Наурыз айының 4-шы жұлдызында мектебіміздегі «Инабат» қыздар үйірмесінің жетекшілігімен Халықаралық әйелдер мерекесіне орайластыра «Мектеп аруы-2020» байқауы болып өтті. Байқаудың мақсаты: қыз балаларға адамгершілік, адалдық, әсемдік, әдемілік, іс-қимыл, жүріс-тұрыс, қыз сымбаты түрлерін терең түсіндіре отырып, олардың өнерлерін, ұшқыр ойларын, іс-әрекетке деген икемділігін анықтап бағалау, одан әрі дамыту болды.
Байқау 8-10 сыныптар арасында өткізілгендіктен 9 аруымыз бақ сынасты. Сайыстың 5 түрлі кезеңіне тың дайындықпен келген аруларымыздың мәртебесі биіктен көрініс тауып, өздерін жан-жақты көрсете білді. «Сәлемдесу» кезеңінде аруларымыз әсем де әдемі «Рухты ару» әніне билеп өздерін ерекше түрде таныстырып өтті. «Сұрақ-жауап» кезеңінде қатысушылар терең білімдерін көпшілік назарына ұсынды және Абай Құнанбаевтың өмір жолынан қойылған сұрақтарға ұтымды жауап берді. Саусақтарынан өнер тамған арулар «Өнерлі өрге жүзер» кезеңіне де бос келмепті. Әуелеген ән де, күмбірлеген күй де, мың бұралған би де, тағылымды мән де осы сахнадан табылды. Ерекше көзге түскен 8 сынып оқушысы Тоқтарханова Нағиманың орындауындағы «Жетім қыз» монологы, 9 сынып Байсеитова Гүлім мен Садуакасова Аяжанның «Құртқа мен Қарлыға» диалогы, 10 сынып Силянбекова Мақпал «Айман мен Шолпан» пьесасасынан үзінді, 9 сынып Садыкова Жұлдыз орамалдарды қалай әдемі етіп басымыз бен мойнымызға орауға болатынын көрсетті.«Сұлулық сыры» деп аталатын байқаудың бұл бөлімінде аруларымыз өз қолдарынан ине мен жіпті пайдаланбай әдемі кешкі көйлек тігіу керек болған. Осы кезеңде 9 сынып оқушысы Әзірханова Еркежанның қазақи ою-өрнектерді пайдаланып жасаған көйлегі жоғары бағаланды.
Бастаушы ауылдық округі бойынша 28 ақпан күні «Абай Құнанбаевтың 175 жылына» орай Абай атындағы орта мектебінің 4 сынып оқушылары және сынып жетекшісі А.Мекина «Абай – дана, Абай - дара» атты әдеби-сазды ашық тәрбие сағатын ұйымдастырды.
Абай мұрасы халқымыздың рухани болмысын білдіретін баға жетпес қазына. Мақсаты: Ұлы ақын Абай шығармашылығын ата мұрамыз ретінде қабылдап, жаңа буын жас ұрпаққа танытып, меңгерту.
27 ақпан күні Көкжота орта мектебінде Абай Құнанбаевтың 175 жыл толуына орай жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен аудандық ашық біріншілік өтті. Ондағы мақсат, оқушылардың рухани-патриоттық сезімін ояту болып табылады. Мектебімізден 7 оқушы қатысып, марапаттармен оралды. Дастан Матаев, Данара Исингазина, ІІ орын, Әсет Баймадиев, Амина Байғозина, Дастан Советбеков, Карина Сметанкина, Вадим Помозов ІІІ орынға ие болды. Құттықтаймыз!
А.Пушкин атындағы орта мектеп ақпараты
Ақпан айының 14-ші жұлдызында Көкжайық орта мектебі жас ұстаздарының бастамасымен «Көңілді старт» эстафеталық ойындары ұйымдастырылды. Эстафетаға Көкжайық орта мектебінің «Жалын» командасы, Үлгілімалшы ауылының Абай атындағы мектеп-балабақша кешені «Жалынды жастар» командасы, Мамай ауылы Аманкелді атындағы орта мектебі «Мамай» командасы және Ақой ауылы Пушкин атындағы орта мектебінің жас ұстаздары «Молодежь» командасы қатысты. Әр командада 5 ойыншыдан өнер көрсеткен топтар тартыс-ты ойын өрнегін көрсетті. Бұл іс-шара Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай өткізіліп отыр. Әнұранымыз шырқалған соң құттықтау сөзін алған Көкжайық ауылдық округінің әкімі Қайрат Айыпқазыұлы мен Көкжайық орта мектебінің директоры Сау-ле Тоқтарқызы қатысушыларға сәттілік тіледі. Әділқазылар алқасында ауылдық округ әкімімен қатар, Көкжайық орта мектебінің «Бәйтерек» әкелер клубының мүшесі Шубаров Мұрат ағамыз және де аудандық жастар мәслихатының депутаты Ерлан Әзімбаев болды.
Ауыл десем, мал елестер көзіме,
Ауыл десем, дән елестер көзіме.
Ауыл десем, ер саламын кер атқа,
Ауыл десем, ән естілер құлаққа.
Иә, ауыл - қазақтың алтын бесігі, түп төркіні. Таяуда мектебімізде кеше ғана алтын ұясымен қимай қоштасқан түлектермен кездесу өтті. Ауылдарын, мектепті сағынғандары соншалық, сезімдерін өз сөздерінде жасыра алмады.
Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің студенттері атанған Бақдаулет пен Еркебұлан: «Мектепте алған біліміміз бен белсенділігіміз кәдеге жарады. Барлық қоғамдық жұмыстың басы-қасында жүрміз. Бойымыздағы бар жақсы қасиеттеріміз үшін мектебіміз бен туған ауылымызға қарыздармыз. Қажырлылық пен қайсарлықты, имандылық пен байсалдылықты шексіз даламыздан үйрендік », - дейді жігіттер. Сөздері салмақты, есейген.
Шет тілі факультетінде оқитын Наргиз, физика мамандығына оқып жатқан Жансая мамандық таңдауда қателесуге болмайды, жақсылап ойланып, қадам жасаған дұрыс деп ізбасарларына ақылдарын айтты.
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.