Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Қазақ халқының тәрбие жүйесінде жас ұрпақты, қоғам мүшелерін Отанға, халқына, елге, жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеп, мұны олардың бойына сіңіріп, қалыптастыру жетекші орын алады. Өйткені, Отан, халық, ел, жер деген ұғым өте ауқымды. Бұған шын мәнінде адамның бүкіл болмысының қатысы бар. Өзінің бүкіл халық болып, мемлекет болып құрылу тарихында талай тар жол, тайғақ кешулерді, басынан кешіріп үнемі шапқыншылардың шабуылына төтеп берумен өмірін өткізген халқымыз елді, жерді қорғаудың қадірін ерте түсініп, баласын ана сүтімен бірге Отанын сүюге және қорғауға тәрбиелеген.

Әскери қызмет - әр азаматтың Отан алдындағы абыройлы борышы екені баршамызға белгілі. Соңғы жылдары әскер қатарына шақырылатын және азаматтық борыштарын өтейтін жастардың қатары сиреп барады. Оның себебі неде? Осы мәселе төңірегіндегі мән-жайдың түйінін тарқатпақ мақсатпен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары Д.Нұрекеновке жолыққан едік.

-Қазіргі жастардың түсініктері әр қилы. Кейбіреулері өзгелердің «әскер қатарында болғаннан қандай пайда, бекерге уақыт өткізесің»» дегендей теріс пиғылдағы насихаттың жетегінде жүрсе, енді біреулерінің ата-аналары баласының әскерге баруына карсылық білдіріп жатады.

Бұрындары әскерге шақырылушы жастардың денсаулығы ғана проблемалық мәселе болып жататын. Енді, жаңа айтып өткенімдей, жастардың басым көпшілігінің Отан қорғау ісіне тартылысы өте төмен. Медициналық комиссия қорытындысына сай әскерге шақырылушылар көбіне анемия, қан қысымы, омыртқаның қисық өсуі, майтабан ауруларына байланысты әскер қатарына жарамай жатады, - деген орынбасар орын алып отырған нақты мәліметтерге тоқталды. Оның айтуынша, 2014 жылы аудан бойынша  194 азамат әскер қатарына шақырылды. Алайда, жүргізілген тексерістердің нәтижесінде олардың 17-сі ғана әскерге жарамды болып шықты. Құрлықтағы қарулы әскери институты, Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты, ҚР ҚМ Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Кадеттік корпус, Республикалық «Жасулан» мектебінеоқуға түсуге ниет білдіргендердің жалпы саны 21 болса, 9 азамат аудандық іріктеуден өтті. Олардың ішінен облыстық медициналық комиссиядан тек 3 үміткер ғана жолдама алған. Сондай-ақ, жалпы білім беру мекемелерінде, колледж бен лицейлерде білім алып жүрген 31 азаматтың әскерге шақыртылуы кейінге шегерілді.

Келісімшарт арқылы әскери қызмет жасаушылар қатарына 35 сарбазды жіберу жоспарланған болса, азаматтар арасында тілек білдіргендер тек 12 адамды құрады. 

Сонымен қатар, Д.Нұрекенов бүгіндері туындап отырған кедергілер жайлы айтып өтті. - Әскери есепке кедергі болатын мәселенің бірі - біз мемлекеттік мекемелерге сол жерде қызмет жасайтындар арасында әскерге шақырылатын жастағы қызметкерлер санын көрсетіп, анықтама беру туралы қатынас қағаз жібереміз. Өкінішке орай, көптеген мекеме басшылары біздің бұл сұранысымызға тиісті жауаптарын дер кезінде жібермейді. Бұл да  әскери міндеттілерді есепке алу жұмысына кері ықпалын тигізеді.

Әскерге шақырылушы жастардың арасында әскери қызметке икемді жастар да жоқ емес. Отан алдындағы әскери борышын өтегеннен кейін келісімшарт арқылы әскери қызметке қалып қызмет жасап жатқан жастарымыз да бар. Оларға мемлекет тарапынан әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтсам, келісімшарт бойынша қызмет жасаушылар алғашында 3 жылға келісімшарт жасасу арқылы қызметін жүргізеді. 8 жылдан артық қызмет жасаған әскери қызметшілерге білімдерін жетілдіруге  арналған жеңілдіктер бар. Әскери қызметшілерге еліміздің аумағында таңдаған мамандығына сай жоғары оқу орнында сырттай оқып білім алуы үшін төленетін ақының 50 пайызы  Үкімет тарапын төленеді. Ал олардың пәтер жалдап тұруына төленетін төлемді мемлекет төлейді.  Олардың балаларын бала-бақшаға алу тағы да басқа көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ, әскери қызметшілер 47 жасында зейнеткерлікке шығады, - деді бөлім бастығының орынбасары.

Ал, біз өз кезегімізде ел басына күн туғанда қолға қару алып, елін-жерін қорғайтын азаматтар  саны ауданымызда көбейіп, сарбаздар қатары толыға түссін деген ниет білдіреміз.

Жібек ЕРЛАНҚЫЗЫ

Қазіргі таңда мемлекетімізде саяси-экономикалық және әлеуметтік маңызы зор мәселелер іске асырылуда. Құқық тәртібін нығайту, қылмысқа қарсы күресті өрістету тұрғысында қолға алынып жатқан ауқымды шаруалар баршылық. Заң талаптары құқыққорғау органдарына, оның ішінде ішкі істер бөлімі қызметкерлеріне үлкен міндеттер жүктейтіндігі белгілі. Осы жолда полиция қызметкерлерінің көтерер жүгі де жеңіл емес. Олар егемен еліміздің құқықты мемлекет болып қалыптасуына үлестерін қоса отырып, қоғамымыздағы белең алған заңсыз іс-әрекеттерге және қылмыс атаулының барлығымен белсене күрес жүргізуде.

1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары» Заңын қабылдады. Бұл Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын. Ал, 2007 жылдың 5-ші маусымында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен маусым айының 23-і «Полиция күні» болып бекітілді. Осы орайда біз мызғымас тәртіптің арқасында ауданда тыныштықты ретке келтіріп, қоғам игілігіне жұмыс жасап отырған тәртіп сақшыларының бүгінгі тыныс тіршілігімен танысу мақсатында Көкпекті аудандық ішкі істер бөліміне ат басын тіреген едік. Аталмыш бөлімді 25 жыл осы салада табан аудармай қызмет жасап келе жатқан білікті азамат, полиция полковнигі Ерлан Сейілханов Әділғазыұлы басқарады.

-Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ел азаматтары полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінуі тиіс», - деп атап өткен болатын. Бұл әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілікті жүктейді. Өйткені, еліміз үшін адам өмірінің қауіпсіздігі - басты назарда, - деп бастады әңгімесін мекеме басшысы. – Біздің бөлімде бүгінгі таңда 105 қызметкер жұмыс істейді. Бөлім бірнеше бөлімшелерден тұрады. Атап айтар болсақ, кезекші бөлім, штаб, криминалдық полиция бөлімшесі, жеке криминалдық бөлімше, анықтау жəне тергеу бөлімшелері, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бөлімшесі, кəмелетке толмағандар істері жөніндегі топ, патрульдік полиция ротасы, көші-қон полициясы, жол полициясы қызмет жасайды. Сондай-ақ, бөлімге Самар ауылдық округі полиция бөлімшесі де қарасты. Олардың басты міндеті - қоғам тыныштығын күзетіп, халықтың бас амандығын қамтамасыз ету болып табылады, - деді Ерлан Әділғазыұлы бөлім құрамы туралы айта келіп.

Сонымен қатар, білікті басшы құқыққорғау органында қажырлы қызмет жасап, бүгінгі күні полицияның абыройын асқақтатып жүрген жандар жайлы да айта кетті. - Өздеріне жүктелген қызметтік міндеттерін адал атқарып, аудан тұрғындарының тыныштығын қамтамасыз етуде, қылмыспен күрестеайтулы еңбек етіп, қырағылық танытып жүрген бөлім озаттары ретінде Самар полиция бөлімшесінің тергеушісі Б.Смаилов, криминалдық полицияның бас жедел өкілі Н.Әкімбаев, әкімшілік полиция бөлімі басшысының орынбасары Қ.Алғазинов, криминалистика маманы Ф.Аверко, полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары Т.Қалиев, А.Нұрсейітовты мақтанышпен атап өтуге болады. Ішкі істер бөлімінде қоғамдағы тыныштықты сақтау жолында аянбай еңбек етіп, қылмыстың алдын алу мен тергеуде, оны анықтауда мол үлес қосып келе жатқан майталман мамандармен қатар жастар да еңбек етуде. Мәселен, Самар полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Р.Садықов, ақпараттық-аналитикалық топтың қызметкерлері Н.Советханова, Б.Шайкенова сынды жас мамандар бүгінде сенім үдесінен шығып, артылған міндеттерді жауапкершілікпен атқаруда. Бөлім бастығының орынбасарлары – И.Новиков, С.Құсайынов, Р.Бельдеубаев пен Самар ауылдық полиция бөлімі басшысы С.Құнафин және оның орынбасары М.Байжуминов қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды жауапты істе табандылық танытып, кейінгі мамандарға өзінің өнегелі ісімен үлгі болып жүрген майталман қызметкерлер, - деді полиция полковнигі.

Ерлан Әділғазыұлының айтуынша, қабылданып және іске асырылып жатқан іс-шаралар нәтижесінде Көкпекті ауданында криминогендік ахуал тұрақты саналады. Жыл басынан бері аудан көшелерінде жиі орын алатын бұзақылықтардың біршамасы тыйылып, қоғамдық қауіпсіздік тұрақталған. Қылмыстардың кемуін айғақтайтын дәлел статистикалық көрсеткіштер екенін ескерсек, былтырғы жылдың осы мезгілімен салыстырғанда биыл қылмыстылық 21,5 пайызға төмендеді. Оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыс 90 пайызға, ал орташа салмақты қылмыстар 15,2пайызға азайып отыр. Жыл басынан бері аудан бойынша 73 іс тіркелсе, бүгінде олардың 63 бойынша қылмыс ашылған. Ұсталғандардың барлығы да жасаған кінәларын мойындап, қазіргі уақытта қолымен жасағанды мойынымен көтеруде. Қалған істерді ашу бойынша да жұмыстар қызу жүргізілуде. Әрине, мұның барлығы бойына борыш пен намысты, ар ұғымы мен адалдықты серік еткен, қоғамымыздағы тыныштықты сақтауда, қылмыстылықпен күресте аянбай еңбек етіп жатқан тәртіп сақшыларының ерен еңбегінің нәтижесі екені анық.

Қоғам қауіпсіздігі жолында аянбай еңбектеніп жүрген сақшылар абаттандыру мәселесін де бір сәт естен шығармайды. Аудан әкімі бекіткен екі айлық тазалық жұмыстарына белсене атсалысып, мекеме ғимаратының алдын көркейтуді де қолға алған бөлім қызметкерлері «Тазалық ұдайы жинастыратын жерде емес, тазалық - ластамайтын жерде сақталады» деген қағиданы берік ұстанады екен. Сондай-ақ, құқыққорғау органының азаматтары ұдайы қоғамдық шаралар барысына да қатысып отырады.Ішкі істер бөлімі қызметкерлері арасында ұйымдастырылатын көркемөнерпаздар байқауы мен спорттық сайыстарда өз өнерлерін паш етіп жүрген қызметкерлер аз емес. Мәселен, А.Сапаров, Е.Қанапиянова, Т.Қалиев сынды спорт сүйер азаматтар облыстық, аудандық волейбол ойыны бойынша жарыстардан жүлделі орындарға ие болып жүрген жандар. Әңгіме соңында АІІБ басшысы Е.Сейілханов әріптестеріне деген құттықтауын жеткізіп,жылы лебізін білдірді. – Әріптестерімді және сала ардагерлерін төл мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, бірлік, жұмыстарына жетістік тілеймін. Қоғамның тыныштығы, халықтың қауіпсіздігі –біз үшін аса маңызды міндет. Осынау абыройлы да аса жауапты міндет биігінен көріну жолында біздің ішкі істер бөлімі қызметкерлері күш-жігерін аянбай, ел алдындағы антына адал қызмет ете берсін демекпін, - деді Ерлан Әділғазыұлы.

Полицияның жұмысы былайғы жұртқа оңай көрінгенімен, өзіндік қиындығы да жетерлік. Сондықтанда, тәртіп сақшыларына жол көрсетіп, кешегі көрегендігі және  жылдар бойы жинаған тәжірибесімен  бөлісіп отыратын қарт ардагерлердің де пікірін білу біздерді қызықтырмай қоймады. Осы мақсатта 2001-2013 жылдар аралығында Көкпекті ауданының ішкі істер бөлімінде аға анықтаушы қызметінде болып, қазіргі уақытта соңынан ерген жастарға жол сілтеп келе жатқан аудандық ішкі істер бөлімі ардгерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Дәулетқазыұлы Жүнісовпен ой бөлістік. – Бүгінде біздің кеңесте 80 ардагер бар. Былтырдан бастап кеңестің жұмысы мықтап қолға алынып отыр. Барлық мерекелерде әр ардагерге жіті көңіл бөлуге тырысамыз. Биыл да осы үрдісті жалғастырмақпыз. Атқарылған ауқымды шара ретінде айтарым, биыл біз «Илья бұлағын» толығымен жөндеуден өткізіп, абаттандыру бойынша жұмыс жасадық. Қазіргі таңда тәртіп сақшыларына қажетті барлық жағдайлар жасалуда. Сондықтанда, олардың тек қана халықтың тыныштығы үшін жұмыс жасауы қажет. Бізде соңымыздан ерген жастарға қолымыздан келгенше жол сілтеп, бұрынғы тәжірибемізбен бөлісіп отырамыз. Бұл жерде, әсіресе, жиындарға қатысып, ақыл-кеңестерін беріп отыратын Р.Аринов сынды ақсақалымыздың еңбегін айта кеткім келеді. Ал, бейбіт елдің берекесін берік ұстауда еңбек етіп жүрген осы сала мамандарын кəсіби мерекелерімен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеймін,-деді ардагер.

Осы бір қызығынан гөрі қиындығы басым мамандықты таңдап, батылдылық пен табындылықты бойына сіңірген, адалдық пен әділеттілікті ту етіп ұстаған жанның бірі –аудандық ішкі істер бөлімінің әкімшілік полициясы басшысының орынбасары, майор Қайрат Алғазинов. «Еңбегім елім үшін, қызметім халқым үшін» деген ұстанымды ұстанатын полиция майоры өмірінің 20 жылын осы салаға арнап келе жатқан аптал азаматтардың қатарынан. Қызметіне адал жан полиция қызметкерлері қандай қасиеттерге ие болуы керек деген сауалымызға: «Ең əуелі полиция қызметкерлері адами тұрғыдан адал, шыншыл болуы керек. Өз ісін бүге-шігесіне дейін меңгерген, жан-жақты білімді болуы қажет. Алдына келген азаматтардың мəселесін шешіп бере алатындай деңгейде қызмет көрсетуі – басты міндеті», - деп жауап берді. Әріптестеріне деген ізгі тілегін де жасырып қалмады білікті жан. - Қызметі қиын да жауапты қызметтестерімді бүгінгі кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Қашанда заң бұзушылыққа жол бермей, тәртіптің сақталуын күзетуде сапқа тұрар осы саланың қызметі сапалы болуына тілектеспін. Ел тыныштығы мен адамзат амандығын тілей отыра, әріптестеріме жұмыстары жемісті болусын дегім келеді, - деді ол.

Қазақстандық полиция өзінің құрылған күнінен бастап ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алға қойған міндеттерін табысты жүзеге асырып келеді. Осынау ортақ іске Көкпекті ауданының ішкі істер бөлімінде 15 жыл еңбек өтілімі бар Махмутов Фирхад Равхатұлы өз үлесін қосуда. Тыныштықтың сақшысы, адамдардың қорғаны атанып, күн-түн демей тынымсыз да беймаза істер атқарып келе жатқан Фирхад Равхатұлының жұмысы ерлікпен пара-пар десек, артық айтпаған болар едік. Бізге өз қызметі жайлы баяндаған ол құқыққорғау органында қызмет жасау жауапкершілігі мол жұмыс екенін айтып өтті. - Полицияда қызмет істеу – маңызды әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Қоғамдық тәртіпті қорғау, азаматтардың құқықтарымен бостандықтарын қамтамасыз ету және қылмыспен күрес, оның алдын алу бойынша күрделі міндеттеріміз бар. Күнделікті қызметте адамдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін шешуге атсалысамыз. Жұмысымыз жеңіл емес, алайда біз үшін ең маңыздысы - халықтың тыныштығы, - деген ол тәуліктің кез келген уақытында қол ұшын созуға даяр, әріптестері әрі арқа сүйер достары болып келетін Руслан Ибраев, Дамир Баймашев, Мансұр Құрмашевті мақтанышпен атап өтті.

Қоғамның қауіпсіздігін сақтау жолында жүрген Ф.Махмутов тек антына адал полиция қызметкері ғана емес, ол өз жанұясының қамқоры, ардақты әке, жарының тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Халық игілігі үшін тәулік бойы жұмыста болатын оған отбасындағы береке-бірлікті сақтап отырған зайыбы түсіністікпен қарап, әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Табанды тәртіп сақшысы әңгіме соңында полиция күніне орай әріптестеріне деген жылы лебізін жеткізді. – Барлық қызметтестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын!Оларға мықты денсаулық, ырыс пен береке және еңбекте толағай табыс тілеймін, - деді ол өз сөзінде.

Полиция қызметкері болу оңай емес. Ол үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, адамдармен араласа білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Олай болса, осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығып жүрген аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерін біз де төл мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына толағай табыстар тілейміз.

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ,

Жібек ЕРЛАНОВА

Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаев сот төрелігін сапалы түрде жүзеге асыру, созбалаңға салу мен бюрократияға жол бермеу, халық пен мемлекетке қызмет ету барлығынан жоғары болуы, сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігі және де сот жүйесіндегі құқықбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті шұғыл түрде күшейту қажет деп атап көрсеткен. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы судъялар одағының кезекті VІ съезінде Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясына сай алдағы уақытта ұлттық сот жүйесінің бағдарын айқындап берді. Осы міндеттерді жүзеге асыруда жүргізіліп жатқан шаралар туралы Көкпекті ауданының №2 аудан сотының төрағасы Әйкен Ермұқанұлы Исмағұловпен әңгімелескен едік.

-Съезде Елбасы сот билігін реформалаудың негізгі басымдығы ретінде сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, жаңа ақпараттық технологияларды белсенді енгізу, дауларды альтернативтік тәсілдермен шешуді қолға алу, судьялардың кәсіби деңгейін көтеру арқылы жаңа кезеңнің сынына төтеп беруге  дайын  болатын ұлттық сот жүйесін нығайтуды тапсырды. Елбасы өз сөзінде "Біз Мәңгілік Ел боламыз деп, кемел мемлекет құруды көздеген халықпыз. Сот төрелігінің әділдігі мен жедел, әрі толық орындалуы – кез-келген елдің кемел болмысының көрінісі. Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыру керек. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз. Ал, судьялар, сіздерден әрқашан жоғары біліктілік пен әділдік, адалдық талап етіледі.Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Біздің мақсатымыз – дәл сондай қоғам құру. «Қазақстан – 2050» стратегиясының басты межелерінің бірі – осы» деген еді.

Соңғы жылдары Қазақстанның сот жүйесі біршама реформалық сатылардан өтіп, қазір әлемдік стандартқа толық сәйкес келетін сот жүйесі құрылды деуге болады.  Бұл ретте еліміздің Жоғарғы соты халықтың сот жүйесі деген сенімін ақтау үшін  көптеген жұмыстар атқарды. Соның нәтижесінде қазір сот процесстерінің тез өтуіне, сотта қаралып жатқан істердің жылдам бітуіне және кез келген азаматтың өз құқын қорғау кезінде соттың алдында өз құқығын пайдалана алатын толық мүмкіндік жасай алатын біршама қадамдар жүзеге асырылды. Бұл қадамдардың нәтижесі 2012 жылы 16 ақпанда қабылданған сот жүйесін конституциялық заңды және процессуалдық заңдарды өзгерту туралы өзгеріске енгізілген заңдарға негіз болды. Осы заңда сот сатыларында  іс қараудың жауапкершілігін арттырудың тетіктері қарастырылды. Апелляциялық, кассациялық  наразылықпен немесе  шағыммен  түскен істер сотта  қаралғаннан  соң  бірден күшіне енетін болды. Сондықтан, судьялар іс қарағанда батыл және түпкілікті  шешім алуға  міндетті. Жоғары сатыларда жауапкершіліктің күшейтілуі істі  бірінші сатыда қарайтын  аудандық соттың судьяларына қойылатын талапты жоғарылатылды.  Бұрынғыдай, аудандық соттың судьясы іс қараған кезде жіберілген кемшілікті жоғары тұрған сот түзейді деген ойдан арылатын болды. Себебі, жоғары тұрған сот аудандық соттың шешімін заңсыз болса, күшін жойып, өзі түпкілікті шешім шығаруға мүдделі. Осыдан кейін, аудандық сот судьясының жұмысына тиісті баға берілетін болды.

Сонымен қатар, азаматтар сотқа өз талап арыздарын  электронды түрде ғаламтор арқылы жолдай алады. Бұл дегеніміз, арызданушы үйінде отырып-ақ электронды үкімет порталының көмегімен тәуліктің кез-келген уақытында  өз талап арызын сотқа бере алады. Былтырғы жылдан бастап сот жүйесінде Жоғарғы Соттың бастамасымен  «Электронды бақылау ісін жүргізу» жобасы  қолға алынды. Әрбір іске қатысушы өзіне қатысты  сот өндірісінде қаралып жатқан іс бойынша ақпаратты осы жүйе арқылы ала алады және сот жұмысын қашықтықтан бақылай алады.Демек, бұл соттардың жаңа технологияны пайдалана отырып  халықтың сотқа қолжетімділігін қамтамасыз етуде жасаған  шаралары деп білуге болады.

«Қазақстан – 2050» стратегиясын іске асыру барысында, алдағы уақытта   еліміздің құқықтық жүйесін үлкен өзгерістер күтуде. Елімізде жаңадан Қылмыстық, Қылмыстық іс-жүргізу, Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы  Кодекстер қабылданбақшы.  Қылмыстық жаза тағайындау, қылмыстық істердің тергеу тәртібі түпкілікті өзгертілмекші.

Елбасы биылғы жылғы 17  қаңтардағы Жолдауында «Сот жүйесі ашық, қолжетімді,  барлық дауды нақты және жылдам шешуі тиіс» ,-деп атап көрсеткен болатын.  Сот билігін реформалаудың негізгі басымдығы ретінде сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, жаңа ақпараттық технологияларды белсенді енгізу арқылы оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту қажеттілігі күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Осыған байланысты аталған Кодекстердің  еліміздің парламентінде талқылауы кезінде Жоғарғы Сот қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік сот ісін жүргізудің қай рәсімдері (сатылары) артық немесе ауқымды болып табылады және қай санаттарын ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жеңілдетуге өз үлесін қосады деп сенемін.

Осы аталғандардың негізінде, еліміздің ұлттық сот жүйесінің нығаюына, халықтың сотқа деген сенімін арттыруға сот саласының әрбір қызметкері ат салысуы тиіс деп есептеймін.

Жазып алған Клара НҰРПЕЙІСОВА

Гендер дегеніміз – ерлер мен әйелдердiң мiнез-құлқын, сондай-ақ, олардың арасындағы әлеуметтiк өзара қарым-қатынасты айқындайтын, олардың әлеуметтiк және мәдени нормалары мен рөлдерiнiң жиынтығы. "Gender" сөзi ағылшын тiлiнен аударғанда жыныс (еркек, әйел) дегендi бiлдiредi. Ал, гендерлiк саясат – қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң теңдiгiне қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық қызмет.

Толығырақ...

Қоғам дегеніміз - ол өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында өзара байланысты және өзара әрекет ететін тарихи қалыптасқан формалар арқылы біріккен, тұрақтылығымен, бүтіндігімен, өздігінен ұдайы өндірілетіндігімен, өзін-өзі реттеуімен, қажетті мәдениет деңгейіне жеткен жетістігімен ерекшеленіп, сипатталатын адамдардың жиынтығы. Қоғам – әлеуметтік жүйе. Ал, әлеуметтік жүйе деп, негізгі элементтері адамдар арасындағы өзара байланыстар мен қарым-қатынастардан, өзара ықпалдасудан тұратын күрделі тұтастықты айтамыз. Негізгі жалпы мемлекеттік шаралардың жүйесінде маңызды орын қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге берілген. Құқықбұзушылық — қоғам өміріне тән дерт. Адам баласы өмір сүрген ортада ол да әрқашан орын алады. Бұл шартты құбылыс. Құқықбұзушылық — заңды, оның қағидаларын құқықтық нормалар жүктеген міндеттерді бұзу, тыйым салынған әрекеттерді жасау. Қ.Аухадиев ауылдық округіндегі құқықбұзушылық ахуал қандай жағдайда екенін білу мақсатында учаскелік инспектор Дамир Баймадиевпен сұхбаттасқан едік.

-Округтегі жағдайды тұрақсыз деуге келмейді – аса ауыр заң бұзушылықтар жоқ. Алайда, ауылдық округ тұрғындары арасында соңғы жартыжылдықта 41 ұсақ заңға қайшы әрекеттер орын алды. Көбінесе, бұл азаматтардың қоғамдық орындарға мас күйінде келуі, тұрмыстық ұрыс-керістер, үй жануарларын ұстау ережелерін бұзу жағдайлары. Заң бұзушылар өз іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қарамағандығы салдарынан біз оларды әкімшілік жауапкершілікке тартуға мәжбүр боламыз, тіпті, 15 тәулікке қамауға алынатын жағдайлар да болады.

Соңғы екі аптаның ішінде аталмыш әрекеттерге тағы екі ұрлық пен бір өзіне-өзі қол салу қылмысы қосылды. Ұрлыққа қатысты қылмыстық іс қозғалып, екі жағдайда да бұзақылар анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Өзіне-өзі қол жұмсауға келетін болсақ, ауданның криминалист-қызметкерлері істі тергеу жұмыстарын жүргізуде. 

-Округте құқықбұзушылықтың алдын алу үшін қандай шаралар қолданылуда?

-Күнделікті біз көмекшілерімізбен бірге күндізгі және түнгі уақыттарда көшелерді қарап жүреміз. Заң бұзушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, тиісті жазалау шараларын қолданамыз. Алайда, кейбір азаматтар өз іс-әрекетіне есеп бермейді және одан ешқандай өрескелдікті байқамайды. Жеке меншік малдарды бағуды ұйымдастырмау, өз ауласында иттердің ірі тұқымын ұстау ережесін бұзу, тұрғын үй маңын тұрмыстық қалдықтармен және қоқыстармен ластау да осылардың қатарына жатады. Аталғандардың барлығы, әсіресе, қараусыз қалған мал тобыры ауылшаруашылық алқаптарына, жеке меншік бау-бақшаға зиянын тигізеді. Ал, иесіз және тұмылдырық кигізілмеген бос иттер өткінші адамдар мен балалардың өміріне қауіп төндіреді. Осыған сәйкес, әкімшілік актілер толтырылып, құқықбұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алайда, мәселе шешілмеген күйі қалады. Осы жағдайлар жүйелі түрде қайталанып отырады. Өйткені, заң бұзушылар істің арты неге апарып соғатынын ойламайды және қойылған талаптарды орындағысы келмейді.

-Құқықбұзушылықты қалай жүгендеуге болады?

-Егер әр тұрғын өз ісін бақылап, жақын-жуықтары мен өзі үшін және жеке дүние-мүлкі үшін жауапкершілікті сезінсе, қоғамдық тәртіпті сақтаса, онда құқықбұзушылық та аз болар еді. Кәсіпкерлер өз иелігіндегі сауда нысандарына тиісті қауіпсіздік шараларын қолданғысы келмейді. Нәтижесінде, тонаушылар олардың дүкендеріне еш кедергісіз еніп, бизнестеріне материалдық зиян келтіреді. Тонаудың алдын алу мақсатында сауда нысандарында дабылдама жүйесі, бейне камера, терезе торлары орнатылуы тиіс. Алайда, бұл нысандардың қожайындары қажетті құрылғыларды орнатуға жұмсайтын аздаған шығыннан гөрі, бұзақылардың кесірінен жүздеген мың теңге жоғалтқанды тәуір көретін сияқты. Ересек адамдар мен жастар өз үйлерінде немесе достарының ортасында спирттік ішімдіктерді ішіп, жай ғана көшеге шығуының өзі оларды автоматты түрде қоғамдық тәртіпті бұзушылар қатарына жатқызатынын түсінуі қажет. Заң барлығына бірдей. Және кінәліге артылатын шара ҚР Қылмыстық кодексінің Заңнамасымен анықталады. Ал, малға, қоқыс шашуға және үй жануарларын ұстауға қатысты ережелерді бұзғандар айыппұл салу арқылы жазаланады.

Қазіргі заманның талабына сай қалыпты қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мемлекет қызметтерінің бірі болып саналады. Оны жүзеге асыруға ҚР Конституциясында көрсетілгендей, барлық мемлекеттік органдар, жауапты тұлғалар мен азаматтар қатысады. Бұл қызметтерді жүзеге асырудағы басты рөл ішкі істер органдарына берілген. Олардың құқықтық жағдайларына сәйкес, елдегі қоғамдық тәртіпті сақтау - басты міндет болып табылады.

Құқықбұзушылықты жою және оларды туындататын себептер бойынша

міндеттерді шешудің негізгі жолдары, әрине, азаматтарды тәрбиелеу. Бүгінгі заман талабына сай олардың адамгершілік қасиеттері мен мәдени деңгейін көтеру, ел азаматтарын қоғамдық тәртіпті нығайтуға, бұзақылықпен, маскүнемдікпен күресті күшейтуге, демократиялық принциптерді іске асырудың сенімді базасын құруға бағыттайды.

Құқықбұзушылық құқықтық нормалар қорғайтын мүддеге нұқсан келтіріп қоғамның, жеке адамның мүддесіне зиянын тигізеді, белгіленген құқықтық тәртіпті бұзады. Құқықтық нормалардың талаптарын орындамау нәтижесінде тәртіп бұзылады, қоғамдық қатынастарға кесел келеді, белгілі бір игілік, құнды зат жоғалады, адамның өміріне, денсаулығына, рухани сезіміне зиян келтіреді.

Азамат өзіне жүктелген міндеттерді орындаса немесе құқықтары мен бостандықтарын пайдалана алса, мұндай іс-әрекет азаматқа да, қоғамға да пайдасын тигізетіні сөзсіз. Азаматтар заңда белгіленген міндеттерін бұлжытпай орындаса, қоғамда зандылық орнап, құқықтық тәртіп сақталады. Азаматтар өз құқықтары мен бостандықтарын тиімді пайдалана алса, қоғамның жан-жақты дамуына, адамдардың тұрмыс жағдайларының жақсаруына, халық мәдениетінің өркендеуіне тиісті жағдай туады. Сондықтан, әр мемлекет, оның аппараттары мен органдары қоғамда заңдылыққа, құқықтық тәртіпке нұқсан келтірмеуді қамтамасыз етеді. Олар жеке және заңды тұлғалардың іс-әрекеттерін қатаң бақылап отырады.

Әр адам, ең алдымен, өзінің және жеке меншік мүлкінің қауіпсіздігін ойлап, оны қорғау үшін сәйкес шараларды қолдануы, өз іс-әрекетін үнемі бақылаудан шығармауы тиіс. Ішкі істер органдары әрдайым үздіксіз заң тәртіптерінің орындалуын қадағалайды. Бірақ, олар әрбір жеке азаматты көзден таса қылмай, оны заң бұзушылықтан немесе сырттан келетін зияннан қорғай алмайды. Бұны әрқайсымыз ойлаған жағдайда ғана көптеген заң бұзушылықтарды болдырмай, қоғамды ізгілендіре және саналырақ ете түсеміз.

Екатерина СКУДАРНОВА

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қаңтар 2025 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз