменді болғанын келесі жылы өздері-ақ байқайды демекпіз.
Жібек ЕРЛАНҚЫЗЫ
Жалпы, сот жүйесі мамандары Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік кызмет туралы» Заңының негізінде мемлекеттік қызметшілердің қатарына жатады.
Ал, мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылып, мемлекеттік қызметшілердің адамгершілігі және моральдық-этикалық бейнесіне жоғары талаптар қояды. Сотта қызмет атқарып отырған әрбір маман мемлекеттік кызметші ретінде өзінің барлық қайрат-жігерін, күші мен тәжірибесін атқаратын кәсіби қызметте жұмсауы заңды. Өйткені, оған өзінің Отанына, Қазақстан Республикасының сот жүйесіне, соттың беделі мен коғамдағы орнын жоғары көтеруге, сотқа келген әр азаматтың конституциялық құқығы мен мүддесін қорғауға адал да қалтқысыз қызмет етеді деген сеніммен міндеттер жүктелген.
Сот маманы жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, мемлекеттің тілге және басқа тілдерге, сот жүйесінде, мемлекетік қызметте қалыптасқан салттар мен дәстүрлерге құрметпен қарап, сот жүйесінің абыройы мен беделін көтеруге, заңгер мамандығының ең жоғары сатысы судьялыққа жетуге барлық күш-жігерлерін, ақыл-ойларын жұмсауды мақсат тұтулары қажет.
Л.Құнанбаева, Көкпекті ауданының
№ 2 аудандық сотының кеңсе меңгерушісі
2002 жылғы 20 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 57-ші сессиясы жыл сайын 23 маусымды - Біріккен Ұлттар Ұйымының Мемлекеттік қызмет күні деп жариялап, сәйкес қарар қабылдаған еді. Сонымен қатар, БҰҰ мүше мемлекеттерді дәл осы күнді Мемлекеттік қызметкерлер күні деп тануға шақырған болатын. Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының 2013 жылдың 23 маусымындағы қаулысына сәйкес бұл күн Мемлекеттік қызметкерлер күні деп белгіленді.
Осы атаулы күнге орай Қ.Алтынбаев атындағы Мәдениет үйіне өздерінің кәсіби мерекелерін атап өту үшін ауданымыздың мемлекеттік қызметкерлері жиналды. Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Д.М.Мусин мемлекеттік қызметтің қалыптасу жолдары, басқару органы қызметкерлерінің жаңа саңлақтары – мемлекеттік қызметкерлердің пайда болуы және дамуы мен олардың халық, қоғам алдындағы атқарар міндеттері жайлы баяндады. Барлығын кәсіби мерекемен құттықтай келе, аудан әкімі мемлекеттік қызметтің ардагерлерін ерекше атап, халық пен мемлекет игілігі жолында жасаған талай жылғы еңбектері үшін алғысын білдірді. – Сіздер біздің ауданның өркендеуіне, тоқырау уақыты саналатын 90-шы жылдары оның әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына ерекше үлес қостыңыздар. Сол кездері барлық жауапкершілік сіздердің арқаларыңызға жүктелген еді. Сондықтан, бүгінде қолымыздағы барымыз үшін сіздерге қарыздармыз, - дей келе, Дүйсенғазы Мағауяұлы барлық ардагерлерге алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар, бүгіндері өз міндеттерін абыроймен атқарып, ауданның дамуына сүбелі үлес қосып жүрген қатардағы мемлекеттік қызметкерлер де ілтипатқа бөленді. Бұл күні мемлекеттік қызметкерлер қатарына жаңадан қосылып жатқан жастар салтанатты түрде ант қабылдады. Олар өз мәртебелерін лайықты түрде алып жүруге және адал, риясыз халыққа қызмет көрсетуге серт берді.
Аудандық мәслихат хатшысы Рәмзи Беспаев мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Облыстық басқарма басшысы Т.Жұмағұлов атынан аудан әкімі Д.М.Мусинге алғыс хат табыс етті.
Өз ісінің үздігі аталған майталман қызметкерлердің талайы бүгіндері арамызда жоқ. Жиналған қауым оларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Надежда Красникова жиналған қауымға ақ тілегін жеткізе келе, мемлекеттік қызметтің беделі мемлекеттік органдардың халыққа көрсететін қызметтерінің сапасына байланысты екенін атап өтті. – Мемлекеттік қызметші болу – бұл тек абырой емес, ол зор жауапкершілік, - деп, барлығына бақыт пен жақсылық тілей отырып.
Кәсіпкерлер Палатасы филиалының төрайымы Әлия Мұқашева мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтай келе, білім беру бөлімінің басшысы Ш.Мұстафиноваға, Миролюбовка ауылдық округі әкімі Г.Асаупқа және кәсіпкерлік бөлімі басшысы міндетін атқарушы М.Смағұловқа гүл шоқтарын табыс етті.
Болат Бекенов әріптестері Р.Бектасов, М.Теміржанов және Е.Құдайбергеновтың атынан қарауында жұмыстың ең қиын өндірістік учаскелері бар аудан әкімінің орынбасары Р.Сағындықовты құттықтады.
Жүрекжарды тілегін жеткізе келе, орталық аудандық аурухананың бас дәрігері Райфа Сафиоллинова: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» - деп, Ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың қара сөздерінен үзінді келтірді. Ол бұл сөздер бүгінгі күнгі мемлекеттік қызметкерлерді толығымен сипаттайтынын жеткізді. Сыйлық ретінде бас дәрігер әсем күй тарту етті.
Салтанатты шара мемлекеттік қызметкерлердің орындауындағы концерттік нөмірлермен өз мәресіне жетті.
Кеш соңында мемлекеттік қызметтің ардагерлері шарадан алған әсерлерімен, тілектерімен бөлісті
Құмар Орсаев, Көкпекті ауылының мемлекеттік қызмет ардагері, кезінде ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы қызметін атқарған:
-Елбасымыз Н.Назарбаев мемлекетті тиімді басқаруда бүгінгі күнгі мемлекеттік қызметкер қандай қасиеттерге ие болу керектігін айқындап берген болатын. Бұл – жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби біліктілік және оларды іс жүзінде оңтайлы қолдана білу, адалдық пен өмірлік белсенді көзқарас. Бүгінде осы залға жиналған әр қызметкер осындай қасиетке ие жандар. Біз сынды аға буынды жауапкершілігі мол, ақ ниетті өскелең ұрпақ алмастырғанына қуаныштымын. Барлық әріптестерімді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Алда тек табысты, биік жетістіктерге қол жеткізе беріңіздер. Ал, жастарға тілерім, қызмет баспалдағымен жоғары қарай көтеріліп, жаңа биіктерді бағындыра берсін.
Гүлжан Шентимирова, мемлекеттік қызмет ардагері, тұрғындарды әлеуметтік қорғау бөлімінде қызмет істеген, Самар ауылы:
-Бұл атаулы мерекені алғаш рет және барлығымыз бірге атап отырғанымызға қуаныштымын. Егер бірге болатын барлық уақытты есепке алсақ, онда бізді үлкен отбасы деп санауға болатын шығар. Мен барлық әріптестерім мен жас мамандарға жұмыста ғана емес, сонымен қатар қолға алған кез келген бастамаларда да жетістікке жетіңдер демекпін.
Жәнібек Әмірхан, Миролюбовка ауылдық округінің бас мал дәрігері:
-Мемлекеттік қызметте жүрген әр адам өзіне жүктелген міндеттердің маңыздылығын сезініп, елінің патриоты бола білуге тиіс. Барлығына денсаулық, еңбектеріне жеміс, отбасыларына бақ-береке қонсын. Ал, ең бастысы – біз қызмет ететін халықтың сүйіспеншілігі мен сенімін тілеймін.
Екатерина СКУДАРНОВА
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.