Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Еліміз егемендік алғаннан бері ерлерін жадына алып, қуғын-сүргін көргендерді еске алу күні ерекше аталып өтуде. Сол күндерді еске алу, еліміздің тарихының касіретті парақтарын білу жастарға, кейінгі ұрпаққа міндет деп білемін. Бүгінгі әңгімеге түйткіл болған, көкейде жүрген сол бір қиын заман, әкем Шериаздан Бабайұлының көрген зардабы - касіреті еді. Жан баласына шақпаған жан айқайы деу-ге болады. Әкемнің естеліктеріндегі теңеу: «Телегей теңіз, аласапыран – жұмыр жер сілкініп, үлкен апат тасқын дүниені басқандай, адам баласы не ғаламат болғанын түсінбей, абыржып, аң-таң күйге ұшырады. Кешегі жүрген азамат түнде жоқ болады, қайда, не болды? Үндемеске кетті! Одан әрі сөз етуге тіл жоқ, әркім өз көлеңкесінен қорқады»... Қазақ даласында тараған ең үлкен індет сонау атам заманынан бері сілімтігін сүйретіп, осы күнге дейін өлексесі қалған «домалақ» арыз. 1903 жылы шыр етіп осы кең байтақ даламыздың топырағында дүниеге келген баласы Шериді әкесі қолына алған. Енді 11 жасқа келіп, адам санатына қосылам деп ұмтылғанда әкесінен айырылып, жетімдікті көп көріп, тағдырдың тегеурініне шыдап, ашына өсті. Жетім бала ерте есейеді. Ұлы өзгеріс жылдары ер жігіт атқа қонып, жастардың көшін бастап, алға ұмтылды. Ұстаздықты калап, сауатсыздықты жоюға қатысады.

1925 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық  мұғалімдердің бірінші съезіне Зайсан уезінен барған екі делегаттың бірі болды. Ауданнның білім беру бөлімін басқарды. Әріде партия қызметтерінде болады. Ақсуат ауданын құрып, бірінші хатшы болды және басқа жоғары лауазымды

ызметтер атқарды. Ұлан ауданының бірінші хатшы қызметін атқарып жүргенде, 1938 жылы жала жабылып, «халық жауы» аталып, қуғын-сүргіннің тас шеңгеліне түсті. 10 жылға Омскінің түрмесіне айдалып кете барды. Асыра сілтеудің, жеке адамға табынудың азабын шегіп, қапастағы құстай тағдыр тауқыметін тартты. Көрмеген қорлығы, азабы болмады. Тістерін сындырды, азаптады, шашын күйдірді, өлім жазасы камерасына отырды, жан азабы шексіз еді. Үйінде НКВД күнде тінту жүргізіп, қолжазбаларын, заттарын алып кетті.

Лагерде бір жағдай болыпты. Аяғы бөренелердің арасында қалып, дәрігерлер кесуге ұйғарым шығарады, сонда санитар болып жүрген Кремльдің дәрігері Медведовский деген адам (ол да қамауда отырған) операция жасап аман алып қалған. Сол үшін оны дәрігерлікке жоғарылатады. Сол адам Қазақстанға келіп тұрақтайды. Кейін ауылға келіп, демалып қайтқан. Талантты дәрігер кәдімгі фанераға майлы бояумен бірнеше картина салады. Омскінің ормандарының суретін салып: «Дорогой Шериаздан! В Вашем лице я увидел доброту, щедрость, честность и порядочность казахского народа. Я полюбил Вас и Ваш народ, вам на память оставляю эту картину! Живите долго и счастливо!» деп тілек жазып қалдырған сурет бізде әлі де сақталып тұр.

Сол жылдары анам Зайда Хамитқызы небәрі 28 жасында алты баламен шырылдап қалды. Алды он екіде, соңы жас нәресте. «Егер келмесем, Көкпектіге, елге қайт!» деп, жиналысқа кеткен әкем, оралмаған соң, сақылдаған қаңтардың сары аязында балаларын киізге орап, ат-шанамен Никитинка ауылынан кәрі анасының қолына келеді. Семейге барып, түрмені аңдып бір хабарын білмек болады, бірақ онда жолатпайды. Бір қарт күзетші нәрестелі анамызды аяп, «еліңе қайт, балам, балаларыңа ие бол, келме, басың кетеді» деп ақыл айтады. Сонымен төрт жыл дегенде хабарсыз кеткен әкемізден хат келеді, амандығын біліп, медеу етті. «Балаларыммен көргендерімді жан баласына бермесін! Халық жауының әйелі, балалары дегізген қиын заман» дейтін анамыз. Ұлы Отан соғысы басталып, елмен бірге өзі де, балалары да, еңбек майданына араласады. Әкеміздің жалғыз інісі Ленинград майданында қаза болды. Бас көтерер үлкен ұлы Дәлел жеті классты бітіріп, жұмысқа кіреді. 1944 жылы әскерге кетеді, Балтық теңізін минадан тазартуда жеті жыл теңіз флотында болады. Екінші ұлы Абай 15 жасар бала отбасын асырау үшін, Көкпектіде ашылған шахтаға жұмысқа кіреді. 1945 жылы он жетіге толғанда Қарағандыға, Еңбек армиясына шахтаға алып кетеді. Сол жерден әскерге шақырылады. Сөйтіп, үшінші ұлы Болат 14 жасында колхозға жұмысқа кіреді. Бұғанасы қатпаған балаларын ойлап, ана жүрегі езіледі.

1946 жылы әкеміз 9 жылдан соң елге оралды. Күз. Стансадан жүк машинаның үстінде келеді. Жолда тоқтаған кезде, жүгіріп барып жол бойындағы ақ қайыңдарды құшақтады. Күз шапанын киген, сары бауыр жапырақтар дірілдеп түсіп жатыр, мұңын шағып сыбырлағандай. Қаншама қарт дүние салған, жалғыз інісі және қаншама жастар-азаматтарды сұм соғыс жалмады. Жусан иісі, жер иісі бәрі таныс. Әттең, құшағы жетсе осы аумақты құшағына басып құшар еді. Ауылға тірі оралды. Таныс көздер өзіне таңырқай қарайды, естілер- естілмес таңырқап, күбірлейді. Анасы мен жарының, балаларының құшақтары, қуаныш пен сағынышты жасқа толы көздерімен үнсіз қарағандары, әкесінің даусы естілгендей: «Құлыным келдің бе, өзгеріп кеткенсің бе, самайыңа ақ кіріпті, өңің сынық, көзіңде мұң бар ғой. Жақсылықтан күдеріңді мүлдем үзгенің бе? Жасыңда қандай пысық, лаулап тұрған от, қажырлы да, қайсар едің, жылап тұрсың ба, ұялма, жыла, сен қуаныштан жылайсың. Қайта оралдың, қайырлы болсын! Бар ауыртпалық осы жаспен кетсін, қайтып жылама!..» дегендей. Қайрат қылып, көз жасын тыяйын деп еді, ырық бермеді, ернін тістеп, балаларын, анасын, жарын құшағына басып, үнсіз жылай берді. Барлығы бұл көз жасында терең сыр барын сұрамай ұқты. Құлыншақтай секірген жас еді, көбең тартыпты, қара шашын ақ шалған. Ауыр жылдар ізі аяусыз әжім салыпты, тым жүдеу, мұң басқан жүзінде көкірегіне басқан, жүрегімен қымтап аялар жалғызы – сенім емес пе? Топшысын қайырып, мұқалту үшін, сынау үшін қай адамның қолы барған екен?. Иә, әкеміздің бойынан өзгермеген мұқалмаған бір ғана нәрсе қажыр екен. Ақыл-парасаты, ойлаған ойы да заңғар биік еді. Барлық көрген өмір соққыларына төзіп, адамгершілік қасиетін сақтап, ар-намысын жоғалтпай, өмірді жалғастыруы еліне, жұртына еңбек етер қажыр-қайраты еді. Тағдыр сынағы аяусыз болды. Сөйтіп күнделікті күйбең тірлік басталды. Жұма сайын барып НКВД-да тіркеуден өту. Жұмысқа алмайды, әлі де «халық жауы» аты тіркеуде. Сұрқия саясаттың таяғы соққылады, қаншама қиындық бар еді алда. Әр түрлі жұмыстар атқарды, көтерме жұмыстар, балта шабу, ағаш ұстасы т.б. Неге ұстаз болмады деген сұрақ қойылды, бірақ бұл өте қиын еді. «Халық жа-уын» бүлдіршіндерге жақын жүргізбейді ғой. Жоғары жаққа хат жазып, арыз түсіреді. Арада он жыл өтеді, тек 1956 жылы ақталып, қара таңбадан арылды. 1961 жылы партия билеті қайтарылып, қызметке алынды. Үлкен балаларының оқи алмағанына өзін кінәлі сезінетін. Әйтсе де, балаларының еңбекқор, адал болып өскенін місе тұтатын. Кейіннен тағы үш бала сүйді.

Әке! Орта бойлы, байсалды, қой көздерінен мейірім шуағы төгіліп, сондай бір нұрлы керемет күш қуат беретін. Қасиетіңнен айналайын, әрбір айтқан ақылың, сөздерің: «оқуыңды жақсы оқы, қаруың-білімің, сүйенішің, тірегің – ақылың болсын, жүзің жарқын, жаның жомарт, мінезің жақсы болсын!» деуші едің, әке. Сіздің қанағатыңыздай бай қасиет пенде баласының маңдайына көп бұйырмайды. Әсілі маңдайың жарқырап тұрса да, қалпағыңызды баса киіп, басқаның шырағы жансын! - деп тіледің. Алдыңнан талай шәкірт қанаттана ұшты, бәрін де шығарып салып, тілеуін тілеп қала бердің. Үнсіз ғана қиялай шолып қарайтын қыран қабағың маған ақыл мен парасаттың ұясы болып елестейтін. Шежіре кеудеңнің шуағына бөленген менің бұла күндерім ғұмырымда ұмытылмас.

Бізге өмірлік үлгі-өнеге болдың, мен де сондай болуға тырысып, бағып келемін. Қайғы бұлты төнгенде көзінде терең мұң тұрушы еді... Ұққаным «қайғыны да көтере білетін қуат, күш, қажыр-қайрат керек екен-ау, мен сізден мөлдірлікті ұқтым. Кіршіксіз таза адамды тағдыр да сыйлайды екен. Өзіңнен тараған бұлақтар бір-бір өзенге айналды. «Жақсылық жерде қалмайды, иман отқа жанбайды» деген аталардан қалған мақал бар ғой. Адамға жасаған жақсылығыңыз жерде қалмады. Өркенің өсті, баларың, немерелерің, шөберелерің еліміздің әр саласында қызмет етуде.

Халық тірегі - ақиқат орнады. Әділет жеңді. Сол бір жеке адамға табынушылықтың зардабы- қасірет тарихтан орын алды, әкеміздің көргені соның куәсі. Адамгершілік қасиетін сақтап, ар-намысын жоғалтпай: «Шындық жеңеді, халқым жақсылыққа жетеді, халық  шындықты түбінде біледі» деп сенді, бұл батырлық деп білемін. Неге деген сұрақ әлі де жалғасты, кешегі Ауған соғысы кімге керек еді, қыршынынан жастар қиылды: әкеміздің немересі, Абай ағамыздың баласы Латип ерлікпен қаза болды. Қазір 54 жасқа келер еді. Жар сүйіп, бала-шағалы болар еді. Ата-анасы қайғы жұтты, әкесі дүниеден өтті, анасы баласын жоқтауда. Талай аналар қайғы кешті. Тілейтініміз, бұл қайталанбасын, тек тарих парақтарында қалсын! Асылдарымыз да , олардың ұрпақтарын да қасіретке зарлатқан қара кезең енді келмесін! Әкем туралы «Ардагер тұлға» атты кітап жазылды, оған немересі Халел Дәлелұлы ұйтқы, демеуші болды.

Еліміз аман, халқымыз бай, жұртымыз тыныш болсын, ағайын! Елімізде Тыныштық ұзағынан болғай!

Зифа Шериазданқызы, Көкпекті ауылы

 

НҰРҒА БӨЛЕГЕН КАДІР ТҮНІНІҢ ҚАСИЕТІ

Айлардың ішінде ең төресі – Рамазан айы, түндердің ішіндегі ең қасиетті, қайырлысы – Қадір түні.  Бойға рух, санаға нұр құятын ерекше түн. Сондықтан осы түнді барлық мұсылмандар құлшылықпен өткізіп, отбасының амандығын, елдің тыныштығын тілеп дұға жасаумен өткізеді. Қадір кешін құлшылықпен өткізген адам үлкен сауапқа кенеліп, екі дүниенің қуанышына бөленеді.

 Осыған орай, 13 шілде кешінде Қадір түнінің қарсаңында Самар орталық мешітінің имамы Бекболат қажы Кәлебайұлы арнайы ораза ұстаған жамағатқа мешіт жанынан кигіз үй тігіп, ауызашар ұйымдастырды. Ақшам намазынан соң, күллі жамағат ақ дастарханға жайғасып, «бисмиллә» сөзімен оразаларын ашты. Бекболат қажы мұсылман жұртына арналған сәлемін жолдап, ауыз бекіткендерге Ораза айының жақсылығын, қайырын тіледі. Ауызашар барысында осы қасиетті айдың мәні мен маңыздылығына тоқталып, ғибратты уағыздар айтылды. Ауызашарға қазыналы қарттарымыз бен ақжауылықты аналарымыз, мешіт ұжымы қатысты.

Қадір түні  мешітімізде «Тарауық» намазы, құранның соңғы сүресі қатым етіліп, құран-қатымның дұғасы жасалды. Содан кейін, мешітіміздің имамы құлшылық етемін деп келген мұсылман бауырларымызға Қадір түні туралы тағылымды уағызын айтты.  Жиналған  жамағат еркін құлшылық жасап, түнгі намазына қатысты.

 -  Осы кештің қасиетті мың айдан артық  делінген аят бар. Мұсылмандар бұл түнді ұйқысыз өткізіп, он сегіз мың ғаламды, барша адамзатты, бүкіл тіршілікті жаратушы жалғыз Алладан тілек тілеген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде «осы түнге шын иланып сұралған тілек қабыл болады» делінген, - деді  Бекболат қажы. -  Алла тағала бір ай бойы ұстаған оразаларымыз бен Қадір түнінде жасаған дұғаларымызды, тілектерімізді қабыл еткей!  Рамазан айы ғибадат айы. Қадір түнінен кейін ораза айт мерекесі де келіп қалады. Рамазан айты мұсылман қауымның ең ұлық екі мерекесінің бірі. Мұсылмандар айт намазын оқып, дұғаларын жасаған соң, Аллаһ тағала оларға тілегендерінің бәрін береді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әрбір отбасына бақыт, береке тілеймін! Көп ұлт пен ұлыстың тұрағына айналған Отанымыздың бірлігі мен ынтымағы арта берсін! Ел-жұртымызға амандық беріп, Алла тағала келесі Рамазан айына дейін, келесі Қадір түніне дейін жақсылықтар нәсіп етсін. Әумин!

 Қасиетті Рамазан айы мұсылман жамағаты үшін Хақ Тағаланың рақымы мен шапағатына бөленетін, сауабы мен берекесі мол ай. Бұл айда  ораза ұстаған жан мен оған ауыз аштырған адамның сауабы еселеп жазылады екен.

Ауызашар соңында жиналған жамағат Аллаға шүкіршілік айтып,  таңғы сәресін ішіп, алғыстарын білдіріп, еліміздің амандығын тілеп тарқасты.

Қанат АПСАДЫҚОВА

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Шілде 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз