Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Қазіргі таңда елімізде спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Халықты салауатты өмір салтына, дене тәрбиесіне, спортқа тартуда көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұл саладағы жасампаз істерді алға қарай жылжытып, өрістете беру үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев нақты, мақсаты айқын тапсырмалар бергені белгілі. Бүгінгі күні бұқаралық ақпарат құралдарында спортты насихаттайтын, әлемдік, елішілік бәсі биік жарыстарды ел назарына ұсынатын, спорт саңлақтарының жеңісті жолын ұрпаққа үлгі ретінде көрсететін айдарлардың, телеарнаның болуы осы жұмыстардың қатарында. Оның жемісі де жоқ емес.

Ауданымызда да спорттың сан түрлері қанат жайып, жас спортшылар талай биіктерді бағындыруда. Атап айтсақ, жақында Непалдың астанасы Катманду қаласында таэквондо спортынан VII Азия чемпионаты болып өтті. Сәуірдің 18-23 аралығында 29 елден келген таэквондошылар қатысқан сайысқа біздің ауданнан барған қаршадай қыз, Қ.Раев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі, облыс, аудан абыройын асқақтатқан жекпе-жек өнерінің балғын шеберлерінің бірі және бірегейі Антонина Котляревская күміс медальды қоржынына қомдап оралды. Таэквондо спортының жаттықтырушысы Бахыт Рахимов пен Тоняны жеңістерімен құттықтау және шетелдегі жарыстан алған әсерлерімен бөлісу мақсатында жолыққан едік.

-Әрине, халықаралық дәрежедегі чемпионаттан күміс жүлде алып қайту деген мақтауға тұрарлық нәтиже. Бұған дейінгі шығыс жекпе-жегінен күш сынасқан бірнеше кезеңдерден сүрінбей өткен Тоняның сенімнен шыққанына аса қуаныштымын. Бұл - еңбектің зая кетпегені. Антонина – рухы мықты, табанды, өжет, жігерлі, болашағы зор балғын спортшы. Жақында Қарағандыда өткен жиында өнер көрсетіп, 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасынан үстіміздегі жылдың тамыз айында Душанбе қаласында өтетін Әлем чемпионатына жолдама алдық. Біз бұл жеңіспен тоқталып қалмаймыз. Әлемдік додада тағы да Шығыс Қазақстанның абыройын жоғары көтеріп, лайықты ойын өрнегін көрсетеміз бе деген үмітіміз бар.

Спортқа ауа райы жағдайы мен орта да әсерін тигізеді. Непалдың биік таулы, қапырық, ыстық климаты Қазақстаннан барған спортшыларға әдеттен тыс болғаны рас. Біз шет жерде жүргенде өз еліміздің кең даласы мен таза ауасын аңсап, кәусар да тұщы суының қадірін сезіндік. Туған Отаныңа деген сағыныш пен сүйіспеншіліктің одан жырақ болғанда күшейе түсетінін ұқтық. Біздің «Мәңгілік еліміз» Қазақстандай елдің жер бетінде біреу-ақ екеніне көз жеткіздік, - дейді Бахыт Ғазизұлы.

Жеңіс мақтанышы тұлабойынан әлі сезіліп тұрған Антонина былай дейді: - Мен жеңіс қуанышынан мүлдем арыла алар емеспін. Бұны ешнәрсемен салыстыруға келмейтін сезім. Шынымды айтсам, 29 елден келген спортшылардың арасынан жүлдеге ие болам деген ойымда болған жоқ. Бағым жанып тұрған шығар. Жекпе-жек өнерімен шұғылданғаныма бір жылдай мерзім болды. Финалдық сайысқа 58 кг салмақ дәрежесінде тәжік қызымен шығып, күміс жүлдеге қол жеткіздім, алтынды қарсыласым алып кетті. Сайысқа қатысу маған еш қиындық тудырған жоқ. Өзімнің бұл жеңісімді мен өмір сүріп жатқан балалар үйінің негізін қалауда көп тер төккен педагог Жақия Шайжүнісов атамыздың 100 жылдық мерейтойына арнадым.

Жаттықтырушым Бахыт Ғазизұлының мені жан сала баптап, жекпе-жек өнеріне баулығанына ризамын. Ол үнемі қолдап, бойыңа жеңіске деген рух пен сенімділікті орнатады. Непалдан алған әсерім ұшан-теңіз. Биікте ұшақпен ұшып келе жатып, қатпарланған тау шыңдарын, көпшілігі тек қана картадан көретін әлемнің ең биік нүктесі Эвересті, қала көрінісін тамашалау дегеніңіз керемет! Бұл елге әр тараптан туристер, альпинистер, атақты адамдар көп келетінін байқадым, - дейді ол.

Адамның тән сұлулығымен қоса жан сұлулығына тәрбиелейтін спорттың күрделі түрінен түсетін жекпе-жекте биіктерді бағындырып жүрген балғын қызға спорттық киімін сатып әперген В.Виничук сынды жомарт жанға Тоняның айтар алғысы үлкен. «Табысыңыз молайып, отбасыңызбен бақытты өмір сүріңіз. Денсаулығыңыз мықты болсын, жүз жасаңыз!», - дейді Антонина.

Біз де өз тарапымыздан балғын таэквондошыға алда күтіп тұрған әлем чемпионатына жоғары даярлықпен барып, қоржынын алтынмен толтырып әкелсін, Бахыт Ғазизұлына аудан абыройын әлемге танытатын шәкірттеріңіз көп болсын дейміз.

Бақыт ҒАББАСҚЫЗЫ

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Мамыр 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз