Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Н.Ә.Назарбаев: «Мен Елбасы болсам да, қазақ деген атасын ардақтап, анасын сыйлаған, аруағын қастерлеп, Алласына сыйынған елдің перзентімін» - дейді «Тарих толқынында» кітабына қатысты 1999 жылы М.Құлмұхамедке берген сұхбатында. Осы сөз кейінгі ұрпаққа қарапайымдылық пен ізеттіліктің не екенін үйретері сөзсіз. 170 жылдық мерейтойы аталып өткелі отырған ұлт данасы Абай тойы қарсаңында сол ортаның қастерлі тарихында қасиетті іздері қалған батыр бабамыздың құрметтелуі ұрпақтың мерейін өсірері хақ. Осыған орай, Мамай Жұмағұлұлына Қарауыл ауылынан ескерткіш ашылуына байланысты, жауынгер атамыз туралы Көкпекті ауданының арқалы ақыны Қалихан Алтынбаевтың дәйекті деректерді қолдана отырып жазған дастанын тарту етеміз.

Қайтқан бет

Домбырам, қайда менің қолғанатым,

Тағы да кезің келді толғанатын.

Табиғат сыйға берген тіл байлығын,

Аруақты ерлер үшін қолданатын.

Мен ұшқан сусыл қанат көгала үйрек,

«Бар ма – деп, төңіректе көл қонатын?»

Бабамыз бәріміздің ақын Абай

Әр сөзі сары ауруға ем болатын.

Қазақтың бір батырын баяндаймын.

Азырақ баяғыға аялдаймын.

Сөккендер «Ескішіл» деп сөге берсін,

Ұстанған өз жолымнан тая алмаймын.

Ауылдың академик қарттары бар,

Оларсыз құшағымды жая алмаймын.

Солардың сөздерінен нәр жинадым,

Енді мен қиғыр қылыш нояндаймын.

Баласы Мұсағали Санияздың,

Есімін ескі ақынның хатқа жаздым.

Бет алып соның салған сүрлеуімен

Тәптіштеп, әрмен қарай терең қаздым.

Тұраров жүзге жеткен Ақынжанның,

Серігі Тәуке сынды батырлардың,

Дастанның «Мамай батыр» деректерін,

Солардан жинастырып, ақыр қандым.

Ұлықбек жүр баласы Байырбектің,

 

Тарихын қылдай тізген ата тектің.

Хан, Шыңғыс, Мынау Орда, анау Архат

Сыры жоқ ол білмейтін төңіректің.

Соғыстың жалынына күйген кісі,

Ұлесіне не қиындық тиген кісі,

Алдынан талай шәкірт дәріс алған,

Қарт ұстаз, жас ұрпақтың сүймендісі.

Тоқыған кіл асылды зердесіне

Осы ауыл риза шығар жерлесіне

Нағыз шебер жасаған домбырадай,

Күй төгер тиіп кетсең пернесіне,

Осындай ақсақалдар аман жүрсе

Мен кепіл, есіл тарих өлмесіне,

Байыппен әңгімесін баяу қозғап,

Түсірер Мамай сынды ерді есіне.

Болған іс, деме мұны «мұңды ертегі»

Ер туса ол соңынан мыңды ертеді.

Айғырсыз жылқы үйірі қасқырға жем ,

Ерсіз ел төменшіктеп күнелтеді.

Ендеше ризамын бабаларға,

Мың мәрте борыштымыз тағы оларға.

Ел басын ауыр күнде біріктірген,

Еңбектері елеусіз жоғалар ма?

Елімнің інжу-маржан ескілері,

Ол неге мың жыл жатса ескіреді,

Жалғыз-ақ бала мінез, балау халық,

Қадырын асылдардың кеш біледі.

Көз салып өткен күнге құлақ түрсең,

Сиқыр үн, сазды әуендер естіледі,

Арманы бабалардың «қара мысық»

Ұрпағы бабалардың кекшіл еді.

«Шығар – деп, - тар қапастан кең жарыққа»

Мияулап ішті тырнап, тас тіледі.

Жер шіркін адамзаттың анасы ғой,

Жебеуші, жарылқаушы панасы ғой.

Болмайды жерсіз өмір, күрессіз жер,

Таусылмас тіршіліктің таласы ғой.

Тапталса бөтен жұрттың табанында

Жер жанымның жазылмас жарасы ғой.

Қазақтың Сыр бойынан шұбырғаны

Екі жүз сексен жылдың шамасы ғой.

Сол кезді қариялар сөз етеді,

Тексерсек анығына көз жетеді,

Біраз күн әз Тәкенің билігінде

Қатықтай ұйып тұрған мезет еді.

Дархан жұрт әнін салып, малын бағып,

Қызарып қымыз ішіп, күлім қағып.

Төгілсе су жорғадай жыраулары

Ел тыңдар құлағына майдай жағып.

Малтығып қыс қызылға, жазда аққа

Қарық боп жылқышылар қағанаққа.

Қойшылар қорықтығын тоя ішіп,

Өзімен өзі рахат бір аулақта.

Қыз аңдып бозбалалар әр ауылдан,

Баспалап саяқ ұры қарауылдан.

Келеге қамшы тастап би түсетін,

Мін тауып әділдігі қара қылдан.

Үретін тоқшылықтан ит те марғау,

Балалар ертек тыңдап ол керенау.

«Уайым тамақ болсын» деуші еді жұрт

Тек қана ауру, ажал – қорқатын жау.

Осындай берекені төгіп, шайқап,

Жоңғардың жойқын қолы өтті сойқап.

Торғайдай ел тозуға айналған соң,

Батырлар бас көтерді мұны байқап.

Жар салды Орта жүзге Сәмеке хан

Жар салды қасиетті Әнет бабаң,

Деді олар «қарсы тұрып, қайрат көрсет,

Кетпесін қойдай қылып тармақтаған».

«Ақ тал» мен «қара талда» жасақ құрып,

Садақ тартты, сақпаннан тас аттырып.

Қазақтар қарсы тұрды, қалмақ жеңді,

Қашырды қызыл қырғын қасап қылып.

Сүйену түкке аспады құр білекке,

Сыйыну жеткізбеді еш тілекке.

Айбалта, садақ, найза не істесін,

Көк мылтық, күрсілдеген зеңбрекке.

Жасағы Арғын Найман талқандалды,

Тұтқын боп қыз-келіншек арқандалды.

Өліктер Сыр бойында жатты жусап,

Шашылып найза, қылыш, қалқан қалды.

Айырылып бес баладан, бес Болаттан,

Қырқылған құс секілді қос қанаттан,

Тірідей Әнет бабаң дөң үстінде

Қайғырып, жер бауырлап жылап жатқан.

Көкенай қолбасшының біреуі еді,

Айбары, Тобықтының тіреуі еді.

Қалмақтың бес-алтауын жайратты да,

Оқ тиіп, аттан түсіп жүреледі.

Сол күнде бала Мамай он үш жасар,

Жаспын деп көрінбеді жаудан қашар.

Найзаға бір қалмақты түйреп шаншып,

Жасаған тұңғыш рет «жүрек басар».

Ұмтылды Көкенайға «Ағекелеп»,

Жағалап жүретұғын кейде еркелеп.

Білмейді есі шығып не істерін,

Қолтығынан бар болғаны тұрды демеп.

Өткен оқ сауыт тесіп бүйірінен,

Айырмақ есіл ерді үйірінен.

Қиналған жан шығарда сәтін көріп,

Мамайдың көзіне жас үйірілген.

Көкенай дейді сонда, «Мамай інім,

Дәм-тұзым бітті білем, көрер күнім.

Жат түгіл жақыныма қатыгез боп,

Жүктеп ем адал қанды, сол-ақ мінім».

-Босама мен өлді деп, белді буып,

Құлдай шап осы бетпен Сырдың суын.

Ағамыз Қанжығалы қарт Бөгенге,

Апарып табыс еткін жасақ туын.

Ала ту найзаға ілген қыл шашақты,

Бастаған шабуылға сан жасақты.

Соны алып, Бөкенкөкке қамшы басып,

Батысқа бала Мамай тұра шапты.

 

Кек қайтару

Секілді жер мен нөсер тайталасы,

Болады боранның да бір толасы.

«Ағын суға бір тоқтам» деген сөз бар,

Белгілі жер аласы, бұлт шоласы.

Барған жұрт Еділ, Жайық, Арал жаққа,

Қайтадан күні туса оралмақта.

Шұбырған қалың елдің сүрлеу жолы,

Ұқсайтын бұғы мүйіз сан тармаққа.

Торғайдай тозғындаған қайран халық,

Бұрынғыдай кетпесе де жайраң қағып,

Ес жиып, етек жауып бес жыл өтті,

Ауылдар шабылған жоқ ойрандалып.

Көк дауыл ішін тартып тына қалған,

Сардар боп Әбілхайыр тұра қалған.

Батырлар тұс-тұсына ат шаптырып,

Үш жүздің басын зорға құрап алған.

Қазақтың қосылған соң зорға басы,

Тауына ту тігілді «Ордабасы»,

Бекініп өзіңе өзің ер болмасаң,

Белгілі бөтеннің кеп қорғамасы.

Тегінде момын жұртты құрау қиын,

Ширатып босаң жіпті бұрау қиын.

Маңдайың жарты қарыс тусаң дағы,

Түп-түгел көпшілікке ұнау қиын.

Бас қосылса айналар момын, ерге,

Ерленген жұрт қаратар жауын жерге.

Елдігіңнің сәні жоқ ер болмаса,

Бұл ойды бөтен жаққа жори көрме.

Балқаштың күнгейінде «Хан» тауы бар,

Кеппеген жартасында қан табы бар.

Сол тауда қазақ жеңіп масаттанып,

Қан жұтып құба қалмақ тарқауы бар.

Жылында мың жеті жүз жиырма сегіз,

Көңілді тау, тозаңға кең өлкеміз.

Самғаған қалың қолға кетті толқып,

Арасы Алакөл мен Көкше теңіз.

Әскері екі жақтың жетпіс мыңдай,

Болмаған қызыл қырғын бұрын мұндай.

Қазақтар аруақтасып, ұрандасып,

Ойраттар шың, дабылын ұрды тынбай.

Күштілер іріктеліп екі жақтан,

Қалмақтан батыр Жәңгір шыға шапқан.

Үстінде ақ сауыты жалт-жұлт етіп,

Торкөздеп атына да кежім жапқан.

Астында құла дүлдүл, құла қасқа,

Шапшиды жолбарыстай тура басқа.

Мына ердің шоқпар түгіл жұдырықпен,

Бір қойғаны орнынан тұра алмаста.

Обадай ат белінде қарасыны,

Көрді жұрт шаншылған көз, қарасұрды.

Шақырып жекпе-жекке қазақ жағын

Әрі-бері ат ойнатып аласұрды.

Шошынды қалың көпір, қалың жиын,

Бетпе-бет ажал шіркін қандай қиын.

Бұл жерде жүрек керек, білек керек,

Елдегі кісілігің жалғыз тиын.

Найманның ақ иығы мұзды балақ,

Қабанбай, Оразымбет, Көкжал Барақ.

Арғынның Жанатай мен Олжабайы,

Бара алмай тәуекелге тұрды қарап.

Керейдің Шақантай мен Тұрсынбайы,

Түрі бар тайынбайтын келсе ыңғайы.

Уақта жүрек жұтқан Сары Баян,

Белгілі бар қазаққа оның жайы.

Қыпшақтан, Үйсін, Алшын, Қоңыраттан,

Тағы да батырлар бар толып жатқан.

Бәрі де мүйіз жүрек, құрыш білек,

Садақтың адырнасын аңыратқан.

Әйтседе әлденеден алып секем,

Ешқайсы буа алмай тұр белін бекем.

Үн қатты Әбілхайыр қалың қолға,

Баратын бұл қалмаққа кім бар екен.

Кейде адамның тағдырын сәт шешеді,

Жанып тұрған жарығың сәтте өшеді,

Өлмес даңқ, абырой алып, жалғыз сәтте

Ұрпақтардан ұрпаққа ат көшеді.

Мамайдың он сегізге толған кезі,

Қаблан боп күш иесі қонған кезі.

Сүйегі қорғасындай ауыр тартып,

Ет шымыр оқтау жұмыр болған кезі.

Бойы ұзын, көкшіл көзді, ақшыл сары,

Өзгеше жаратылған сырт сындары.

Жанары оқтай өткір, кірпігі ұзын

Астында жар қабақтың күшті ызғары.

Шыдайтын шөлге, жемге айшылыққа,

Төзімтал түйе сынды жайшылықта.

Ішінде жүз кісінің дүмді емендей,

Басқалар ұқсайды әлсіз, тал шыбыққа.

Ақырса ашуланып ақпандай-ақ

Алты күн алай дүлей соққандай-ақ

Ұшырып жолдағыны домалатып,

Бітейтін сай саланы тоқталмай-ақ.

Үстінде әншейінде құлын жарғақ,

Соғыста ақ сауытын киеді арнап.

Басында шошақ төбе дуылға бар,

Жыға тұрар маңдайы екі жармақ.

Бір кісіден бір кісі кем емес деп,

Бұл жолы аянуың жөн емес деп,

Тірідей дөң басында жылап қалған,

Көзіне Әнет баба өтті елестеп.

Емендей иілмейтін ер Көкенай,

Бүгіліп бара жатты-ау жерге қарай.

Қан толып екі көзге, соларды ойлап,

Ұмытты өзін өзі сонда Мамай.

Ұрандап қамшы басты Бөкенкөкке,

Сұранып шықты Мамай жекпе-жекке.

Ақ қаны ана жылғы құрбандардың,

Кете ме,құдайым-ау, тектен текке.

Жәңгір де тұлпарына қамшы басты,

Бетпе-бет, қоян-қолтық қарсыласты.

Бес қару ер қаруын түгел жұмсап,

Екеуі сүт пісірім күш сынасты.

Майырылып көк сауытқа айбалтасы,

Опырылып, түсті сынып шоқпар басы.

Ат үсті ағып өтіп қайта төніп,

Айқасты екеуінің ақ найзасы.

Найзасын екеуі де төске тіреп

Көк найза сөге алмай тұр сауытты іреп.

Алқынды екеуі де тірі пенде

Шұбырып пұшпағына тер сіркіреп.

Не өлу, не жеңу ғой ұрыс деген,

Іс бітпес, сірә бұлай тұрыспенен.

Қимылдап Мамай бұрын ер Қалмақтың

Найзасын қия шапты қылышпенен.

Найзаның ырғай сабы қиылды енді,

Ер Мамай ес жиғызбай түйілді енді

Қылышпен көк желкеден қалды тартып,

Қосылмас батыр қалмақ үйірге енді.

Інісі батыр Зеңгі бір туысқан,

Шауып кеп салды найза өкпе тұстан.

Бұл неткен кезек күтпес көргенсіз деп,

Мамайды жаман қатты ашу қысқан.

Несі екен жабылғаны зәу-затымен?!

Мұндайды шаңға талай аунатып ем

Деді де, бұрыла сап ұрды найза,

Жығылды қоса қабат ат-матымен.

Қолынан екеуі де тапты жазым,

Әзел де тағдыр солай бар ма лажың

Дүр етіп көтерілді қазақ жағы

Асқанға тосу жасау еді ләзім.

Арғындар: Қарақожа, Қарақабаттап

Наймандар «Қаптағайлап», кетті қаптап.

Ұласқан айғай-шудан құлақ тұнып,

Көмілді Балқаш сырты тозаңға аппақ.

Ұлы жүз «Ақсақалдап», «Бәйдібектеп»,

Жауатын бұлттай төнді, төңіректеп.

Найзасының ұшы алтын Алшын, Жаппас,

Басқадан бұрын кірді баса көктеп

Дауысқа жер сілкінді ұрандаған

Адамзат бойы қызып тұра алмаған.

Бірігіп бас қосқан соң бүркіт болды

Тырна жұрт бет-бетімен тыраулаған.

Атылды қазақ бүгін жолбарыстай,

Ақсиып азу тісі бес қарыстай.

Ері өліп, ебі қашқан құба қалмақ,

Қу қоға, жапырылды қу қамыстай.

Ер Мамай елден ерек алабұртты,

Тағы да жетеуінің көзін құртты.

Өзі де өлердей боп қайтты қосқа,

Сауытын саржа тесіп, найза жыртты.

Сардары тамам қолдың Әбілхайыр,

Басында зер шеккізген қалпағы айыр.

Мамайға алмас қылыш сыйға тартқан,

Болды деп жекпе-жектің арты қайыр.

Екі жақ бір біріне жаушы жұмсап

Жинасты өліктерін жатқан жусап.

Ішінде бірен-саран жаралылар

Қинала ыңырсиды шөлден сусап.

Бірі іні, бірі жоқтап ағаларын

Қайғыдан дал-дал қылды жағаларын.

Әкетті ажал шіркін қыршындарды

Келтірмей бой жазуға шамаларын.

Жоқтасып құда-жекжат туыстарын

Толтырды көз жасына уыстарын.

Таянып қос бүйірін еңкілдесті

Іргеге сүйеп найза, қылыштарын.

Бұл соғыс кімді, сірә зарлатпады,

Шулады өз тілінше қалмақ тағы.

Көлеңке түп қойнына толып кеткен

Секілді өлгендердің аруақтары.

Үш күнде өліктерді бітті жерлеп

Бұл жолы белең алған қазақ сергек.

Тып қойып түн ішінде қалмақ қолы,

Қашыпты Қытай жаққа Ілені өрлеп.

Сол бетпен тозғындады туталақай

Бөлініп бір шеті Алтай, Тарбағатай.

Екі жұрт аңыраған «Ханның тауы»

Атанды содан кейін «Аңырақай»...

 

Өркен

Ескіні көксеу маған мақсат емес,

Безіну бүгінгіден жақсы ат емес.

Батырға халқы білген жыр арнадым,

Қазақта бұрын соңды жоқ салт емес.

Жаздым мен, жаманынан жиренсін деп,

Жақсысын үлгі тұтып үйренсін деп.

Кім айтар ескі күннің шежіресін,

Бүгінгі шалдарымен бірге өлсін деп.

Ешкімнің дәті бармас олай деуге,

Хақым жоқ біле тұра, үндемеуге,

Айтарым жас ұрпаққа айтып өтсін,

Кіргенше жер қойнына сыршыл кеуде.

«Ұялы», «Жайылма» мен «Белағашта»,

Ақтармен арпалысқан бір айқаста

Мамайдың жеті ұрпағы қаза тапқан,

Бермесін ондай тағдыр енді басқа.

Кешегі Ұлы Отанның соғысында,

Белдескен екі дүние тоғысында.

Тағы да Мамай ұрқы көзге түскен,

Сүйсініп қазағың да, орысың да.

Оқ жауып автоматтан бұрқақтады,

Қайтпады батыр баба ұрпақтары.

Закария, Баян қыз бен Серікқазы,

Берлиннің көшелерін бір таптады.

Тармақты үйеңкі ағаш секілденген,

Мамайдың ұрпағы мол өсіп-өнген.

Кешегі қырық бірінші ауыр жылда,

Отанға үш жүз елу солдат берген.

Қазіргісі екі жүз елу түтін,

Ақтап жүр, Отан-Ана емшек сүтін.

Жерде, көкте, теңізде өнер қуып,

Берілген әр салаға басы бүтін.

Тағы мол жазушы, ақын, маман, ғалым,

Жүз дәрігер, кем қойғанда жүз мұғалім,

Бекенбай Әбжановты кім білмейді,

Кеңестер Одағына аты мәлім.

Далада шопандардың атасындай,

Басқалау ол баулыған ботасындай.

«Қаракөл» кеңшарында мүсіні тұр,

Бөлінген Шыңғыстаудың жотасындай.

Тағы да айтсам Болат Бағдатовты,

Жарқырап жұлдыз тағып батыр шықты.

Мамайда даңқты ұлдардың көптігінен

Кешіктім кезек тимей бұған тіпті.

Орда Ахмет күміс қазық, алтын ірге,

Тамырын терең жайған кеніш жүлге,

Қуалар дарын, өнер сол жүлгені.

Замана өзгерсе де неше түрге.

Хан, Шыңғыс баяғыдан құтты мекен,

Бүгінгі түр келбеті тіпті бөтен.

Тыңдаушым, бәлкім менен сұрарсыңдар,

«Жер дауы, жесір дауы» бітті ме екен?

Ол күндер әлдеқашан болған ұмыт,

Арылған көңілден кір, көгінен бұлт.

Тиген соң төңкерістің шапағаты,

Бәрінің жүрегінің табылған кілт.

Мұражай тапсырылған сойыл-шоқпар,

Кезіксе бірен-саран содыр-сотқар.

Не жастық, не мастықтың буы теңіз

Ес кіріп ертеңінде өзі тоқтар.

Жағалай қарға тамыр, құда, күйеу,

Бәрінде ізгі мақсат, игі тілеу.

Үдірейіп қарайды әлгі адамға,

«Матаймын», «Тобықтымын» десе біреу.

Матай түгіл басқа ұлттың адамдары,

Бауырыңша қарайды саған бәрі.

Тілейтіні тек қана бейбітшілік,

Одан басқа тұрмыста жоқ арманы.

Жалғыз-ақ қариялар қынжылады,

Әттең, деп сақал, мұрттың ағарғаны!

Ақ шашты көпті көрген кәрі Шыңғыс,

Осымен ертегісін тәмамдады.

Қ.Алтынбаев

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Тамыз 2015 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
3 4 5 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз