Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Жазғы демалыс барша-мыздың асыға да, ерекше күтетін мезгілінің бірі. Ал, балалар үшін ерекше қуаныш. Әр бала жазғы демалысты қызықты өткізуді армандайды. Аудандағы Қ.Раев атындағы балалар үйінде жаз кезіндегі балалардың демалысын тиімді өткізу жыл сайын дәстүрге айналған шара.

Тамылжыған табиғаттың ортасында орналасқан балажай балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін салынып, балақайлардың жаз бойғы шаттыққа толы күндерінің куәгеріне айналған. Бұл балажайда бүгінгі күні 36 бала демалып жатыр. Олар күн тәртібі бойынша денсаулықтарына пайдалы,

дәрумендері мол тағамдармен ауқаттанып, суда жүзу, футбол, волейбол сынды спорт түрлерімен шұғылданады. Сонымен бірге, тауға шығып, өскен өлкенің табиғатымен танысады.

Біз әріптестерімізбен осы балажайға арнайы ат басын тіреп, балалардың жазғы демалысының куәсі болып қайттық. Демалыс орнының күн тәртібін, балалардың шығармашылық жұмыстарын бізге балалар үйінің тәлімгері Толқын Құмарқызы таныстырып шықты. – Балажай  25 маусымда ашылды. Ашылмас бұрын жөндеу жұмыстары жүргізіліп,  қажетті  заттарды дайындап қойдық. Тамақтары уақытымен беріледі. Ал, керекті азық-түлік күнделікті жеткізіліп отырады. Тәрбиешілер кезекпен келіп істейді. Арнайы психолог, музыка, спорт, суда жүзу мамандары күнделікті балалардың бейіміне қарай дәрістер беріп, бейімін арттыру мақсатында тренинг сабақтар өткізеді. Балажайда балалар демалысын қызықты әрі көңілді өткізулеріне барлық жағдай жасалған. Лагердің әр күні қызықты өту үшін, тәрбиешілер де белсенді жұмыс жасауда. Түрлі кештер, спорт жарыстары, викториналық ойындар, байқаулар ұйымдастырылады. Тәрбиешілердің жоспар бойынша өткізілетін ойындары, сайыстары тәрбиенің барлық бағыттарын қамтиды. - дейді Толқын Құмарқызы.

Біз барған уақытта бастауыш сыныпта оқитын балалар сурет салып, түрлі түсті қағаздан ертегі кейіпкерлерін жасап отыр екен. Ал, ересектеу балалар алаңда футбол ойнап жүр. Сонымен бірге, балаларға арналып өзенге шомылатын арнайы орын жасалған. Судың терең жерлері жеке қоршалып, жағалауға құм төселген. Өзен жиегінде қауіпсіздік ережесі анық жазылып, төтенше жағдайлардан құтқару құралдары орналасқан тақтайша да бар. Балалар өмірі үшін қауіпсіздік шараларының барлығы ережеге сай сақталған. Жеткіншектерді суда жүзуге төтенше жағдайлар қызметкері С.Тлебалдин үйретеді. Арнайы маманнан сабақ алып жүрген балалар суда жүзудің қыр- сырын әбден меңгерген екен.

Біз жағалауға барып суға шомылып жүрген балалардың шаттана күлген дауыстарын естіп бір жадырап қалғандай болдық. Еш алаңсыз ойынның қызығына кіріп кеткен балалар судан шыққылары жоқ. Сөйтіп, жағалауда отырған балалар үйінің тәрбиеленушісі, өлеңдері өткір, дарынды қыз  Наурызжанды сөзге тартып, жазғы демалысты қалай өткізіп жатқандығы туралы сұрап, білістік. – Менің балажайдағы күндерім өте қызықты өтуде. Мұнда келмес бұрын Семей қаласында тұратын туысқандарымдікіне барып демалып келдім. Балажайға барамыз десе жалғыз мен емес, барша балалар қатты қуанады. Себебі, бұнда табиғат аясында демалып, әртүрлі ойын ойнаймыз, әрбір  күніміз қызыққа толы болады. Тәрбиеші аға-апайлар да қамқорлық көрсетіп, қызықты сабақтар өткізеді. Жақында Италияға барып демалуға мүмкіндік алдым. Шет елге барып олардың  тарихымен, мәдениетімен танысатыныма қуаныштымын, - дейді Наурызжан Мақаева.

Қ.Раев атындағы балалар үйінің тәр-биеленушілері арасында алты бала шілде айының аяғына таман ежелгі дәуірде Рим мемлекеті салтанат құрған, бүгінгі күні әлемдегі аса жоғары дамыған жетекші елдердің бірі, ірі туризм орталығы - Италияға барып демалуға мүмкіндік алған. Бұл балалар үшін зор мақтаныш, ерекше қуаныш.

Бала - біздің болашағымыз. Балалардың жүзінен күлкі, жүрегінен жалын, саналы сезім төгілгені ұрпағымыздың келешекке нық қадам басуына септігін тигізері сөзсіз. Жарқын жүздерге шаттық сыйлау біздің басты міндетіміз.

 

Жанерке АБЫЛХАН

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Шілде 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз