Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Адамзат ақыл ойының озық үлгісін көркем туындылары арқылы көрсеткен Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойы Ұлы Ақынның туған жерінде кең көлемде, барлық сән-салтанатымен аталып өтті. Кемел ақын, кемеңгер ойшыл ұлы Абайдың “Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп” деп ұсынған, адамгершілік пен ізгілікке суарылған өсиетінің мәні барлық бұқаралық-мәдени шаралардың арқауына айналды.

Әрине, Абай айтқан еркіндік, теңдік, мейірім мен тазалық идеясы күллі адамзатқа тән. Сондықтан Абай айтқан сөз – қазаққа ғана емес, баршаға ортақ. Абай нұсқаған жол – бәріміздің бағдарымыз болуы керек. Абайдың өлеңдері мен «Қара сөздерін» оқығанда қазақы ойды, философияны, ұстанымды, ерекшелікті танисың. Абай: «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», - деді. Сол өсиетті өзі орындап кетті. Ол атаның ғана адал ұлы емес, өз халқының, адамзаттың адал ұлы бола білді. Оның философиялық терең мұрасы күллі адамзаттың игілігіне айналғанының бір себебі – оның шығармашылығындағы жалпыадамзаттық құндылықтарды талмай айтып отырғандығынан болар деп ойлаймын.

 

Хакімнің дүбірлі тойына арналған шараларға мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова, облыс әкімі Даниал Ахметов, шетелдік ғалым қонақтар, қоғам қайраткерлері, абайтанушылар, белгілі ақын –жазушылар, зиялы қауым өкілдері мен қалың жұртшылық қатысты. Үш күнге созылған шаралар Ұлы Ақынның ізі қалған Семей қаласында бастау алып, алыптар мекені Шыңғыстауда  жалғасын тапты.

Семей халқы бірінші кезекте Абай әндерімен сусындауға мүмкіндік алды. Абай атындағы драма театрының сахнасынан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбіловтың орындауындағы Абай әндеріне қанықты. Сондай-ақ, бұл кеште әр халықтың Дала Данышпанына арналған әндері шырқалды. «Абай әлемі» аталған кеш көпшілік қауымды мазмұндылығымен қуантты.

- Қазақстанды қалыптастырушы ұрпаққа «Мәңгілік ел» идеясына негізделген елімізді дамыту ісін Абайдан үйренуді жалғастыру керек, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов «Абай және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында.

«Абайдың ұлтқа деген махаббаты өзге елдердің мәдени құндылықтарын жоғары бағалауға кедергі болған жоқ. Ол тар шеңберге шектелген адамның рухани жағынан азғындайтындығын ылғи айтып келді. Ал адамзаттың құндылығын сезіне білген адам рухани байиды. Ақынның теңдессіз туындылары ұлттық мәдениеттерді рухани біріктіреді. Абайдың шығармашылығында өзінің халқын, көзі ашық, білімді, дамыған тәуелсіз ел ретінде көргісі келетіндігі байқалады», - деді аймақ басшысы.

Бұл күнгі шаралар Абай атындағы драма театрда өткен салтанатты жиынмен түйінделді. Танымал ақын-жазушылар, шетелдік ғалымдар, белгілі абайтанушы Ғарифолла Есім баяндама жасап, мерейтойға орай құттықтауларын жеткізді.

- Қазақ халқы, ұлты қандай болу керек десек, ол – Абай бойындағы асыл қасиеттер.  Абай айтқандай, халықтар арасындағы достық негізіне қайырымдылық пен адамсүйгіштік жатады. Ол өзгенің де, өз ұлтының да мәртебесін көтере білді. Ол – адамзаттың ұстазы, қамқор тәрбиешісі, - деді құттықтау сөзінде Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова.

Ақынның туған жеріндегі шаралар Абай кесенесі басында құран бағыштап, құрбандық шалудан бастау алды. Абай кесенесі мен мұражайы орналасқан Жидебайда жаңа туристік кешеннің ашылу салтанаты өтті. Туристік кешенде қонақ үй, асхана және Абайтану орталығы бар.

Қарауыл ауылында  жалғасқан мерейтой барысында Мамай Батыр ескерткіші ашылып, жорға сайысы, аламан бәйге, ақындар айтысы, қазақ күресі ұйымдастырылды. Бұл күні жауырыны жер иіскемеген Абай елінің айбары Айбек Нұғымаров қарсыласқан палуанды түгел жықты. «Абай тойының бас палуаны» атанған Айбекке ұйымдастырушылар темір тұлпар тізгіндетті. Топ жарыс пен аламан бәйгеде топ жарған жүйрік иелері де автокөлік иесі атанды.         

Бүгінгі айтыстың абызы Жүрсін Ерман жүргізген «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты ақындар айтысында Айнұр Тұрсынбаева,  Сара Тоқтамысова, Серікзат Дүйсенғазы, Айбек Қалиев сынды еліміздің танамал айтыскерлері сөз сынасты. Айтулы сөз додасының бас жүлдесін қарағандылық  Дидар Қамиев иеленді. Абай тойында бас жүлде иеленген Дидар ақынның сөз саптауы, орамды ойлары мен ұтымды жауаптары қарауылдық айтыссүйер қауымның есінде көпке дейін сақталып қалары анық.

Ұлт Ұстазының дүбірлі тойындағы барлық шара, өткізілген іс бір ғана Абай еліне емес, барша Қазақстан халқына керек. Ұлыны ұлықтау, ұрпаққа қалдырған ұлағатын ұмытпау – біздің парызымыз.

Абайдың әр сөзінде келешегі кемел ел үшін тағылым аларлық рухани күш пен қайрат беретін нәрлі қайнар бар. «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос», деген бір ғана сөзі еліміздің байтақ болашағы бірлігінде, халқымыздың татулығында екендігін айқындап тұр. Әр адам Абайдан өзіне өмірлік ұстаным, рухани қағида таба алады. Бұл тойды өткізудегі негізгі мақсат - той тойлау емес, ой ойлау, ұрпаққа ұлағат қалдыру, ұлы ақынның шығармаларын насихаттау, дала данышпанының мұрасын қадірлеуге үндеу.

Дархан БЕРДІБЕК

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Тамыз 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз