Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Биыл еліміз тұңғыш мемлекеттігіміздің негізін қалаған Қазақ хандығының 550 жылдығын кең көлемде атап өтпекші. Бұл ұлы мерейтойдың өткізілуі Елбасының 2014 жылғы «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауында ресми түрде мәлімденіп, Қазақ хандығының 550 жылдығына – жаңа қазақстандық патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие деп баға берілген болатын.

Қазіргі қолданыстағы мәліметтерге сүйенетін болсақ, ХV ғасырдың ортасында қазақ жерінің батысында Ноғай Ордасы, Жетісу аймағында Моғол хандығы, Сыр бойы, Орталық Қазақстанда Әбілхайыр хандығы (көшпелі өзбектер мемлекеті) өмір сүрген. Олардың өзара жер үшін, билік үшін талас-тартысы, бітпейтін соғыстары тайпалар арасында араздықты туғызып, елде бей-берекетсіздік өршіді. Оған қосымша ӘмірТемірдің ұрпақтары да қазақ жеріне шабуылдар жасап, жағдай мүлде нашарлады. Мұндай саяси бытыраңқылық біртұтас ұлттық мемлекеттің қажет екендігін көрсетті.

 

Қазақ жеріндегі саяси бытыраңқылық әсіресе Әбілхайыр Шайбанидың билігі тұсында өзінің шарықтау шегіне жетеді. Тарихи деректерге қарағанда Әбілхайыр хан Ақ Орда билігін өз қолына алу үшін 20 жылға жуық күрес жүргізген. Ал Ақ Орданың мұрагерлері Ұрыс хан мен Барақ ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей сұлтандар Әбілхайырдың билігін мойындамаған. Сұлтандардың алдына қойған мақсаты өздерінің жеке ұлттық мемлекеттігін құру еді. ХV ғасырдың ортасында Әбілхайыр ханның ойраттардан жеңілуі оның ел ішіндегі беделін түсірді. Керей мен Жәнібек сұлтандар бұл тарихи жағдайды өз мақсаттарына шебер пайдала білді. Қазақ тайпаларын бастап Батыс Жетісуға көш бастады. Қазақ хандығы туралы нақты мәліметтер беретін Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и-Рашиди», Қадырғали Жалайырдың «Жылнамалар жинағы», Әбілғазының «Шежіре-и-Түрк» және басқа да шығыс деректеріне назар аударсақ Әбілхайырға қарсы өзіне одақтас іздеген Моғолстан ханы Есенбұға Шу өңіріне көшіп келген Керей мен Жәнібекті қарсы алып, қоныстанатын жер береді. Осы оқиға жөнінде тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати өз еңбегінде «Ол кезде Дешті Қыпшақта Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек пен Керей сұлтандар Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді...». Осы деректерге назар аударсақ Моғолстан ханы Есенбұғаның өз есебі бар еді, өзінің жауларына қарсы қазақ сұлтандарын пайдаланбақшы болатын. Соған қарамастан Керей мен Жәнібек сұлтандар Қозыбасы деген жерде қазақ хандығының ұлттық туын тігіп, 1465-1466 жж Қазақ хандығын құрды. Әбілхайыр, Моғолстан, Сібір хандықтарынан, Ноғай Ордасынан Қазақ хандығының құрамына тілі, ділі ұқсас тайпалар толассыз қосыла бас-тады. Бұл жағдай, Қазақ хандығының нығаюына және хандықтың жер көлемінің ұлғаюына ықпал етті. Қазақ хандығы қоныс теуіп, орда тіккен Жетісу жеріне 200 мың көшпелі тайпалардың жиналуы кең өріс-қонысты керек етті. Қазақ хандығы алдында тарихи міндеттер тұрды:

Көшпелі шаруалардың жайылымдарды пайдаланудағы бұрыннан қалыптасқан тәртібін қалпына келтіру; Сырдария бойындағы қалаларды хандықтың құрамына алу; Қазақ тайпаларының басын қосып, этникалық аумағын біріктіру.

Сондықтан, Керей мен Жәнібек хандар ХV ғасырдың 70 жылдары Сыр бойы мен Қаратау өңіріне аттанды. Сыр бойындағы Сығанақ, Сауран, Созақ қалалары үшін шайбандықтармен, Моғолстан хандығымен, Әмір Темір ұрпақтарымен қақтығысқа түсе отырып, Қазақ хандығының құрамына қосты. Бұл қалалар Қазақ хандығының күш-қуатын, саяси беделін нығайтты.

Жәнібек пен Керей хандардан кейін қазақ хандығының тағына Керей ханның ұлы Бұрындық, одан кейін Жәнібектің ұлы Қасым сұлтан билікті қолына алады. Қасым ханның кезінде Қазақ хандығы саяси, әлеуметтік-экономикалық жағынан өрледі. Қасым хан Қазақ хандығының қоғамдық өміріне лайықтап жаңа құқықтық заңдар шығарған. Ол тарихта 5 бөлімнен тұратын «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі. Хан өзінің заң ережелерімен ел ішіндегі жағдайды реттеп, мемлекеттік басқаруды күшейтіп алады. Халық саны 1 млн-ға жетіп, хандықтың шекарасы оңтүстігінде Сырдария өңіріне дейін, батысында Жайық алабына дейін, солтүстігінде Ұлытауға жетсе, шығысында Балқаш көліне дейінгі ұлан-ғайыр аумақты алып жатты. Хандықтың орталықтары Сығанақ, Түркістан, Сарайшық қалалары болды. Қазақ хандығының халықаралық жағдайын нығайтуға Қасым ханның баласы Хақназар хан зор үлес қосты. Хан елді сыртқы жаулардың шабуылынан сақтау үшін, халықтың бірлігін нығайту үшін алыс-жақын елдермен достық қарым-қатынас орнатуды ойластырған. Өз ойын іске асыру үшін бірде тапқыр саясат қолданса, енді бірде әскери күшті ұтымды пайдаланған.Тәуекел хан билік құрған кезден бастап оңтүстік өңірлердің есебінен Қазақ хандығының іргесін кеңейтуді ойластырады. Тәуекел мен інісі Есім хандардың ұзақ жүргізген күрестері нәтижесінде Сыр бойындағы қамал-қалалар және ірі қала Ташкент қаласы Қазақ хандығының құрамына қосылады. Осы хандар билік еткен ХVІ ғасырдың аяғында Қазақ хандығы халқының саны өсіп, аса қуатты мемлекетке айналды. Тәуке хан - хандықтағы саяси жағдайды реттеу үшін ұлы жүзден Төле биді, орта жүзден қаз дауысты Қазыбекті, кіші жүзден Әйтеке биді қатыстыра отырып «Жеті Жарғы» заң жинағын құрастырған еді. «Жеті Жарғы» рулар мен тайпалар арасындағы қайшылықтарды бәсеңдетті. Ел бірлігін сақтауға, хандық биліктің заң негізінде күшеюіне өз үлесін қосты. Тарихта Тәуке хан билік құрған кезең-қазақ хандығының «алтын ғасыры», «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заман» деп аталады. Абылай хан – қазақ халқының тұтастығын сақтау үшін алып империя-лар - Қытай және патшалы Ресеймен дипломатиялық қатынас орнатып, тең саясат ұстанған. Елдіктің бытырап кетпеуіне зор үлес қосты.

ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда жоңғар шапқыншылығы кезінде Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай сынды батырлар Шорға, Маңырақ шайқастарына қатысып, Қарақол мен Нарынды, Үржар мен Алакөлді, Зайсан, Марқакөл, Күршім өңірлерін жаудан азат етті. Шақшақ Жәнібек Аягөз шайқасына қатысқан. Райымбек батырдың Жетісудағы Нарынқол өңірінде жоңғарлармен соғысқан жері Ойрантөбе аталады. Наурызбай батырдың 1729 жылы Аңырақай шайқасында қалмақ батырлары Шамалхан мен Қаскелеңді жекпе-жекте жеңген ерлігі қазақ даласына кең тараған. Өтеген батыр Жетісу мен Шығыс Қазақстан өңірін жоңғарлардан азат етуге үлкен еңбек сіңірген. Барақ, Баян, Олжабай батырлар ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қазақ жерін қызғыштай қорғады.

Қазақ халқы тәуелсіздік үшін аянбай күрескен халық. ХVІІІ ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейін отарлық қамыттың зардабын, 70 жыл қызыл империяның қысымын көрген еліміздің өз еркіндігін алғанына 24 жыл болды. Тарих сахнасында атағы жер жарған империялар, небір мемлекеттер  өмір сүрді. Бірақ уақыт талабына шыдамай ыдырауға түсті. 1370 жылы Әмір Темір құрған, жер дүниені тітіреткен мемлекеті ХVІ ғасыр басында ыдырап кетті. Қуатты КСРО-ның өзі 70 жыл ғана өмір сүрді. 550 жылдық тарихы бар еліміздің әлемдік тарихтан ойып тұрып орын алатын реті бар.

Қазіргі таңда Қазақстан егеменді, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасты және әлемдік қоғамдастықтың толық құқылы мүшесі, оның ажырамас бөлігі. Көп ұлтты тәуелсіз мемлекеттілікті нығайту-бүгінгі нақты бағытымыз, ашық та айқын мақсатымыз, саясатымыз. Қазақстан қазақтың тарихи, ежелгі топырағында шаңырақ көтеріп отырған бірден-бір мемлекет болғандықтан, түбегейлі мүдделерімізді қорғауға, қастерлеуге міндеттіміз.

 

А.Татманова,

Ж.Болғанбаев атындағы

орта мектептің тарих пәні мұғалімі

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Шілде 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз