Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Әлемнің бірқатар елдерінде сәтті жүзеге асып жатқан шағын несие беру идеясының түпкі мақсаты – жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға өмір сүретін адамдар мен аз қамтылған отбасыларға бастапқы капитал бере отырып, өз істерін ашуға мүмкіндік беру. Несие алған адам жанына жақын іспен шұғылданып, өзінің және басқалардың да игілігі жолында жұмыс істеуге талпынады.

Ел халқының жартысынан астам бөлігі тұратын ауылдық аймақты дамыту - мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Ауыл тұрғындарын қолдаудың басты құралы ретінде бүгінде қол жетімді несие беру болып табылады. Алайда, шаруашылық-қаржы істерінде біз ойлағандай бәрі жатық па? Өз шаруашылықтарының көлемін ұлғайту мақсатымен ақша алған шаруалардың көбі бұл істің болашағы бұлыңғыр, көбінесе, банкротқа ұшырайтынын айтады.

Әр уақытта өзекті тақырыптардың ортасынан ойып тұрып орын алып отыратын мәселе – ол жұмыссыздық. Аталған қиындықты жеңу үшін елімізде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылған болатын. Оның екінші бағыты – «Тіректі елдімекендер мен кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыспен қамтамасыз ету» бойынша 3 млн. теңге көлемінде шағын несиелер беріледі. Бұл қаражатқа кәсіпкер жүріп тұрған бизнесін ұлғайтуға немесе жеке ісін ашуға мүмкіндік алады. Ауылды жерде мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, құс өсірушілік, халыққа қызмет көрсету және басқа да жұмыс түрлері кеңінен таралған.

Бағдарлама заңды күшіне енгеннен бергі уақытта көптеген жұмыссыздар мен өзін жұмыспен қамтып отырған адамдар оның мүмкіндіктері арқасында жеке кәсіпкерлікке бет бұрды. Аз мөлшерде болса да, масылдық пиғылдан арылып, табыс  табуға ұмтылды. Алайда, әр түрлі себептермен «тақырға отырып» несиеден жаңылып қалу қатерінде тұрған адамдар қатары да жоқ емес. Ал, ең сорақысы – кейбір кәсіпкерлер төлеуге шамасы келмейтін қарызгерлер тізіміне енуі мүмкін. Міне, сол кезде сот шешімдері мен жеке мүлікті тәркілеу оқиғалары орын алмақ. Істің насырға шаппауын болдырмау үшін осы бастан сақтандырма шараларын қолға алған жөн.

Ең алғашқылардың бірі болып несиелік серіктестіктің өкілдері дабыл қақты. Аталған серіктестік арқылы «Ертіс» СПК АҚ бағдарламасының операторы қарызгерлерге ақша бөледі. Шағын несиелер жылжымайтын мүлік, техника, малды кепілзатқа қоя отырып, округ әкімдерінің кепілімен беріледі.

Жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сүйенсек, «Тобыл-Несие» несиелік серіктестігінің ауылдық округтерге 2011-2012-2013 жылдары берілген несиелері бойынша «Ертіс» СПК алдындағы қарызы 8,9 млн. теңгені құрайды. Ағымдағы күнге дейінгі мерзімде «Самар-Несие» несиелік серіктестігі «Ертіс» СПК АҚ-на берешек емес. Алайда, 440 970 теңге қарызы бар 5 несие алушы бар.

Тұрсынқан Закиров, «Самар-Несие» несиелік серіктестігінің төрағасы:

-Мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, құс шаруашылығы уақытқа аса тәуелді болып келеді. Біреулеріне белгілі бір уақытта мал сатып алу керек болса, тағы біріне уақытылы егін егу, көктемде балапандарды шығару қажет болады. Іс жүзіне келгенде көктемде сұраным берген тұрғындарға қаржы түрлі себептермен кешіктіріліп беріледі. Ол, тіпті, жаздың ортасында немесе жылдың аяғында берілуі мүмкін. Осының салдарынан ол құс, егіс немесе мал сатып алу үшін қолайлы келесі мерзімді күтуге мәжбүр болады. Бұл жағдайға тап болған көптеген қарызгерлер бізге қаржының мақсатты түрде пайдаланылуы туралы көрсетілетін есептемелердің уақытын шегеруді сұрап келген жағдайлары да кездесті. Тәжірибе бойынша алғашқы үш жылдың ішінде мал шаруашылығын жаңа бастаған шаруа өзіне шығын келтіре отырып жұмыс істейді. Сол себептен, несиелік серіктестікке қатысушылар мен ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер осы жылдан бастап мал шаруашылығы үшін демалыс мерзімін 3 жылға, ал өсімдік шаруашылығы үшін 2 жылға ұзартуды ұсынып отыр. Тек осындай жағдайда ғана бағдарламаның басты мақсатына – ауылды жерде шағын бизнестің түсімділігі мен өтімділігіне қол жеткізуге болады. Ал, қазіргі уақытта шаруалар, тіпті, іске кіріспестен бұрын пайыздық өлшемдерін төлеп, бір орындарынан қозғала алмай отыр. Мәселен, мал өсіру үшін оны сатып алу мерзімі шілде айынан бастап, қазанның алғашқы жартысына дейін созылмақ. Егер, шаруа алған 3 млн. теңгесіне бизнес-жоспарға сәйкес дер кезінде мал басын сатып алса, ол көктем кезінде төлдейді. Бұл төлдерді ол күз кезінде сатып, несиенің пайыздарын өтей алады. Әрі шаруа бірінші демалыс жылында тек пайыздарды ғана төлейді. Біздің жағдайымызда ол 7 пайыз. Айта кетерлігі, несиелік серіктестікте бұл қаражат 5.64 пайызбен беріледі. Өз ісін ашамын дегендердің жолында кездесетін тағы бір кедергі – ол несиені 10 пайызымен қамтамасыз ету талабы, яғни жарғылық капитал болып табылады. Ал, жұмыссыз жүрген адамның қалтасында 300 мың теңгенің жатуы екіталай. Сол себептен, бұл ақшаны олар туыстары мен таныстарынан, өсімқорлардан қарызға алады. Немесе алынатын несиеден төленетін тағы бір қосымша несиені рәсімдейді. Аталған мәселені жарғылық капиталды қарызгер несие алған уақытында ұстап қалу жолымен шешуге болар еді. «Ертіс» ӘКК несиелік серіктестіктерге әр тоқсан сайын жабылатын несиенің графигін береді. Ал, олар өз кезегінде оны қарызгерге тапсырады. Осы орайда, ауылдық округ әкімдеріне несиелік серіктестік төрағасымен бірлесе отырып, әр тоқсан сайын, яғни 15-20-сы күні несиені жабудың мерзіміне мониторинг жасауды ұсынамын.

Ринат Раисов, «Тобыл-Несие» несиелік серіктестігінің төрағасы:

-Жарналарды дер кезінде төлеу бойынша қарызгерлермен күнделікті жұмыс жүргізіледі. НС есепшісі Ж.Акчабарова ақшаның түсуін әр ай сайын қадағалап отырады. Мерзімдер мен уақыты өтіп кеткен жарналар туралы ауылдық округ әкімдері мен қарызгерлерге ескерту хат жібереді.  А.Альпиев (Үлгілімалшы а/о), С.Васильев (Самар а/о) сынды кейбір қарызгерлер хабарласудан қашады, телефон қоңырауларына жауап бермейді. Қарызгерлер несиені алғаннан соң 5 ай бойы алынған қаражаттың мақсатты түрде пайдаланылып жатқандығы туралы есеп беріп, өз істерін ашулары тиіс. Егер осы мерзім ішінде несие қорлары мақсаты бойынша пайдаланылмаса, онда несие қайтарылады. Және ол несиенің 25% көлеміндегі айыппұлмен қайтарылуы керек болады.

Гүлнар Асауп, Миролюбовка ауылдық округінің әкімі:

-Миролюбовка ауылдық округі бойынша қарызгерлерге тоқталсам, Альмира Оспанова, Валерий Ким, Бронислав Ким, Янна Ким аталған округте тұрады. Бірақ, олар көкөніс шаруашылығымен Құлынжон және Палатцы округтерінде айналысқан еді. Сол себептен, осы кәсіпкерлер 2012 жылы несие алған кезде оларға сол округтің әкімдері қолғабыс жасаған болатын. 22 шілде күніне дейін аталған кәсіпкерлердің қарызы 641 816 теңгені құрап отыр. Олармен қарызды жабу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Келесі күні, яғни 23 шілдеде кәсіпкер Людмила Ким 386 мың теңгені құрап отырған өзінің берешегін толығымен жауып тастады. Ал азаматша Альмира Оспанова қарызын төлеуден үзілді-кесілді түрде бас тартты. Таяу арада қатаң шаралар қабылдауға тура келеді деген ойдамын.

Рауя Наурызбаева, Биғаш ауылдық округінің әкімі:

-Ауылдық округ бойынша қарызгер «Жаманғара» ШҚ, Гүлнар Нұрғалиеваның берешегі 5 млн.154 мың 947 теңге сомасын құрап отыр. Жоғарыда аталған кәсіпкер несиені ауылда жаңа жұмыс орындарын ашып, ауылдастарының тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында алған болатын. «Ә» дегеннен-ақ, жұмысы өрге қарай домалай бастады да, Г.Нұрғалиеваның шағын наубайханасы округ халқын нанмен қамтамасыз етіп отырды. Бірақ, қазіргі таңда наубайхана жұмысына арналған ғимараттың болмауынан (кәсіпкер оны бұған дейін жалға алып отырған болатын), іс тоқтап қалды. Бүгін біздің қолымызда «Ертіс» ӘКК келісімін берген «Тобыл-Несие» төрағасымен Г.Нұрғалиеваның жарғылық капиталынан 200 мың теңгені алып тастау туралы келісімшарт бар. Қалған 59 мың теңге ай сайын аз мөлшерде төленіп отырады. Қарғалы ауылындағы ЖК «Фазылова» ірі қара мал, жылқы, қой малдары кіретін үлкен шаруашылық ұстай отырып, 10 тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда қаржылық жағынан аздаған қиындықтар туып отыр. Алайда, олар осы айдың аяғына дейін шешіліп, олар қарызды толығымен өтейді.

Ольга Ким, жеке кәсіпкер, Құлынжон ауылы:

-Өткен жылы біз жақсы астық жинап, оны сатудан да қиындық көрмеген едік. Бірақ, биылғы жыл басындағы қатқақтың салдырынан егістікте жатқан қарбыздардың түгелі дерлік үсіп кетті. Соның нәтижесінде біз айтарлықтай шығынға ұшырадық. Ал, ол шығынның орнын толтыру үшін бізде сақтандыру болмады. Екі-үш айдың ішінде берешегімізді қайтаруға тырысамыз.

Ауылдық округтерден несие аламыз деген жаңа қарызгерлер өз ісін ашып, бизнесін ұлғайту мүмкіндігін пайдаланып қалуға тағы бір мәрте тырысып бағады. Сол үшін де олар несие қорларының екінші траншын асыға күтуде. Алайда, олардың үміттері бір күні ақталмай қалуы әбден мүмкін. Себебі, алдында берілген несиелер бойынша қаражат қайтарылмаған күйде қалған...

Қанат АПСАДЫҚОВА

 

Адамзат қоғамы қаншама ілгерілеп даму үстінде болса да, азаматтар арасында әлі де жұқпалы дерттей таралып, әлсіз топтардың арасында жат әрекеттердің орын алып отыратындығы рас. Сондай келеңсіз әрекет дейміз бе, әлде әдет десек пе, әйтеуір кейбір жасөспірімдер мен жұмыссыз бос жүрген ересектер қарасораны шегуге құмартатыны кездесіп қалатын жайт.  Ауданымызда Көкпекті ауылдық округі әкімшілігінің тапсырмасымен адамның ақыл-есін тұмандандыратын жабайы өсетін қарасораны құрту бойынша іс-шаралар қолға алынып, рейд жүргізілді.

Бұған дәлел ретінде 17 шілде күні Көкпекті аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Қ.Алғазинов, полиция майоры Б.Адылханов, Көкпекті ауылдық округі әкімшілігінің өкілі Е.Әубәкіров, криминалдық полиция бөлімінің қызметкері О.Ахметжанов және учаскелік инспектор М.Қасеновтың қатысуымен Көкпекті ауылының Заречный бөлігіндегі «Балерке» балабақшасының жанындағы орман саябағында қалың өскен жабайы қарасораның көзін жою жұмыстары жүргізілгенін айтуға болады. Полиция майоры Б.Адылханов: «Бұл өсімдіктің адамдарға, олардың денсаулықтарына келтіретін зияны шаш етектен. Аталмыш өсімдікті (анашаның туысқаны) шеккен адам өз әрекеттеріне жауап бере алмайтын жағдайда болатындықтан, біздің бұл ісіміз жасөспірімдер мен басқа да азаматтарды заңға қайшы келетін әрекеттерден сақтандыру жағынан да маңызды. Барлық ауыл тұрғындарын қарасораның (кендір) өсіп тұрған жерін кездестірсе, оны құртуға атсалысуға шақырамыз. Бүгінгідей енді ұрық шашатын кезеңде құртып, өртеп отырса, бара-бара жойып жіберуге болады», - деп өз пікірімен бөлісті.

Бұл игі іс - болашақтың қамы екені белгілі. Тәртіп сақшыларының бұл бастамасы көпшілік арасынан кең қолдауға ие болатынына сеніміміз мол.

Бақыт МҮЛІКОВА

Қазақ халқының тәрбие жүйесінде жас ұрпақты, қоғам мүшелерін Отанға, халқына, елге, жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеп, мұны олардың бойына сіңіріп, қалыптастыру жетекші орын алады. Өйткені, Отан, халық, ел, жер деген ұғым өте ауқымды. Бұған шын мәнінде адамның бүкіл болмысының қатысы бар. Өзінің бүкіл халық болып, мемлекет болып құрылу тарихында талай тар жол, тайғақ кешулерді, басынан кешіріп үнемі шапқыншылардың шабуылына төтеп берумен өмірін өткізген халқымыз елді, жерді қорғаудың қадірін ерте түсініп, баласын ана сүтімен бірге Отанын сүюге және қорғауға тәрбиелеген.

Әскери қызмет - әр азаматтың Отан алдындағы абыройлы борышы екені баршамызға белгілі. Соңғы жылдары әскер қатарына шақырылатын және азаматтық борыштарын өтейтін жастардың қатары сиреп барады. Оның себебі неде? Осы мәселе төңірегіндегі мән-жайдың түйінін тарқатпақ мақсатпен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары Д.Нұрекеновке жолыққан едік.

-Қазіргі жастардың түсініктері әр қилы. Кейбіреулері өзгелердің «әскер қатарында болғаннан қандай пайда, бекерге уақыт өткізесің»» дегендей теріс пиғылдағы насихаттың жетегінде жүрсе, енді біреулерінің ата-аналары баласының әскерге баруына карсылық білдіріп жатады.

Бұрындары әскерге шақырылушы жастардың денсаулығы ғана проблемалық мәселе болып жататын. Енді, жаңа айтып өткенімдей, жастардың басым көпшілігінің Отан қорғау ісіне тартылысы өте төмен. Медициналық комиссия қорытындысына сай әскерге шақырылушылар көбіне анемия, қан қысымы, омыртқаның қисық өсуі, майтабан ауруларына байланысты әскер қатарына жарамай жатады, - деген орынбасар орын алып отырған нақты мәліметтерге тоқталды. Оның айтуынша, 2014 жылы аудан бойынша  194 азамат әскер қатарына шақырылды. Алайда, жүргізілген тексерістердің нәтижесінде олардың 17-сі ғана әскерге жарамды болып шықты. Құрлықтағы қарулы әскери институты, Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты, ҚР ҚМ Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Кадеттік корпус, Республикалық «Жасулан» мектебінеоқуға түсуге ниет білдіргендердің жалпы саны 21 болса, 9 азамат аудандық іріктеуден өтті. Олардың ішінен облыстық медициналық комиссиядан тек 3 үміткер ғана жолдама алған. Сондай-ақ, жалпы білім беру мекемелерінде, колледж бен лицейлерде білім алып жүрген 31 азаматтың әскерге шақыртылуы кейінге шегерілді.

Келісімшарт арқылы әскери қызмет жасаушылар қатарына 35 сарбазды жіберу жоспарланған болса, азаматтар арасында тілек білдіргендер тек 12 адамды құрады. 

Сонымен қатар, Д.Нұрекенов бүгіндері туындап отырған кедергілер жайлы айтып өтті. - Әскери есепке кедергі болатын мәселенің бірі - біз мемлекеттік мекемелерге сол жерде қызмет жасайтындар арасында әскерге шақырылатын жастағы қызметкерлер санын көрсетіп, анықтама беру туралы қатынас қағаз жібереміз. Өкінішке орай, көптеген мекеме басшылары біздің бұл сұранысымызға тиісті жауаптарын дер кезінде жібермейді. Бұл да  әскери міндеттілерді есепке алу жұмысына кері ықпалын тигізеді.

Әскерге шақырылушы жастардың арасында әскери қызметке икемді жастар да жоқ емес. Отан алдындағы әскери борышын өтегеннен кейін келісімшарт арқылы әскери қызметке қалып қызмет жасап жатқан жастарымыз да бар. Оларға мемлекет тарапынан әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтсам, келісімшарт бойынша қызмет жасаушылар алғашында 3 жылға келісімшарт жасасу арқылы қызметін жүргізеді. 8 жылдан артық қызмет жасаған әскери қызметшілерге білімдерін жетілдіруге  арналған жеңілдіктер бар. Әскери қызметшілерге еліміздің аумағында таңдаған мамандығына сай жоғары оқу орнында сырттай оқып білім алуы үшін төленетін ақының 50 пайызы  Үкімет тарапын төленеді. Ал олардың пәтер жалдап тұруына төленетін төлемді мемлекет төлейді.  Олардың балаларын бала-бақшаға алу тағы да басқа көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ, әскери қызметшілер 47 жасында зейнеткерлікке шығады, - деді бөлім бастығының орынбасары.

Ал, біз өз кезегімізде ел басына күн туғанда қолға қару алып, елін-жерін қорғайтын азаматтар  саны ауданымызда көбейіп, сарбаздар қатары толыға түссін деген ниет білдіреміз.

Жібек ЕРЛАНҚЫЗЫ

Жаз –қапырық қайнаған күн, демалыс, теңіз бен өзенге баратын мезгіл. «Суда салқындайық», - деген ойдан ересектер сирек бас тартса, ал балалар, керісінше, қуанады. Алайда, өзенге шомылу – барлығымызға ләззат сыйлағанымен, кей жағдайларда өте қауіпті болуы мүмкін. Әуел бастан суда өткізетін демалысты дұрыс ұйымдастырмау - суық өту және суық тию ауруларына шалдықтырады. Ал, ең қауіптісі – бала немесе ересектердің суға батып кету қатері бар. Біреуді қорқытудан аулақпыз, бірақ өкінішке орай, мұндай оқиғалар сирек кездеспейді. Биылғы жылдың өзінде біздің ауданымызда бірнеше қайғылы оқиғалар орын алып, адамдар қайтыс болды. Сол себепті, тағы бір мәрте барлығына өзіңнің және балаларыңның қауіпсіз шомылуы үшін не істеу керектігі жайлы ескертеміз.

АҚ және ТЖ бас маманы К.Әңкебаевтың бізге ұсынған сараптамасы бойынша, биылғы жылдың 11 шілдесіне дейін Көкпекті ауданында суға кетіп, адам өлімі болған 4 оқиға тіркелген. Олардың екеуінде үш бала өлімі орын алған. Алайда, төтенше жағдай бөлімінің мамандары Орталық аудандық аурухананың дәрілерлері біліктілігінің арқасында суға шомылу кезінде зардап шеккендердің өмірін сақтап қалу мүмкін болған екі оқиғаны есептемей кеткен. Нәтижесінде, біздің аудан бойынша демалушылардың салғырттығынан жиыны 6 төтенше жағдай орын алғаны айқындалып отыр.  Бұл статистикалық мәліметтердің өсуіне не себеп, осы көрсеткіштерді төмендету мақсатында қандай шаралар қолданған жөн? Міне, бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көреміз.

Суға кетудің себептері мен алдағы уақытта туындайтын қолайсыз жағдайлардың алдын алу шараларына қатысты сауалымызға бас маман К.Әңкебаев нақты жауап бере алмады. Ол тек алдағы уақытта апта сайын ауылдық әкімшіліктер және ТЖ, АІІБ мамандарының қатысуымен жағалауда алдын алу рейд жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. 12 шілде күні шомылу маусымы басталғаннан, ал оның басталғанына бір жарым ай уақыт болған, осындай рейд бері алғаш рет 6 ауылдық округте өткізілді. Рейд барысы көңіл көншітерлік болмады. Мәселен, Үлкенбөкен ауылындағы «Буконка» өзенінде ересектердің қадағалауынсыз балалардың суға түсіп жүргені байқалды. Рейдке қатысушылар олармен қауіпсіздік ережелері бойынша әңгіме жүргізіп, нұсқаулықпен таныстырды. Ал, Қ.Аухадиев атындағы ауылдық округте ата–аналарымен бірге суға шомылып жүрген балаларға да қауіпсіздік шараларын сақтау тәртібі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, нұсқаулық берілді.

Құлынжон ауылдық округінде Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы «Қызыл Ту» өткелінде жағалау маңайы мүлдем жабдықталмаған, не қоршаулар, не қалқыма белгі жоқ. Демалушылар мен паромды күтіп тұрған адамдар қатты-тұрмыстық қалдықтармен ластанған қамысы қалың жағалаудың дәл маңайында суға түсіп жүр. Рейдке қатысушылар бірнеше демалушылармен әңгімелесіп, нұсқамалық жұмыстар жүргізді. Алайда, дауыл болады деген ескертуге құлақ аспаған олар демалыстарын жалғастырып, суға түсуді жалғастыра берді.

Самар ауылдық округінде екі тоған – Ешкібай және Лайлы бөгеттері үзілді-кесілді суға түсуге тыйым салынатын қауіпті аймақ болып саналады. Су каналының үлкен тереңдігі мен биік жарқабақтау жағалаулары абайсыз шомылушылар үшін айтарлықтай қауіп төндіреді. Бірақ, бұл тыйымға қарамастан, самарлықтай осы жерге ұдайы түрде келеді. «Шығыс су қоймалары» ұйымының суармалы каналдары күзетшісі Сейітбек Бүлембаев әрдайым таңертең осы жерден спирттік ішімдіктердің сынған әйнек бөтелкелерін, түрлі қоқыстар тауып алатынын айтады. Сонымен қатар, тоғанда орнатылған суға түсуге тыйым салатын арнайы белгілерді де сындырып, суға лақтырып жібереді. Самар округі әкімінің орынбасары Рауза Вольф жергілікті тұрғындардың тоғанға келуін қысқарту үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажет деп есептейді. Оның ойынша, осы мақсатта ТЖ қызметкерлері әкім аппараты және мекеме қызметкерлерімен бірлесе отырып, тұрғындар арасында үздіксіз, тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізуі керек. Бұзушылық бірнеше рет орын алған жағдайда айыппұлдық ықпалшарады қолданған жөн. – Мен тоған аумағына тұрақты бақылау орнатып, су маңайында адамдардың болмауына тыйым салатын талаптардың орындалуын қадағалау қажет деп санаймын. Бірақ, тұрғындар денсаулықтары мен өмірлеріне төніп тұрған бар қауіпті өздері түсіне білулері керек. Әр адам өзін және өз балалрын қайғылы оқиғалардан, қауіп-қатерлерден сақтандыруы тиіс, - деді Рауза Төлегенқызы. Алайда, ол сөзін аяқтап үлгергенше, тоғанға екі ер адам жетіп келді. Олар айтылған ескертулерге құлақ аспастан, жайбырақат барып суға түсті.

Рейд барысында Миролюбовка және Сарыбел ауылдық округтеріндегі жағалаулар зерттеліп, «Черемушки» мен «Рубин» демалу базалары тексерілді. Миролюбовка ауылдық округіндегі Бұқтырма су қоймасының «Песчаный» аумағында демалушылар саны 500-ге тарта болғанымен, рейдке қатысушылар 5 адамға ғана нұсқама жүргізді. Мүмкін, қалғандарына қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқамалықты ТЖ қызметкерлері әңгіме жүргізген демалушылар өткізуге міндетті болар.

Дәл осы сынды жағдай Сарыбел және Новостройка ауылдарында да орын алды. Жағалауда демалып жүргендер көп болғанымен де, нұсқамалықты тек 16 адам ғана алды. Ал басқалары қызметтік автокөліктің не үшін келген себебін біле алмай, абдыраған күйі қалды. «Балауса-2» балажайына тоқтауды ТЖ қызметкерлері, тіпті де, жөн санамады. Бәлкім, олар бұл жерде шомылу бойынша өз нұсқаушылары бар деп үміттенген шығар.

Рейдтің қорытындысы қандай болатыны, айтпаса да түсінікті. Әрине, халықтың қажетті сақтық шараларын сақтап, судағы демалысқа немқұрайлықпен қарамауы үшін бір реттік шығу жұмысының жеткіліксіз екені сөзсіз. Біздің ойымызша, түсіндірме жұмыстарын шомылу маусымы басталмай тұрып, әлдеқайда ертерек қолға алу керек. Ауданымыз туризмді дамыту бағытында жұмыс істеп жатқанын ескерсек, демалушылар саны жыл өткен сайын ұлғая түспек. Ал бұл дегеніміз – шомылу аймақтарына барынша көңіл бөлу қажеттігін тудырады.

Шомылу кезінде зардап шеккендер мәселесі тек ТЖ және тиісті қызметтер мамандарына ғана қатысты емес, бұл жерде дәрігерлердің көмегі айтарлықтай маңызға ие. Олар бәрінен де ауыр жұмысты атқарады. Себебі, алдын алу шараларын жасап, әңгімелескеннен гөрі, ауыр халде жатқан адамның өмірін сақтап қалу әлдеқайда қиын. Біз ОАА бас дәрігері Райфа Сайфиоллинованы жағдайға өз пікірін білдіріп, «жедел жәрдем» келгенше зардап шеккен адамға қандай алғашқы медициналық көмек көрсетуге болатыны жайлы айтып беруін өтінген едік. – Жәбірленушіні құрғақ жерге алып шыққан жөн. Егер ол суға шашалып, есінен танып қалса, ондай жағдайда оны ішімен өз тізесіне жатқызу керек. Бұл судың өкпе мен асқазаннан ағып кетуіне септеседі. Ал, егер адам бірден есін жимаса, оған «ауыздан ауызға» жасанды дем берген жөн. Бұдан кейін де ұйқы артериясында тамыр соғысы байқалмаса, қосымша жүрекке жасанды массаж жасау қажет. Ол үшін екі қолмен (бір қолды екінші қолдың үстіне) жүрек тұсындағы кеудеге жеткілікті түрде қатты және екпінмен басу керек. Массажды жасанды дем берумен кезектестіріп отырған жөн. Осы сынды қимылдарды зардап шеккен адам ес-түссіз жатқанда, «жедел жәрдем» көмегі келгенше үздіксіз қайталап отыру қажет. Тіпті, адам есін жинап, дем алуы мен тамыр соғысы қалыпқа келненнің өзінде оған медициналық көмек қажет болуы мүмкін. Кей кездері асқынулар туындап жатады. Сол себептен, жәбірленушіге ары қарай ем көрсетіп, оны дәрігер қарауы үшін жақын жерде орналасқан медициналық мекемеге бару туралы ұсынысқа жауапкершілікпен қараңыз.

Біз бір мәселеге бірнеше көзқарастарды келтірдік. Шомылу маусымы әлі бір айға жуық созылады. Сол себептен, қауіпсіз шомылу, ең алдымен, ересектер мен балалардың саналылығы мен жауапкершілігіне тікелей қатысты екенін естен шығармаған абзал.

Суғу тусу қызығы сіздерге тек әрдайым жағымды эмоцияларды сыйласын.

Екатерина СКУДАРНОВА

Қазіргі таңда мемлекетімізде саяси-экономикалық және әлеуметтік маңызы зор мәселелер іске асырылуда. Құқық тәртібін нығайту, қылмысқа қарсы күресті өрістету тұрғысында қолға алынып жатқан ауқымды шаруалар баршылық. Заң талаптары құқыққорғау органдарына, оның ішінде ішкі істер бөлімі қызметкерлеріне үлкен міндеттер жүктейтіндігі белгілі. Осы жолда полиция қызметкерлерінің көтерер жүгі де жеңіл емес. Олар егемен еліміздің құқықты мемлекет болып қалыптасуына үлестерін қоса отырып, қоғамымыздағы белең алған заңсыз іс-әрекеттерге және қылмыс атаулының барлығымен белсене күрес жүргізуде.

1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары» Заңын қабылдады. Бұл Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын. Ал, 2007 жылдың 5-ші маусымында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен маусым айының 23-і «Полиция күні» болып бекітілді. Осы орайда біз мызғымас тәртіптің арқасында ауданда тыныштықты ретке келтіріп, қоғам игілігіне жұмыс жасап отырған тәртіп сақшыларының бүгінгі тыныс тіршілігімен танысу мақсатында Көкпекті аудандық ішкі істер бөліміне ат басын тіреген едік. Аталмыш бөлімді 25 жыл осы салада табан аудармай қызмет жасап келе жатқан білікті азамат, полиция полковнигі Ерлан Сейілханов Әділғазыұлы басқарады.

-Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ел азаматтары полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінуі тиіс», - деп атап өткен болатын. Бұл әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілікті жүктейді. Өйткені, еліміз үшін адам өмірінің қауіпсіздігі - басты назарда, - деп бастады әңгімесін мекеме басшысы. – Біздің бөлімде бүгінгі таңда 105 қызметкер жұмыс істейді. Бөлім бірнеше бөлімшелерден тұрады. Атап айтар болсақ, кезекші бөлім, штаб, криминалдық полиция бөлімшесі, жеке криминалдық бөлімше, анықтау жəне тергеу бөлімшелері, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бөлімшесі, кəмелетке толмағандар істері жөніндегі топ, патрульдік полиция ротасы, көші-қон полициясы, жол полициясы қызмет жасайды. Сондай-ақ, бөлімге Самар ауылдық округі полиция бөлімшесі де қарасты. Олардың басты міндеті - қоғам тыныштығын күзетіп, халықтың бас амандығын қамтамасыз ету болып табылады, - деді Ерлан Әділғазыұлы бөлім құрамы туралы айта келіп.

Сонымен қатар, білікті басшы құқыққорғау органында қажырлы қызмет жасап, бүгінгі күні полицияның абыройын асқақтатып жүрген жандар жайлы да айта кетті. - Өздеріне жүктелген қызметтік міндеттерін адал атқарып, аудан тұрғындарының тыныштығын қамтамасыз етуде, қылмыспен күрестеайтулы еңбек етіп, қырағылық танытып жүрген бөлім озаттары ретінде Самар полиция бөлімшесінің тергеушісі Б.Смаилов, криминалдық полицияның бас жедел өкілі Н.Әкімбаев, әкімшілік полиция бөлімі басшысының орынбасары Қ.Алғазинов, криминалистика маманы Ф.Аверко, полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары Т.Қалиев, А.Нұрсейітовты мақтанышпен атап өтуге болады. Ішкі істер бөлімінде қоғамдағы тыныштықты сақтау жолында аянбай еңбек етіп, қылмыстың алдын алу мен тергеуде, оны анықтауда мол үлес қосып келе жатқан майталман мамандармен қатар жастар да еңбек етуде. Мәселен, Самар полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Р.Садықов, ақпараттық-аналитикалық топтың қызметкерлері Н.Советханова, Б.Шайкенова сынды жас мамандар бүгінде сенім үдесінен шығып, артылған міндеттерді жауапкершілікпен атқаруда. Бөлім бастығының орынбасарлары – И.Новиков, С.Құсайынов, Р.Бельдеубаев пен Самар ауылдық полиция бөлімі басшысы С.Құнафин және оның орынбасары М.Байжуминов қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды жауапты істе табандылық танытып, кейінгі мамандарға өзінің өнегелі ісімен үлгі болып жүрген майталман қызметкерлер, - деді полиция полковнигі.

Ерлан Әділғазыұлының айтуынша, қабылданып және іске асырылып жатқан іс-шаралар нәтижесінде Көкпекті ауданында криминогендік ахуал тұрақты саналады. Жыл басынан бері аудан көшелерінде жиі орын алатын бұзақылықтардың біршамасы тыйылып, қоғамдық қауіпсіздік тұрақталған. Қылмыстардың кемуін айғақтайтын дәлел статистикалық көрсеткіштер екенін ескерсек, былтырғы жылдың осы мезгілімен салыстырғанда биыл қылмыстылық 21,5 пайызға төмендеді. Оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыс 90 пайызға, ал орташа салмақты қылмыстар 15,2пайызға азайып отыр. Жыл басынан бері аудан бойынша 73 іс тіркелсе, бүгінде олардың 63 бойынша қылмыс ашылған. Ұсталғандардың барлығы да жасаған кінәларын мойындап, қазіргі уақытта қолымен жасағанды мойынымен көтеруде. Қалған істерді ашу бойынша да жұмыстар қызу жүргізілуде. Әрине, мұның барлығы бойына борыш пен намысты, ар ұғымы мен адалдықты серік еткен, қоғамымыздағы тыныштықты сақтауда, қылмыстылықпен күресте аянбай еңбек етіп жатқан тәртіп сақшыларының ерен еңбегінің нәтижесі екені анық.

Қоғам қауіпсіздігі жолында аянбай еңбектеніп жүрген сақшылар абаттандыру мәселесін де бір сәт естен шығармайды. Аудан әкімі бекіткен екі айлық тазалық жұмыстарына белсене атсалысып, мекеме ғимаратының алдын көркейтуді де қолға алған бөлім қызметкерлері «Тазалық ұдайы жинастыратын жерде емес, тазалық - ластамайтын жерде сақталады» деген қағиданы берік ұстанады екен. Сондай-ақ, құқыққорғау органының азаматтары ұдайы қоғамдық шаралар барысына да қатысып отырады.Ішкі істер бөлімі қызметкерлері арасында ұйымдастырылатын көркемөнерпаздар байқауы мен спорттық сайыстарда өз өнерлерін паш етіп жүрген қызметкерлер аз емес. Мәселен, А.Сапаров, Е.Қанапиянова, Т.Қалиев сынды спорт сүйер азаматтар облыстық, аудандық волейбол ойыны бойынша жарыстардан жүлделі орындарға ие болып жүрген жандар. Әңгіме соңында АІІБ басшысы Е.Сейілханов әріптестеріне деген құттықтауын жеткізіп,жылы лебізін білдірді. – Әріптестерімді және сала ардагерлерін төл мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, бірлік, жұмыстарына жетістік тілеймін. Қоғамның тыныштығы, халықтың қауіпсіздігі –біз үшін аса маңызды міндет. Осынау абыройлы да аса жауапты міндет биігінен көріну жолында біздің ішкі істер бөлімі қызметкерлері күш-жігерін аянбай, ел алдындағы антына адал қызмет ете берсін демекпін, - деді Ерлан Әділғазыұлы.

Полицияның жұмысы былайғы жұртқа оңай көрінгенімен, өзіндік қиындығы да жетерлік. Сондықтанда, тәртіп сақшыларына жол көрсетіп, кешегі көрегендігі және  жылдар бойы жинаған тәжірибесімен  бөлісіп отыратын қарт ардагерлердің де пікірін білу біздерді қызықтырмай қоймады. Осы мақсатта 2001-2013 жылдар аралығында Көкпекті ауданының ішкі істер бөлімінде аға анықтаушы қызметінде болып, қазіргі уақытта соңынан ерген жастарға жол сілтеп келе жатқан аудандық ішкі істер бөлімі ардгерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Дәулетқазыұлы Жүнісовпен ой бөлістік. – Бүгінде біздің кеңесте 80 ардагер бар. Былтырдан бастап кеңестің жұмысы мықтап қолға алынып отыр. Барлық мерекелерде әр ардагерге жіті көңіл бөлуге тырысамыз. Биыл да осы үрдісті жалғастырмақпыз. Атқарылған ауқымды шара ретінде айтарым, биыл біз «Илья бұлағын» толығымен жөндеуден өткізіп, абаттандыру бойынша жұмыс жасадық. Қазіргі таңда тәртіп сақшыларына қажетті барлық жағдайлар жасалуда. Сондықтанда, олардың тек қана халықтың тыныштығы үшін жұмыс жасауы қажет. Бізде соңымыздан ерген жастарға қолымыздан келгенше жол сілтеп, бұрынғы тәжірибемізбен бөлісіп отырамыз. Бұл жерде, әсіресе, жиындарға қатысып, ақыл-кеңестерін беріп отыратын Р.Аринов сынды ақсақалымыздың еңбегін айта кеткім келеді. Ал, бейбіт елдің берекесін берік ұстауда еңбек етіп жүрген осы сала мамандарын кəсіби мерекелерімен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеймін,-деді ардагер.

Осы бір қызығынан гөрі қиындығы басым мамандықты таңдап, батылдылық пен табындылықты бойына сіңірген, адалдық пен әділеттілікті ту етіп ұстаған жанның бірі –аудандық ішкі істер бөлімінің әкімшілік полициясы басшысының орынбасары, майор Қайрат Алғазинов. «Еңбегім елім үшін, қызметім халқым үшін» деген ұстанымды ұстанатын полиция майоры өмірінің 20 жылын осы салаға арнап келе жатқан аптал азаматтардың қатарынан. Қызметіне адал жан полиция қызметкерлері қандай қасиеттерге ие болуы керек деген сауалымызға: «Ең əуелі полиция қызметкерлері адами тұрғыдан адал, шыншыл болуы керек. Өз ісін бүге-шігесіне дейін меңгерген, жан-жақты білімді болуы қажет. Алдына келген азаматтардың мəселесін шешіп бере алатындай деңгейде қызмет көрсетуі – басты міндеті», - деп жауап берді. Әріптестеріне деген ізгі тілегін де жасырып қалмады білікті жан. - Қызметі қиын да жауапты қызметтестерімді бүгінгі кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Қашанда заң бұзушылыққа жол бермей, тәртіптің сақталуын күзетуде сапқа тұрар осы саланың қызметі сапалы болуына тілектеспін. Ел тыныштығы мен адамзат амандығын тілей отыра, әріптестеріме жұмыстары жемісті болусын дегім келеді, - деді ол.

Қазақстандық полиция өзінің құрылған күнінен бастап ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алға қойған міндеттерін табысты жүзеге асырып келеді. Осынау ортақ іске Көкпекті ауданының ішкі істер бөлімінде 15 жыл еңбек өтілімі бар Махмутов Фирхад Равхатұлы өз үлесін қосуда. Тыныштықтың сақшысы, адамдардың қорғаны атанып, күн-түн демей тынымсыз да беймаза істер атқарып келе жатқан Фирхад Равхатұлының жұмысы ерлікпен пара-пар десек, артық айтпаған болар едік. Бізге өз қызметі жайлы баяндаған ол құқыққорғау органында қызмет жасау жауапкершілігі мол жұмыс екенін айтып өтті. - Полицияда қызмет істеу – маңызды әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Қоғамдық тәртіпті қорғау, азаматтардың құқықтарымен бостандықтарын қамтамасыз ету және қылмыспен күрес, оның алдын алу бойынша күрделі міндеттеріміз бар. Күнделікті қызметте адамдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін шешуге атсалысамыз. Жұмысымыз жеңіл емес, алайда біз үшін ең маңыздысы - халықтың тыныштығы, - деген ол тәуліктің кез келген уақытында қол ұшын созуға даяр, әріптестері әрі арқа сүйер достары болып келетін Руслан Ибраев, Дамир Баймашев, Мансұр Құрмашевті мақтанышпен атап өтті.

Қоғамның қауіпсіздігін сақтау жолында жүрген Ф.Махмутов тек антына адал полиция қызметкері ғана емес, ол өз жанұясының қамқоры, ардақты әке, жарының тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Халық игілігі үшін тәулік бойы жұмыста болатын оған отбасындағы береке-бірлікті сақтап отырған зайыбы түсіністікпен қарап, әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Табанды тәртіп сақшысы әңгіме соңында полиция күніне орай әріптестеріне деген жылы лебізін жеткізді. – Барлық қызметтестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын!Оларға мықты денсаулық, ырыс пен береке және еңбекте толағай табыс тілеймін, - деді ол өз сөзінде.

Полиция қызметкері болу оңай емес. Ол үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, адамдармен араласа білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Олай болса, осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығып жүрген аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерін біз де төл мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына толағай табыстар тілейміз.

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ,

Жібек ЕРЛАНОВА

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2024 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз