Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Ата қазақтың ежелгі шежіресінде ұлтты ұйыстырып, жұртты жұмылдырып, халықты қамдандырып отыратын тектік формуласы болған. Дәл сол формула қазақ шежірелерінде. Шежірені білудің дұрыстығын ешкім де теріс дей алмайды. «Білу – міндет, бөліну - індет» - деген бұлтармас қағиданы біз де ұстанамыз.

Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында байтақ Отанымыздың тарихи жерлері Қалбатау мен Көкпекті жеріндегі батырлар мен билер Жомарт пен Ақболат, Кегенбай, Мақтабай, Байқадам аталар туралы да айтарымыз бар. Тана мырза мен Манақ байдың, Сыбанқұл батыр мен Ханқожа, Досан төрелердің, Қисық, Тілеуберді аға сұлтандардың еліміз үшін атқарған еңбектері ұшан теңіз. Олардың тарихын, шежіресін елге жеткізу, зерттеу бүгінгі ұрпақтың білек сыбана кірісер міндетті ісі.

 

Қазақ хандығының басқару жүйесіне сәйкес еліміз үш жүзге бөлінген. Орта жүз - Арғын-Найман, Уақ-Керей Қоңырат-Қыпшақ деп топтастырылады. Солардың ішіндегі көп аталмас, саны аз, тарыдай шашылғаны уақ руы. Ш.Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде уақ ұлысы туралы: «Орыс жазушылары уақтар керейден шыққан ел болса керек дейді, себебі, орыс әскерлері алғаш жолыққанда керей мен уақ аралас екен, елтаңбаларыда керейдің кірест белгісі дейді. сонымен қатар дәлел ретінде, орыс тарихшылары Алексей Левшин мен Николай Балкашин уақтың сарбағыш деген тайпасы 1750 жылдан асқан кезде Абылайдың қырғыздарды шауып алып келген кездегі тұтқындардың нәсілі» дейді.

Шын мәнінде, уақ руы сонау түркі заманынан бері тайпалық билігі бар, осы күнге дейін сақталған шежіре-дастаны бар іргелі ұлыс болған.

Бұл туралы уақ шежіресі мен тарихи деректер не дейді екен? Соған үңілсек. Байырғы қазақ шежіресі уақ ұлысын 11 тайпаға бөледі, олар: Шоға, Сарман, Байназар, Сарбағыш, Сіргелі, Ерінші, Әлімбет, Бидәлі, Жансары, Баржақсы, Шайкөз. Осы 11 тайпа ішінде Бидәлі, Жансары, Баржақсы, Шайкөз тайпалары Ергенекті уақ деп аталады. Уақтың арғы атасын Жаубасар, Қамбар, Еркөкше, Ерқосай батырлардан таратады, жауға шапқанда Жаубасар мен Еркөкшенің атын ұран етіп шақырады. Уақ шежіресі өз тарихын Жаубасардан бастап, сонау Манас заманындағы Еркөкше, Ерқосаймен жалғап, Бармақ, Баян батырлар арқылы осы күнге жеткізеді.

Батыр Баян есімі елге аян болса, бүгін біздің айтарымыз бір тайпа елдің ұраны болған, кешегі жаугершілік заманда қол бастаған батыр бабамыз уақ Бармақ батыр туралы. Батырлар атына қосарланып айтылатын ру аты көшпенділер заманының айтулы, белгілі адамдарға берілетін айрықша титулы екен. Қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, шапырашты Наурызбай делінетін сияқты. Уақ Бармақ атамыздың есімінің аталуы осы жайтқа саяды. Батыр бабамыздың алғашқы жекпе-жектері туралы қостанайлық Жасұлан Сейітұлы «Қостанай таңы» газетінде былай деп жазады:

«Қалмақты елден көшіруді ойластырып жүрген батыр бабамыз Шақшақ Жәнібек тархан жекпе-жекке Уақ Бармақ батырды шығаруға ұйғарым жасап, оны алдыртуға адам жібереді. Бармақ батырдың ол кездері қонысы Нарын құмы жақта болыпты. Шақыртуды естіген Бармақ батыр қос атпен жеделдетіп жүріп отырып үш күнде Жәнібек тарханға жетіпті.

Келгеннен кейін Уақ Бармақ батырға Жәнібек тархан барлық болып тұрған мән-жайларын түсіндіріп:

– Жекпе-жекке демалып ертең шығасың ба, әлде бүгін айқасып көресің бе? – деп сұрайды. Бармақ батыр:

– Ұрыста тұрыс бола ма, не де болса қазір шығамын айқасқа, – дейді.

Жәнібек Бармақ батырға ырзалықпен қарап келісімін беріп:

– Сенің Сандалкөгің шаршап келді ғой, менің Қазмойын Қаратұлпарымды мін, – деп ұсыныс айтады.

Қалмақ жағымен алдын-ала сөйлесіп, қырғын қантөгіске жол бермеу үшін Жәнібек тархан келіссөз жүргізіп, екі жақ та былай деп келіскен екен:

– Екі батыр жекпе-жекке шықсын. Қай жақтың батыры жеңсе, сол жақтың дегені жүреді, – деп.

Қарсақбасының дәл төбесінде қазақтың батыры Уақ Бармақ пен қалмақтың батыры Садырбала жекпе-жекке кездескен бетте, қалмақ батыры атын бұрып алып, кейін қарай қаша жөнеліпті. Бармақ батыр қашқан қалмақ батырының жолын кесіп, алдынан келіп шаншып түсіру үшін ұмтылғанда, астындағы аты Қазмойын Қаратұлпар жете алмай қалады. Қашқан жауды артынан соққы жасау қай батырға болмасын мін боп тағылатындықтан қашқан қалмақтың артынан соққы жасамай қалып қояды. Содан Бармақ батыр қайтып келіп өзінің Сандалкөк атын ерттетіп, төбе басына қайта шығып, қалмақ батырын жекпе-жекке шақырады.

Қалмақтың батыры Садырбала жекпе-жекке шықпай, қашып келгенін көрген қалмақтың қалың қолы «не болды?» деп сұрағанда, Садырбала:

– Халқым, сендермен қоштасайын деп келдім. Осы жолы менің ажалым жеткен сияқты. Осы жекпе-жекке келген Уақ Бармақ батыр болса керек, – деп, бәрімен қош айтысып, жекпе-жекке қайта шығуға кетеді.

Екінші рет жекпе-жекке бетпе-бет келуге қалмақ батыры Бармақ батырдың басып тұрған мысына шыдас бере алмай, қаймығып тағы қаша жөнеледі. Қаша жөнелетінін білгендей Бармақ батыр Садырбаланың алдын орап келіп, қақ маңдайдан найзамен шаншып өлтіріп, аттан түсіреді. Жекпе-жекте қалмақ батыры жеңіліп содан қалмақтар:

Ақ шабағы май татыған,

Қара суы бал татыған,

Қайран Тосын қалдың ба?! – деп қалың қалмақ жеріне ауған екен».

Осыдан соң батыр бабамыз елін-жерін қорғауда қырық жыл аттан түспей, жауынгерлік жолда болады. Батыр бабамыз Қызылбұлақтағы шайқаста мерт болады. Содан қалың ел жиналып Көкпекті өзенінің жағасына қояды. Кезінде ел шошақ бейіт атап кеткен бұл зиратты 1991 жылы ғалым-архитектор Ескендір Бәйтенов толық зерттеп, архитектуралық сипаттамасын жасады. Атақты Қалиқан Алтынбаевтың «Көкпекті» кітабында мазардың тұрған орны, жалпы сыртқы көрінісі толық жазылған. Ел тарихында кіші жүзде әулие Бармақ, ұлы жүзде ақын Бармақ деген тұлғалар кездеседі. Уақ Бармақ батырдың керей Ер Жәнібектің ұстаз-тәлімгері, хан Абылай мен дарабоз сардар қаракерей Қабанбайдың жауынгер серігі болғаны аңыздар мен шежірелерден жетті. Бүгінгі ұрпақ үшін батыр бабамыздың ел қорғаудағы ерен істері ерлік пен отансүйгіштің белгісі. Өткенді ұмытпау сіз бен біздің парызымыз, замандас.

Қайрат Мәлікаждар, Қазақстан Журналистер Одағы мүшесі

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Шілде 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 30 31    

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз