«Бір терезе» қағидасы, «халыққа қызмет көрсету орталығы», «ерекше әлеуметтік қызмет» ұғымдары нақтыланып, «автоматтандыру», «толықтай автоматтандырылған мемлекеттік қызмет көрсету», «жекелеген автоматтандырылған мемлекеттік қызмет көрсету» ұғымдарын қарастыратын Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істей бастағалы жеті жыл болды. Біздің Көкпекті ауданында ХҚКО ашылған күннен бастап жұмыс істегендердің қатарында Нұржанова Гүлназ Болсынғазықызы да бар. Ол бұл жұмысты бастағанда қарапайым ғана инспектор болатын. Енді бөлімдегі білікті маман, тәжірибесі де мол. Оның еңбегі еленіп, былтырдан бері Самар ауылында операциялық зал басшысы болып қызмет атқаруда.
Халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтіндер мемлекеттік қызметкерге жатпайды. Бірақ, олар мемлекеттік қызмет пен халық арасындағы ең басты байланысшы, дәнекер. Олар «бюрократтықтың»ең басты жауы болып саналады.
Алғашында бұл орталықтар жергілікті атқарушы органның құзырында болды, содан кейін Үкімет қаулысымен Байланыс және ақпарат министрлігінің бақылауына берілген болатын. Ал, қазір олар Көлік және коммуникация министрлігіне қарайды.
-Алғаш ашылғанда біз халыққа қызметтің 15 түрін ғана ұсына алатынбыз. Ал қазір 171 түрлі қызмет көрсетіледі. Біздің ауданда соның 70-ке жуығы бар,-дейді Гүлназ Болсынғазықызы.
Г.Нұржанова өзінің қызметі туралы айта отырып, әріптестері жайында да жақсы ілтипатын білдірді. Қызметтестері С.Сатенова, Г.Терлікпаева, Г.Айдаровамен жұмысты бірге бастағанбыз дейді ол. Ал қазір оның қол астында қызмет атқарып отырған А.Габдрахманов пен Ә.Рақымғалиева жас та болса, халық көңілінен шыға білетін білікті мамандар. –Біздің жүйе модернизацияланған тұста басшы болып келген Қ.Жүнісов іскерлігін танытып, жұмысты жылдам жолға қойды. «Электрондық үкімет» қызметін пайдалануды және оны халыққа насихаттауды қолға алды,- дейді Г.Нұржанова.
Мемлекеттік қызметкерлерге талап қатты болса, халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтіндерге талап одан да қатаң. Олар республикадағы қандай заң болса, соның барлығын да білуі тиіс. Міне, екі бірдей жоғары білімі бар Г.Нұржанова осы талаптардың барлығына сай келеді. Самарлықтар оның қызметін жоғары бағалап та үлгерді. Ылғи да алдына келген адамдарға барынша түсіндіріп, құжаттарының жылдам әрі сауатты жасалуына жете көңіл бөледі, қол астындағылардан да соны талап етеді.
-Бұл өзі бір салмақты, байыппен сөйлейтін, жұмысын тыңғылықты атқаратын бала. Мен алдына бір рет қана барған едім, бір көргеннен – ақ қандай жауапты қызметкер екенін таныдым. Сондай қызметкерлер көп болса-дейді зейнеткер Қ.Ікербаева.
Еңбегің жана берсін, Гүлназ!
Клара НҰРПЕЙІСОВА
16 маусым күні аудан әкімі Д.М.Мусиннің төрағалық етуімен аппараттық кеңес өтті. Аудан басшылығының басты назарында туристік және балық аулау кластерлерін құру, кәріз жүйесі мен тазалау құрылыстары жұмыстары, жаз маусымында суда жүзу қауіпсіздігі ережелерін орындау сынды мәселелер қаралды.
Аудан әкімі орынбасары А.Әкімова аудандағы туристік кластер негіздері жайлы айтып өтті. Ол «Туризм туралы» Заңның, туристік саланың даму Концепциясы, ШҚО-да туризмнің дамуы бойынша мастер-жоспардың орындалып жатқанын жеткізді. Ауданның туристік кластері жобасында экологиялық, жағажайлық, емдеу-сауықтыру, этнографиялық, әуесқойлық және спорттық балық аулау мен аңшылық, қызық оқиғалы, мәдени-танымдық, балалар сияқты бірқатар сегменттер қарастырылған. Аталған істерді жүзеге асыру үшін мастер-жоспарда инфрақұрылымды, коммуникацияны, жол жиегіндегі бизнесті дамыту көзделген. Алайда, барлық жобалар тек бастапқы күйде, олар әлі де өңдеуді қажет етеді. Аудан әкімі ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімі балық кластерінің кейбір сұрақтарын аяғына дейін реттемегенін, мәселенің егжей-тегжейін түсінбегенін атап өтті. Дүйсенғазы Мағауяұлы екі кластер бойынша да жұмыс әлсіз жүргізіліп жатқандығын көрсетіп, олар шынайылықтан алшақ екенін баса айтты. Осыған байланысты, ол апта көлемінде қосымша жұмыс кеңестерін өткізіп, оның барысында барлық мәселелерді толық талқылаудан өткізуді тапсырды.
Көкпекті ауылында тазарту нысандары мен кәріз жүйелерін қолдану мәселесі күн тәртібінде көтерілген қызу тақырыптардың бірі болды. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысы Б.Бекеновтың мәліметі бойынша, 14 сәуірден бастап бұл нысанның барлық құжаттары «Көкпекті» СМКК-не тапсырылған. Ол балансқа алынған, кәріз жүйелері жұмыс қалпында.
Бірақ, бүгінгі таңда ұйымдармен келісімшарт бекітілмеген, АЭС-пен электрқуатын жеткізу бойынша келісім жоқ, нысан күзетпен қамтылмаған, кәріз стансаларына қызмет көрсететін қызметкерлер құрамы дайындалмаған. ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Р.Бектасов келісімшарттардың бекітілмеген себебі ретінде әлі күнге дейін белгіленген тарифтердің жоқтығын көрсетті. Сонымен қатар, қаржы бөлімінің басшысы Г.Смағұлова, мердігерлік ұйымның директоры И.Ашихмина өз көзқарастарын білдіріп, аудан әкімінің сауалдарына орынбасарлары Р.Сағындықов, А.Әкімова мен «Көкпекті» СМКК директоры М.Матанов жауап беруге тырысты. Қателіктерден сабақ алады деуші еді. Өкінішке орай, белгілі болғандай, бұл нақыл сөз біздің кейбір басшыларға қатысты айтылмаған. Дәл осындай жағдай балансқа алу, қызмет көрсете бастау, тарифтерді бекіту Тассай ауылында суқұбырын енгізгенде орын алған болатын. Жарты жыл уақыт өтпей жатып, сол қызметтің басшылары қайтадан аяқтарын шалыс басып, қателіктерін қайталап отыр. Нысанды желтоқсан айында өткізген болатын, ал тарифтер мен пайдалануды тек белгілі бір мерзім өткеннен кейін ғана естеріне алып отыр. СМКК қаржы тапшылығынан қиындық көріп отырған уақытта, аудан орталығының кәсіпорындары төрт айға жуық кәріз жүйесін тегін пайдаланып келеді. – Коммуналды мекеме өз қызметі үшін ақы жинауды қамтамасыз етпейді. Қызметтер аясын кеңейту бойынша әлсіз жұмыс жасайды. Олар даму бағытында ешқандай шаралар қолданып жатқан жоқ, - деді Дүйсенғазы Мағауяұлы. Ол СМКК-де кадр даярлау әлсіз екенін көрсетті. Бұл болашақта кәріз жүйелерін ары қарай пайдалануда кедергі тударытыны сөзсіз. Сонымен қатар, аудан әкімі қосымша бюджеттік кіріс аралығында қарай отырып, бұл мәселе бойынша өз орынбасарларының жеткіліксіз жұмыс жасап жатқандығын баса айтты. Ол экономика және бюджетті жоспарлау мен ТҮКШ, жолаушылар транспорты және автокөлік жолдары бөлімдерінің, «Көкпекті» СМКК жұмыстарын әрекетсіздік ретінде бағалады. – Болашаққа көз салудың жоқтығы мен әлсіз құзыреттілік – міне, орын алған жағдайдың басты себептері. Тиісті кірістермен есепті реттей алмай отырған уақытта, біз ішкі қорларды іздеудеміз, - деп қорытындылады аудан әкімі. Бұл мәселе бойынша ол бірқатар тапсырмалар жүктей отырып, орын алған жағдайды шешу үшін басшылардан жедел және түбегейлі шаралар қолдануды талап етті.
Жаз мезгілінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар жайлы АІІБ басшысының орынбасары И.Новиков, Сарыбел, Самар, Миролюбовка ауылдық округтерінің әкімдері баяндады. Оларды тыңдай келе, аудан әкімі учаскелік инспекторлар, ТЖ бөлімі өз жұмыстарына үстірт қарайтындарын, Самар округі әкім аппаратының бейтараптылық танытып отырғандарын көрсетіп, бұлардың әрқайсысы екі баланың қаза болғанына моральды түрде жауапты екендіктерін қадап айтты. Ол, сонымен қатар, төтенше жағдайларды ескерту, қауіпсіздік бойынша ешқандай шараларды қолданбаған «ШығысСуқоймалары» қызметкерлерінің жұмыстарын қатты сынға алды. – Жаз мезгілінде тек жағалау маңайындағы ғана емес, сондай-ақ автожолдардағы қауіпсіздікті бақылауды қатаң қолға алып, заңнаманы бұзушыларға қатал шаралар қолдану қажет, - дей келе Дүйсенғазы Мағауяұлы адекватты шаралар қолдануды талап етті.
Надежда ШАРОВА
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың халыққа жолдаған Жолдауында экономикалық-әлеуметтік биіктерге көтерілу үшін рухани байлықтың, дансаулықтың қажеттілігі көрсетілгендігі мәлім. Ал, денсаулықтың мықты болуы, бүгінгі таңда еңбек етіп жүрген әрбір ақ желеңді абзал жандарға байланысты екені сөзсіз.
Толығырақ...1992 жылдың 4-ші маусымы күні еліміздің мемлекеттік рәміздері қабылданып, содан бері бұл күн Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні ретінде аталып келеді.
Ту, Елтаңба және Әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері болып саналады. Рәміздер - тәуелсіз елдің намысы, ел рухын әуелетер қозғаушы құрал. Бүгінде рәміздер күні республика бойынша аталып өтуде. Мерекелік іс-шара Самар қарттар үйін де айналып өткен жоқ. Осы мекемеде «Мемлекеттік рәміздер - тәуелсіздік белгілері» атты мереке өтті. Алғашқы ретте әлеуметтік қызмет көрсету мамандары А.Чкартова, Ж. Рахимбекова, Ж.Раева, Г.Шотанова, Р.Сейтқамзина қарттар үйінің тұрғындарымен бірге көк байрағымызға бас иіп, әнұранды орындады. Шара барысында рәміздеріміз жайлы толық мағлұматтар беріліп, рәміздердің тәуелсіз еліміз өмірінде алатын орны кеңінен насихатталды. Мемлекеттік рәміздерге байланысты викториналық сұрақтар қойылып, қарттар үйінің тұрғындары бар ынталарымен жауап беріп, лайықты сыйлықтарына ие болды. Осы мекеменің қызмет алушысы Л.Куликова өз шығармашылығынан «Қазақстан», «Мама» өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ, Самар қарттар үйінің «Атамекен» вокалдық тобы мен Д.Самарина «Атамекен», «Қазақстан - қыран далам» «Сильные люди» сияқты патриоттық әндерден шашу шашты. Шараға қатысушылар патриоттық әндерден қуат алып, ерекше сезіммен тарасты. Мемлекеттік рәміздер күні - әрбір қазақстандықтың патриотизмдік рухы мен елі үшін мақтаныш сезімін оятатын мерекеге айналды.
Ә.Құдагелдинова, Самар қарттар үйінің
әлеуметтік қызмет көрсету бойынша маманы
275-тен аса отбасы қоныстанған Белое ауылдық округі абаттандырылуы, шаруашылығын шыр айналдыруы, тұрғындарының қоғамдық белсенділігі, аудан спортына қосқан жетістіктері жағынан алғанда ауданымыздағы бетке ұстар елдімекендердің бірінен саналады. Жуырда осындай жақсылықтардың басы-қасынан табылып, көп іс-шараларға мұрындық болып жүрген жас әкім Мұхтар Жаңкебаевпен жолығудың сәті түскен. Ауыл әкімінің айтуынша, ауыл тынысын кеңейтуде бастауыш ақсақалдар ұйымының, ауыл белсенділерінің, тұрғындардың, жастардың өз ауылына деген сүйіспеншілігі мен патриоттық ұстанымдары түрткі болуда. Тіршілік ететін ортасын, күнделікті балалары асыр салып ойнайтын ауылдың іші-сыртын, қора жайлары мен қоршауларын ретке келтіру, санитарлық тазалықта ұстау ұзын жолдың бойына қоныс тепкен аққалалықтар үшін үйреншікті жағдайға айналған. Олар өз ауылдарының мәртебесін көтеруге, тұрмыс-тіршілігін жандандыру ісіне барын салуға даяр.
-Округ аумағында аудан бюджетінің қоржынына сүбелі үлес қосып, заман көшінен кенже қалмай,тіршіліктерін ілгері бастырып отырған бірнеше қомақты мекемелер мен шаруа қожалықтары бар. Атап кететін болсам, Өскемен титан-магний комбинатының филиалы - «Сәтбаев кен байыту кәсіпорны» ильменит кенін өндіретін кен байыту комбинаты құрылысының жобасы жасалуда. Егер бұл кәсіпорын іске қосылса, жұмыс орындары қазіргіден де көбейетіні анық. Жергілікті тұрғындардан кадрлар даярлау ісі де оң шешімін тауып отыр. «Самар-Астық» ЖШС (Бақытбек Құмаров), «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 40 адамды жұмыспен қамтып отырған "Қараөткел"ШҚ (Қуат Закириянов), мүйізді ірі қара өсірумен шұғылданатын «Адал» ШҚ (Зайра Құмарова). Биыл лизингпен осы шаруашылықтарға 20 миллион теңгеге 6 трактор сатып алмақпыз. «Жаңажол» ШҚ ауыл шаруашылығына ылғалсақтағыш техникасын қолдану арқылы жаңа технологияны енгізіп, мал азығына арналған судан өсімдігін өсіруді қолға алуда. Сондай-ақ, бізде «Жұмыспен қамтудың жол картасына» жобаларын өткізіп, ірі қара мал өсіру бағытында жаңадан істерін бастаған жандар да жеткілікті. Олардың ішінен 3 топ мүгедегі Ә.Шакиеваны ерекше атауға болады. «Жайлау» бағдарламасы бойынша үш адам қамтылып отыр,- дейді М.Жаңкебаев.
Ауыл тұрғындары арасында бұқаралық спортты кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, балғын спортшыларды жаттықтырып, жарыстарда жүлделі орындардан көрініп, аудан, облыс спортын дамытып жүрген мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімдерімен әңгімелестік. Олардың бірі –зейнеткер жасына жетіп отырған, 44 жыл өмірін мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі қызметіне арнаған спортшы Қалиев Қалмахан Нұрбекұлы. Ол Өскемен қаласындағы пединституттың дене шынықтыру пәні факультетін тәмамдағалы бері мектепте өз мамандығын жетік меңгеріп, жас ұрпақты спортқа баулып,соңғы жылдары сыныптан тыс жұмыста волейболдан қыздар командасын жаттықтырып келеді. Өзін әлі сергек ұстайтын спортшы-ұстаздың айтуынша, 12 адамнан, жастары бойынша 3 командадан тұратын волейболшы қыздар облыста сан мәрте топ жарды. Жуықта аталған Ж.Шайжүнісовтың 100 жылдық мерейтойында өткен жарыста 3 медальға ие болған. Оның қолынан Көкпекті ауданы қыздар командасының арасында III спорттық разряды бар 2 облыс чемпионы – Анищенко Юлия мен Салихжанова Сабина сынды қыздар тәрбиеленуде. Сондай-ақ, спортшы-ұстаздың ізбасарлары, спорт шеберлері, дене шынықтыру пәні мұғалімдері аудан, облыс, республика көлеміндеспортпен шұғылданып, жас ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосуда. «Біз жалпы алғанда спортшылар отбасымыз деуге толық негіз бар. Өйткені, Өскеменде тұратын немерем Қалиева Жәнел көркем гимнастикадан спорт шебері, «Динамода» бапкер, Президенттік мектепте оқитын немерем Қалиев Әмір жеңіл атлетикамен және футболмен айналысады. Өзім балалар мен жастардың бос уақытында оларды СӨС ұстануға, бұқаралық шараларды өткізуге, Президенттік тест тапсырмаларын орындауға жұмылдыру ісіне атсалысамын. Спортпен шұғылданған жеткіншектердің өзіне деген сенімділігі, күш-жігері артып, намысшыл, мақсатқа ұмтылу, олардың бойында жеңіске жету сынды қасиеттер қалыптасатындықтан жасөспірімдердің құқықбұзушылық әрекетке баруға уақыты да болмайды.Осындай игі істерге басты назар аударып жүретін мектеп мұғалімдеріне, ата-аналарға, әсіресе, мектеп директоры Күлпану Зайнулдинқызына спортты дамытуға көп көңіл бөлетініүшін алғыс айтқым келеді. Өйткені, жарыстарға баруға үнемі көлік пен бөлінген қаражат жағынанқолдап отырады», - деген тілегін жеткізді Қалмахан Нұрбекұлы.
Әңгімеміздің арқауы 33 жастағы мұғалім, «Ауданның үздік жаттықтырушысы» ретінде аудан әкімінің 500 мың теңге сыйақысының иегері болған Аслан Болатбекұлы Ибраевпен жалғасты. Ол бала кезден бастап жаны сүйіп қалаған спорт өнерінен бір сәт те қол үзбеді.11 жыл мектепте дене шынықтырудан сабағын жүргізіп, жиыны 30 шақты әртүрлі жастағы ұлдар командаларын жаттықтырып жүр. Шәкірттерінің ішінен Яловой Иван, Зайнулдинов Арман, Закариянов Ержас атты ұландар - 3-4 дүркін Қазақстан чемпионы болып, спорт шеберіне үміткер, күміс жүлде иегерлері. Сондай-ақ, республикалық, облыстық, аудандық турнирлерде көптеген шәкірттер үздік ойындар көрсетіп жүр. «Мәселен, С.Ағзамовты еске алу турнирінде 3 жыл қатарынан I орынды жеңіп алдық. 1996-1997 жылғылардың ішінен облыс чемпионатында бірнеше рет жекелеген балғындар жүлдегер атанды. Өзім бастап апарған ақырғы 24 сәуірде өткен спартакиадаға командамыздан 5 бала қатысып, III орынға қол жеткіздік. Осындай жеңістер балалардың спортқа деген ынтасын арттыратыны сөзсіз. Облысқа қатысатын 9 ұлда 3-спорттық разряд бар. Кететін үлкендердің орнына 1-3 сыныптардың ұлдарын жинаудамын. Келешекте бұдан да үлкен жетістіктерге жетіп, биіктерді бағындыратынымызға сенімім мол. Біз, тіпті, балалардың жазғы демалыс күндерінде де дене тәрбиесін елеусіз қалдырмаймыз. Оларға волейбол, баскетбол, футбол ойнайтын доптар беріп қоямыз. Балалар жаз бойы жаттығып, күштері мен денсаулықтарын нығайтып, күзде мектепке тың күш-жігермен келеді. Сөзімнің ақырында айтарым, спортшыларға спорттық киімдер мен спорттық инвентарь керек. Сондай-ақ, спортты дамытуға үнемі қолдау жасап, көлікпен, жолақысымен, басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етіп жүрген Самар БЖСМ директоры Е.Мұқаев пен мектеп директоры К.Қожаеваға үлкен рахмет айтамын», - деп ойын түйіндеді талапты жас Аслан Болатбекұлы.
Жан-жағыңызға көз салып қарасаңыз, әр жерде аула сыртында волейбол және баскетбол алаңшалары жасалғанын, оның жанында топ-топ балалар ойнап жүргенін көргеннен-ақ, бұнда спорттың алатын орны бөлек екенін байқайсыз. Бұл жерден салауатты өмір салтын қалыптастыруда үлкен жетістіктерге жетіп, жастарды спортқа баулып жүрген адамдары бар ауылдың болашағы да жарқын болары анық деген сеніммен аттандық.
Бақыт МҮЛІКОВА
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.