Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Гендер дегеніміз – ерлер мен әйелдердiң мiнез-құлқын, сондай-ақ, олардың арасындағы әлеуметтiк өзара қарым-қатынасты айқындайтын, олардың әлеуметтiк және мәдени нормалары мен рөлдерiнiң жиынтығы. "Gender" сөзi ағылшын тiлiнен аударғанда жыныс (еркек, әйел) дегендi бiлдiредi. Ал, гендерлiк саясат – қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң теңдiгiне қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық қызмет.

Толығырақ...

Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаев сот төрелігін сапалы түрде жүзеге асыру, созбалаңға салу мен бюрократияға жол бермеу, халық пен мемлекетке қызмет ету барлығынан жоғары болуы, сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігі және де сот жүйесіндегі құқықбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті шұғыл түрде күшейту қажет деп атап көрсеткен. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы судъялар одағының кезекті VІ съезінде Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясына сай алдағы уақытта ұлттық сот жүйесінің бағдарын айқындап берді. Осы міндеттерді жүзеге асыруда жүргізіліп жатқан шаралар туралы Көкпекті ауданының №2 аудан сотының төрағасы Әйкен Ермұқанұлы Исмағұловпен әңгімелескен едік.

-Съезде Елбасы сот билігін реформалаудың негізгі басымдығы ретінде сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, жаңа ақпараттық технологияларды белсенді енгізу, дауларды альтернативтік тәсілдермен шешуді қолға алу, судьялардың кәсіби деңгейін көтеру арқылы жаңа кезеңнің сынына төтеп беруге  дайын  болатын ұлттық сот жүйесін нығайтуды тапсырды. Елбасы өз сөзінде "Біз Мәңгілік Ел боламыз деп, кемел мемлекет құруды көздеген халықпыз. Сот төрелігінің әділдігі мен жедел, әрі толық орындалуы – кез-келген елдің кемел болмысының көрінісі. Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыру керек. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз. Ал, судьялар, сіздерден әрқашан жоғары біліктілік пен әділдік, адалдық талап етіледі.Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Біздің мақсатымыз – дәл сондай қоғам құру. «Қазақстан – 2050» стратегиясының басты межелерінің бірі – осы» деген еді.

Соңғы жылдары Қазақстанның сот жүйесі біршама реформалық сатылардан өтіп, қазір әлемдік стандартқа толық сәйкес келетін сот жүйесі құрылды деуге болады.  Бұл ретте еліміздің Жоғарғы соты халықтың сот жүйесі деген сенімін ақтау үшін  көптеген жұмыстар атқарды. Соның нәтижесінде қазір сот процесстерінің тез өтуіне, сотта қаралып жатқан істердің жылдам бітуіне және кез келген азаматтың өз құқын қорғау кезінде соттың алдында өз құқығын пайдалана алатын толық мүмкіндік жасай алатын біршама қадамдар жүзеге асырылды. Бұл қадамдардың нәтижесі 2012 жылы 16 ақпанда қабылданған сот жүйесін конституциялық заңды және процессуалдық заңдарды өзгерту туралы өзгеріске енгізілген заңдарға негіз болды. Осы заңда сот сатыларында  іс қараудың жауапкершілігін арттырудың тетіктері қарастырылды. Апелляциялық, кассациялық  наразылықпен немесе  шағыммен  түскен істер сотта  қаралғаннан  соң  бірден күшіне енетін болды. Сондықтан, судьялар іс қарағанда батыл және түпкілікті  шешім алуға  міндетті. Жоғары сатыларда жауапкершіліктің күшейтілуі істі  бірінші сатыда қарайтын  аудандық соттың судьяларына қойылатын талапты жоғарылатылды.  Бұрынғыдай, аудандық соттың судьясы іс қараған кезде жіберілген кемшілікті жоғары тұрған сот түзейді деген ойдан арылатын болды. Себебі, жоғары тұрған сот аудандық соттың шешімін заңсыз болса, күшін жойып, өзі түпкілікті шешім шығаруға мүдделі. Осыдан кейін, аудандық сот судьясының жұмысына тиісті баға берілетін болды.

Сонымен қатар, азаматтар сотқа өз талап арыздарын  электронды түрде ғаламтор арқылы жолдай алады. Бұл дегеніміз, арызданушы үйінде отырып-ақ электронды үкімет порталының көмегімен тәуліктің кез-келген уақытында  өз талап арызын сотқа бере алады. Былтырғы жылдан бастап сот жүйесінде Жоғарғы Соттың бастамасымен  «Электронды бақылау ісін жүргізу» жобасы  қолға алынды. Әрбір іске қатысушы өзіне қатысты  сот өндірісінде қаралып жатқан іс бойынша ақпаратты осы жүйе арқылы ала алады және сот жұмысын қашықтықтан бақылай алады.Демек, бұл соттардың жаңа технологияны пайдалана отырып  халықтың сотқа қолжетімділігін қамтамасыз етуде жасаған  шаралары деп білуге болады.

«Қазақстан – 2050» стратегиясын іске асыру барысында, алдағы уақытта   еліміздің құқықтық жүйесін үлкен өзгерістер күтуде. Елімізде жаңадан Қылмыстық, Қылмыстық іс-жүргізу, Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы  Кодекстер қабылданбақшы.  Қылмыстық жаза тағайындау, қылмыстық істердің тергеу тәртібі түпкілікті өзгертілмекші.

Елбасы биылғы жылғы 17  қаңтардағы Жолдауында «Сот жүйесі ашық, қолжетімді,  барлық дауды нақты және жылдам шешуі тиіс» ,-деп атап көрсеткен болатын.  Сот билігін реформалаудың негізгі басымдығы ретінде сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, жаңа ақпараттық технологияларды белсенді енгізу арқылы оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту қажеттілігі күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Осыған байланысты аталған Кодекстердің  еліміздің парламентінде талқылауы кезінде Жоғарғы Сот қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік сот ісін жүргізудің қай рәсімдері (сатылары) артық немесе ауқымды болып табылады және қай санаттарын ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жеңілдетуге өз үлесін қосады деп сенемін.

Осы аталғандардың негізінде, еліміздің ұлттық сот жүйесінің нығаюына, халықтың сотқа деген сенімін арттыруға сот саласының әрбір қызметкері ат салысуы тиіс деп есептеймін.

Жазып алған Клара НҰРПЕЙІСОВА

Азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіптің сақталуы бүкіл қоғамды толғандырады. Бұл мүддені құқыққорғау органдарымен қатар жергілікті билік органдары да, тұрғындардың өздері де көздейді. Өкінішке орай, біздің қоғамда бұл мәселені шешу тек қана құқыққорғау органдары қызметкерлерінің міндеті деген біржақты пікір қалыптасқан. Қылмыстық ахуалды жақсартудың жанжақтылығын ескере отырып, бұл жерде азаматтық қауымдастықтың өзара бірлескен жұмысы қажет дегенге тоқталамыз. Бүгінгі Көкпекті аудандық ІІБ бастығы Сейілханов Ерлан Әділғазыұлымен болған әңгіме осы жайында

-Ауданда бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша қылмыс пен құқық бұзушылықтың төмендегені байқалады.  Мұны негізгі көрсеткіштерден көруге болады. Атап айтсақ, ауыр дәрежедегі қылмыс үштен нөлге дейін, бұзақылық тоғыздан екіге дейін төмендеген. Ал қылмысты ашу 100 %-ды құрады. Мұның барлығы полицияның кешенді күші жұмысының нәтижесі. Жекелеген қылмыс түрлерінің артуы байқалады. Ол жекенің мүлкін ұрлау бойынша. Бұл қылмыстардың жасалу жолдарын сараптауда қылмыс көп жағдайда жәбірленуші мен тонаушының бірге спирттік ішімдік ішкенінен кейін болады. Бұл арада учаскелік полиция қызметкерлерінің  де қылмыстың алдын алу бойыша жұмыстарының жетімсіздігі бар. Ал барлығының түпкілікті себебі біздің қоғамда, қоғам субъектілерінің алкогольдік ішімдікті еркін тұтынуында жатыр. Оған спирттік ішімдіктерді тәуліктің кез келген мезгілінде еркін сату, демалыстың ұйымдастырылмауы, жасырын жұмыссыздық, ең бастысы – қоғамдық ұйымдар мен айналадағы адамдардың немқұрайлылығы ықпал етеді. Ресми дерек бойынша ауданда 256 адам маскүнем ретінде есепте тұрады. Ал спирттік ішімдік ішкеннен соң ұрлық жасағандар бұл тізімде жоқ. Демек, олар біздің қатарымыздағы заң талаптарын бұлжытпай орындап жүрген қарапайым адамдар. Ал олар істейтін жұмыстары жоқ болғандықтан жиналып алып, ішімдік ішумен айналысады. Қазір учаскелік инспекторлар бұл ортамен жұмысты бастады. Бұл жұмысқа ауылдық округ әкімдері аппаратының қызметкерлері, ауданның ардагерлер мен әйелдер кеңестері, жастар ұйымдары қатысса, тиімдірек болады.                                

Ұрлықтардың жасалу себептері туралы айта келе, біздің азаматтар және бизнес иелері өз мүліктерінің қауіпсіздігіне аса мән бере бермейді, бұл қылмыстың жасалуына қолайлы жағдай туғызады. Үйдің есігін бекітпей шығып кету, аулада заттарды қалдыру, түнгі уақытта дүкен айналасын жарықтандырмау, терезелеріне тор орнатпау – қылмыс жасауға негіз болатын таныс жағдай. Қазір біздің қызметкерлер  шағын және орта бизнес субъектілері иелерімен дербес дабыл жүйесін орнату бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кәсіпкерлер ұсыныстарды қызыға қабылдап, түсіністік танытып, өздерінің мүліктерінің қауіпсіздігі шараларын жасап   отырғандары қуантады.      

Малдың жайылымға шыққаны жаңа, ал мал ұрлығы бойынша қылмыс бірден жетіге дейін артты.  Оның ішінде үш бірдей оқиға тірек елді мекен Көкжайықта орын алған. «Елiмай»  ЖШС жұмысшысы өзі бағып жүрген малды екі рет ұрлаған. Қылмысты сараптай келе, біз заң бұзушылардың бұрын сотталмағанын, профилактикалық есепте тұрмағанын байқаймыз. Себеп-салдарын қоғамнан, өздері жұмыс істейтін ортадан, отбасынан іздеу керек. Бұл орайда полиция қызметкерлері, жұмыс берушілер, ауылдық округ әкімі аппараты қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар бірлесіп жұмыс істегендері абзал. Мал ұрлығына жайылымның дұрыс  ұйымдастырылмауы, содан барып малдардың қараусыз жүрулері себеп болады. Аудан әкімі бұл мәселеге қатысты тапсырма да берген, бірақ  мәселе барлық ауылда бірдей шешіле қойған жоқ. Ендеше, қылмыс жасауға жол ашық деген сөз.            

-Ерлан Әділғазыұлы, соңғы кездері аудан сіздердің салаларыңыз бойынша рейтингтік көрсеткіштен соңғы орындардан көрініп жүр, бұл неге байланысты? Мүмкін, бізде шынында да қылмыстық ахуал тым нашар шығар?      

-Аудандағы қылмыстық жағдай тұрақты, ешқандай ушығу жоқ. Бұл жайында сандық көрсеткіштерден де көруге болады. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда бірінші тоқсанның көрсеткіштері бойынша тонау саны екі есеге азайды, қылмыстық дәрежесі төмен қылмыс 11-ден 9-ға дейін азайды, бопсалау мен кісі өлімі тіркелген жоқ. Рейтингтік көрсеткіштер төмендігін сол көрсеткіштерді есептеу әдісінен іздеу керек сияқты. Мен бірнеше мысал келтірейін. Біздің ауданда         31 600 тұрғын бар, бірінші тоқсанда 44 қылмыс тіркелген, ал атын атамай–ақ қоялық, басқа бір ауданда бізден екі есе артық 72200 тұрғын тұрады, тіркелген қылмыс та   6 есе артық – 260. Тағы бір ауданда    55 000 адам тұрады (бізден 1,7 есе артық),  қылмыс саны -178 (бізден 4 есе көп). Дейтұрғанмен, бұл аудандар рейтингтік  көрсеткіште жоғары орын алып отырады. Мұны қалай түсіндіруге болатынын білмеймін, бірақ көрсеткіштерді есептеуде нақты көрсеткіштерді бұрмалайтын бір кемістік бар. Сондықтан, рейтингтік көрсеткіштер нақты ақпарат бермейді. Қылмыстық ахуалдың нақты ақпаратын барлық қылмысты тіркеу ғана береді. Бұл қылмыс болған орынға уақытында барып, жұмысты жедел атқаруға мүмкіндік береді. Нақты сандар аудандағы тұрақтылықты көрсетеді, бізде қазір бірден құлдырау мен өрлеу жоқ. 

Біз өз жұмысымызда алдын алу жұмыстарына көңіл бөліп отырмыз, әсіресе, «тәуекел» топтарының арасындағы мұндай жұмыс қажет. Есепте тұратын тұлғаларды түнде тексеруді жолға қойдық. Бұл өз нәтижесін беріп отыр. Егер өткен жылы бұрын сотталғандар 8 қылмыс жасаса, биыл сол мерзіммен салыстырғанда 2-ақ қылмыс тіркелген. Қазіргі күні қылмыстарды міндетті түрде тіркеу қатаң талап етіледі. Бұл қылмыстық ахуалдың нақты бейнесін береді, сондықтан да біздің ауданда ол тұрақты деу керек. Құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – АІІБ қызметкерлерінің алғышартты міндеті, бірақ бұл жұмысты тек өз күшімізбен атқарамыз деуге болмас. Біз әрқашанда азаматтық қоғамға арқа сүйейміз, олардың қолдауларын  күтеміз.          

 Надежда  ШАРОВА

Қоғам дегеніміз - ол өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында өзара байланысты және өзара әрекет ететін тарихи қалыптасқан формалар арқылы біріккен, тұрақтылығымен, бүтіндігімен, өздігінен ұдайы өндірілетіндігімен, өзін-өзі реттеуімен, қажетті мәдениет деңгейіне жеткен жетістігімен ерекшеленіп, сипатталатын адамдардың жиынтығы. Қоғам – әлеуметтік жүйе. Ал, әлеуметтік жүйе деп, негізгі элементтері адамдар арасындағы өзара байланыстар мен қарым-қатынастардан, өзара ықпалдасудан тұратын күрделі тұтастықты айтамыз. Негізгі жалпы мемлекеттік шаралардың жүйесінде маңызды орын қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге берілген. Құқықбұзушылық — қоғам өміріне тән дерт. Адам баласы өмір сүрген ортада ол да әрқашан орын алады. Бұл шартты құбылыс. Құқықбұзушылық — заңды, оның қағидаларын құқықтық нормалар жүктеген міндеттерді бұзу, тыйым салынған әрекеттерді жасау. Қ.Аухадиев ауылдық округіндегі құқықбұзушылық ахуал қандай жағдайда екенін білу мақсатында учаскелік инспектор Дамир Баймадиевпен сұхбаттасқан едік.

-Округтегі жағдайды тұрақсыз деуге келмейді – аса ауыр заң бұзушылықтар жоқ. Алайда, ауылдық округ тұрғындары арасында соңғы жартыжылдықта 41 ұсақ заңға қайшы әрекеттер орын алды. Көбінесе, бұл азаматтардың қоғамдық орындарға мас күйінде келуі, тұрмыстық ұрыс-керістер, үй жануарларын ұстау ережелерін бұзу жағдайлары. Заң бұзушылар өз іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қарамағандығы салдарынан біз оларды әкімшілік жауапкершілікке тартуға мәжбүр боламыз, тіпті, 15 тәулікке қамауға алынатын жағдайлар да болады.

Соңғы екі аптаның ішінде аталмыш әрекеттерге тағы екі ұрлық пен бір өзіне-өзі қол салу қылмысы қосылды. Ұрлыққа қатысты қылмыстық іс қозғалып, екі жағдайда да бұзақылар анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Өзіне-өзі қол жұмсауға келетін болсақ, ауданның криминалист-қызметкерлері істі тергеу жұмыстарын жүргізуде. 

-Округте құқықбұзушылықтың алдын алу үшін қандай шаралар қолданылуда?

-Күнделікті біз көмекшілерімізбен бірге күндізгі және түнгі уақыттарда көшелерді қарап жүреміз. Заң бұзушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, тиісті жазалау шараларын қолданамыз. Алайда, кейбір азаматтар өз іс-әрекетіне есеп бермейді және одан ешқандай өрескелдікті байқамайды. Жеке меншік малдарды бағуды ұйымдастырмау, өз ауласында иттердің ірі тұқымын ұстау ережесін бұзу, тұрғын үй маңын тұрмыстық қалдықтармен және қоқыстармен ластау да осылардың қатарына жатады. Аталғандардың барлығы, әсіресе, қараусыз қалған мал тобыры ауылшаруашылық алқаптарына, жеке меншік бау-бақшаға зиянын тигізеді. Ал, иесіз және тұмылдырық кигізілмеген бос иттер өткінші адамдар мен балалардың өміріне қауіп төндіреді. Осыған сәйкес, әкімшілік актілер толтырылып, құқықбұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алайда, мәселе шешілмеген күйі қалады. Осы жағдайлар жүйелі түрде қайталанып отырады. Өйткені, заң бұзушылар істің арты неге апарып соғатынын ойламайды және қойылған талаптарды орындағысы келмейді.

-Құқықбұзушылықты қалай жүгендеуге болады?

-Егер әр тұрғын өз ісін бақылап, жақын-жуықтары мен өзі үшін және жеке дүние-мүлкі үшін жауапкершілікті сезінсе, қоғамдық тәртіпті сақтаса, онда құқықбұзушылық та аз болар еді. Кәсіпкерлер өз иелігіндегі сауда нысандарына тиісті қауіпсіздік шараларын қолданғысы келмейді. Нәтижесінде, тонаушылар олардың дүкендеріне еш кедергісіз еніп, бизнестеріне материалдық зиян келтіреді. Тонаудың алдын алу мақсатында сауда нысандарында дабылдама жүйесі, бейне камера, терезе торлары орнатылуы тиіс. Алайда, бұл нысандардың қожайындары қажетті құрылғыларды орнатуға жұмсайтын аздаған шығыннан гөрі, бұзақылардың кесірінен жүздеген мың теңге жоғалтқанды тәуір көретін сияқты. Ересек адамдар мен жастар өз үйлерінде немесе достарының ортасында спирттік ішімдіктерді ішіп, жай ғана көшеге шығуының өзі оларды автоматты түрде қоғамдық тәртіпті бұзушылар қатарына жатқызатынын түсінуі қажет. Заң барлығына бірдей. Және кінәліге артылатын шара ҚР Қылмыстық кодексінің Заңнамасымен анықталады. Ал, малға, қоқыс шашуға және үй жануарларын ұстауға қатысты ережелерді бұзғандар айыппұл салу арқылы жазаланады.

Қазіргі заманның талабына сай қалыпты қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мемлекет қызметтерінің бірі болып саналады. Оны жүзеге асыруға ҚР Конституциясында көрсетілгендей, барлық мемлекеттік органдар, жауапты тұлғалар мен азаматтар қатысады. Бұл қызметтерді жүзеге асырудағы басты рөл ішкі істер органдарына берілген. Олардың құқықтық жағдайларына сәйкес, елдегі қоғамдық тәртіпті сақтау - басты міндет болып табылады.

Құқықбұзушылықты жою және оларды туындататын себептер бойынша

міндеттерді шешудің негізгі жолдары, әрине, азаматтарды тәрбиелеу. Бүгінгі заман талабына сай олардың адамгершілік қасиеттері мен мәдени деңгейін көтеру, ел азаматтарын қоғамдық тәртіпті нығайтуға, бұзақылықпен, маскүнемдікпен күресті күшейтуге, демократиялық принциптерді іске асырудың сенімді базасын құруға бағыттайды.

Құқықбұзушылық құқықтық нормалар қорғайтын мүддеге нұқсан келтіріп қоғамның, жеке адамның мүддесіне зиянын тигізеді, белгіленген құқықтық тәртіпті бұзады. Құқықтық нормалардың талаптарын орындамау нәтижесінде тәртіп бұзылады, қоғамдық қатынастарға кесел келеді, белгілі бір игілік, құнды зат жоғалады, адамның өміріне, денсаулығына, рухани сезіміне зиян келтіреді.

Азамат өзіне жүктелген міндеттерді орындаса немесе құқықтары мен бостандықтарын пайдалана алса, мұндай іс-әрекет азаматқа да, қоғамға да пайдасын тигізетіні сөзсіз. Азаматтар заңда белгіленген міндеттерін бұлжытпай орындаса, қоғамда зандылық орнап, құқықтық тәртіп сақталады. Азаматтар өз құқықтары мен бостандықтарын тиімді пайдалана алса, қоғамның жан-жақты дамуына, адамдардың тұрмыс жағдайларының жақсаруына, халық мәдениетінің өркендеуіне тиісті жағдай туады. Сондықтан, әр мемлекет, оның аппараттары мен органдары қоғамда заңдылыққа, құқықтық тәртіпке нұқсан келтірмеуді қамтамасыз етеді. Олар жеке және заңды тұлғалардың іс-әрекеттерін қатаң бақылап отырады.

Әр адам, ең алдымен, өзінің және жеке меншік мүлкінің қауіпсіздігін ойлап, оны қорғау үшін сәйкес шараларды қолдануы, өз іс-әрекетін үнемі бақылаудан шығармауы тиіс. Ішкі істер органдары әрдайым үздіксіз заң тәртіптерінің орындалуын қадағалайды. Бірақ, олар әрбір жеке азаматты көзден таса қылмай, оны заң бұзушылықтан немесе сырттан келетін зияннан қорғай алмайды. Бұны әрқайсымыз ойлаған жағдайда ғана көптеген заң бұзушылықтарды болдырмай, қоғамды ізгілендіре және саналырақ ете түсеміз.

Екатерина СКУДАРНОВА

Аудан әкімі дербес бөлім-дер мен ауылдық округ әкім-дерінің жұмысын осылайша сипаттады. Бұл тақырып аппараттық кеңесте де, жұмыс сапары барысында да осылай тұжырымдалды.  

Бүгінгі күннің басты тақырыбы ҰБТ тапсыруға даярлық болып отыр. Бірнеше ауылдық округтің әкімі мен мектеп директорларын тыңдай келе, Дүйсенғазы Мағауяұлы Самар және Тассай ауылдық округтері әкімдерінің және М.Әуезов атындағы мектеп директорының жұмыстарын төмен деңгейде екенін атап көрсетті. Нәтижелерді сараптай келе, аудан әкімі мұғалімдер арасында бәсекелестік орта қалыптастыру қажет. Бұл бір күннің немесе жылдың жұмысы емес деп айтты. – Бұл кешенді, әр тұлғаға дербес қарайтын мақсатты жұмыс, оған ата-аналардың да мүдделі болғаны, түлектердің жауапкершілігі қажет. Сонда ҰБТ нәтижелері оңды өзгеріс береді, - деп түйіндеді аудан басшысы. 

Дүйсенғазы Мағауяұлы ауылдық округ әкімдерінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, жұмыспен қамту орталығының басшылары алдында бюджет қаражатын тиімді пайдалану және басқару міндеттерін қойды. Оның нақты құрылған жұ-мыс орындары, салықтық түсімдер көлемі мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша несие алған  кәсіпкерлерді тіркеу туралы сауалы жауапсыз қалды. Мұндай жағдайдың орын алу себебі – бастапқыда жіберілген қателер болып табылады. Бизнес жобаларға жүргізілетін экономикалық сараптамалардың әлсіздігі, оларды жүзеге асы-руға бақылау жасауда  сала қызметкерлерінің жұмысындағы кемшін тұстар мен жаңылысу осылардан құралады.      

Преображенка ауылындағы жекеменшік ба-лабақша салу мәселесінің тежелуіне басты себеп – жеделдік пен мәселені шешуге кешенді көзқарастың аздығы болып отыр. 

Ауданды аралау барысында аудан әкімі облыс әкімінің түрлі мәселелер бойынша  берген тапсырмаларының орындалуымен, бірқатар ин-новациялық жобалардың жүзеге асу барысымен  танысты. Аудан басшысы «Кузьмич» ЖШС, «Мәмбет», «Дмитрий», «Елдар» ШҚ өндірістік базаларында,  «Миролюбовка балық тұқымын өсіру шаруашылығы» ЖШС-де болды. Сонымен қатар, шағын бизнес нысандарын аралады.

Аудан әкімі аудандық ауылшаруашылығы мен ветеринария, кәсіпкерлік бөлімдері, Жұмыспен қамту орталығы мамандарының жұмысын сынға алды. Бір ай көлемінде ауылшаруашылығы бөлімі «Кузьмич» ЖШС мен «Миролюбовка балық тұқымын өсіру шаруашылығы» ЖШС-де  балық ресурстарын және су жануарларын жасанды жолмен көбейту мен өндірісті культивациялау жобалары толықтай зерттемеген. Ал бұл инновациялық жобалар біздің  ауданға тиесілі жағалау Зайсан, Бұқтырма су қоймасы, Ертіс бойында 248 километрді алып жатқанын ескерсек, өте тиімді.  - Бұл жобалар жүзеге асатын болса, болашақта ол аквамәдени жағынан дамып, ішкі нарықты бекіре тұқымдас балықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал, балық шаруашылықтары және табиғатты пайдаланушыларды балық ұрықтарымен қарық қылады, - деп атап көрсетті Дүйсенғазы Мағауяұлы. Сонымен бірге, ашылатын жаңа жұмыс орындары мен салық түсімдері де маңыздырақ болып отыр. Алайда, аудандық ауылшаруашылық бөлімі шенеуніктерінің инновациялық жобаларды қолдау мен әдістемелік көмек беруге уақыттары жетіспейді. Жобалар болашақта Құлынжон және Миролюбовка ауылдық округтері экономикасының тұрақты дамуына ықпал ететінін ескермей отыр.   

Ауылшаруашылығы бөлімінің тарапы «Мәм-бет» шаруа қожалығының өнімді өңдеу инно-вациялық жобасының жүзеге асу жағдайы мен аудандағы уақытша тұрақтандыру қорын құруды ұйымдастыру мәселесін жете назарға алмай отыр.  

Аграрлық-техникалық колледжде аудан әкімі облыс әкімінің оқушыларды балмен, сүтпен қамтамасыз ету тапсырмасының орындалу барысын қадағалады. Колледж директоры Н.Исеновпен дуальдік оқытудың оңды жақтарын және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша оқыту тапсырыстарын орналастырудағы туындайтын мәселелерді талқылады. 

Аудандық уақытша тұрақтандыру қоры мен шаруа қожалықтарының өнімдерін сату пунктіне барғанда аудан әкімі ауылдық округ әкімдері мен кәсіпкерлік бөлімінен базарды сапалы, нарық бағасынан арзан өніммен толықтыру жұмысын жандандыруды талап етті. Өкінішке орай, аудан әкімінің бұл тапсырмасын орындауға да  жоғарыда аталған мамандардың «қолы тимей жүр».     

Аудан әкімі мен «Елдар» шаруа қожалығының басшысы Ербол Шәкеровтың арасында асыл тұқымды мал басын көбейту және ауыл-шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша келелі әңгіме өрбіді. Бұл шаруашылықта заманауи іскер адамның қолтаңбасы білінеді. Экономикалық сараптама, шығатын шығын мен кіріс бойынша нақты есептеулер, жаңашылдық пен креативтік көзқарас туындаған мәселелерді жедел шешіп, шаруашылықты кешенді түрде жан-жақты дамытуға мүмкіндік береді. Қазір қырық бас жылқыға қора салынып жатыр. Сондай-ақ, қымызды даярлап, арнайы ыдыстарға құю желісін іске қосу көзделіп отыр. Бұл қосымша тағы 15 жұмыс орнын ашады, салық көзі пайда болады. Біздің аудандағы ұзақ мерзімдік болашағы бар кластердің дамуы деген сөз.    

Біздің кейбір шенеуніктерге осындай кәсіп-керлер мен шаруашылық басшыларынан тиімді басқару мен озық әдіс-тәсілді пайдалануды, туындаған мәселелерді оңтайлы шеше білуді, алға мақсатты және ұзақ мерзімдік, пайдасы бар жобалар жасай білуді үйрену керек шығар.   

Надежда ШАРОВА

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2024 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 25 26 27 28
29 30          

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз