Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

«Бір Аллаға сиынып, кел балалар оқылық!» - деп басталатын дала қоңырауын қаққан, білім нұрын шашқан Ыбырай Алтынсарин атамыздың осы өсиетінің басты жолын білмей өскен кезіміз де болды заманында. Егемендікке қол жетіп, Тәуелсіздік туын көтергелі шашылғанымызды жинап, ұмыт болғанымызды жаңғырта бастадық. Күллі қазақтың қасиетті төрі Түркістанымызды иманымыздың көркі, дініміздің төрі, рухани астанамыз екенін де танып-біліп, табыстық. Биыл Түркістан облысы құрылғалы 5 жыл толғанда әулие Бөдес атамыз жатқан жерден, от ауызды, орақ тілді Кегенбай атамыз туған елден, Жомарт батыр ту көтерген белден ұрпақтары қасиетті Түркістанға бет бұрды.  

Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың қолдауымен Тассай ауылдық округінің өнерпаздары Түркістан қаласында өз өнерлерін көрсетіп қайтты. Осы сапарға демеушілік еткен ауданымыздың беделді азаматтары - Ержан Тұрсынханұлы, Гүлназ Құдайбергенқызы, Бахтияр Жанатұлы, Марат Қалиханұлы, Жұмабек Құрмашұлы, Бақытжан Болатханұлы, Айдын Еркінұлы, Ильнур Фархатұлы, Берік Қанаұлы мен Ғабиден аға мен мәрт жүректі Қайрат мырза болды.


Сонымен қатар аудандық білім бөлімі басшысы Аслан Таныспаев пен Мұхтар Әуезов атындағы мектептің директоры Гүлмира Мұхаметқалиева рухани керуен құрамындағы оқушылар мен мұғалімдердің алаңсыз барып келулеріне жағдай жасады.
«Түркістан ер түріктің бесігі ғой» атты концертті Тассай ауылдық округі мәдениет үйінің меңгерушісі Қабдыкәрім Байжұманов, бесаспап асаба Берік Бәйгереев, тәрбиелік қасиетті бойына сіңірген ұстаз Бақыт Мазыбаева қара сөздің мәнерін келтіре, өрнекті сөзбен бастады.
Жерлесіміз Фархат Маратұлының арнауында Түркістан мен Абай облыстарының терең тарихынан тарта, шежіресін шерте жырлады.
Келесі кезекте Манарбек Бекішев, Қатрен Байжұманов, Фархат Маратұлы, Мейірлі Сыдықовалар орындаған Абай өлеңдері тыңдаушы көрермендерді ұлы бабамыздың мәңгі жасайтын ғибратты жолдарымен сусындатты. Гүлнар Сәбетқызы, Айман Ойратқызы, Мейрамгүл Мауытханқызы ұлы ақынның шерлі де сазды «Көзімнің қарасы» әнін жан тебірентер қоңыраулы дауыс-пен ерекше шырқап, тыңдаушыға жеткізіп жатты. Саяхат Төлебайұлының орындауындағы «Сегіз аяқ» әні баба сөзінің құдіретін әсем әуенмен жеткізіп, киелі Түркістанымыздың «Фараб» кітапханасының сахнасына әуеледі.
Кеште республикалық байқаулардың жеңімпазы, тассайлық әнші Саяхат Тұрлыбеков, жергілікті әншілер мен жеткіншек бишілер өнер көрсетті. Сонымен қатар жерлес қос ақын Манарбек Аханұлы пен Фархат Маратұлының айтысы көрермен назарын аудара білді. Ал аккапелла тобының орындауындағы «Қос алқа» күйі көпшілікті тебірентіп, саз құдіретін танытты. «Бақтыбайдың әуенін» домбыра шанағынан жүгірте, әсем де биік «Фараб» кітапханасының төрінен төгілген Мұхтар Әуезов мектебі оқушылары күткен үдеден шығып, ұстаздарының сенімін ақтады.
Тассай ауылдық округінің әкімі Ержан Мәзібаев сөз сөйлеп, шараның мақсатына тоқталып өтті. Ержан Құдайбердіұлы Көкпекті ауданы әкімінің атынан шараға атсалысқан кітапхана директоры мен ұжымына алғысын білдіріп, сый-сияпат табыстады. Кітапхананың әсем залын ұсынып, көрермендерді орналастырып, дыбыс аппараттарын қосып жүрген кітапхана қызметкерлері ағайын-туыс, бауыр келгендей ерекше ілтипат көрсетті. Кітапхана директорының орынбасарлары Ернұр Әлімбайұлы, Жанар Жақсылыққызы, Түркістан облыстық «OPEN TURKISTAN» туризмді ілгерілету бөлімінің басшысы Ерасыл Әшірбайұлы Төлебаев, оның анасы Ақсуат ауылының тумасы Қабденова Гүлжанат Абай облысынан келген тассайлықтарға ыстық ықылас, жақсы пейіл көрсетіп, асқан мейіріммен күтті.

