Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Қар кетіп, жер кепкенде, айнала жасыл желекке оранғанда ауылда тазалық айлығы басталады. Біз екі ай бойы қолымыздан сыпыртқыны тастамай, көшелерді тазалап, қоқыстарды шығарып отырамыз. Бір рет тазалап қойғаннан соң сол қалпында тұру жоқ, неге? Өйткені, таза жерді өзіміз қайтадан ластаймыз. Қарапайым мәдени қажеттілікті сақтамаймыз. Ал, сол сенбілікке бәріміз бірдей шығамыз ба? Мен, әрине, мекеме, ұжымдарда жұмыс істейтін қызметкерлерді айтып тұрған жоқпын, әңгіме қарапайым қатардағы тұрғындар туралы болмақшы.

Сенбілікке тұрғындардың арасында шығатындары некен-саяқ. Келісетін шығарсыздар. Ауылдық округ әкімшілігі, СЭҚ қызметкерлері келіп, «үйіңіздің жанындағы қоқысты шығарыңыз», - деп өтінгенде әрең қимылдайтындар да табылады. Ол жасырын емес. Сонда біз басқа жердің ауасымен тыныстамаймыз, осы жерде жүріп-тұрамыз, суын ішеміз, ал тазалықты сақтауға келгенде неге кері тартамыз? Соны түсінбедім. Ал, үй маңындағы қоқысты шығаруға кірістік. Кейбіреулер қоқысты төгетін арнайы орынға бармай-ақ, жақын бір жердегі шұңқырға төге салады. Сөзімнің дәлелі, алысқа барып қажеті жоқ: Лайлы бөгетіне қарай баратын жол, яғни, Киров, Совет көшелерінің бас жағын, сайдың ішін қараңыздаршы. Онда қоқыстың неше түрін табасыздар. Өлексе, кірпіш сынықтары, көң - ауладан шыққанның бәрі сол жерде. Көктемде таудан аққан қарғын су сол қоқыстың барлығын ағызып, ауыл ішіне кіргізеді, өзенге құяды, ал өзен суымен бау-бақша суарамыз, балалар шомылады. Сондағы біздің тазалықты сақтағанымыз қайсы?!

Ауылдастарыма айтарым, біздің Самар ауылы аудандағы ең көрікті жердің бірі. Табиғаты қандай! Сол әдемілікті сақтау үшін барлығымыз да азаматтық саналылық танытқанымыз дұрыс болар. Қоқысты тек белгіленген жерге төгейік. Ауыл тазалығы өз қолымызда екенін ұмытпайық. Бір рет тазалап қойған жерді қайта ластамауға тырысайық. Тазалықты сақтау өз қолымызда екенін есте сақтайық дегім келеді.

Қ.Бөлекпаев, Самар ауылының тұрғыны

Мектептегі соңғы кеш. Әдемі киінген бойжеткендер, шаштарын қайыра тараған бозбалалар алаңсыз би қызығына түсіп, шыр айналады. Бір кезде қабырғадағы радиодан қатал да, қатқыл дауыс шықты, «соғыс». Әп-сәтте айрандай ұйыған шырықтары бұзылып, бір-біріне ынтық жастар соңғы сөздерін айтып қалуға тырысады. Бұл Самар ауылындағы Даңқ мемориалы алдында өткен Жеңіс мерекесінің 69 жылдығына арналған салтанат кезіндегі сол сұрапыл жылдардың басталу сәтін бейнелеген театрландырылған көріністің басы. Иә, бейбіт күннің шырқы осылай бұзылып, қаншама арманды тас-талқан етті. Жер бетінде қайтадан бейбіт күн орнату үшін фашистік Германия басқыншыларынан азат етуде жанын пида еткен қаншама боздақ елге оралмады. Ал аман келгендері соғыс салған жараны өмір бойы өзімен бірге алып жүрді. 69 жылда арамызда қалған соғыс ардагері де саусақпен санарлықтай. Бүгінгі күні солардың көзі тірісіне құрмет көрсетіліп, ортамызда жоқтары еске алынып, тағзым етілді.

Жеңіс күніне арналған шеру жалғасын тауып, онда соғыс жылдары, фашистік айуандық, тылдағы еңбек, көптен күткен Жеңіс күні өңір мекемелері мен мектептерінің қызметкерлері және оқушыларының сомдауында автокөлік үстінде тізбеленіп, дәл бір кинолентадай өтіп жатты. Шеруді «Мәңгілік  батальон» жалғастырды. Жеңісті жанын құрбан етіп әперген аталарының, әкелерінің суреттерін немерелері, шөберелері мен балалары алып шықты. Олардың бейнелері қашанда бізбен, олар мәңгі біздің жадымызда.

Жиналған қауымды аудан әкімі Д.Мусин құттықтады. «Біздің  ауданнан сұрапыл соғысқа аттанғандардың ішінен тоғыз адам Батыр атанды. Бүгінгі күні біз олардың ерлігінің алдында бас иеміз. Бүгінгі күні мемлекет тарапынан да оларға барынша көңіл бөлінеді. Біздің аудандық бюджеттен материалдық көмекке 1 млн 700 мың теңге, коммуналдық қызмет ақысына 4 млн 800 мың теңге бөлінді. Биыл соғыс ардагері П.Балахоновтың үйіне жөндеу жұмысын жүргізуді жоспарлап отырмыз», - дей келе аудан әкімі ардагерлерді, тыл еңбеккерлерін осы айтулы мерекемен құттықтап, баршасына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. «Сіздердің ерлік істеріңіз біздің өскелең ұрпақты елжандылық пен отансүйгіштікке баулуға өнеге, біз оны ешқашан да ұмытпай, ардақ тұтамыз», - деді Дүйсенғазы Мағауяұлы.

Самар өңірінде көзі тірі жеті ғана соғыс ардагері қалыпты. Жылдар алыстаған сайын, ардагерлер қатары сиреп барады. Бүгін шеруге қатысып отырған соғыс ардагері Э.Тваровский жерлестерін мерекемен құттықтай отырып, толқынысын жасыра алмады. «Біз соғыс кезінде сөзбен емес, іспен, қолымыздағы автоматпен сөйлесіп үйренген едік. Енді, міне, бейбіт күнде мен сіздерге соғыс ешқашан болмасын, бейбітшілік жасай берсін, Елбасымыз аман болсын деп тілеймін», - деді ардагер. 

Біздің ауданда ардагерлердің 41 бастауыш ұйымы жұмыс істейді. Ал олардың басында аудандық соғыс және еңбек ардагерлерінің кеңесі тұр. Жиналған қауымды осы кеңестің төрағасы А.Әбенов, сонымен бірге аудандық қорғаныс бөлімінің басшысы Р.Абдрахманов, тыл ардагері М.Натальченко, болашақ жауынгер А.Шәкеров құттықтады.

«Ұлы Жеңіс жауынгері – Сен бүгін де саптасың, Әлі де сол баяғыдай баптасың, Ескірген жоқ үстіңдегі шинелің, Азаткер деп ардақтайды сені елің», - дегендей, жыл сайын ұрпақтарына Жеңіс күнін, бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге құрмет көрсету дәстүрге айналған. Жыл он екі айда оларға қаншама көмек көрсетіліп, сый-сияпат жасалса да, дәл Жеңіс күні көрсетілген құрмет айрықша болмақ. Сондықтан, аудан әкімінің шешімімен биыл аудандағы соғыс ардагерлеріне 70 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. Аудан әкімі қарт жауынгерлер В.Федосова, С.Виноградовты арнайы барып құттықтады. Сондай-ақ, аудан әкімінің атынан сыйлықты Қ.Қожаев пен Н.Чумаковқа аудан әкімінің орынбасары К.Смаилова табыстады. 

«Бейбіт күннің бәрі де, Жеңіс күні, шырағым!», - дегендей, бүгінгі ұрпақ ата-бабаларының сыйға тартқан осы бейбіт күнді қастерлеп, сақтай білсін. Бейбітшіліктің ақ көгершіні көк жүзінде мәңгі самғасын.

Клара НҰРПЕЙІСОВА

ЖЕҢІС КҮНІНЕ АРНАЛДЫ

Ұлы Жеңістің 69 жылдық мерекесін жер бетіндегі фашистік басқыншылықтың зардабын шеккен бейбітсүйгіш елдердің барлығы атап өтті. Біздің ауданның да барлық ауылдық округінде бұл мереке айрықша ықыласпен аталды. Себебі, бұл соғыс лаң салмаған бірде-бір отбасы жоқ болар. Сондықтан да, бұл күні барлығы да өткенімізге ой жүгіртіп, ата-баба аруағына тағзым етуге жиналады.

Белое ауылы. Жиналған ауыл тұрғындары салтанатты митингте бас қосып, өздерінің осы күнге дейін аман жеткен ардагерлеріне сый-құрмет көрсетті. Ауылда көзі тірі соғыс ардагері болмаса да, тылда еңбек еткен 35 қария бар. Салтанатты жағдайда ауылдағы соғыс құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, еске алынды.

Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының басшылары, ауыл тұрғындары демеушілік жасап, тыл еңбеккерлеріне мол дастархан жайылды. Жиналғандарды ауылдық округ әкімі М.Жаңкебаев құттықтады. Оқушылар, көркемөнерпаздар мереке иелеріне мазмұнды концерт қойды.

Құлынжон ауылы. Ауыл өзінің қалыптасқан дәстүрі бойынша орталыққа жиналып, барлығы салтанатты шерумен ән салып өтті. Соғыс жауынгерлеріне арналған ескерткіш басында митинг болып, жиналғандарды ауыл әкімі, зейнеткерлер құттықтады. Соғыс жылдарындағы әндер орындалып, жауынгерлер хаттарынан үзінділер мен жас таланттардың Жеңіс күніне арналған шығармалары оқылды.

Көкжыра ауылында да Жеңіс күні мен Отан қорғаушы күніне арналған мерекелік шара ұйымдастырылып, оған тыл еңбеккерлері, ауғандық жауынгерлер шақырылды. Жас ұрпақ өздерінің аға буын өкілдеріне алғыстарын өлең жолдарымен білдірді. Бұл күні әр үйден соғысқа аттанып, оралмаған ауыл тұрғынының есімі аталып, оларға құран бағышталды.

Бастаушы ауылы. Бастаушылықтар мерекені «Ер есімі ел есінде» ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қоюдан бастады. Соғыста қаза болған ауылдастарын бір минут үнсіздікпен еске алған ауыл тұрғындарына тыл ардагері Қ.Досполов сөз арнады. Мереке соңы түрлі ойын-сауыққа, спорттық шараларға ұласты. Көкжота ауылында мереке қарсаңында ауылда жақында ғана ашылған боздақтар ескерткішінің маңына тал егілді, гүлдер отырғызылды. Ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары, мұғалімдер жиналып, ескерткіш жанында салтанатты митинг өткізді. Барлығының да айтқан тілегі: соғыс болмасын!

Клара НҰРПЕЙІСОВА

 

ЖАУЫНГЕР - ЕЛ ҚОРҒАНЫ

Отанды шексіз сүйіп, ардақтау - әр перзенттің парызы мен міндеті. Бұл соғыстың қасіреті мен жеңістің қасиетін, батыр аталарымыз бен апаларымыздың ерлігін ешкім ешқашан ұмытпақ емес. Біз, қазіргі ұрпақ жері үшін, елі үшін шайқасқан батыр бабаларымызға бас иеміз. Ата-апалардың ерлікпен алған Жеңіс мерекесі Үлкенбөкен округінде 8 мамыр күні аталып өтілді. Ауылымызда соғыс ардагерлері мен тыл ардагерлеріне жылда құрмет көрсетіледі. Осы дәстүр бойынша ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен бабалар рухына арналып бір минут үнсіздік жарияланды. Алғашқы әскери дайындық мұғалімі Қ.Мағзумовтың басқаруымен мерекелік шеру өткізілді. Соғыс құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, мектеп оқушыларының ұйымдастыруымен мерекелік концерт өтті. Әкімшілік ұжымы соғыс және тыл ардагерлеріне арнап мерекелік дастархан жайды. Мереке соңында ардагерлер өткен күндерден естеліктер айтып, ендігі ұрпақ соғыс қасіретін көрмесін деген тілектерін жеткізді. 

Ұлы Жеңістің 69-жылдығы білім ордасында да аталды. Мектеп қабырғасында Соғыс ардагерлерін және ерлікпен қаза тапқан азаматтар мен азаматшаларды еске алу мақсатында дөңгелек үстел өткізілді. «Отты жылдар шежіресі», «Ардагерлерге арнау» атты бүктемелер, қабырға газеттері жарияланды.

Ж.Оспанова, кітапханашы, Үлкенбөкен ауылы

БӘРІ ДЕ ЖЕҢІС ҮШІН

Ұлы Жеңіске 69 жыл! Соғыс құрбандарына арналған ескерткіш-обелиск алдындағы алаңқайда қайнаған халық. Жан тебірентетін, соғыс жылдарында туындаған музыка ырғақтары мен ән шумақтары қаһарлы, кәрлі жылдарды көз алдыңа елестеді. Қолына қару алып, Отан үшін қан майданға шеру тартқан миллиондар легі - бәрі, бәрі..

Ауылдың кіре берісіндегі күре жолдың бойымен қызыл-жасылды жалаулатқан адамдар нөпірі келеді. Бұл Ұлы Жеңіске көрсетілер зор құрметтің белгісі іспетті Тассайлықтардың мерекелік шеруі.

Қанды қырғында қаза тапқан жауынгерлер мен Жеңістен соң бейбіт өмірде қайтыс болған ардагерлерімізді ел үнсіздікпен еске алып, құрмет көрсетті. Жеңістің құрметіне құттықтаулар айтылып, Соғыс құрбандарының есімдері қашалған Ескерткіш-тақтаға гүл дестелері қойылып, жауынгерлер рухына тағзым жасалды. Мерекенің аты мереке. Жас ұрпақтар жасағының әскери-саптық марштары көрсетілді. Халық батырлар ерлігін ықыласпен тойлады. Бейбітшіліктің жыры жырланды. Бақыттың күйі ойналып, шаттықтың биі биленді. Бабалардың қанымен келген нұр-заман шуағын төгіп тұр. Әскери тақырыптағы әндерден тізілген әсерлі концерттен соң, тыл ардагерлері мен совет-ауған қақтығысының жауынгерлері, Совет Армиясы қатарында жүріп, жарақат алған жауынгерлер мен Чернобыль апатына қатысқан қаһарман жерлестерімізге кәсіпкер Құдайберген Әбікеновтың ақ дастарханы жайылып, ақ бауырсағы шашылды. Қашанда мерекенің ажарын енгізетін әсем ән мен тәтті күй болса, халқына өнерін шашу етіп шашқан «Ақ әжелер», өнерлі ұл–қыздарымыз ел үдесінен шықты. Бәрі де Жеңіс құрметі үшін! Жеңіс күні құтты болсын!

Катрен Байжұманов, Тассай ауылы

МӘҢГІ БІЗДІҢ ЕСІМІЗДЕ!

9 Мамыр – еңселі елдің рухы өрлеп, еңсеміздің биік болатын күні. Еліміздің өркендеуі, Жеңіс жалауының берік болуы осынау мерекенің жемісі. Отанға қауіп төнгенде қолына қару ұстап, жауға қарсы тұрған аталарымыз бен апаларымыздың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Олардың көпшілігі жан беріп, жан алысқан ұрыстарда қаза тапты. Осы мерекеге орай Преображенка орта мектебінде 9 Мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай 1-11 сыныптар арасында әртүрлі іс-шаралар өткізілді. Тарих пәнінің мұғалімі И.Апсалямова Ұлы Отан соғысына қатысқан ержүрек батырлардың ерлігі мен қайтпас қайсарлығын еске алуға арналған тақырыптық тізілім өткізді. Барлық  сыныптарда «Мәңгі біздің есімізде» атты сынып сағаттары өткізілді. Бастауыш сыныптар арасында өткізілген «Бейбітшілік балалар көзімен» атты сурет көрмесінде балалардың салған әдемі суреттері көз тартады.

Жеңістің 69 жылдығына арналған шеруде сыныптар арасында өткізілген «Ең үздік безендірілген топ» сайысында 2 «Б», 4 «Б», 8 «Б», 11 «Б» сыныптары жүлделі орындарға ие болды. 

Г.Сейілханова,

қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі,

Преображенка орта мектебі

 

ЕШКІМ ДЕ, ЕШТЕҢЕ ДЕ ҰМЫТ ҚАЛМАЙДЫ!

Адамзат тарихындағы сол зұлмат соғыстың ерлікке толы, сонымен бірге ең қасіретті де беттерінің бояу-бедері мен бүкіл көріністері қарт жауынгерлер жадында әлі сақтаулы, оның шежіресі әлі аяқталған жоқ. Өткеннің естеліктері біздің де есімізден өшпек емес. Мұны еліміздің барлық аймақтарында аталып өтіп жатқан іс-шаралардан-ақ айқын аңғаруға болады.

Осындай қастерлі де қасиетті күн биыл да Қарағандыкөл ауылында салтанатты жағдайда аталып өтті. Бұл шараға мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындары түгел дерлік атсалысты. Жиында сөз сөйлеген ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Большинов пен Ж.Сәдуақасов фашизмді талқандаған Ұлы Жеңісті жақындатуға біздің ауданның азаматтары да зор үлес қосқанын, қан майданда талай жерлестеріміз Отан үшін шайқаста ерлікпен қаза тапқанын айта келе, бізге сыйлаған бейбіт өмір үшін оларға мың сан алғыс айтамыз, - деді. Шара барысында дәстүрлі үнсіздіктен кейін мектеп оқушылары мәңгілік алау жанына гүл дестелерін қойып, майдангерлерге тағзым жасады.

М.Нұрмұхамбетов, клуб меңгерушісі

 

 

 

Үлгілімалшылықтар 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі мерекесін асқан шаттықпен тойлап өтті. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ауыл тұрғындары  үшін бұл мейрамның орны ерек. Ынтымақ күніне орай  құттықтау газеттер, банерлар  шығарылып, ауыл ішіне ілінді. Мереке күні ауылдың барлық тұрғындары бір кісідей шеруге қатысып, белсенділік танытты.

Бірліктің барар жері - «Мәңгілік ел», «Береке, бірлік, татулық», «1-мамыр мерекесі құтты болсын» деген ұрандар шеруге өзіндік көрік беріп тұрды. Мектеп алдында бастауын алған салтанатты жиынды ауыл әкімі А.Смағұлов өзінің құттықтау сөзімен ашты. Сонымен қатар, шара барысында мектеп мүдірі Е.Құсайынов, тәрбие ісі меңгерушісі С.Айжақсина сөз кезегін алып, тұрғындарға жылы лебіздерін білдірді. Береке-бірлікті көрсету мақсатында «Шаңырақ шаттығы» атты мектепшілік фистиваль өткізілді. Әр ұлттың биі мен әндерін оқушылар жоғарғы денгейде халыққа тарту етті.

М.Мырзабекова, жастар маманы 

 

БІРЛІГІМІЗ ЖАРАСҚАН

Шұғылбай ауылдық округінде «Бір шаңырақ астында» атты ұлттардың мәдениетін дәріптейтін Қазақстан халқы бірлігі күніне арналған фестиваль өткізілді. Іс–шараға І.Жансүгіров орта мектебінің ұстаздары, әкімшілік қызметкерлер, оқушылар мен ата-аналар қатысты.

Сахнаға алғашқы болып қаншама халықты шеттетпей, достық қарым қатынаста, татулықта өмір сүріп жатқан сайын даланың иесі Қазақ халқының өкілдері шықты. Келесі кезекте үнді халқының биін нақышына келтіре орындаған даярлық тобының бүлдіршіндері болды. Солардың ішінде ерекше көзге түскен Ә.Бөкенбаеваға арнайы мадақтама табыс етілді. Украин халқының өкілдері ерекше киім үлгілерін көрсетсе, түрік халқы өкілдерінің «қына тойы» әсерлі болып шықты. Шағын орталық тобының бүлдіршіндері орыс халқының «частушкасын» нақышына келтіре орындап, көрермен көңілінен шықты. Сонымен қатар, сахнада қызу қанды шешен, мың бұралған өзбек, көңілді молдаван,  беларусь билері биленіп, әндері шырқалып, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады.

А.Мұсағазинова, клуб меңгерушісі

 

ДОСТЫҚ КҮШІ – БІРЛІКТЕ

І.Жансүгіров атындағы орта мектептің оқушылары да Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған апталықта өздерінің іс-шараларын өткізді.

Аптаның алғашқы күнінде бейбітшілік пен татулық Қазақстанның басты байлығы екенін дәріптейтін тәрбие сағаттары өткізілсе, апта бойы бастауыш сынып оқушыларының бірлік, татулық мазмұнындағы суреттері көрме арқылы жұртшылық назарына ұсынылды. Ал, кітапханашы Н.Оқатаева «Бір шаңырақ астында» тақырыбына кітап көрмесін ұйымдастырып, кітапқұмарларды бір қуантты. Ал, Д.Айдарханова өткізген шығармалар сайысында оқушылар ел бірлігі басты қазына екенін толғана баяндады. Ш.Байжақыпованың жетекшілігімен өткізілген «Бірлігіміз жарасқан» фестиваль көрермендерді қуанышқа бөледі. Мерекелік іс-шараның қорытындысы ретінде А.Шәріпбекова және Д.Маутқазинов өткізген «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» халықтық спорттық ойындар өз жанкүйерлерін таба білді.

І.Жансүгіров атындағы орта мектебі

 

БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ҰЛТТАР ДОСТЫҒЫ

Мектебімізде 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне арналып апталық өткізілді. Атап айтсақ, 1-11 сыныптар арасында «Ынтымақты ел озар» тақырыбында сынып сағаттары өтсе, мектеп кітапханашысы Н.Сағадиева кітап көрмесін ұйымдастырды. «Жас ұлан» балалар ұйымының «Халықтар достығы» атты қабырға газеті оқушылардың қызығушылығын туғызды. Бейнелеу пәнінің мұғалімі Г.Ахметқалиева 1-8 сыныптар арасында сурет сайысын ұйымдастырды.

Аталмыш мерекеге орай ұйымдастырылған апталықты қорытындылау мақсатында мектеп оқушылары арасында «Бірлігі жарасқан ұлттар достығы» фестивалі өткізілді. Сайыс қорытындысы бойынша жоғары дайындықтарымен көзге түскен жетінші сынып 1 орын, бесінші сынып 2 орын, алтыншы сынып 3 орынды иеленді.

Ж.Байтунова, тәлімгер,

Абай атындағы «Мектеп-балабақша» кешені

БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА

Биғаш ауылындағы Маяковский атындағы орта мектепте 1-мамыр мерекесіне орай А.Айкенованың басқаруымен «Бір шаңырақ астында» атты тақырыпта 5-9-сыныптар арасында сайыс өтті. Сайысқа түскен оқушылар қазақ, орыс, өзбек, украин ұлттарының киімдерін киіп, 6 кезең бойынша бақтарын сынады. Ән, би, мақал-мәтел айту, ұлттық тағам даярлау бойынша сынға түскен оқушылар бар өнерлерін ортаға салып, көпшілікке көңілді көңіл-күй сыйлады. Әділқазы алқалары Г.Исмаилхаджиева мен Ж.Жақсыбаева оқушыларға ризашылықтарын білдіріп, мақтау қағаздарымен марапаттады.

 

С.Әлімбаева, кітапханашы

Биғаш ауылы

ӨЗ ЕЛІМ

Қазақстан халқының татулығы мен бірлігі күні мерекесі күндері ауыл кітапханасында «Ұлттар татулығы бірлікте» атты сыр-сұхбаттық отырыс ұйымдастырылған. Бүгінгі меймандарымыздың бірі, Тассай  аулының байырғы тұрғыны, еңбек ардагері Михаилова Александра Федоровна болатын. Кеңпейіл қазақ Шура атап кеткен кейуананы бүкіл  ауыл сыйлайды. Апаның өзі де  жарты ғасырдан астам уақыттың ішінде туған жұртындай болып кеткен Тассайдың кез келгенімен етене араласады. Арғы тегі ертеде Еуропадан қоныс аударған аспан көз апамыз болғар қызы. Зайыбы марқұм Василий мен Тәшкен шаһарында оқуға барған  кезінде танысып, қол ұстасып мәңгілікке бірге болуға серттескен. Екі-үш қарғалары болды. Ері фәниден озып кетсе де, ұл-қыздары жан-жақта әр салада қызмет атқарады. Ұлы Станислав Риддер қаласында қызметте. Мамандығы  құрылыс инженері. Келіні орыс қызы бола тұра қазақ тілін ана тіліндей меңгерген ғажап адамдар. Қос қызы Алена мен Светлана да қазақшаға жүйрік.

Жетпістің биігіндегі Шура апайдың әңгімесін рақаттана тыңдадық. Тыңдай отырып, бейне бір қазақтың көнекөз қариясының шежіресін  естігендей ұйыдық. -Бір ұл, бір қыздан көрген қос егіз, яғни төрт немереме де қазақша  үйреніңдер, Қазақстанның тарихын біліңдер, Қазақстанның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты мақтан тұтыңдар. Оны бүкіл әлем таниды деп ұдайы айтып отырамын - дейді әз апа.

Туған халқың жайында  өзге ұлттың өкілі ағынан жарыла ақтарылып отырғанда тіптен тебіреніп кетеді екенсің. Жымидық та құптадық. Шура апай үйге қайтарында кітапханашы қызға «Алмаш, ана «Балдырған»  журналын берші. Немереме қазақша тіл сындыруға қажет, оқып болған  соң әкеп берем ғой», - деп қағаздарды ала қоңыр есіктен баяу басып  шығып бара жатты. Кәдімгі көкірегінен дала исі аңқыған қазақтың кемпірі.

 Катрен Байжұманов, Тассай ауылы

АУЫЛДЫ АБАТТАНДЫРУ БЕЛСЕНДІ БАСТАЛДЫ

Көктем келіп, қар кетіп, тауда бәйшешек гүлдеп, ағаш жапырақтары бүрлей бастады. Айналаны қараторғай әнімен тербетіп, ауыл тұрғындарын далаға шақырып тұрғандай. Палатцы ауылдық округінің тұрғындары да 12 сәуір күні таңертеңнен іске кірісті. Ауылдық округ әкімшілігінің қызметкерлері ауыл әкімі Б.Мұқышев бастаған бір топ адам айналаны тазалау жұмысына кірісіп кетті. Сенбілікке мектеп мұғалімдері де, оқушылар да қатысты. Әр жерде көңілді күлкі, әзіл-қалжың естіліп, барлығы жұмысты қызу атқарды. Әкімшілік жұмысшысы В.Толоконцев өзінің жүк көлігімен қоқыстарды шығарды. 

Ал, бір күн бұрын ауылдың бұрынғы кеңшар жақ бөлігіне баратын жолына құм мен тас төселді. Онда да ауыл тұрғындары белсенділік пен бірліктерін паш етті. Бақытжан мен Руслан Дүзбенбетовтар, Н.Мәкиленов, С.Василенко көліктерімен құм, тас тасыды. Ал «ОблШығысЖол» ЖҚБ-6 басшысы М.Қожамжаров тиегіш бөліп, көмек көрсетті. Осылайша, ауылды абаттандыру жұмысы қызу түрде басталды. Әрі қарай да жалғасып, жасыл желек егу жұмыстарын да атқаруға дайындық жақсы. Аз уақыттың ішінде ауыл іші танымастай өзгереді деп сенеміз.

В.Кронвальд, ауыл тұрғыны

 

КӘСІПКЕРЛЕРМЕН АШЫҚ ӘҢГІМЕ ЖҮРГІЗІЛДІ

18 сәуір күні Преображенка ауылында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Ә.Мұқашеваның төрағалығымен және аудандық кәсіпкерлік бөлімінің қатысуымен бизнестің дамуы мәселесі бойынша отырыс өткізілді. Оған Үлкенбөкен, Белое және Қ.Аухадиев атындағы ауылдық округтің кәсіпкерлері қатысты.

Әлия Орынбекқызы бизнесмендерге кәсіпкерлер палатасының жұмысы жайлы әңгімелей келе, 100 бизнес-жоспарды назарға ұсынды. Ниет білдірген адамдар бұл жоспарлар жиынтығын өз округіндегі ауылдық әкімшіліктен тегін түрде ала алады. Сонымен қатар, Әлия Орынбекқызы кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарды тыңдай келе, барлығына жауап беруге тырысты. Қ.Аухадиев атындағы округтің кәсіпкерлерін толғандырған мәселелердің негізгісі  - әлеуметтік маңызға ие тауарлардың бағасын өз құнынан 10 пайызға артық көтермеуді ретке келтіру, көкөніс өнімдерін қолайлы бағамен өткізудің жолдарын қалыптастыру, сонымен қатар Елбасымыздың 2 сәуірден бастап күшіне енген хабарламасына қарамастан, айыппұл шараларын салып келе жатқан Көкпекті аудандық салық қызметінің жұмысына қатысты болды. Кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры бұл мәселелерді жақын арада шешіп беретініне уәде берді.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына қатысу мәселесі бойынша тұрғындар тарапынан Үлкенбөкен ауылында балташылық цех пен Преображенка ауылында саңырауқұлақтар өсіру ісін ашу туралы ұсыныстар айтылды. Бұл жобалардың барлығы кәсіпкерлік бөлімі мен ауылдық әкімшіліктерде қаралып, Бағдарламаға енгізілетін болады.

Осы тәріздес кеңес отырыстары Миролюбовка ауылдық округінің кәсіпкерлерімен өткізілген болатын. Алдағы уақытта ауданның басқа да округтерінде өткізіледі деп жоспарланып отыр.

 

ТАТУ-ТӘТТІ ЖӘНЕ ЖҰМЫЛА ЖҰМЫС ЖАСАДЫ

Сенбі күні үлкенбөкендіктер ұсақ жапырақты шегіршіннің 350 түп көшетін отырғызды. Қолдарына күректер мен шелектер ұстаған аурухана, Самар аграрлық-техникалық колледжінің Үлкенбөкен филиалы, сұрыптау учаскесі, орман шаруашылығының қызметкерлері мен кәсіпкерлер өздеріне тиесілі аумақта ұйымшылдықпен жұмыс атқара білді. Ал, мектеп және әкім аппаратының ұжымы ауыл әкімі Н.Назархановтың басшылығымен ауыл ортасындағы мерекелер өткізілетін алаңда абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда, бұл жерге үлкен сахна орнатылып, жарық тартылған. Нұрлан Үмітқазыұлының айтуынша, кезекті сенбілікте саябақ және балалар алаңының орынын ауыстыру мен абаттандыру бойынша жұмыстар қарқын алатын болады. Сонымен қатар, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жаңа саябақ салу мен ауыл маңындағы зираттарды қоршау жоспарланған.

Бір кісідей болып атқарылған жұмыс нәтижесінде үлкенбөкендіктер патриоттықтың жақсы үлгісі мен өз ауылына деген махаббаттарын көрсетті.

 

ИНВЕСТИЦИЯНЫ ҰЛҒАЙТУ

Сарыбел ауылдық округінің шаруагерлері ауылшаруашылық техникаларын жөндеуден өткізу жұмыстарын тәмамдап қалды. Ауа райының салқындауына байланысты алғашқы көктемдік шаралар кейінгіге қалдырылып отыр.

Ауылдық әкімшілік мектеп ғимараты алдындағы алаңқайды абаттандыру, ол жерге жас көшеттер отырғызуды жоспарлап отыр. Отырғызылған жас шыбықтарды мектеп оқушылары күтіп-баптайтын болады. Таяу арада ауылдың эстетикалық көркіне зиян келтіріп тұрған бұрынғы мектеп ғимаратының мәселесі шешімін таппақ. Қазіргі таңда ауылдық округ әкімінің аппараты меншіктік құқыққа иемдену туралы құжаттарды даярлап қойған.

Инвестиция тарту мәселесі бойынша жеке кәсіпкер Онғарбаевтың шаруашылығы 17 бас асыл тұқымды жылқы сатып ала отырып, сол арқылы ауылға 6 млн. 600 мың теңгенің инвестициясын құйған.

 

ЖАҢА САЯБАҚ ЖАЙНАЙДЫ

Миролюбовка ауылындағы ұзақ уақыт қаңырап бос тұрған ескі балалар бақшасының аумағы біртіндеп сәулеттендірілген, тамаша алаңға айналып келеді. Оның аумағындағы кәрі және қураған талдар арамен кесіліп тасталды. Ал, оның орынына қарағай, алма, аққайың, қарақат, емен, шырғанақ ағаштары отырғызылды. Ауылға барлығы 200 түп көшеттер әкелінген болатын. «Миролюбовка» ШҚ басшысы Е.Бородин өз қарамағындағы бір ғимаратты хылықтың тұрмыс қажетін өтейтін шағын үй мен шаштараз ашу мақсатында бөліп отыр. Сол себептен, бұл жерді көрнекті қылып, қалыпқа келтіру қажет.  

Асламов атындағы орталық көшенің тұрғындары өз үйлерінің қоршауларын жаңартты. Осы мақсатта ауылға 1000 ағаш қадалар жеткізілген болатын. Ендігі уақытта ауыл тұрғындарының көбі осы акция барысына қатысуға ниет білдіріп отыр. Ауылдың сауда нүктелері аумағында да гүлзарлар егіліп, жас көшеттер отырғызылатын болады.

 

АПАТТЫ ҚОҚЫСТАРДЫ ЖОЮ

Самар ауылы жылдан жылға көркейіп, гүлденіп келеді. Биылғы көктемге ауыл аумағына тағы 500 түп шегіршін, алма ағашы және қараған көшеттері отырғызылады. Сенбілік барысында ауыл тұрғындары көше бойындағы талдарды әктеп, апатты қоқыстарды, әсіресе, Глухенко көшесінде жиналып қалған қалдықтарды  жоюмен айналысуда. Бұл жұмыстарға Е.Болде, ЖҚБ-6, «Каскад» ЖШС, аграрлық-техникалық колледжі, Самар ауылының тұрғыны А.Чуланов ұсынған техникалар жұмылдырылып отыр.

Жаңалықтар топтамаасын әзірлеген Екатерина СКУДАРНОВА

Халқымыздың тәмсіл сөздері көп-ақ. Соның бірінде еңбектенген жанның алмай қоймайтын биіктігі болмайтынын бір ауыз сөз түйіндейді. Ол - «Көз қорқақ, қол батыр» мақалы. Шынында да, осы бір мақал әлі күнге өміршең. Экономикалық тоқырау, жұмыссыздық, тұрақты жалақының болмауы және халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуі секілді өтпелі кезеңдегі қиындықтар бүгінгі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында артта қалды. Елбасының тапсырмасымен министрліктер мен ведомстволар халықтың әлжуаз бөлігін қолдауға арналған әлеуметтік бағдарламаларды және жобаларды ойлап тауып, Үкіметтің қаулысымен бекіткені белгілі.

2011 жылдан бастап ел аумағында мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы жұмыс істейді. Жол картасын жүзеге асырудың басты бағыты - аймақтардағы инфрақұрылымдарды қамтамасыз етуге, ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға негізделген. Осындай келелі мақсаттарды мұрат еткен мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланған Құлынжон ауылдық округінің тұрғындары Мадат Анатпаева мен Әсем Күдебаева бүгінде өз кәсіптерінің жемісін көріп отыр.

 

ОН САУСАҒЫНАН ӨНЕР ТАМҒАН ІСМЕР

Тігінші кәсіби болуы тиіс. Сонда ғана оның қолынан шыққан туындылары сапалы болады. Күндіз-түні тапжылмастан жұмыс істейтін тігін ісінің маманы Мадат Анатпаева осынау пікірді берік ұстанады.

Шағын несие арқылы үйінің ауласынан шағын цех ашып, несібесін көре бастаған ол еңбектің жемісі оңайлықпен келмейтінін жақсы түсінеді. Қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірген Мадат апай «Мен ешқандай қиындықтан қорықпаймын. Алдағы уақытта да күндіз-түні қызмет етуге мүмкіндігім бар», - дейді.

Ісмер жан еңбекке жарар жастан бастап кеңес заманының барлық жұмыстарына араласып, қажырлы еңбек атқарған жан. 1977 жылы еңбек жолын бастаған бойжеткен өзінің өмірінде әртүрлі мамандық бойынша, атап айтқанда тракторист, бригадир, сауыншы, шұжық шығаратын цехтың басшысы болып қызмет атқарады. Ол - сол кездегі Самар ауданы бойынша тракторға отырған нәзік жандылардың алғашқысы еді. Осылайша, жастайынан еңбектің дәмін татқан Мадат апайдың еңбегі әрдайым билік тарапынан қолдау тауып, ол кісінің фотосуреттері облыстық басылым беттерінен жарық көріп тұрды. Мақалалар жарық көрген газет беттері бүгінде сарғыш тартып кетсе де, Мадат апай оларды көзінің қарашығындай сақтайды. Үйге келген қонақтарға көрсетеді. Әрине, бұл - мақтанарлық іс. Себебі, бүгінгі күннің өзін айтпағанда нәзік жан бола тұра трактордың құлағында ер адамның өзінен кем түспей ойнау – әркімнің қолынан келе бермейтін іс.

Ал, 2000 жылдан бері ол тігіншілік ісіне бет бұрып, іс тігуді күнкөріске айналдырған. Ауыл тұрғындарының тапсырысын үй ішіндегі бір бөлмеде қабылдап, жұмыс жасаған ол кәсібінің өрісін кеңейту мақсатында 2012 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша шағын несие алады. Бұл қаражатқа 2 тігін машинасы мен тігуге қажетті бұл, ине, жіп сынды заттарды сатып алады. Кезінде трактордың, қазір тігін машинасының құлағында ойнайтын Мадат апай тұрғындардан тапсырыс қабылдау арқылы жұмыс жасайды. Арнайы тігінші білімі болмаса да, ісмер «Оқу — ойдан артық емес» деген сөзді дәлелдей түскендей.

–Тігіншілік ісі бала кезімнен жаныма жақын. Анам өмір бойы тігінмен айналысқан шебер жан. Алдағы уақытта анамның ісін жалғастырып, кәсібімді кеңейте түссем деген ойым бар. Ал, жалпы жеке кәсіппен шұғылданғысы келетін өзім секілді ісмерлерге мүмкіндік беріп, екінші бағыт бойынша субсидияға қол жеткізген жоба шартына өте ризамын, – дейді ол.

Ауылдағы шағын ғана цех. Соның өзі қыруар шаруа тындырып отыр. Себебі, өзі айтқандай, тігінші тапсырыс берушілердің көңілінен шығуға тырысады. Бағасы да ойға қонымды. Мәселен, көлемі үлкен көрпе – 3 мың теңге болса, шағын көрпелер – мың жарым теңге көлемінде. Сонымен қатар, жайма, жастыққап, көрпенің тысы, желең, киім тігу, қайта жөндеу, күрте, жейделердің сырмаларын орнату секілді өтініштерді орындайды. Алдағы уақытта тігінші қасына бір кісіні көмекшілікке алуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, жүннен тігілетін байпақтар тігу де ойында бар екен. Бұл кәсіптің қыр-сырына қанық ісмер жан бүгінде дамыл таппай еңбектенуде. Қай кезде де аздан бастаған іс жұғымды бола отырып, жемісі де тез көзге көріне бастайды. Олай болса, қолда барын оқсатып, адал нәпақасын тауып отырған Мадат апай үлгі боларлық жан.

 

КӘСІБІН КЕЛІСТІРЕ БІЛГЕН КӘСІПКЕР

Ауылдың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін көтеру мақсатында құрылған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы төмен пайызды несие  алып,  өзінің шағын бизнесін жандандырып жатқан тағы бір жан – Әсем Күдебаева.

Іскер әйел Құлынжон ауылының ортасынан, күре жолдың бойына халыққа арзан бағамен қызмет көрсететін асхана ашқан екен. Алған мамандығы аспазшы болғандықтан да, асхананың ас мәзірін өзі қадағалап, тұтынушылардың көңілін табуға тырысады. - Келушілер көбіне әңгімелесуге, еркін демалуға келеді. Сондықтан, ең бірінші жайлылыққа мән береміз. Екінші тағамның дәмділігіне, тіл үйірер дәмді тағамдар болса, қайтып айналып соғары сөзсіз. Тұтынушыны қазыққа байланған арқандай қайтып айналып келуі үшін, ең алдымен, тазалыққа, астың дәмділігіне мән беру керек деп ойлаймын. Сонда ғана тұрақты келушілердің санын арттыруға болады, - дейді Әсем.

Алғашқыда ауыл ортасынан шағын дүңгіршек ашып, халыққа қызмет етуді бастаған Әсемнің қолы, әрине, салған жерден жүріп кете қоймаған. Себебі, қаржы тапшылығынан шағын дүңгіршектің ішін тұтынушылар сұранысына сай барлық тауарлармен қамтамасыз ету мүмкін емес екені белгілі. Кейін күре жолдың бойында қаңырап бос тұрған үй сатылымға шыққанда оны сатып алады. Сол жерден шағын асхана ашуды жоспарлайды. Алайда, бұл іс біршама салымды қажет ететіні белгілі. Осылай күнді күнге ұрып жүргенде кәсіпкер мемлекеттің «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы жайлы естіп, несие алуға бел буады. Кәсіп ашып, күнкөрісін жақсартамын дегендерді демеп, қаржылай қолдау ұсынып отырған осы бір мүмкіндікті қалт жібермей, тез арада керек құжаттарын тапсырады. «Әрекет түбі — берекет» демекші, осылайша мемлекеттің қамқорлығын тиімді пайдалана отырып, шаруаны өрге домалатудың зор мүмкіндігі туады. Мемлекет берген 1 жарым миллион қаражатқа ғимарат ішін жөндеуден өткізіп, жылу батареяларын орнатады. Жаңадан үстел, орындықтарға тапсырыс береді.

- Алғашқыда қиын болғанымен, қазір жағдай оңалып, жұмыс жүріп жатыр. Келушілер қатары күн санап өсуде. Күре жолдың бойында орналасқандықтан, көбіне жолшыбай өткендер келіп тамақтанады. Жаз мезгілінде клиенттеріміз бұдан да көбейеді деген ойдамыз. Себебі, өздеріңіз білетіндей біздің ауыл өткелге жақын орналасқан. Елбасымыздың қолдауының арқасында дүниеге келген «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасымен ойға алған арманымды қысқа уақыттың ішінде орындап отырмын. Сол үшін оған зор алғысымды білдіремін, - деп ризашылығын білдірді ол.

Бұл асханада екі жұмыс орыны бар. Сонымен қатар, балалары да сабақтан қолдары босаған кезде аналарына келіп, қолғабыс жасайды. Келген адам ас мәзірінен лағман, қуырдақ, түшпара, манты сынды қалаған тағамдарының бәрін табады. Бұлардың бағалары да арзан әрі дәмі тіл үйірерліктей. Алдағы уақытта кәсіпкер «шағын асхананың көлемін ұлғайтсам ба» деген жоспары бар екенін жеткізді. Себебі, таңертеңгі сағат 8-ден кешкі сағат 8-ге дейінгі аралықта дамылсыз жұмыс жасайтын асхананың ішіне келген адамдар сыймай кететіндей жағдайлар болып жатады. Олай болса, Әсел Күдебаеваның еңбегіне жеміс, жұмысына сәттілік тілейміз.

Отандық өндірісті дамытуға қолдау көрсету жөніндегі Елбасы тапсырмасын орындауға жол ашқан аталмыш бағдарлама кәсібін енді бастаған ауыл халқы үшін барынша тиімділік әкелгеніне көзіміз жетіп отыр.

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қазан 2026 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз