Балаларды қорғау күні – жыл сайын әлемнің 30-дан астам елінде аталып өтілетін халықаралық мереке. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде қиын сәттерге тап болып, тағдырдың теперішін көрген балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балдырғандарға арналған мерекелік шаралар, қайырымдылық акциялар өткізіледі. Біздің аудан да бұл үрдістен шет қалмады. Үлкенбөкен ауылында ұйымдастырылған балалардың көңілді мерекесіне аудан әкімі Д.М.Мусин қатысты. Ол өзімен бірге балаларға арнап ойыншықтар мен тәтті сәлем-сауқытын ала келді.
Мектептің акт залына салтанатты киінген балалар және олардың аналары, апалары мен аталары жиналды. Барлық жерден балдырғандардың шаттық күлкілері мен қуанышты дауыстары жаңғырып тұрды. Шараны жүргізушілер сахна төріне мерекенің басты қатысушылары – ауылдық округтегі балалар бақшасының түлектерін шақырды. Бүлдіршіндер бар ынталарын сала отырып, өлең жолдарын оқыды, ән шырқады. Алғашқы құттықтау сөзді алған аудан әкімі барша жиналған балаларға жүрекжарды тілегін арнады. – Балалар – біздің болашағымыз. Елбасы Н.Назарбаевтың алдыға қойған міндеттерін жүзеге асырып, әлемнің дамыған отыз елінің қатарына ену үшін, ең алдымен, біз дені сау, білімді ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Сол себептен, қазірден балаларымызға барынша көңіл бөліп, олардың ойдағыдай дамуы үшін барлық керектіні беруге тиіспіз. Қымбатты балалар және қадірлі ата-аналар, барлықтарыңызды осындай жарқын мерекемен құттықтаймын. Отбасыларыңызға бақ-береке, бақыт пен сәттілік тілеймін.
Ауылдық округ әкімі Н.Назарханов пен ауыл ақсақалы К.Баймолдиннің құттықтауында аға буынның ізін жалғастырушы ұрпаққа деген, өз елінің патриоттары болып өсіп келе жатқан округтің жеткіншектеріне деген мақтаныш сөздер айтылды.
Балдырғандардың шаттығын бөлісе келген қиял-ғажайып ертегілерінің кейіпкерлері қосыла ән шырқап, би биледі. Әсерлі және көрнекті қойылымдардың бірін бүгінде тәртіпті оқушылардың қатарында жүрген, өткен жылдарда балабақшамен қош айтысқан түлектер көрсетті.
Ал, бүгінгі бүлдіршіндерге – биылғы жылдың түлектері үшін мектеп табалдырығын аттайтын маңызды сәт алда. Аз қамтылған отбасы балаларына ауыл демеушілері «Мейірім» қайырымдылық акциясы аясында мектепке қажетті сыйлықтар табыс етті. Үлкенбөкен мектебін осыдан бірнеше жыл бұрын бітірген түлектер мерекеде білім ордасына бағалы сыйлықтар табыстады. Мерекелік шара балалардың асфальтқа сурет салу байқауымен өз мәресіне жетті.
1 маусым күні Көкпекті ауданының орталық алаңы, мәдениет үйі, бүкіл көшелері жүздері бал-бұл жанып, бейне бір ханзадалар мен ханшайымдардай болып жасанған, қолдарында түрлі-түсті шарлары бар балдай тәтті сәбилер мен бүлдіршіндердің сыңғырлаған шат күлкісіне, былдырлаған періште үндеріне толып, ерекше арайлы түрге енді. Өйткені, жадыраған жайдары жаз айының алғашқы күні балдырғандардың алаңсыз ойнайтын, олардың бақытты балалық шағын паш ететін шаттыққа толы мерекесін ала келіп еді.
Кең ауқымдылығымен ерекшеленген жарқын мерекенің бұл жолғы ұйымдастырушылары - аудан орталығындағы «Балалар өнер мектебінің» қызметкерлері. Міне, бүлдіршіндер асыға күткен мерекелік концерттік бағдарламаның шымылдығын Дильназ, Мадияр және Ясмин атты балғын жүргізушілер ашты. Олар жауқазындай жайнаған бөбектерге ыстық лебіздерін арнай келе, алғашқы құттықтау тілегін жолдау құрметін аудан әкімінің орынбасары Клара Рафикқызына берді.
-Балалық шақ – бұл ең бақытты және алаңсыз кезең, айналадағылардың бәрі үлкен және жарқын, ал адамдар – мейірімді. Әлемде қуанышты, бақытты бала күлкісінен керемет не бар. Бүгін сендермен қатар бүкіл әлем балалары бұл әсерлі де жарқын мерекені тойлауда. Қымбатты балақайлар! Сендерді қуаныш пен шаттыққа толы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әр жаңа атқан таңдарың ересектердің махаббаты мен қамқорлығына бөленсін, ал балалық шақ тек бақытты және жылы естеліктер қалдырсын! – деп ізгі тілегін жеткізді.
Кеш жүргізушілері іс-шараның бағдарламасымен таныстырып, балдырғандарды қолөнер бұйымдарынан жайылған көрмелерге, асфальт бетінде сурет салу байқауына,интелектуальдық және спорттық ойын түрлеріне қатысуға шақырды.
КӨКПЕКТІНІҢ БӘЙШЕШЕКТЕРІ-2014
Аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен балабақша, мектепалды даярлық топтарының бүлдіршіндері арасында «Көкпекті бәйшешектері» деген атпен өткізілген шығармашылық өнер сайысы көрерменнің көз қуанышына айналды. Құртақандай ғана сайыскерлер өзін өзі таныстыру, өнер сайысы кезеңдеріне тамылжыта ән салып, мың бұрала би де билеп бойында бар өнерлерін жан сала паш етті. Ал, шығармашылық жұмыстарының көрмесі әділқазылар алқасының алдына жайылды. Киім кию үлгісі, өнері, шығармашылығы жағынан бірінен бірі асып түсіп жатқан балапандардың сайыс қорытындысын шығарып, сарапқа салу, әділ баға берушілер үшін оңайға соқпағаны рас. Ақыры, байқау қорытындысына барынша әділ баға беріліп, бас жүлдені Ж.Шайжүнісов атындағы ОМ Ахан Дильназ жеңіп алды. I орынды М.Әуезов атындағы ОМ Ізғұтты Айзере, II орынды І. Жансүгіров атындағы ОМ Махаббатова Дильназ иемденсе, Миролюбовкалық Сабазова Әдемі III орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ, Ж.Шайжүнісов атындағы ОМ Ахан Гауһар «Кішкентай ханшайым», Шұғылбайдан Әділханов Досжан «Өнерлі бала» атақтарына ие болды. Ал, Баяхмет Нұрай, Жақыпбекова Ислана, Жаңбырбаева Жанайым сынды бүлдіршін ханшайымдар белсенді қатысқаны үшін марапатталып, барлық қатысушыларға әдемі ойыншықтар сый-сияпаттар ұсынылды. Бір айта кетерлігі, айшықты шараның қызығына қызық қосқан «Балерке» балабақшасы бүлдіршіндерінің балдай тәтті тілдерімен оқыған тақпақтары, әндері мен билері де мерекенің көрігін онан сайын қыздыра түсті бұл күні.
Алаңда өткізілген «Әлем балалар көзімен» тақырыбында асфальтта сурет салу байқауынан 1 орын Н.Қабдрешева, «Үздік батпырауық» сайысынан 1 орын Шәріптоғай мектебінің оқушысы М.Маркенова,«Батпақ» ойынында 1 орын № 1 команда ойыншылары Б.Тлеухан, А.Әсенов, Д.Фахрутдинова, С.Астанин, О.Елисеева алды. Ал, «Көңілді старттардан» 1 орынды Көкпекті балалар үйінің командасы жеңіп алды. Барлық ойынға қатысушылар мақтау қағазымен марапатталды.
БАР ЖАҚСЫЛЫҚ БАЛАЛАРҒА
Дәл осы сәтте мәдениет үйі ғимаратындағы би залында да Көкпекті аймағы бойынша Оңалту орталығы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Бар жақсылық балаларға» атты сазды ойын-сауық бағдарламасы барлық шаттығымен, қуанышты дүбірімен өтіп жатты. Аудан әкімнің орынбасары К.Смаилованың қызмет алушы балғындарға арнаған мерекелік ізгі құттықтауынан соң, С.Көпесовтың орындауындағы әсем де көңілді ән «Мерекенің» әуенімен педагогтар мен балалар, әлеуметтік қызметкерлер қосыла жаңа заман биін биледі. Сондай-ақ, тәрбиешілер ертегі кейіпкерлері - жылқы, қонжық, қоян, сайқымазақ кейпінде киімдерін киініп алып, балаларға шексіз шаттық сыйлауда болды. Қуаныш одан әрі жалғасып, айнала қол ұстасып, бәрі бірлесе «толқиды теңіз», «мысық пен тышқан», «ақсерек-көксерек», «ручеек» қызықты ойындарын ойнады, шыркөбелек қалықтап вальс, қара жорға, өзбек, аққу билерін нақышына келтіре орындады. Әсіресе, көрерменнің көзайымына айналған дене шынықтыру пәні мұғалімі Жан Нұрсапаев пен Артем Дюсюповтың орындауындағы «Ертегілер» әнін ерекше атап кеткен жөн. Мерекелік ойын-сауықта өнерлерімен ерекшеленген 3 балаға аудан әкімінің сыйлығы берілді. Олар: Дюсюпов Артем, Оразалина Шырын, Мейіржанов Қанағат сынды өнерлі балақайлар. Бұл күнгі балалардың бақыты мен шаттығында шек болған жоқ. Бірінен бірі өткен сүйкімді, бар сән-салтанаты жарасқан балалардың көңілді мерекесіне оңалту орталығы Көкпекті бойынша 65 балаға тәттілер мен жеміс-жидектер толтырылған дорбалар мен аудандық кәсіпкерлер Палатасының директоры Ә.Мұқашеваның әр балаға арналған ойыншықтары тапсырылса, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы тәттілер, торттар, жеміс-жидектер мен сусындар жайылған дастарханын ұсынды.
Күн шуағын төгіп, аспан нұрланып тұрған бұл күні – Самар ауылында Балаларды қорғау күні аталды. Алаңға үлкені бар, кішісі бар жиналған бала кереметтей көп болды. Аталары мен әжелері немерелерімен, жас отбасылары, тіпті, бүкіл отбасымен келгендер де бар екен. Көңілді шуыл, әуен бүкіл алаңға жаңғырығып тұр. Қолдарына қызылды-жасылды шар, түрлі ойыншықтар ұстаған балалар мәз-мейрам.
Алаң төріндегі сахнаға күн мен көңілді жолбарыс баласы шығып, балалар үшін көңілді мереке басталып кетті. Бұл күн олар үшін ұмытылмас жарқын сәттердің біріне айналғаны анық. Жарқыраған Күн мен Жолбарыс балаларға түрлі ойындар ойнатты. Мысалы, «теңіз қандай болады?» деген сауалға «сары, қара, қызыл, тұзды теңіз» деген жауап берген балалар сыйлық алды. Мерекеге жиналғандарды Самар ауылдық округінің әкімі С.Дүсіпов құттықтады. Ол балаларға және олардың ата-аналарына, әжелері мен аталарына зор денсаулық тіледі.
Мерекелік концертке жас бүлдіршіндер белсене қатысты. «Дәншік» балабақшасының, Самар бастауыш мектебінің, Ж.Болғанбаев атындағы орта мектептің кішкентай өнерпаздарының концертін тамашалағандар дән риза болысты. Балалар шығармашылық үйінің ұйымдастыруымен балдырғандар асфальтқа сурет салды. Бір қызығы биыл олардың арасында ешқандай бәйге жарияланған жоқ. Ең кішкентай суретші екі жастағы болса, ересегі он бір, он екі жасар болды. Елуге жуық суретшінің барлығына бірдей сыйлық таратылды.
Мерекелік шарадан мекемелер де сырт қалған жоқ. Мысалы, Самар МӘМ ұжымының кәсіподағы балаларға тәтті шырын мен шоколад таратты.
Мерекеге белсене қатысқан балаларға ауылдық округ әкімінің және мәдениет үйі атынан мадақтамалар табыс етілді. «Шашбаулым», «Самарчанка» би топтары, Бинұр Тілеубекова, Яна Габизуллина, Амина, Дарибаева, Анеля Боданева, Мадина Мұхтарбек және басқалары осындай марапатқа лайық деп танылды. Мерекенің қызықты болып өтуіне «Мәмбет» шаруа қожалығы, кәсіпкер Л.Федорова демеушілік жасады.
Бұл күні Самар ауылындағы спорттық модульдің футбол алаңында оқушылардың орта буын жастағы командалары арасында футболдан жарыс өтті. Бұл жарыста Самар ЖБСМ-нің 2006 жылғы туылған ұлдар командасы бірінші орын алды.
Жазды барлығымыз да жақсы көреміз. Жаз - ол көңілді демалыс, суға түсу, лагерьге бару, үлкендеге көмектесу, бау-бақша күту, балалар сөзімен айтқанда, таусылмайтын қызық кезең. Жаздың алғашқы күні Баларады қорғау күні болуы да тегін емес секілді. «Үлкендердің осындай мереке ұйымдастырғанына біз кереметтей қуаныштымыз», дейді олар. Осындай қуаныштар жаз бойы бола берсін.
Біздің тілшілер
БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ БАЛ СӘТТЕРІ
1 маусым – Үлгілімалшы ауылында Балалар күніне арналған «Балғын балалар -біздің болашағымыз» атты мерекелік шара жоғарғы деңгейде өтті. Жиналған қауымды ауыл әкімі А.Смағұлов және әйелдер алқасының мүшесі К.Айдарханова, ардагер ұстаз Қ.Айжақсина құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Ауылымыздың музыканты Б.Байтұновтың сүйемелдеуімен балалар мерекелік әндер шырқады, би биледі. Жас ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында веложарыс ұйымдастырылды. Бас жүлдеге ауылдың тумасы, Семей қаласының тұрғыны О.Игимбаев велосипед тігіп, ол қарсыластарынан оқ бойы оза шапқан М.Қизатовқа бұйырды. Спорт ардагері М.Айжақсин жарыс жүлдегерлеріне сыйлықтар мен мадақтамалар тапсырды. Мерекенің ойдағыдай өтуіне «КалМухЖом-Ахмет», «Елтай», «Сейіт», «Мейіргүл» т.б шаруа қожалықтары демеушілік жасап, балаларға тәтті-дәмділер мен сусындар сыйға тартылды.
М.Мырзабекова,
Үлгілімалшы ауылының жастар маманы
Аудан әкімі Д.М.Мусиннің төрағалық етуімен 27 мамыр күні аудандық әкімшілік отырысы өтті. Күн тәртібінде кешенді тәсіл мен шапшаң шешімдерді қажет ететін өзекті мәселелер қаралды.
ҚҰРЫЛЫСТЫ САЛЫП ҚАНА ҚОЙМАЙ, ОНЫ
ТІРКЕУДЕН ӨТКІЗГЕН ЖӨН
Көлемді құрылыс жұмыстары мен тұрғын үй құрылысы жайлы аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылысы бөлімінің басшысы Б.Бекенов баяндап берді. Ол соңғы жылдары құрылыс көлемінің өскенін, 2011 жылғы 1232 шаршы метрден 2013 жылы 2156 шаршы метрге дейін ұлғайғанын атап өтті. Биылғы жылы, Б.Бекеновтың болжалы бойынша, бұл көрсеткіш 2230 ш.м. құрайды. 1 мамыр күнгі ахуал бойынша жоспарлы міндеттерді Миролюбовка және Құлынжон ауылдық округ әкімдері толықтай орындаған. Ал, Тассай, Үлкенбөкен, Үлгілімалшы, Шұғылбай ауылдық округтерінің әкімдері бұл міндеттерді орындаудың жолдарын енді қарастыруда. Бөлімнің мәліметіне сүйенсек, биылғы жылы «Қалисатарұлы» (С.Жотабаев) шаруа қожалығының Самар ауылында үш тұрғын үйі, «Талап» (Ж.Күшікпаев) қожалығының Ақой ауылында екі үйі, «Шыңғыс» (Ж.Отаров) шаруашылығының Мамай ауылында екі үйі және Көкпекті ауылында сегіз пәтер пайдалануға беру жоспарланып отыр. – Бұрын салынған тұрғын үйлер мен басқа да нысандарды тіркеу бойынша жұмыстар жүргізу қажет, - деді Б.Бекенов ауылдық округ әкімдеріне қарата айтқан сөзінде. – Ол үшін техникалық бақылаудың өкілдерін шақырып, олармен жұмыс тұстарын келісіп шешіп, бар жылжымайтын мүлікті тиісті түрде рәсімдеу керек. Осы мәселе бойынша нақты жұмыстарды атай келе, аудан әкімі келешектегі жұмыстың басымдықтарын анықтады – бұл дербес тұрғын үй құрылысы мен заңнамаға сәйкес техникалық құжаттарды рәсімдеу мәселесі.
ТУРИЗМДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ БҮКІЛ ӨМІРІҢЕ ЖЕТЕТІН ІС БОЛУЫ МҮМКІН
Аудан әкімінің орынбасары А.Әкімова келешекте ауданда туристік кластер құру және туризмді дамыту туралы ақпарат берді. Алмагүл Жанахметқызының айтқандарын тыңдай келе, аудан әкімі аудандағы туризмнің болашақ жоспарларын бір нүктеге тоғыстырды.
-Туризм – қазіргі таңда билік органдарының жұмысының республикалық және облыстық деңгейдегі негізгі бағыттарының бірі. Қазақстандағы туристік саланың даму Концепциясы бізді осыған бағыттайды, - деді Дүйсенғазы Мағауяұлы. Ол аталған мәселе бойынша аудан әкімдігі аппаратының басшысына ауылдық округ әкімдері үшін семинар өткізуді тапсырды. Өйткені, жақын арада бұл олардың негізгі жұмысы болмақшы. Атқарылған жұмыстарды саралай келе, аудан әкімі ауданда туристік кластерді құру мен дамытуға дайындалған жобаны аяқтау және Концепцияға сәйкестендіру қажеттігін ескертті.
-Бізде барлық қажеттіліктер бар, тек ауыл әкімдерінен ұсыныстар келіп түссе болғаны, -деп Дүйсенғазы Мағауяұлы, қатысушылардың назарын ауданның есепке алынбаған туристік салаларына аудара келе. Бәрінен бұрын, бұл – Толағай тауы маңына, туған өлке туралы аңыздарды зерделеуге арналған туристік жорықтар ұйымдастыру. Экскурсиялар мен тарихи-мәдени маршруттардың әзірлемесін жасау қажет. Аң аулау шаруашылығының іс-әрекетіне ерекше көңіл аудару керек. Өкінішке орай, ауылшаруашылық және малдәрігерлік бөлімінің, жер қатынастары бөлімінің, Самар, Мариногорка, Палатцы, Үлкенбөкен, Көкпекті округтерінің әкімдік аппараты мамандары үшін бұл бағыттағы жұмыс белгісіз және жабық аймақты елестетеді. Ал. шынтуайтына келсек, бұл дегеніңіз қосымша қорлардың ашылмаған және пайдаланылмаған көзі, нағыз алтын Клондайк. Осы орайда, аудан әкімі ауылшаруашылық және малдәрігерлік бөлімінің басшысына аудан аумағында орналасқан аң аулау шаруашылықтары туралы деректерді жинауды, олардың іс-әрекеттерін көлеңкелі экономикамен күрес қырынан қарауды тапсырды.
Келесі бағыт – бұл экотуризмді дамыту. Ауданның флорасы мен фаунасы бай, қорықшалар мен қорықтар бар. Біз барлық табиғат байлықтарын экотуризмді дамыту үшін пайдалануымыз керек.
Басымдықтар ретінде «Мараленок» пантамен емдеу орны, пляж туризмі және балық аулау әуесқойлығын дамыту, Подгорное ауылындағы үш Совет Одағының Батырларының Даңқ Мемориалына бару жұмыстары ерекшеленді.
-Бұл бағыттардың дамуы тек туристік саланың дамуына мүмкіндік жасап қоймай, қызмет көрсету, сервис, сауда салаларын дамытуда оң әсерін тигізе отырып, мультипликативті тиімділік те береді, - деді Дүйсенғазы Мағауяұлы.
Сонымен бірге, ол инфрақұрылымды дамыту қажеттігіне, әсіресе, жолдарға баса назар аударды. Облыстық дәрежедегі маңызы бар «Көкпекті – Васильев өткелі» жолының көңіл толтырмайтын сапасы туралы біз газет беттеріне бірнеше қайтара жариялағанбыз. Алайда, бұдан жолдың сапасы жақсара қойған жоқ. Көргеніміздей, «ОблШығыс Жол» мекемесінің қолы «Көкпекті-Самар» жол учаскесіне сол бойы жете алмаған сыңайлы. Жолдағы ойықтар тегістелгенімен, одан әрі қарай еш қозғалыс көрінбейді. Бұндай жағдай қанша уақытқа дейін созылатыны беймәлім. Алайда, қаншама адамдардың өміріне қауіп төндіретін жол апатын тоспау керек сияқты.
-Бұл мәселе шұғыл шешімді қажет етеді. Өйткені, 1-2 маусымда мектеп түлектерін ҰБТ-ға тасымалдайтын уақыт жақындап қалды, - деп ТҮКШ, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөліміне сәйкес тапсырма берген аудан әкімі қадап айтты.
Өзен жағалауының санитарлық жағдайы, шындап айтқанда антисанитарлық жағдайы туралы бөлек сөз қозғалды. Бұл мәселенің оң шешімін табуы ауылдық округ әкімдері, құқыққорғау органдары және тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы қызметкерлерінің бірлескен және тұрақты жұмысын талап етеді.
БАЛАЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН НЫҒАЙТАТЫН
ЖАЙДАРЫ ЖАЗ МЕЗГІЛІ
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ш.Мұстафинованың мәліметі бойынша, 99% балалар мен жасөспірімдер жазғы демалыс, денсаулықты жақсарту сынды шаралармен қамтылып, бос уақыттарын тиімді пайдаланатын болады. Жалпы бала санының 1 пайызы, яғни қырық оқушы медициналық көрсеткіштерге сәйкес жаздық балажайларда демалуға, туристік сапарларға шығуға, еңбекпен шұғылдануға денсаулықтары келмейді. Биылғы жылы ауданда 5 балажай жұмыс жасайтын болады. Олар – Новостройка ауылындағы «Балауса-Көкпекті» денсаулықты жақсарту-спорттық балажайы, Мойылды ауылындағы «Таусамал» туристтік балажайы, Сарыбел ауылындағы «Жас Толқын» пікірсайыс балажайы, Көкжыра ауылындағы «Жас өркен» мен Миролюбовка ауылындағы «Достық» денсаулықты жақсарту-спорттық балажайлары. Сонымен қатар, мектеп қабырғасындағы балажайлар, Астана, Өскемен, Ұлан, Абай, Жарма аудандарына туристік сапар мен экскурсия жұмыстары ұйымдастыру жоспарлануда. Аудан әкімі білім беру бөліміне көп балалы және аз қамтылған отбасы балаларына, «қиын» жасөспірімдерге, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне ерекше көңіл бөлуді тапсырды.
АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БӨЛІМІНІҢ ОРЫНДАУШЫ ТӘРТІБІ «АҚСАУДА»
Ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы М.Теміржановтың Тассай ауылындағы балық қорларын сақтау және оны дамыту мәселесі бойынша өткен кеңестегі тапсырмалардың жүзеге асырылуы жайлы ақпараты дайын болмай шықты. Қойылған бірде-бір сұраққа мардымды жауап бере алмаған Марат Темиржановтың жұмысын аудан әкімі қатты сынға алды. – Тассайда өткен кеңесте берілген басты тапсырма – балық аулауды заңды негізде жүргізу – ауылшаруашылығы бөлімінің назарынан тыс қалған. Анықтама беру мәселесі де шешімін таппаған. Аудан шекарасынан тыс жерлерге шығарылатын балықты есепке алу ретке келтірілмеген. Құқыққорғау органдарымен қарым-қатынас орнатылмаған. Яғни, іс жүзінде ешқандай жұмыс атқарылмаған, - деп қорытындылады өз сөзін аудан әкімі. Берілген атпсырманы орындау бойынша ол ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының және соған жетекшілік ететін орынбасарының қанағаттанғысыз жұмысын, балық «барымтасын» тежеу бойынша құқыққорғау органдарының әлсіз жұмыс жасап жатқандығын атап өтті. Бұл мәселе Үйлестіру кеңесінің отырысында қарастырылатын болады.
Отырысты қорытындылай кеое, аудан әкімі тапсырмалардың дер кезінде және сапалы орындалуын, шешімдерді қабылдауда жетік тәсілді қолдануды, жалпы сұрақтар бойынша түрлі қызметтер жұмыстарының жұмыстарын үйлестіруді талап етті.
Надежда ШАРОВА
Соңғы қоңырау... Бұл – мереке ата-аналар үшін қуанышты күн болса, оқушылар үшін қимас балалық шақпен қоштасу күні, сағыныш сезімін ұялатып, өткенге қайта оралтатын, ертеңгі күнге сенімді серік етіп, үкілеген үмітті арқау ететін күн. Бұл күні аудан бойынша барлық мектептерде соңғы қоңырау үнi сыңғырлап, жаңа да жауапты өмiрге аяқ басқан түлектер алтын ұя мектептерiмен қоштасты. Қоңырау Көкпекті ауданындағы 275 түлек үшін ең ақырғы рет өзінің әсем үнін естіртті.
Аудан орталығындағы Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектепте соңғы қоңырау мерекесі жарасымды әнімен, салтанатты сәнімен өз мәнінде өрнек тапты. Аталмыш шараға аудандық мәслихаттың депутаты Р.Беспаев және бiр топ ұстаздар қауымы мен ата-аналар қатысты. Сонымен қатар, бұл мерекеге осы мектепті 2009 жылы тәмамдаған түлектер келіп, сүйікті білім ошағымен, ұстаздарымен қауышты. Жиынның ашылуында алғашқы құттықтау сөзін алған мектеп директоры Қ.Жүнісбекұлы, Рәмзи Сабырұлы мектеп бітіруші түлектердің алдағы үлкен сынақтан сүрінбей өтіп, ата-аналар мен ұстаздардың үмітін ақтауға тілегін жеткізді. Жыл қорытындысы бойынша мектеп мақтаныштары – үздік шәкірттерге мақтау қағаздары табысталды.
«Мектеп вальсімен» тербелген мектеп түлектері салтанатты жиын соңында аспанға ақ көгершіндерді ұшырды. Ақ көгершіндер соңғы қоңырау үнінен күш алғандай мектеп бітірушілердің армандарын алысқа алып бара жатты.
Ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген мереке
Бұл күні Көкпекті орта мектебіндегі дәстүрлі соңғы қоңырау мерекесіне кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп мектеп табалдырығын имене аттаған ұл-қыздардың ата-аналары, туған-туыстары, ұстаздары, аудан жұртшылығы көптеп жиналды.
Осынау жан тебірентетін қуанышты, аздап мұңды да күні ең әуелі аудан әкімінің атынан АББ-нің әдіскері М.Бексаинова, түлектердің алғашқы ұстазы, сынып жетекшілері, ата-аналар, 1969 жылғы бітірушілер мектеп түлектеріне ақ жол тілеп, ұстаздарға шексіз алғыстарын жеткізсе, оқушылар да өз тарапынан зор алғыстарын айтып, сенімнен шығуға уәде етті.
Сондай-ақ, осыдан 45 жыл бұрын мектеп бітірген 21 түлек, егде тартқан жастарына қарамай еліміздің әр түкпірінен келіп, туған мектебіне тағзым етіп, балалық шақтарын еске түсірді. 1969 жылғы түлектердің ішінен Мұрат Кәсембаевқа «Ең үздік ұйымдастырушы» грамотасы тапсырылды. Сондай-ақ, бұл күні жыл қорытындысы шығарылып, үздік оқушылар мен мектептің қоғамдық өміріне, түрлі байқауларға қатысқан, спорттық жетістіктеріне сүбелі үлес қосқан оқушылар мен сыныптар марапатталды. Қызығы мен қуанышы мол жарқын мерекенің күміс қоңырауы түлектер үшін ақырғы рет сыңғырлады.
Қош бол енді, мектебім менің, сенде оқып, сенде көктедім
Ж.Болғанбаев атындағы орта мектептің 27 оқушысы мектептен түлеп ұшты. Олардың екеуі «Алтын белгіге», екеуі ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер болып отыр. Салтанатты жиынға қатысып отырған ұстаздар қауымын, оқушыларды, олардың ата-аналарын бүгінгі мерекемен мектеп директоры Ж.Бақыраева құттықтады. Бүгінде білім беру сапасын арттыруда жаңашыл мұғалімдер А.Сеңгірбаева, Т.Әбішева, Б.Исаев, Р.Асаубаева, Ө.Рахымғалиев және басқалары аянбай тер төгуде. Жас ұстаздарға өнеге көрсетіп келе жатқан мұғалімдер де баршылық. Олардың қатарында Ә.Қожахметованы атауға болады. Осы келе жатқан сынақ ҰБТ–дан жақсы көрсеткішке жетуді мектеп өздерінің алдына міндет қылып отыр. Ол межеден шығатындарына сенімді.
Соңғы қоңырау салтанатымен осы мектептің ұжымын және оқушылар мен ата-аналарды, мектеп түлектерін аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік бірлестік бастығы Қ.Искакова құттықтады. Ол жиналғандарға аудан әкімі Д.Мусиннің құттықтау хатын оқыды. «Құрметті оқушылар мен ұстаздар және ата-аналар, сіздерді оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы сынақтан сүрінбей өтулеріңізге тілектеспін. Қымбатты түлектер білікті маман атанып, еліміздің болашағын қалайтын азамат болатындарына зор сенім білдіремін», - делінген аудан басшысының құттықтауында. Жиын соңында мектептің үздік, қоғамдық жұмысқа белесене қатысатын, спортшы оқушыларға мадақтамалар тапсырылды.
Қ.Аухадиев атындағы Преображенка мектебінде түлектер, оқушылар және олардың ұстаздары үшін соңғы қоңырау соғылды. Қазақстан Республикасының Әнұранын патриоттық сезіммен және салтанатты түрде орындаған оқушылар тағы бір оқу жылын тәмамдады.
Бұл шарада мектеп директоры Е.Ниязбаев, ауылдық округ әкімі Д.Қойгелдин, ұстаздар қауымы мен ата-аналар түлектерді құттықтай келе, сәт сапар тіледі. Төгілген ақ тілектерде ертеңгі күні еліміздің лайықты азаматтары мен өз Отанының патриоттары болатын дарынды балаларға деген мақтаныш сезімі сезіліп тұрды. Жиын барысында мектеп директоры білімдегі, спорттағы жетістіктері және мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араласқан түлектер мен басқа да оқушыларға мақтау қағаздарын табыстады. Жалпы айтсақ, биылғы жылда мектепті 44 озат оқушы мен 865 оқу екпінділері бітіріп отыр.
Дәстүр бойынша, бірінші сыныптың бүлдіршіндері аға буын түлектерге жыр шумақтарын арнап, ән шырқады. Бітірушілер өз кезегінде оларға хат табыстады. Бұл хатты балдырғандар өздері түлек атанғанда, яғни 2024 жылы ашып оқымақ. Соңғы қоңырау соғылды. Алайда, түлектерді алда емтихандар, ҰБТ және мектеп бітіру кеші күтіп тұр. Олай болса, оларға тек сәттілік тілейміз.
Біздің тілшілер
Қар кетіп, жер кепкенде, айнала жасыл желекке оранғанда ауылда тазалық айлығы басталады. Біз екі ай бойы қолымыздан сыпыртқыны тастамай, көшелерді тазалап, қоқыстарды шығарып отырамыз. Бір рет тазалап қойғаннан соң сол қалпында тұру жоқ, неге? Өйткені, таза жерді өзіміз қайтадан ластаймыз. Қарапайым мәдени қажеттілікті сақтамаймыз. Ал, сол сенбілікке бәріміз бірдей шығамыз ба? Мен, әрине, мекеме, ұжымдарда жұмыс істейтін қызметкерлерді айтып тұрған жоқпын, әңгіме қарапайым қатардағы тұрғындар туралы болмақшы.
Сенбілікке тұрғындардың арасында шығатындары некен-саяқ. Келісетін шығарсыздар. Ауылдық округ әкімшілігі, СЭҚ қызметкерлері келіп, «үйіңіздің жанындағы қоқысты шығарыңыз», - деп өтінгенде әрең қимылдайтындар да табылады. Ол жасырын емес. Сонда біз басқа жердің ауасымен тыныстамаймыз, осы жерде жүріп-тұрамыз, суын ішеміз, ал тазалықты сақтауға келгенде неге кері тартамыз? Соны түсінбедім. Ал, үй маңындағы қоқысты шығаруға кірістік. Кейбіреулер қоқысты төгетін арнайы орынға бармай-ақ, жақын бір жердегі шұңқырға төге салады. Сөзімнің дәлелі, алысқа барып қажеті жоқ: Лайлы бөгетіне қарай баратын жол, яғни, Киров, Совет көшелерінің бас жағын, сайдың ішін қараңыздаршы. Онда қоқыстың неше түрін табасыздар. Өлексе, кірпіш сынықтары, көң - ауладан шыққанның бәрі сол жерде. Көктемде таудан аққан қарғын су сол қоқыстың барлығын ағызып, ауыл ішіне кіргізеді, өзенге құяды, ал өзен суымен бау-бақша суарамыз, балалар шомылады. Сондағы біздің тазалықты сақтағанымыз қайсы?!
Ауылдастарыма айтарым, біздің Самар ауылы аудандағы ең көрікті жердің бірі. Табиғаты қандай! Сол әдемілікті сақтау үшін барлығымыз да азаматтық саналылық танытқанымыз дұрыс болар. Қоқысты тек белгіленген жерге төгейік. Ауыл тазалығы өз қолымызда екенін ұмытпайық. Бір рет тазалап қойған жерді қайта ластамауға тырысайық. Тазалықты сақтау өз қолымызда екенін есте сақтайық дегім келеді.
Қ.Бөлекпаев, Самар ауылының тұрғыны
Мектептегі соңғы кеш. Әдемі киінген бойжеткендер, шаштарын қайыра тараған бозбалалар алаңсыз би қызығына түсіп, шыр айналады. Бір кезде қабырғадағы радиодан қатал да, қатқыл дауыс шықты, «соғыс». Әп-сәтте айрандай ұйыған шырықтары бұзылып, бір-біріне ынтық жастар соңғы сөздерін айтып қалуға тырысады. Бұл Самар ауылындағы Даңқ мемориалы алдында өткен Жеңіс мерекесінің 69 жылдығына арналған салтанат кезіндегі сол сұрапыл жылдардың басталу сәтін бейнелеген театрландырылған көріністің басы. Иә, бейбіт күннің шырқы осылай бұзылып, қаншама арманды тас-талқан етті. Жер бетінде қайтадан бейбіт күн орнату үшін фашистік Германия басқыншыларынан азат етуде жанын пида еткен қаншама боздақ елге оралмады. Ал аман келгендері соғыс салған жараны өмір бойы өзімен бірге алып жүрді. 69 жылда арамызда қалған соғыс ардагері де саусақпен санарлықтай. Бүгінгі күні солардың көзі тірісіне құрмет көрсетіліп, ортамызда жоқтары еске алынып, тағзым етілді.
Жеңіс күніне арналған шеру жалғасын тауып, онда соғыс жылдары, фашистік айуандық, тылдағы еңбек, көптен күткен Жеңіс күні өңір мекемелері мен мектептерінің қызметкерлері және оқушыларының сомдауында автокөлік үстінде тізбеленіп, дәл бір кинолентадай өтіп жатты. Шеруді «Мәңгілік батальон» жалғастырды. Жеңісті жанын құрбан етіп әперген аталарының, әкелерінің суреттерін немерелері, шөберелері мен балалары алып шықты. Олардың бейнелері қашанда бізбен, олар мәңгі біздің жадымызда.
Жиналған қауымды аудан әкімі Д.Мусин құттықтады. «Біздің ауданнан сұрапыл соғысқа аттанғандардың ішінен тоғыз адам Батыр атанды. Бүгінгі күні біз олардың ерлігінің алдында бас иеміз. Бүгінгі күні мемлекет тарапынан да оларға барынша көңіл бөлінеді. Біздің аудандық бюджеттен материалдық көмекке 1 млн 700 мың теңге, коммуналдық қызмет ақысына 4 млн 800 мың теңге бөлінді. Биыл соғыс ардагері П.Балахоновтың үйіне жөндеу жұмысын жүргізуді жоспарлап отырмыз», - дей келе аудан әкімі ардагерлерді, тыл еңбеккерлерін осы айтулы мерекемен құттықтап, баршасына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. «Сіздердің ерлік істеріңіз біздің өскелең ұрпақты елжандылық пен отансүйгіштікке баулуға өнеге, біз оны ешқашан да ұмытпай, ардақ тұтамыз», - деді Дүйсенғазы Мағауяұлы.
Самар өңірінде көзі тірі жеті ғана соғыс ардагері қалыпты. Жылдар алыстаған сайын, ардагерлер қатары сиреп барады. Бүгін шеруге қатысып отырған соғыс ардагері Э.Тваровский жерлестерін мерекемен құттықтай отырып, толқынысын жасыра алмады. «Біз соғыс кезінде сөзбен емес, іспен, қолымыздағы автоматпен сөйлесіп үйренген едік. Енді, міне, бейбіт күнде мен сіздерге соғыс ешқашан болмасын, бейбітшілік жасай берсін, Елбасымыз аман болсын деп тілеймін», - деді ардагер.
Біздің ауданда ардагерлердің 41 бастауыш ұйымы жұмыс істейді. Ал олардың басында аудандық соғыс және еңбек ардагерлерінің кеңесі тұр. Жиналған қауымды осы кеңестің төрағасы А.Әбенов, сонымен бірге аудандық қорғаныс бөлімінің басшысы Р.Абдрахманов, тыл ардагері М.Натальченко, болашақ жауынгер А.Шәкеров құттықтады.
«Ұлы Жеңіс жауынгері – Сен бүгін де саптасың, Әлі де сол баяғыдай баптасың, Ескірген жоқ үстіңдегі шинелің, Азаткер деп ардақтайды сені елің», - дегендей, жыл сайын ұрпақтарына Жеңіс күнін, бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге құрмет көрсету дәстүрге айналған. Жыл он екі айда оларға қаншама көмек көрсетіліп, сый-сияпат жасалса да, дәл Жеңіс күні көрсетілген құрмет айрықша болмақ. Сондықтан, аудан әкімінің шешімімен биыл аудандағы соғыс ардагерлеріне 70 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. Аудан әкімі қарт жауынгерлер В.Федосова, С.Виноградовты арнайы барып құттықтады. Сондай-ақ, аудан әкімінің атынан сыйлықты Қ.Қожаев пен Н.Чумаковқа аудан әкімінің орынбасары К.Смаилова табыстады.
«Бейбіт күннің бәрі де, Жеңіс күні, шырағым!», - дегендей, бүгінгі ұрпақ ата-бабаларының сыйға тартқан осы бейбіт күнді қастерлеп, сақтай білсін. Бейбітшіліктің ақ көгершіні көк жүзінде мәңгі самғасын.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
ЖЕҢІС КҮНІНЕ АРНАЛДЫ
Ұлы Жеңістің 69 жылдық мерекесін жер бетіндегі фашистік басқыншылықтың зардабын шеккен бейбітсүйгіш елдердің барлығы атап өтті. Біздің ауданның да барлық ауылдық округінде бұл мереке айрықша ықыласпен аталды. Себебі, бұл соғыс лаң салмаған бірде-бір отбасы жоқ болар. Сондықтан да, бұл күні барлығы да өткенімізге ой жүгіртіп, ата-баба аруағына тағзым етуге жиналады.
Белое ауылы. Жиналған ауыл тұрғындары салтанатты митингте бас қосып, өздерінің осы күнге дейін аман жеткен ардагерлеріне сый-құрмет көрсетті. Ауылда көзі тірі соғыс ардагері болмаса да, тылда еңбек еткен 35 қария бар. Салтанатты жағдайда ауылдағы соғыс құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, еске алынды.
Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының басшылары, ауыл тұрғындары демеушілік жасап, тыл еңбеккерлеріне мол дастархан жайылды. Жиналғандарды ауылдық округ әкімі М.Жаңкебаев құттықтады. Оқушылар, көркемөнерпаздар мереке иелеріне мазмұнды концерт қойды.
Құлынжон ауылы. Ауыл өзінің қалыптасқан дәстүрі бойынша орталыққа жиналып, барлығы салтанатты шерумен ән салып өтті. Соғыс жауынгерлеріне арналған ескерткіш басында митинг болып, жиналғандарды ауыл әкімі, зейнеткерлер құттықтады. Соғыс жылдарындағы әндер орындалып, жауынгерлер хаттарынан үзінділер мен жас таланттардың Жеңіс күніне арналған шығармалары оқылды.
Көкжыра ауылында да Жеңіс күні мен Отан қорғаушы күніне арналған мерекелік шара ұйымдастырылып, оған тыл еңбеккерлері, ауғандық жауынгерлер шақырылды. Жас ұрпақ өздерінің аға буын өкілдеріне алғыстарын өлең жолдарымен білдірді. Бұл күні әр үйден соғысқа аттанып, оралмаған ауыл тұрғынының есімі аталып, оларға құран бағышталды.
Бастаушы ауылы. Бастаушылықтар мерекені «Ер есімі ел есінде» ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қоюдан бастады. Соғыста қаза болған ауылдастарын бір минут үнсіздікпен еске алған ауыл тұрғындарына тыл ардагері Қ.Досполов сөз арнады. Мереке соңы түрлі ойын-сауыққа, спорттық шараларға ұласты. Көкжота ауылында мереке қарсаңында ауылда жақында ғана ашылған боздақтар ескерткішінің маңына тал егілді, гүлдер отырғызылды. Ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары, мұғалімдер жиналып, ескерткіш жанында салтанатты митинг өткізді. Барлығының да айтқан тілегі: соғыс болмасын!
Клара НҰРПЕЙІСОВА
ЖАУЫНГЕР - ЕЛ ҚОРҒАНЫ
Отанды шексіз сүйіп, ардақтау - әр перзенттің парызы мен міндеті. Бұл соғыстың қасіреті мен жеңістің қасиетін, батыр аталарымыз бен апаларымыздың ерлігін ешкім ешқашан ұмытпақ емес. Біз, қазіргі ұрпақ жері үшін, елі үшін шайқасқан батыр бабаларымызға бас иеміз. Ата-апалардың ерлікпен алған Жеңіс мерекесі Үлкенбөкен округінде 8 мамыр күні аталып өтілді. Ауылымызда соғыс ардагерлері мен тыл ардагерлеріне жылда құрмет көрсетіледі. Осы дәстүр бойынша ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен бабалар рухына арналып бір минут үнсіздік жарияланды. Алғашқы әскери дайындық мұғалімі Қ.Мағзумовтың басқаруымен мерекелік шеру өткізілді. Соғыс құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, мектеп оқушыларының ұйымдастыруымен мерекелік концерт өтті. Әкімшілік ұжымы соғыс және тыл ардагерлеріне арнап мерекелік дастархан жайды. Мереке соңында ардагерлер өткен күндерден естеліктер айтып, ендігі ұрпақ соғыс қасіретін көрмесін деген тілектерін жеткізді.
Ұлы Жеңістің 69-жылдығы білім ордасында да аталды. Мектеп қабырғасында Соғыс ардагерлерін және ерлікпен қаза тапқан азаматтар мен азаматшаларды еске алу мақсатында дөңгелек үстел өткізілді. «Отты жылдар шежіресі», «Ардагерлерге арнау» атты бүктемелер, қабырға газеттері жарияланды.
Ж.Оспанова, кітапханашы, Үлкенбөкен ауылы
БӘРІ ДЕ ЖЕҢІС ҮШІН
Ұлы Жеңіске 69 жыл! Соғыс құрбандарына арналған ескерткіш-обелиск алдындағы алаңқайда қайнаған халық. Жан тебірентетін, соғыс жылдарында туындаған музыка ырғақтары мен ән шумақтары қаһарлы, кәрлі жылдарды көз алдыңа елестеді. Қолына қару алып, Отан үшін қан майданға шеру тартқан миллиондар легі - бәрі, бәрі..
Ауылдың кіре берісіндегі күре жолдың бойымен қызыл-жасылды жалаулатқан адамдар нөпірі келеді. Бұл Ұлы Жеңіске көрсетілер зор құрметтің белгісі іспетті Тассайлықтардың мерекелік шеруі.
Қанды қырғында қаза тапқан жауынгерлер мен Жеңістен соң бейбіт өмірде қайтыс болған ардагерлерімізді ел үнсіздікпен еске алып, құрмет көрсетті. Жеңістің құрметіне құттықтаулар айтылып, Соғыс құрбандарының есімдері қашалған Ескерткіш-тақтаға гүл дестелері қойылып, жауынгерлер рухына тағзым жасалды. Мерекенің аты мереке. Жас ұрпақтар жасағының әскери-саптық марштары көрсетілді. Халық батырлар ерлігін ықыласпен тойлады. Бейбітшіліктің жыры жырланды. Бақыттың күйі ойналып, шаттықтың биі биленді. Бабалардың қанымен келген нұр-заман шуағын төгіп тұр. Әскери тақырыптағы әндерден тізілген әсерлі концерттен соң, тыл ардагерлері мен совет-ауған қақтығысының жауынгерлері, Совет Армиясы қатарында жүріп, жарақат алған жауынгерлер мен Чернобыль апатына қатысқан қаһарман жерлестерімізге кәсіпкер Құдайберген Әбікеновтың ақ дастарханы жайылып, ақ бауырсағы шашылды. Қашанда мерекенің ажарын енгізетін әсем ән мен тәтті күй болса, халқына өнерін шашу етіп шашқан «Ақ әжелер», өнерлі ұл–қыздарымыз ел үдесінен шықты. Бәрі де Жеңіс құрметі үшін! Жеңіс күні құтты болсын!
Катрен Байжұманов, Тассай ауылы
МӘҢГІ БІЗДІҢ ЕСІМІЗДЕ!
9 Мамыр – еңселі елдің рухы өрлеп, еңсеміздің биік болатын күні. Еліміздің өркендеуі, Жеңіс жалауының берік болуы осынау мерекенің жемісі. Отанға қауіп төнгенде қолына қару ұстап, жауға қарсы тұрған аталарымыз бен апаларымыздың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Олардың көпшілігі жан беріп, жан алысқан ұрыстарда қаза тапты. Осы мерекеге орай Преображенка орта мектебінде 9 Мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай 1-11 сыныптар арасында әртүрлі іс-шаралар өткізілді. Тарих пәнінің мұғалімі И.Апсалямова Ұлы Отан соғысына қатысқан ержүрек батырлардың ерлігі мен қайтпас қайсарлығын еске алуға арналған тақырыптық тізілім өткізді. Барлық сыныптарда «Мәңгі біздің есімізде» атты сынып сағаттары өткізілді. Бастауыш сыныптар арасында өткізілген «Бейбітшілік балалар көзімен» атты сурет көрмесінде балалардың салған әдемі суреттері көз тартады.
Жеңістің 69 жылдығына арналған шеруде сыныптар арасында өткізілген «Ең үздік безендірілген топ» сайысында 2 «Б», 4 «Б», 8 «Б», 11 «Б» сыныптары жүлделі орындарға ие болды.
Г.Сейілханова,
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі,
Преображенка орта мектебі
ЕШКІМ ДЕ, ЕШТЕҢЕ ДЕ ҰМЫТ ҚАЛМАЙДЫ!
Адамзат тарихындағы сол зұлмат соғыстың ерлікке толы, сонымен бірге ең қасіретті де беттерінің бояу-бедері мен бүкіл көріністері қарт жауынгерлер жадында әлі сақтаулы, оның шежіресі әлі аяқталған жоқ. Өткеннің естеліктері біздің де есімізден өшпек емес. Мұны еліміздің барлық аймақтарында аталып өтіп жатқан іс-шаралардан-ақ айқын аңғаруға болады.
Осындай қастерлі де қасиетті күн биыл да Қарағандыкөл ауылында салтанатты жағдайда аталып өтті. Бұл шараға мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындары түгел дерлік атсалысты. Жиында сөз сөйлеген ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Большинов пен Ж.Сәдуақасов фашизмді талқандаған Ұлы Жеңісті жақындатуға біздің ауданның азаматтары да зор үлес қосқанын, қан майданда талай жерлестеріміз Отан үшін шайқаста ерлікпен қаза тапқанын айта келе, бізге сыйлаған бейбіт өмір үшін оларға мың сан алғыс айтамыз, - деді. Шара барысында дәстүрлі үнсіздіктен кейін мектеп оқушылары мәңгілік алау жанына гүл дестелерін қойып, майдангерлерге тағзым жасады.
М.Нұрмұхамбетов, клуб меңгерушісі
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.