Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Ұстаздардың еңбегін өрнектеп қанша жазсақ та, қаншама жерлерде дәріптесек те, тіпті, ақындар мұғалім еңбегіне тәнті болып жыр төксе де, көптік етпес. Олардың еңбегі қоғамды басқарғаннан да ауыр деп бекер айтпаған болар. Иә, ұстаз тағылымынан артық не бар дейсіз?! Алдына келген шәкіртінің болашағы жарқын азамат болып қалыптасуы жолында олар төккен тер дүниенің еш байлығымен өлшенбес. Осы орайда біз ұстаздар еңбегін, тағылымын дәріптеп, барша жұртқа таныстыруға арналған мақаламызда Самар ауылындағы білім ордаларында еңбек етіп жүрген ісі қарапайым болса да, еңбегі зор ұстаздар – Төлеутай Әбішева, Альмира Сеңгербаева, Саниярбек Окумбаев жайлы айтпақпыз.

Білімге жаны құмар, жоғары санаттағы бұл мұғалімдерСамар ауылындағы абыройлы ұстаздардың алды. Бүгінде мол тәжірибе жинақтаған, жас мамандарға тәлімгерлік тәрбие беріп жүрген олар - мамандығын құрмет тұтатын, өз пәнін сүйетін, шәкірттерін де сол бағытта баули алатын үлгілі ұстаздар.

Ж.Болғанбаев атындағы мектептің ұстаздары Т.Әбішева мен А.Сеңгірбаева «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлері біліктілігін арттыратын республикалық институтында» Кембридждік оқыту тәсілдерін үйреніп келген. Әр адам өмір бойына болдым, толдым демей, үйренумен, ізденумен болады. Өз бетінше ізденуіне нүкте қойған күннен бастап, оның өмірі тоқырайды десек те болады. Міне, Төлеутай Қалиқызы мен Альмира Тоқтарғазықызы да ширек ғасыр ұстаздық қызметте жүрсе де, осы уақытқа дейін жинақтаған тәжірибеміз де жетеді деп тоқтап қалмай, заман ағымына сай біліктілікті арттыруға барынша тырысып бағуда.

Шәкірттерінің бәрін өз баласындай сүйетін ТөлеутайҚалиқызы математика пәнінің мұғалімі. Былтырғы жылы Қазақстан Республикасы педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында екінші (негізгі) деңгей бағдарламасы бойынша мұғалімдерді оқыту курстарын аяқтаған, тағатсыз ізденіс, тынымсыз еңбегімен өз ортасында қадірлі, білікті ұстаз бола білген оны әріптестері де, шәкірттері де құрмет тұтады. Бүгінге дейінгі ширек ғасырдан астам уақыт ұстаздық тәжірибесінде ол талай биік-белестерді бағындырған. Мәселен, «Үздік вариативтік оқу жоспары» аудан бойынша 1 орын, облыс бойынша бас жүлде иегері, 6 сынып оқушыларымен аудандық семинар жүргізген. «Талантты, дарынды оқушыларды оқыту» деген тақырыпта ауданның математик мұғалімдеріне коучинг-сессия өткізген. «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер: диалогтік оқыту» тақырыбы бойынша оған облыстың түкпір-түкпірінен жиналған жас ұстаздарға коучинг-сессия өткізу мәртебесі берілген. Бұл тек өз мамандығын жетік білетін, қадірлі ұстазға ғана берілетін мәртебе екені анық. «Маған балалармен жұмыс жасаған ұнайды. Осы мұғалімдік қызметті таңдағаным содан болар. Басқа пәнге де ауысқым келмейді. Өзге салада өзімді тіптен елестете алмаймын», - дейді кейіпкеріміз.Әңгіме барысында Т.Қалиқызы «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» дегендей, оқытудың озық технологияларын үйрететін курстың пайдалылығы жайлы да айта кетті.

-Басында балалар сабаққа көп қызыға бермейтін. Оларды қалай қызықтырсам, сағатымды қалай тартымды өткізсем деген ой маған маза бермей жүрген кездер де болды. Осы сұрақтардың шешімін қалай табамын деп жүргенде мені ойламаған жерден Кембридж бағдарламасының курсына жіберді. Бұл өзі маған жемісі мол бағдарлама болды. Сол үш айлық курста балаларды сабаққа қызықтарудың әдіс-тәсілдерінің көп екенін білдім. Біз, көбінесе, балаларға шектеу қойып, оларға басымдылық көрсетіп, сабақ барысында мұғалім 80 пайыз өзі сөйлеп, оқушыларға тек оқулықтың көлеміндегі ғана білімді беріп жатқанымызды түсіндім. Кембридж әдіс–тәсілдерінен үйренгенімді сабағымда пайдаланып көргенімде оқушыларымның сабаққа қатты қызыққанын байқадым. Бір мен емес, сол қысқа мерзімдік курсқа барып қайтқан ұстаздардың бәріне бұл әдіс өз пайдасын тигізді деп нық, сеніммен айта аламын»,- дейді ол.

Аталмыш курста біліктілігін жетілдіріп қайтқан А.Тоқтарғазықызы физика пәнінің мұғалімі.Ол - жаны қалаған сүйікті ісімен айналысып, ғұмырының 29 қысын, 29 көктемін мектеп қабырғасында өткеріп келе жатқан өз ісінің маманы. Білім бере жүріп, біліктілігін арттырып, таудай талабымен талайларды таңдай қаққызған ол бізге Кембриждік тәсілдерінің сабақ барысына оң әсерін тигізіп жатқанын айта кетті.–Осы курстардың тыңдаушысы болуым мен үшін жаңалық көзі мен жаңа тәсілдерді үйренуге жол ашты. Бұл бағдарламаның басты міндеті - қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибесін жетілдіру мен бағалай білуге көмектесу. Сындарлы ойлауға бағыттау.Ол 7 модульді қамтиды. Бұл бағдарлама қазақ елінің білім саласына жаңа жетістіктер әкеледі деген сенімдемін», - дейді ұстаз. Сонымен қатар, ол осы тәсілдерді сабақ барысында қолданудың қыр-сырымен таныстырған институт оқытушысыҒалым Іркітбайға алғысы зор екенін жеткізді. «Ертеңгі мемлекеттің болмысы – ұстаздың бүгінгі тәлімінде» деген қағиданы берік ұстанған бала жанының бағбаны бүгінде жас ұстаздарға өз білгенін үйретіп, біліктілік дәрістерін беруде.

Жүрегінен шуақ төгілген жанның қарамағында болған шәкірттерінің алды бүгінде беделді қызметте жұмыс жасаса, арты алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарында білім алуда. Соңғы үш жылда оның 25 оқушысы білім гранты бойынша оқуға түскен. Мәселен,  Д.Карменова Халықаралық IT университетінде оқыса, Б.Маратұлы Гумилев атындағы Ұлттық университетте білім алуда. Ал, 9 сыныптан кейінНазарбаев зияткерлік мектебіне оқуға қабылданған А.Карменова бүгінде Назарбаев университетінің түлегі. Бұның бәрі, әрине, ұстаз еңбегінің жемісі деп білеміз.

Келесі кейіпкеріміз Саниярбек Дұғажанұлы Самар аграрлық-техникалық колледжінде 40 жылдай ұстаздық еңбек етіп, ұйымшылдықты қалыптастырып, шәкірттермен де қоян-қолтық араласып жүрген білікті маман. Өзінің еңбек жолында ол осы мекемеде шебер, мұғалім, әскери жетекші, директордың орынбасары, директор лауазымына дейін көтеріліп, өзінің іскерлік қабілетін жан-жақты танытып, жауапты қызметтерді үлкен сеніммен атқара білді. Бүгінде С.Дұғажанұлы директордың оқу ісі бойынша орынбасары болып қызмет атқаруда.

Еңбек жолында өз тәжірибесін шәкірттері мен жас ұстаздардың бойына дарытып, оқытудың тың әдіс-тәсілдерін ізденімпаздылығымен іске асырып жүрген ұстаздың қолынан талай шәкірт үлкен өмірге қанат қағып, аяқ басқан еді. Мәселен, ауданымыздың беделді азаматы Е.Мәмбетов, Ж.Жолжақсинова осы білім ордасының қарашаңырағынан түлеп ұшқан түлектер.

«Өзгенің бақытын аялаған, өз уақытын аямаған» - деген тәмсілді өз заманында ұлы педагогтарымыз С.Окумбаев, Т.Әбішева, А.Сеңгербаевасынды ұстаздарға қарап-ақ  айтқан болар. Сондай ұлы педагогтардың сынығындай болған бұл адамдар нағыз ұстазға тән қасиеттердің бәрін бойына жия білген екен. Мамандығын шексіз сүйетін кейіпкерлеріміздің жанары оқушыларына деген шексіз махаббатқа толып тұрды. Жақсы ұстаздардың шығармашылық ізденісіне, толассыз еңбектеріне зор табыс тілей отырып, өзін, ғұмырын арнаған мамандықтың әрдайым рахатын тата берсін демекпіз!

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Мамыр 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз