Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Қазақта Абайдан өткен Ұлы да, ғұлама да, Абайдан өткен дана да, одан өткен ғалым да, ақын да жоқ. Бұрын да, қазір де Абай менің пірім, Абай менің бірім!

Бұл менің жеке пікірім емес. Дүниеден өтіп кеткен небір ұлыларымыз, қазақ зиялылары Абай десе ішкен асын жерге қойған. Даналығы мен даралығын ауыздарының суы құрып айтып, таңданысын жасырмай кеткен.

Зейнет демалысына шыққан соң, Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев бір журналис-ке берген сұхбатында: «Қазір Абайды қайта оқып жатырмын. Артында өлмейтін мұра қалдырған неткен дана еді. Қанша оқысаң да ойдың шым тереңіне тартып отырады», - дейді. Дананы дана осылай бағалаған. Ал қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев Абайдан қалай нәр алғанын былайша толғайды.

Қуат алып Абайдың тіл-күшінен,

Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.

Абай болып табынсам бір кісіге,

 

Абай болып түңілем бір кісіден.

Абай туралы айтқан ақын-жазушылардың, тарихшылардың, ғұла-малардың сөздерін, берген бағасын тіркей берсем қағаз шақ келмесі анық. Тек қазіргі көзі тірі жүрген классик–жазушымыз Мұхтар Мағауиннің айтқанын келтіре кетейін. «Қазақтың қасиетін тану – Абайды танудан басталмақ. Халқымыздың сөз өнерін зерделеу – Абай тағылымын бағындырудан басталмақ. Абай – қазақ тарихындағы қайталанбас сом тұлға. Абай биігі – халқымыздың көркемдік ой–танымында ешкім жетпейтін заңғар».

Биылғы жылы Абайдың туғанына 170 жыл толуын тойлағалы отырмыз. Той демекші бұған дейін де Абайдың әлденеше тойы өтті. Қазақ тойшыл халық, той десе қу бастарын домалатып жинала қалады. Той жақсы ғой, бірақ біз Абай үшін не істедік, шындап Абайдың қадіріне жете алып жүрміз бе? Әрине ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас, көптеген шаруалар атқарылды. Бірақ менің айтпағым ол емес. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Абайдың немере інісі Шәкәрім қажының сөзін еске түсірейікші. «Ибраһим (Абай Құнанбаев) мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінеді. Олай болмағанда бұл Данышпан, Ғұлама, Философ еді. Қор елде туды да, қор болып өтті» - дейді. Бұл не деген сөз? Абайды маңайында жүрген өз қазағы ұқпады. Асыл сөздерін қаперіне алмады. Айтқан ақылын аяқасты етті. Шынтуайтына келгенде Абай өз ортасынан (қоғамнан) ақыл-ойы жағынан қол жетпестей шығандап алысқа шырқап кетті. Мыңдаған жылдарға алға озып кетті десем артық айтқаным емес. Ал сол кездегі қазағы мешеу, надан кейпінде қалып қойды. Абайды ұғынуға, түсінуге олардың өрелері, білімдері жетпеді. Абайдың «Сөзін ұғар адам жоқ болып, бақсының моласындай жалғыз қалуының» сыры содан. Өмірден зарлап өтті. Ал біз болсақ, әлі де сол Абай өмір сүрген орта деңгейінен онша ұзай қойған жоқпыз. Бірен–саран адам болмаса Абайды оқып, түсініп, бойына дарытып жүрген адам шамалы. Кейінгі кездері Абай туралы насихат азайып кетті. 1995 жылы Абайдың 150 жылдығы тойланып өтті де, осыдын соң Абайды жым–жылас жа-уып қойдық. Енді міне 170 жылдығына орай ептеп қозғала бастаған сияқтымыз. Абайды насихаттауда әлі де болса науқаншылдықтан арыла алмай келеміз.

Меніңше, Абайды насихаттауды мектеп қабырғасынан бастаған жөн. Абайды бірінші сыныптан бастап он бірінші сыныпқа дейін үздіксіз, үзіліссіз оқыту керек. Сонда біз Абайды баланың бойына сіңіре аламыз. Кезінде Мұхтар Әуезов ҚазМУ–де жұмыс істегенде студенттерге арнайы «Абайтану» пәнінен дәріс оқыған. Бұл Абайды насихаттаудың тамаша үлгісі еді. Амал қанша Мұқаң қайтыс болған соң «Абайтану» бағдарламадан алынып тасталды. Енді осы «Абайтануды» мектептерге енгізу қажет. Өйткені Абай ғақлиялары ағып жатқан бір мұхит, таусылмас қазына. Абай көптің бірі емес қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы. Бұл пәнді мектептерге кіргізбей біз Абайды игере де, меңгере де алмаймыз. Мектеп бағдарламасындағы көпке бөлінген 5-6 сағат Абайға жеткіліксіз, оқушы оны тез ұмытады.

Абайды айтқанда тіл мәселесіне соқпай кетуге әсте болмайды. Өйткені қазақ тілі – Абай тілі, екеуі бір-бірінен ажырағасыз. Абайды тек қана түпнұсқа – қазақ тілінде насихаттау лазым. Олай болса, баспасөздерде көтеріліп жүрген қазақ балаларын тек қана қазақ мектептерінде оқытайық деген талап орынды. Абайды білмей тұрып, қазақ болу мүмкін емес.

Тілді айтқанда мына жайды да қозғай кеткен жөн сияқты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері орыстілділердің қазақ тіліне қарсы күресі бір сәт те толастаған емес. Өз басым қазақ тіліне жасалған қысастықты қылмыс деп есептеймін. Өйткені Конституцияда: «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп жазылған. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болғанына жиырма жылдан асса да мелшиіп, былқ етпей отырған үкімет әлі күнге дейін арнайы заң қабылдай алмай келеді. Осыны пайдаланған орыстілділер қазақ тіліне шабуылын үдетіп келеді. Қазір жаппай орысша сөйлеу желді күнгі өрттей қаулап барады. Осындайда бабаларымыздың: «Заңың жақсы болса жердің үсті жақсы, заңың жаман болса жердің асты жақсы» деген сөзі ойға оралады. Ал ағылшын жазушысы Поттың: «Заң күшінен айырылған жерден жауыздық басталады», - деген сөзі де көп нәрсені аңғартса керек.

Осыған қарамастан, Абай әлі де биік. Абайдың тереңдігі сол, оны зерттеуге бүкіл ғұмырын сарп еткен Мұхтар Әуезов те тұңғиығына жете алмай кетті. Одан кейінгі Абайды зерттеген ғалымдар Қайым Мұхаметханов, Төкен Ибрагимовтер де оның шыңына шыға алмады. Оған Мұхтардың: «Абай жатқан бір дария, ал мен одан шөміштеп қана алдым», - деген сөзі дәлел бола алады.

Алайда, Абай бұдан да биікте, әлемдік деңгейде көрініс бергені жөн. Біз болсақ, Абайды әлемдегі өз биігіне қондыра алмай келеміз. Өз басым Абайды осыдан екі мың жыл бұрын өмір сүрген Қытай ғұламасы Кунзыныңмен (Конфуций) ғана шендестірер едім. Абай да соның қатарында тұруы тиіс. Абайдың ілім–білімі, оның ғақлиялары, қара сөздері соған әбден лайық. Қазақ мәңгілік – қазақ бар жерде, Абай мәңгілік! Егер жер бетінде адамзат мәңгілік болса Абай да солармен бірге өмір сүруі қажет. Сол үшін де біз барымызды салып Абайды бұқаралық ақпарат құралдырында тынбай насихаттауды қолға алуымыз керек.

Абайды әлемге танытудың негізгі бір жолы шет тілдеріне аудару. Кеңес кезенінен бері ақын–жазушыларымыздың үздік шығармаларын орыс тіліне аударып келдік. Сол арқылы үздіктің үздігі орыс тілі арқылы батыс елдеріне жол тартып отыратын. Мұхтар Әуезов бастаған классиктеріміз әлемдік әдебиетке орыс тілі арқылы танылғаны өтірік емес және солардың барлығы да көздері тірі кезінде аударылды. Әрине, әркім өз қал – қадірінше  аудармаға  жанын салды, өздері ат салысты. Ал Абай ше? Меніңше, өзі жоқтың көзі жоқ дегендей сол кезден бастап Абайды орыс тіліне аудару кемшін тартып келеді. Міне, менің қолыма Абайдың орысшаға аударылған «Абай (Ибрагим Кунанбаев Избранное Алма-Ата 1958г)» кітабы түсті. Аударманы Қазақ ССР ғылым академиясының жанындағы тіл білімі мен институты шығартыпты. Абай өлендерін басқа ұлттың 30 ақыны аударған екен. Мұны аударғандар кімдер екен деп байқасам бұлардың төртеуі ғана көрнекті ақын, жазушылар екен. Александр Жовтис ақын, Леонид Кривощеков жазушы, әрі ақын, бұрын бірнеше қазақ ақындарын аударған. Дмитрий Евдокимович Рябуха (1922-1972) (біздің жерлесіміз, Көкпекті ауданының Преображенка ауылының тумасы) ақын, әрі жазушы. Валерий Антонов, ақын, бірнеше қазақ ақындарын аударған. Ал қалған 26 ақынның аттарын да, заттарын да еш жерден таба алмадым. Бұлардың бірде біреуі «Советтік Қазақстан жазушылары» («Алматы», «Жазушы» 1987ж) жинағына кірмеген. Демек, олар кездейсоқ адамдар, тіпті ақын екендеріне де күмәнім бар. Ал солардың аудармаларына зер салайықшы. Аналардың аудармаларын оқысаң Абайдың өлеңдері деуге аузың бармайды. Орта қол ақындарды бұлай аудармайды. Молда көбейсе қой арам өледінің кері болған да шыққан. Абайдың «Жаз» деген бір өлеңін ғана алайын. Ақынның сөздері шашау шықпай, қамшының өріміндей жымдасқан, ұйқасы төгіліп тұр. Көк шалғын, қызыл гүлдер жайнап, өзені күркіреп ағып жатса, жоғары-төмен ұшқан үйрек-қазы, шалғында шұрқырап жатқан жылқысы. Түрлі-түсті теледидардан көргендей жайлаудың жанды суретін көз алдыңа жайып салады. «Жазды» П.Шубин деген біреу аударыпты. Өлеңге талдау жасамай-ақ соңғы төрт жолын ғана келтірейін

«Жизнь прошла, не вернешь назад;

Байским шуткам издалека

Вторит старческим смехом он.

Только бай к его смехам глух». Абайда бұл жолдар мүлде басқаша:

«Қолдан келер қайран жоқ

Бағанағы байғұс шал

Ауылда тұрып күледі,

Қошемет қылып қарқылдап»

Осындағы төрт жол аудармада Шубин «бай» деген сөзді екі рет қолданған, ал Абайда мұның бір де бірі жоқ. «Байғұсты»  «бай» деп ұғып, түп нұсқадағы мағынадан мүлде ауып кеткен. Әйтеуір, қазақ байды тәуір көрмеуші еді деген болуы керек, бейшара байға қамшыны баса берген. Абай сөздері бірімен бірі қабыспай шашырап, шашылып қалған. Поэзиядан хабары бар орыстілді оқырмандарымыз «Мақтаған Абайың мынау болса...» - деп лақтырып тастайтынына мен кепіл. Дей тұрғанмен, Абайды орысшаға аудару ауадай кажет. Себебі кейінгі дерек көздеріне сенсек, Қазақстандағы қазақтардың екі миллионы ана тілін білмейді екен. Демек, соншама қазақ Абайдан мүлде мақрұм қалды деген сөз. Ал олардың ішінде небір Отанын сүйетін патриот, өз ұлты десе жанын беретін ұлтжандылар толып жүр. Тек орыстанып кеткен. Олар да оқысын, танысын, білсін Абайды, бірақ мынадай аудармадан емес. Абай арқылы солардың бетін қазаққа, өз ұлтына қарай бағыттайық.

Жоғарыдағы аты аталған Абайдың орыс тіліндегі өлеңдер жинағының алғысөзін М.Әуезов өз қолымен орысша жазыпты. Мұқаң бұл кітапты көрген, қолына ұстаған. Алайда аудармасына көз жүгіртіп, көңіл бөлмеген. Біріншіден Мұқаң ақын емес, екіншіден оны қадағалап, қадалып отыратындай уақыты да болмаған. Онан соң Мұқаңның кісіге сенгіш аңғалдығы да болған. Әйтпегенде мына кітапты баспаға жібертпейтін еді.

Абай оңай шағылатын жаңғақ емес, анау-мынауды бо-йына дарыта бермейді. Абайды аудару үшін аудармашының білім деңгейі, ой-өрісі Абаймен шамалас болсын. Бұл жерде қазақ, орыс тілдерін беске білу жеткіліксіз, ол үшін ғалым болу керек. Осы бір кереғарлықты тұңғыш рет тап басып, алғаш аңғарған адам - ақын Шәкір Әбенов еді. Біреу Шәкеңнен Абай туралы неге дас-тан жазбайсыз? – деп сұраған екен. Сонда Шәкең: «Жаздым, жазғанда қандай. Артынан оқып едім өзіме ұнамады, жыртып–жыртып тас-тадым. Көп уақыт өткен соң тағы бір дастан жаздым. Оны да ұнатпай отқа тастай салдым. Әй, шырағым, Абай туралы жазу үшін білімің, ой-өрісің Абайдан артық болсын, ең кұрығанда онымен деңгейлес болсын. Сонда ғана Абай туралы жаза аласың, басқасы құр әуре. Ал білгіштер басқаша айтып жүр» – дейді. Шәкірдің «басқашасы» кезінде Абайдың басына шоқпар сілтеп, жарақат салған адам анау-мынау емес, тура осы Шәкірдің әкесі теңтек Әбен. Ақын соны меңзеп отыр.

Ал Абайдың орыс классиктерін аударғаны енді ғажап. Олардың әрқайсысының стиль ерекшеліктерін, боя-уын сол қалпы сақтай білгені таңғалдырады. Пушкиннің Онегині мен Татьяна арасындағы махаббатын Пушкиннің өзінен де асырып жіберген. Татьянаның әнін Абай өзі шығарған. Қазақтар Онегин мен Татьянаны өздерінің төл туындысы Қозы мен  Баяндай қабылдады. Қазақ даласын Татьянаның әнімен бөлеп, сахараны Татьянаның әнімен тербеп, тебірентіп қойды. Ал Лермонтовтың «Терек» өзенін Лермонтов емес, Абайдың өзі сол өзенге қарап тұрып жазғандай. Бұл өленде қаншама теңеу, метафора бар, ұйқасының өзі бір бөлек әнгіме. Қапқаз тауын жарып аққан өзенді суреттегенде Абайдың сөз сиқыры жарқ-жұрқ етіп түбіне тартып, тұңғиығына бойлатып әкетеді. Көз қиығыңды салсаң болды, одан шығу мүмкін емес, аяғына жетіп қана деміңді бірақ аласың. Жалпы Лермонтов өлендерінің қуаты, долы күші Абай аудармасында асқақтап, айбарланып көрініс беріп отырады. Қанжарды грузин ұстасы кекке соғып берсе, ер черкестің қолында ол қанжар жалт-жұлт етіп, найзағайша ойнап тұрады. Көк темірге жан бітіріп, жарқылдатып жібереді. Лермонтов өлеңінің асқақтығы соңына дейін бір сәт те әлсіремейді. Абай аудармасындағы Крылов мысалдарының қазаққа етене кірігіп, жымдасып кеткені қашан. Әлі күнге қазақтар «Қарға мен түлкі», «Есек пен бұлбұл», т.б. мысалдырын Абайдың төл туындысы деп біледі. Абай мен Крылов екеуі бір адамдай болып бірігіп кетті, екеуін бөліп алу мумкін емес. Аударманың құдіреті деген осы. Қу түлкінің ағаш басында отырған қарғаны есін шығара мақтағаны соншалық, тістеп отырған ірімшігі барын ұмытқан ол қарқ ете түскенде ірімшігі жерге түсіп, қу түлкі қағып әкетеді. Немесе бұлбұлдың әніне бүкіл табиғат елтіп, дала да үнсіз ұйып тындағанда есек оған селт етіп, міз бақпай, әтеш әнін үйрен – дейді. Осының барлығы да қазақтың болмысына тән. Осыған ұқсас аңыз - әңгіме, ертегі қазақ арасына кенінен  тараған. Орыс ақындары неге Абайды осылай дәл өзіндей ғып құбылтып, құлпыртып аудармайды. Абайды өзінен асырып аударам деп тыраштанудың қажеті аз, өйтіп ешкім де аудара алмайды. Тек Абай өлеңдерінің сөзін бұзбай, бүлдірмей, бояуын жоғалтпай, өзі қалай жазса солай етіп аударса болды. Соның өзі ғана Абайды әлемге танытуға таптырмайтын олжа. Біздің қолымыз осыған жетпей жатыр. Көріп отырғанымыздай жоғарыдағы орыс ақындарының барлығын Абай өзі жалғыз аударған екен. Ал қара ормандай қаптаған қалың орыс бір Абайды өзіндей ғып әлі аудара алмай жүр. Неге? Қызғаныш. «Жаман» қазақ өздерінен асып кетпеуі керек. Гәп осында!

Аударма аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кезінде өзінің «Абай жолы» роман–эпопеясының аудармасына Мұхтар Әуезов аса ыждаһаттылықпен кіріскен. Аудармасы толық бітпейінше жарғақ құлағы жастыққа тимей екі шоқып, бір қараған. Оны аударуға қатынасқандардың бірі Николай Анов: «Алғаш «Абай жолына» аудармашы бол» - дегенде бас тарттым. Себебі, Мұхтар қатал, аса талап қойғыш деп естігем. Қолқалап қоймаған соң, шегінер жерім қалмады. Келістім. «Аударма сенің қолыңнан келеді» - деп бірінші тарауын қолыма ұстатты. Қинала отырып аударып, апарып бердім. Бір күннен соң Мұқан өзі телефон шалып: «Міне жарайсын, жақсы аударыпсың, айттым ғой сен аудара аласың» - деп екінші тарауын да берді. Көңілім өсіп, әлгіні тездеп аударып апарып бердім. Түн ішінде телефоным безілдеп қоя берді. Тұтқаны көтерсем Мұқаң: «Николай Иванович, мынауың түкке тұрмайды, түк емес. Сен мені қатты қапаландырдың» - деп тұтқаны тастай салды. Сағатқа қарасам түнгі үш екен. Таң атқанша кірпігім айқаспады».

Абайды орыс тіліне аудару үшін Жазушылар одағы жанынан арнайы комиссия құрған жөн. Ол комиссия Абайды аударатын үміткерлерге конкурс жарияласын. Оның талабы мейлінше қатал, аударушылардың білім дәрежесі – қазақ орыс тілдеріне бірдей жүйрік филологтар таңдап алынсын, ғылыми атағы да ескерілсін. Қазақтардың орыс тіліне әуестігін жоғарыда айттым. Абай орыс тіліне шала-шарпы аударылғандықтан бізде тұратын басқа ұлттардың өкілдері де Абайды жете біліп, танымай жатыр. Егер Абай еңбектері әлем тілдеріне сауатты, сәтті аударылса орыс тілі арқылы Абай әлем әдебиетіне де жол тартары сөзсіз. Мұның төте жолы тағы бар. Ол жол – Абайды түрік тіліне аудару. Себебі түріктермен біздің қанымыз да бір, тіліміз де ұқсас. Қазаққа бір адамның жаны ашыса осы түріктердің ғана жаны ашиды. Оның үстіне түрік әдебиеті ертеден Батыс әдебиетімен тығыз байланыста. Солармен аралас-құралас, етене жақын. Түрік әдебиеті баяғыдан бері ағылшын, француз, неміс басқа да танымал тілдерге аударылып, дүниежүзіне белгілі болған әдебиет. Солар арқылы Абйымызды өркениетті елдерге танытсақ бар мақсатымыздың орындалғаны. Қалайда біз Абайды әлемдік деңгейге көтеруіміз керек. Сонда ғана Абай алдындағы перзенттік парызымыздың өтелгені деп есептеймін.

Ратбек Арынұлы,

зейнеткер

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Шілде 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз