Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Өткен демалыс күндері шалғайдағы шағын ауыл Егінбұлақта шалқар той өтті. Егінбұлақтағы «Ауыл күні» мерекесінің даңқы бүкіл өңірді шарлағаны мерекеге әзірлік барысынан анық байқалатын. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, ауылдың топырағында өскен, қазір еліміздің әр түкпірінде қызмет етіп жүрген түлектердің туған жердің төсінде өтетін басқосуға өз үлестерін қосқанына жұртшылық «бәрекелді» десті.

Дәстүрлі «Ауыл күні» мерекесі биыл түбегейлі жөндеуден өткен екі бірдей әлеуметтік нысанның ашылуымен тұспа-тұс келгендіктен бағасы арта түсті. Ауыл орталығына қазақы киіз үй тігіліп, қайта жөндеуден өтіп, құлпыра бой түзеген клуб үйі жарқырап тұр. Жергілікті халықтың қуанышын ортақтаса келген аудан тұрғындарынан бөлек көршілес Жарма, Тарбағатай аудандарынан келген қонақтардың қарасы қалың.


Кешегі тойда ауылдың даңқын аспандатқан азаматтар туралы көзкөргендердің естелігі жас ұрпақ жадында жаңғырды. Тойдың тағылым алар тұсына келсек, үлкендердің үлгісі, ауыл түлектерінің бірлігі өнеге аларлық тағылымымен ерекшеленді. Жабылып қалған медициналық пункт қайта ашылып, елге медициналық көмек көрсетуді жалғастырады.
Мереке клуб үйінің алдындағы ресми салтанатпен ашылды. Жиналған жұртшылыққа аудан әкімі Асхат Смаилов өз лебізін арнады. Осыдан кейін 90-нан асқан қария Нұрдолда ата жастарға батасын беріп, жұмысы жанданған клуб үйінің лентасын қиды. Егінбұлақ төсіндегі дүбірлі тойға аудан орталығынан келген құрметті қонақтар қатарында ардагерлер кеңесінің төрағасы Сләмбек Мұқашев, маслихат хатшысы Талғат Сарманов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Бек Нұғыбаев, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айнұр Отаршина бар. Нұрлан Тоянкенов басшылық ететін аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ауыл тойын үлкен дәрежеде атқаруға атсалысты. Биғаш ауылдық округінің әкімі Дулат Оспанов ауыл жастарының бастамасына қолдау білдіріп, тойдың басы-қасында болып, соңына дейін қызмет қылды. Қалбаның көп бұйратты қойнауында еңбекпен тірлігін дөңгелетіп жатқан шағын ауылдың тұрғындары бұл мерекенің осындай деңгейде өтуіне мұрындық болған аудан басшысы Асхат Сайдахметұлына шексіз риза көңілдерін жасырмады. Майра Олжабаева және Мейрамгүл Жанғасинова сынды аналар жүрекжарды алғыстарын жаудырып, аудан басшыларының елге деген көңілі әрдайым осындай болса деп тіледі.
Ас беріліп, құран оқылған соң спорттық ойындар басталды. Қазақша күрес, қой көтеру, жаяу жарыс, қол күрестен өткен жарыстарда құрыш білек, апайтөс жігіттер сынаққа түсті. Бүкіл аймақ хабарланған тойдың спорттық сайыстарына өңірдің әр қиырынан айтулы спортшылар жиналып, күш сынасты. Спорттық шаралардың тиянақты өтуіне ауыл жастары үлес қосты. «Ауыл күнін» атап өту туралы бастама көтерген Дамир Геккель, Жасұлан Қырықбаев, Әли Қайратұлы, Рустем Байсексенов және аты аталмаған тағы басқа ауыл жастары туған жеріне деген сүйіспеншіліктің ерен үлгісін көрсетті. Ауылдағы әрбір отбасы үлесін аяп қалмады, демеушілік көрсетіп, бастап аяқ қызмет қылды. Көршілес Биғаш ауылының Қайырғазы Есімов, Нұрлан Төлегенов бастаған азаматтары да қолдау танытты.
Қазақ күресінен бозкілемдегі белдесулер нәтижесінде үлкенбөкендік Дидар Тукушевке тең келер қарсылас болмады. Ақсуаттық Нұржан Бекішев екінші жүлдені олжаласа, Үржардан арнайы келген Ердәулет Қаратаев үшінші орынды қанжығасына байлады.
Қол күресінің қос жүлдесі Биғаш ауылына бұйырды. Әйелдер арасында Кенже Көпесова үздік шықса, білекті жігіттер сынында Қайырғазы Есімов мықтылығын дәлелдеді. Футбол ойынында палуандардан жасақталған «Қазақ күресі» құрамасы кубок иегері атанды. Екінші орынға «Егінбұлақ жастары» және үшінші орынға Қойгелді Аухадиев атындағы округ құрамасы жайғасты.
Түс ауа басталған ат бәйгесі жүйрік баптап, аламанға қосқан ағайынның ерекше ықыласын туғызды. Қорытындысында аламан бәйгенің бас жүлдесін Жарық ауылынан келіп, жүйрік қосқан Жасұлан Мұқашев иеленді. Тай бәйгеге белгіленген сыйлықты егінбұлақтық Дулат Амангелдіұлы алды. Тай жарысының жүлдесін ауыл азаматы Қайрат Долдаұлының 60 жас мерейтойына орай немерелері тағайындаған екен.
Әрбір қонақты құшақ жая қарсы алған, түлеп ұшқан перзенттерін бауырына басқан шағын ауылдағы бұл той берекенің бастауы бірлікте екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.

Дархан БЕРДІБЕК

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Тамыз 2019 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз