Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Ертеректе ағаштан түйін түйген ұсталар мен темірден көздің жауын алатын небір әсем бұйымдар соғатын зергерлер ел ішінде көп болған ғой. Ғылым мен техника жетістіктері қарыштап дамыған бүгінгі заманда тұрмыс қажетін өтейтін заттардың зауыт, фабрикаларда шығарылуына байланысты ұсталық өнердің өрісі біршама тарылғаны рас. Тіпті, кей жерлерде мүлдем жоғалып кетті десек те, артық айтқандық бола қоймас. Дегенмен, атадан балаға мұра болған осынау өміршең өнердің туын жықпай, көненің көзіндей қастерлеп, дамытып келе жатқан ұсталар мен зергерлер әлі де бар. Солардың бірі – Көкпекті ауылының тұрғындары Кошелевтар отбасы.

Сонау қола дәуірінен бері ұрпақтан ұрпаққа жетіп, ерекше дарыны мен қабілеті бар, темірдің бабын білетін жандардың ғана қолынан келетін ұсталық өнер де қанмен беріледі екен. Ұсталар отбасында туып, ұстахана жанында ойнап өскен Светлана бұл өнерге басында бей-жай қарағанмен, бойындағы тулаған қаны ата кәсіппен айналысуға жетелеген. – Ұсталар отбасында тәрбиеленсем де, темір соғып жатқан әкемнің кәсібіне мән берген емеспін. Менің аталарым да осы кәсіппен айналысқан екен. Бүгінгі күні ұсталықтың үлкен өнер екеніне әбден көзім жетті. Осы іспен айналысар алдында көп ойландым. Себебі, менің кәсіби білімім де, тәжірибем де болған емес. Ұсталар отбасында өссем де ұстаханаға аса қызығушылық танытып, темір соғып, құрал-саймандарын ұстап көрген емеспін. Бірақ ата кәсіп өзіне тартпай қоймайды екен, - дейді Светлана Кошелева.

Өз үйлерінің алдында орналасқан ұстаханада небәрі екі адам таңның атысы, күннің батысы темірді баптаумен уақыттарын өткізеді. Олардың біреуі Светлана болса, екіншісі ұста қыздың өмірлік жан серігі Александр. Ұсталық қабілет Александрға ата қанымен келмесе де, бүгінгі күнге дейін өз еркімен

темірден түйін түюдің қыр-сырын меңгерген. Ол бес жылдан астам уақыт бойы кәсіптің осы түрі күн көріс көзіне айналғанын мақтанышпен айтады. – Сол жылдар аралығында бұл кәсіп менің де сүйікті ісіме айналды. Светаның ерекше қабілетіне таң қаламын. Әрбір қажетті шикізат оның қолынан өтеді. Себебі, ол метал таңдаудан ешқашан қателескен емес. Алақанымен ұстап, оның қасиетін сезініп барып  іске кіріседі. Бұны мен ерекше өнер деп бағалар едім, - деді ұсталар әулетінің күйеу баласы.

Александр мен Светлананың ұстаханасынан аудандағы көптеген аула қақпалары, қоршаулар, есіктер, терезе торлары шықты. Олардың ең бірінші жасаған тапсырыстары аудан орталығы Көкпектінің ортасында орналасқан, мұсылман қауымның қасиетті орны мешіттің сыртын қоршаған темір қоршаулар болған. Шығармашыл адамдардың жан дүниесі де сұлу болатыны, катыгездікке жаны қас болатыны баршамызға белгілі. Сондықтан болар Светлана мешітті «қасиетті жер» деп, жасаған кейбір заттары үшін төлемақы алмаған. Ауылдардағы шағын және орта бизнес енді ғана қолға алына бастаған шақта ұсталар мемлекеттен шағын несие алып, Самар ауылында өз жұмыстарын бастаған. Бұл отбасы туралы хабардар болған ауданның бұрынғы әкімі Дүйсенғазы Мағауяұлы ұстаханаларын аудан орталығына көшіруге ұсыныс жасаған. – Біз негізінен Өскемен қаласында тұрдық. Жарымжан баламның денсаулығына байланысты Самарға көшуге тура келді. Сол жерде ұсталықпен айналысуды қолға алғанмен, ісіміз ілгері баспады. Себебі, самарлықтар бізге қарағанда қаладағы зауыттарға сенім артты. Тапсырыстар да аз болды. Сөйтіп, Көкпектіге көшкенді жөн санадық. Аудан орталығына келгеннен бастап тапсырыс-тар үзілген емес. Шағын ауылдық округтерден де келіп тапсырыс беріп кетеді. Сонымен бірге, баламның денсаулығы үшін маңызы зор, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы өзіміз тұратын ауылда болғанына қатты қуанамын. Ондағы қызметкерлердің жұмысына да көңілім толады. Көкпектінің халқы да бізді жылы қарсы алды, - дейді Светлана.

Бүгінгі күні бес баланың анасы атанып отырған Светлана Кошелева бар өнерді бойына жинаған жан. Бала кезінен сурет салуға қызығып, қыл қаламның майын тамызатын қасиеті бүгінгі кәсібінің алға басуына да септігін тигізген. Жасаған заттарының әдемі өрнектерін өз қолымен сызып, көздің жауын алатын бұйымдарды жасаудан ләззәт алады.  Жүрек толқыныстары тербеліп, шабыты келген кездерде өлең жазатыны тағы бар. Осы өнері жөнінде сөзге тартқанымызда қыздары және отбасы жөнінде шағын кітап жазып жатқандығын айтып өтті. Ұсталық идеялар мен көптеген өлең жолдары көбіне күн күнгірттеніп, түннің жақындаған шағында ойға оралатындығын да жасырмады. Осындай өнер тұңғиығының тереңінде жүзіп жүрген Светлана ең кенже ұлын Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектептің шағын орталығына тәрбиелеуге берген. - Болашақта қазақ мектебінен мемлекеттік тілде білім алғанын қалаймын. Себебі, әрбір ұрпақ өз Отанының тілін, тарихын білуге міндетті, – деп өз елінің патриоты екендігін де танытты.

Ортамызда жүрсе де, тума талант, таптырмас өнер иелерін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Көкпектінің көп тұрғынының біріне айналған қарапайым отбасында тұрғындарға қажетті заттар қолдан жасалады. Бұл отаудың табалдырығынан аттаған сәттен бастап шебер жандардың үйі екені көзге бірден байқалады. Есік алдындағы гүлзарлар мен қоршаулар үйге ерекше сән беріп тұрс. Ал тұрмысқа қажетті балаларға арналған екі қабатты кереует көп балалы ана үшін ең қажетті зат. Тұрмысқа керек, қолданысқа қолайлы заттарды бұл отбасы өздері үшін де жасап игілігін көріп отыр.

Осындай өз елінің нағыз патриоттары, өнердің әр қырын меңгерген талант иелері қалам тартуымызға себепкер болды. Олар жөнінде сіздер де біле жүріңіздер, жерлестер!

 

Жанерке АБЫЛХАН

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Шілде 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз