Аудандық газеттің әр жыл-дардағы сандарын ақтара отырып, «Жұлдызда» жиырма төрт жылдан астам уақыт еңбек еткен Әңкебаев Мұхамедсадық Мәсәлімұлының қайталанбас қол-таңбасын анық аңғаруға болады. Қарапайым трактор жүргізушісінен газет майталманы аралығындағы ұзақ та соқпақты жолды өткерген қаламгердің ғұмыры бір шығармаға өзек. Қарымды қаламгердің құндылығы қыздары Айнұр мен Гүлназдың қолында. Әке мұрасы артындағы ұрпағына рухани азық, аласармас абырой.
Мұхамедсадық Әңкебаевтың балалық шағы соғыстан соңғы кезеңдегі ауыртпашылық, қайта тұрғызу дәуіріне тұспа-тұс. Тассайда қанаты қатайған еңбеккер жас темір тракторды сом білегімен бағындырған шебер еді. Бес ағайынның ішіндегі екіншісі Мұхамедсадық талдырмаш жас күнінен еңбекке тығыз араласты. Әкесі Мәсәлім мінезі жайлы, жұмсақ адам болғанымен жұмыста ұқыпты, тиянақты. Зейнеткерлік жасқа дейін мал дәрігері болып қызмет етті. Мәскеу түбінде Отан алдындағы борышын өтеп қайтқан көкпектілік екі жас Мұхамедсадық Әңкебаев пен Алтынғазы Оразалиев барлық өмірін туған жерінде тынымсыз еңбек етуге арнады.
Ішінде туа біткен дарыны бар шығармашыл жан қажырлы еңбекпен қатар қаламын қолынан тастаған емес. Аудандық газет бетінде өміршең шығармалары жиі жарық көріп отырды. Тума талантты жазбай танитын газет редакторы Тұрсын Жұртбаев жұмыссыз қалған қабілетті жанды бірден қызметке тартты. Бас редактордың ішкі түйсігі оны алдамаған екен. Мұхамедсадық аудандық газет тарихында өзіндік жазу әдісімен, ерекше бір тартымымен, қайталанбас қолтаңбасымен өшпес із қалдырды. Ауыл шаруашылығы саласына қалам тартуда оған тең келер тілшіні табу қиын еді. Жілігін шағып, майын ішкен саланың түйінді мәселелері мен түйткілді қырын ашуда өзіне ғана тән ерекшелік танытты. Мұхамедсадық Әңкебаев журналистика саласында жүріп өмірлік жарын кездестірді. Типографияның әріп терушісі болған Қатипа Қалиоллақызы екеуі үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді.
Өмірден ерте озған озық маман, өз ісінің тісқақты шебері Мұхамедсадық Әңкебаевтың есімін елі қадірлейді, ұрпағы мадақтайды. Көкірегі ашық, көңілі көл әкенің тәлімді тәрбиесін көрген ұрпағы да әулеттің абыройын адал еңбек, көркем мінезімен асыруда. Қайталанбас қолтаңбасы бар қаламгердің мол мұрасы, қазынасы әлі талай ғасыр өскелең ұрпаққа өнеге болып қала бермек.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Тассай ауылдық округі. М.Әуезов атындағы орта мектептен бұл күні 12 түлек білім ордасымен қоштасты. Мектептегі соңғы қоңырау кешіне арнайы шақырылған қонақтар аудандық білім бөлімінен Сарманова Нүргүл Мұратқызы, осы мектептің ардагер ұстаздары С.Чалова және К.Оразғалиева, ауыл әкімі С.Далбин келіп жылы лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар, осы мектептен білім алып бітіріп кеткендеріне 20-30 жыл толған мерейтойларын атап өтуге келген түлектер де өздерінің мектепке деген жылы сезімдерін мен телевизор, проектор, күреске қатысытын балаларға арналған «кимано» киімін және ауылдық мешітке шаңсорғыш тарту етті. Бұл мектепте «Алтын белгіге» үміткер екі оқушы Армика Әділғазинова мен Толғанай Букумбаева. Салтанатты кеш, концерттік бағдарламаға ұласты.
Көкжайық ауылдық округі. «Сыңғырла соңғы қоңырау» атты салтанатты жиын өткізілді. Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды.
Құттықтау сөз мектеп директоры С.Нұқышева, оқу ісінің меңгерушісі А.Баямбаева, Көкжайық ауылының әкімі Н.Сүлейменов және Көкпекті ауданынан келген өкіл ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы М.Темиржанов бітіруші түлектерді оқу жылының аяқталуымен құттықтап жылы лебіздерін білдірді. Биылғы оқу жылында жетістікке жеткен оқушылар марапатталды. Ата-аналар атынан А.Абекбаева құттықтау сөз сөйлеп, мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалады. Мектеп бітіруші түлектер ұстаздарды құттықтап, өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, мектеппен қоштасу әнін орындады.
Белое ауылдық округі. Биыл Октябрь мектеп балабақша кешенінде 4 түлек қанат қағып ұшқалы тұр. Арнайы түлектерді құттықтауға Белое ауылдық округ әкімі М.Жанкебаев, аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинеті меңгерушісі Д.Садвакасова келді. Ауданнан келген қонағымыз оқу жылының аяқталуымен, соңғы қоңырау салтанатымен баршаны құттықтап, түлектерге жүрекжарды тілектерін білдіре келе, мектебіміздің білім мен шығармашылық табыстары үшін, ауданымыздың Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуде ұжымымыздың сүбелі үлесі үшін аудан әкімі Р.Сағындықовтың мақтау қағазын мектеп директоры К.Кожаеваға табыстады.
Өз кезегінде ауыл әкімі Мұхтар Қайырғазыұлы мектебіміздің бірқатар оқушылары мен мұғалімдеріне алғыс хаттар мен мақтау қағаздарын тапсырды. Әдемі қазақ киіміндегі «Айкөркем» би ансамблінің «Шаттық» биі, 1 сынып оқу озаты Ж.Жамбырбаеваның «Мектебім» әні мерекенің сәнін кіргізді. «Алтын белгіге» үміткер түлегіміз Ж.Иматулина «білімнің алтын кілтін» ізбасарларына табыстап, соңғы қоңырау соғу мәртебесіне ие болды.
Бастаушы ауылдық округі Абай атындағы орта мектебінде соңғы қоңырау мерекесі «Сыңғырла қоңырау тағы да...» атты тақырыппен өтті. Барлық сыныптар мерекеге сай безендірілген мектеп ауласына сапқа тұрды. Қазақстан Республикасынынң Мемлекеттік Туы әкелінгеннен кейін, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды. Мерекеге мектептің барлық 120 оқушысы, 20 жылдық кездесуге келген мектептің 30 түлегі, 50 ата-ана, қонақтар, зейнеткер-ұстаздар қатысты. Биылғы жылы мектепті 4 оқушы аяқтап отыр, олардың екеуі ҰБТ тапсырады. Екі оқушы да келешекте дәрігер болуды армандайды. Көкпекті аудандық әкімшіліктің өкілі Серік Қасымханов, Көкпекті аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Райхан Жұмақанова оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады.
Мектеп директоры мектеп өміріне белсенді қатысқан, оқуда, өнерде, спортта алда болған оқушыларды марапаттады. Құрметті атақтар берілді: «Жыл оқушысы» - 8 сынып оқушысы, аудандық Абай оқуларында ІІ орын алған Кәрім Алина, «Жыл түлегі» - 11 сыныптың оқушысы, мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысқан, аудандық оқушылар олимпиадасының математикадан жүлдегері Жақсылық Ырысты, «Жыл спортшысы» - аудандық еркін күрестен, жеңіл атлетикадан жарыстардың жеңімпазы, еркін күрестен облыстық жарыстардың жүлдегері Болатқанов Нұрасыл атанды. Спорттағы жетістіктері үшін еркін күрестен, жеңіл атлетикадан аудандық, облыстық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары мектеп директорының грамотасымен марапатталды. «Үздік сынып-2015» құрметті атағын жылдық жарыстың қорытындысы бойынша 5-сынып оқушылары жеңіп алды. Сынып жетекшілері – Р.Байкубинова. Осы сыныпты маусым айында Жидебай-Бөріліге апаруға 20 жылдық кездесуге келген мектептің 1995 жылғы түлектері, Қ.Оспанов, Ө.Бушанов демеушілік көмек көрсететін болды.
Құлынжон ауылдық округі. Амангелді орта мектебіндегі соңғы қоңырау салтанаты жылдағыдан ерекше болды. Бұл күні оқушыларға ұмытылмастай сабақ болатын кең ауқымды патриоттық шара ұйымдастырылды. Мектептің түлектері мен оқушыларын мектеп директорынан бастап, осы күнге арнайы келген қонақтар құттықтап, барлығына сәттілік тіледі. Озаттар мен спортта жетістікке жеткендер марапатталды.
Содан кейін осы мектептің ұстаздары, оқушылары мен бұрынғы түлектері, тіпті бүкіл ауыл болып атсалысқан ескерткіш ашылды. Бұл ескерткіш осы ауылдан Ұлы Отан соғысына аттанып оралмағандар мен соғыстан жеңімпаз болып келген, кейіннен осы жердің түлеп-түрленуіне үлес қосқан аталарға арналған. Оның құрылысына алыс-жақындағы ұрпақтары, осы ауылдың адамдары тайлы-таяғы қалмай көмек жасап, өз қолдарымен тұрғызды. Салтанатты жиында олардың ұрпақтары естеліктер айтты. Оқушылар да өздері ізденіп, бірталай мәліметтер жинаған. Жиын соңы ауылдың ынтымақтастығы арқасында ұйымдастырылған үлкен асқа ұласып, шейіт болған боздақтарға арналып Құран бағышталды.
Ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелер, өшкеніміз жанғандай болдық осы істі қолға алып ұйымдастырған жастарға алғысымыз шексіз деп, баларын берді. Сөйтіп, соңғы қоңырау салтанаты тағылымды шараға ұласты.
Клара НҰРПЕЙІСОВА,
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ

Жыл сайынғы дәстүр бойынша өткізілетін керуен биылғы жылы да өз жұмысын сәтті бастады. Ауданымыздың орталығы Көкпекті ауылынан бастау алып келе жатқан керуен, Көкжайыққа кеп тізгін тартты. Көкжайық ауылының орталық алаңында 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орайластырып алынған «Өшпес ерлікке мәңгілік тағзым» атты керуен акциясы өткізілді.
Толығырақ...
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді аталы сөзге тоқтай білген дана ұлтымыз. Бүгінгі таңда істің қиюын келтіріп, әр салада өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандар аз емес. Статистика шығарған соңғы мәліметтерге сүйенсек, осы кәсіпкер жандардың басым бөлігін орта жастан асқан адамдар құрап отыр екен. Демек, бұл салада жастарымыз аз деген сөз. Жас демекші, жақында жас та болса мал шаруашылығымен айналысып отырған Шұғылбай ауылдық округіндегі «Қажы-мұхан» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түскен еді. Төрт-түлік ата-баба кәсібі десек те, қиындығы бір басқа жетіп артылатын мал өсіру ісімен, оған қоса егін шаруашылығымен бүгінгі жастардың айналысып жүргені көңілімізді қуантты.
Аудан әкімі Д.М.Мусиннің тапсырмасымен, жерді тиімді пайдаланып, шаруасын шырқ үйіріп отырған белді шаруа қожалығы әкелі-балалы Виничуктер отбасының егіс даласына бардық. Күзгі жиын-терін науқанының қызған шағында орақ барысымен танысып, күнбағыс өсіп тұрған алқапты өз көзімізбен көріп қайттық.
«Жер қадірін - диқан білер» деп бекер айтылмаса керек. Жыл он екі ай егіс танаптарын баласындай күтіп-баптайтын - диқан бейнеті мен зейнеті мол еңбектен күс-күс болған алақанының жылуын, жүрегінің мейірімін, өзін, өзін ғана емес, бала-шағасын асырап отырған қара жерге дәнмен қоса сіңіреді. Өйтпесе болмайды. Жер — өзін қылаусыз сүйген адамға ғана жомарт. Еліміз тәуелсіздігін алып, жеке шаруашылық жүргізу үрдісі қалыптасқаннан бері ауданымызда диқаншылар әулетінің қалыптасуына негіз қаланды. Біз әңгімелегелі отырған Виничуктер әулетінің тыныс-тіршілігі егіншілікпен тығыз байланысты. Жас жігіттер егіншілік технологиясына да жете мән береді. Ол құрғақшылықта да астықсыз қалдырмайды. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» дейді қазақ. Үстіміздегі қуаңшылықтың зәрәзап қылғанына қарамай, тәуекел еткен диқаншы ағайындылардың еңбегі жанып, күнбағыс егістігі бітік шығыпты.
Бос жатқан жерлерді өңдеп, егіншілікпен айналысқандарына көп бола қоймаса да ағайынды Виктор мен Юрий «Әке көрген - оқ жонар» деген аталы сөздің ақиқаттығының дәлеліндей өздерін кішкентайынан еңбексүйгіштікке баулыған әкесі Владимир Виничуктің еңбек мектебінен өткенін көрсетіп жүр. Жастайынан өзі де еңбекпен шыныққан В.Виничук ұлдарына бағыт-бағдар беріп, үнемі қолдау жасап, ақыл-кеңес беріп отырады. Олардың жас та болса диқаншылықтың қыр-сырын меңгеріп, жердің жомарттығын пайдалана білуі, күн-түн демей істеріне адалдықпен қарауы - ауданда жұмыссыз сенделіп жүрген жастарға үлгі етерлік өнеге деуге болады.
-Егіншілікпен біз бүкіл отбасымызбен шұғылданамыз. Сондай-ақ, екі тракторшы жігіттерді жұмыспен қамтып отырмыз. Жалпы көлемі 2000 гектар жерге күнбағыс,бидай мен арпа септік. Ауа райы қолайсыздығының залалы бізді де айналып өтпегенмен егістігіміз жаман шыққан жоқ. Көктемгі егін егу науқанын уақытылы бастау, агротехникалық шараларды толық сақтау мен сапалы тұқым құрғақшылық белең алып тұрған жазда да мол өнім алуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Мөлшермен алғанда 1 гектарынан 7-8 центнерден өнім аламыз ба деп отырмыз. Биыл егістік алқабына элита тұқымды бидайдың «Омская-18» сұрпын Өскемен қаласындағы «Тандем-Агро» компаниясынан сатып әкелдік. Бұл жерде агрономда, механизатор да, күзетші де өзіміз. Біріміз түнде күзетсек, екіншіміз комбайнмен орамыз, енді біріміз жерді қайта жыртамыз. Осылайша таңның атысы, күннің батысы бидайды жинап алғанша тыным таппаймыз. Одан кейінгі кезек күнбағыс жинауға тиеді, - дейді жас диқан Юра күнге тотыққан жүзі нұрлана жымиып.
Оның айтуынша, күнбағыстың гибрид тұқымын Өскеменнен сатып әкеліп, биыл бірінші рет салған. Ал «Рокки» тұқымын екінші жыл өсіруде. Күнбағыстың «Арена ПР» сұрпының артықшылығы - осы дақылға зиян келтіретін пероноспороз және тағы басқа ауруларға төзімділігі. Аталмыш гибрид тұқымдыққа жарамағанмен, майлы сұрып болып табылады.
Арнайы дала аруы өсіп тұрған алқапты аралағанымызда көргеніміз, олар түп-түзу қатарлармен, дәнге толы табақшаларын көтере алмай, бастарын иіп тізіліп көздің жауын ала қызықтырады.
Юраның айтуынша,ұзаққа созылатын кезеңіне байланысты күнбағысты нәрлендіру заттары біршама көп талап етіледі. Өсімдіктен 1 центнер тұқым алу үшін топырақтың 6 кг азоты, 2,6 кг фосфоры, 8,6 кг калий қажет болады. Жеткілікті калийі бар қара топырақта ерекше тиімді азот және фосфор тыңайтқыштары болуы керек. Басқа топырақтарда фосфор және калий тыңайтқыштарын жер жырту барысында пайдаланады. Азот тыңайтқыштарын көктемде ұрықтандыру кезінде қолданады. Органикалық тыңайтқыштар із салушы астына салынады Егер бұны тікелей күнбағыс астына төсейтін болса, онда оның сабағы тым ұзарып кетеді. Күнбағысты әрдайым бір егілген жеріне үнемі егу, әркезде араға 8—10 жыл салып жерді тыңайту керек. Биылғы салған гибрид тұқымын олар жыл сайын көктемде сатып алып сеппек. Өйткені, бұл әртүрлі табиғат жағдайларына төзімді, бейімделген сұрып.
Биылғы жылы жігіттер үкіметтен алған 3 млн. теңге субсидияға элеватор сатып алып, оған жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үкімет тарапынан іспен шұғылданам деушілерге көмек болып жатса, ендеше дана халқымыз «ақсұңқар жемін шашып жейді» дегенге сай, диқан жігіттер де жақсылық жасау азаматқа жарасатынын біледі. Олар да өз ауылдастарын азық-түлікпен қамтамасыз етуде көмек қолын созуға әрқашан даяр екендіктерін айтады.
Кәсіп әкеден балаға ауысса, ырыс бірге ауысады. Әке жолын қуған Витя мен Юраның қасынан кенже інісі Николай да қалмай, олармен бірге еңбек етуде. Ол екеуі де диқаншылық кәсіптің берері мол екенін түсінген, жер қадірін біледі. Ендеше, бұл әулет егіншіліктен қол үзбейтіні анық. «Бабын тапсаң – байлық жерде» дегеннің байыбына көзі жеткен жас диқандарға еңбектерің жансын, табыстарың еселене берсін дегіміз келеді.
Бақыт МҮЛІКОВА
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.