Малайзия мен Англияда туризмді жүргізу мен ағылшын тілін оқып меңгерген Ерасыл Әшірбайұлы өте білімді, жоғарғы мәдениетті азамат екен. Осы азаматтың пәрменімен Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне тассайлық топ тегін серуен жасады. Арыстан баб кесенесіне барып-келіп, зияарат орындалғаннан кейін екі күн кешкісін «Түркістандық Венецияны» аралап көріп, бір масайрадық. Түркістанның ең бір көрікті жеріне орналасқан облыстық «Фараб» кітапханасының сахнасында өнер көрсету Ерасыл Төлебаев мырзаның жергілікті қала билігімен келісуі арқасында жүзеге асты.
Қойылымның екінші жартысында тассайлық биші қыздар «Қамажай» биін орындады. Ұлдар мен қыздар билеген «Тұран» биінде оқушылардың шеберлігінде мысқалдай болсын ақау шықпады. Жетекшілері Ботагөз Шапатқызының да еңбегі ақталып, мерейі үстем болды. Әрдайым қасымызда болып, тазалық пен тәртіпті ұғындырып жүрген дәрігер Айгүл Ибрагимованың еңбегі ерекше болды. Ол кісінің қызметіне поездағы басқа адамдар да жүгініп, көпшіліктің алғысын алды.
«Улыбайся» деп орыс әніне басқан Айман Ойратқызының орындауы да Түркістандықтарды би әуенімен елітіп, ерекше шабыттандырды. Зайсан көлінің жағасында орналасқан қазақы ауылдың көркемөнерпаздарымен қоса зиялы қауымы мен мемлекеттік қызметкерлері де атсалысқан концерт Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер қалдырғандығы олардың шаттана соққан шапалақтары мен қолпаштай дауыстаған қиқуларынан-ақ білініп тұрды. Гүлнар ұстазға ерген Балауса Байгереева қызымыз «Қосбасарды» сылқылдатқанда жүрек тебіреніп, жан жадырады. «Құстар» әні» мен «Беу айдайды» салған әжелер ансамблі ауылымызда «Жанай керім» деп жосылтатын аналарымыздан кем түспей, түркістандықтар жүрегін көл Жайсаңның толқынындай дірілдетті. Түркістан елінің ұранындай «Түркістан» әні шырқалғанда әнші Мейрамгүл мен күміс көмей Айман қалың елді орнынан тік тұрғызды.
Тассай ауылының тұрғыны Галиева Шынар өзінің жүрек жарды пікірін былай жеткізеді: «Он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айында киелі мекенге барып, зиярат етіп, Түркістан төрінде өнер көрсетуді нәсіп еткен Аллаға сансыз шүкір. Осы сапарға шығуды ұйымдастырған, барлық жол шығындарын қамтамасыз етіп, көпшіліктің аман барып, сау қайтуын өз жауапкершілігіне алып, сол "ҮЛКЕН" міндетті аяғына дейін атқара білген жақсылыққа жаны құмар Ержан Құдайбердіұлына алғысымыз шексіз!
Қашанда осындай игі бастаманың басы-қасынан табылатын, ұстаздық ұстанымы мықты Мейірлі Жанұзаққызы, ауылдың намысы үшін жаныңызды шүберекке түйіп, барлығымызға бас-көз болып, келешекте де көшті бастай беруге сізге Алла қуат берсін!
"Жол азабын тартқан білер" демекші, жолаушыларды билетпен қамтамасыз етуге барын салып, ұзақ жолда жолаушылар орнығып болғанша тыным таппай, сөйте жүріп әнін де айтып, әзілдеп те үлгеретін Мейрамгүл Мауытқанқызына көпшіліктің алғысын білдіремін. Жол бойы балалардың амандығы үшін бастарын бәйгеге тіккендей тыным таппай, балалардың қас-қабағына қарап, бала жүрегіне жол тауып, өнерге балаларды сәйгүліктей баптап, тіл табыса білген жетекшілер - Гүлнар Сәбетқызы, Айман Ойратқызы, Ботагөз Шапатқызы, тәрбие ісінің меңгерушісі Бақыт Құдайбергенова сіздерге Алланың нұры жаусын!»

Армысың елі Түркістан,
Сендерді болжап атар таң.
Ұлдары мәрт ержүрек,
Қыздары ару жаралған.
Аналары әулие,
Аталары абыз таралған.
Қазаққа шашып дін нұрын,
Киелі кұтым Қағбадан.
Тағлым еткен сөздерін,
Әзірет сұлтан данадан.
Сәулесі түскен әлемге,
Қожахмет бабадан.
Айналайын Түркістан
Шежірем сенде тарихым,

Салауатты өмір сақтаған,
Саламатты халқының.
Бәйдібектей атаның,
Домалақтай ананың,
Мейірімі түскен осы елім,
Бақыттың соққан қамалын.
Жері жұмақ жерұйық,
Мәуесі тұрған салбырап,
Миуасы албырап.
Бар қазақтың жүрегі,
Мемлекетімнің тірегі,
Хандар тіккен ордасын
Жасасын жайнап Түркістан-
Мәңгіліктің бұл Елі!

Міне осындай арнаған Тассайлық жұрттың сәлемі.

Тассайлық жұрттың сәлемін жеткізген алақандай ауылдың рухани керуені қасиетті жерлерге зияарат етумен аяқталды.

Қайрат Бесбайыс

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2023 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
3 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз