Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай «Жастардың Елбасымен 100 нақты қадамы» атты дәстүрлі V аудандық жастар форумы болып өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «25 жұлдызды күн» аясында өткен шарада аудан әкімі Рамиль Сағандыков жастармен кездесіп, келелі кеңес құрды. Сонымен бірге, аталмыш шараға ардагерлер кеңесінің төрағасы Сләмбек Мұқашев қатысып, ішкі саясат бөлімінің басшысы Бек Нұғыбаев модераторлық етті. Әр саланың үздіктері бас қосқан кездесу барысында жас-тар тарапынан ұтымды ұсыныстар айтылып, жеткен жетістіктер сараланды, еңбегімен үлес қосқандар құрметке бөленді.

 

Форумға ауданның барлық округтерінен 150-ден астам адам, соның ішінде жас кәсіпкерлер, өндірістің түрлі саласының еңбеккерлері, ұстаздар, дәрігерлер, танымал спортшылар мен жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.
- Тұңғыш Президент күнінің аталып өтуі - бұл біздің елдегі бірліктің, ынтымақтың басты негізі. Қазақстанның әлемде өзіндік орны бар ел болып орнығуына, қарқынды дамуына еліміздің сыртқы және ішкі саясатындағы жетістіктеріне Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сіңірген еңбегі зор. Мемлекеттің сыртқы саяси бағытын дәл айқындап, шетелдермен достық қарым-қатынас орната білді. Елбасының жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз ешбір саяси және әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға ұшыраған жоқ. Дербес дамудың өтпелі кезеңіндегі сынақтарды сәтті еңсерді. Дағдарыстар кезінде де тоқтап қалмады. Алға қарай ілгерілеу мен өркендеу жолына шықты, - деді Рамиль Нығметжанұлы жастарға арнаған құттықтау сөзінде.
Білімі терең, білігі мол, бірлігі бекем елжанды жастар - елдің ертеңгі қуаты. Көкпекті ауданы бойынша 6 мыңнан астам жас бар. Олардың басын бір арнаға біріктіріп, жүйелі жұмыс істеп келе жатқан аудандық жастар орталығы. Биылғы жылы атқарылған істер мен алдағы жоспарлар Жастар орталығының директоры Азат Рахымбаевтың баяндамасында көрініс тапты.
Аудан жастары көкейде жүрген ұсыныстарын кездесу барысында ортаға салып, алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстардың куәсі болды. Рамиль Нығметжанұлы Көкпекті жастары тынбай енбектенсе аудан әкімі ретінде қашанда қолдайтындығын жеткізді. Өз ісін бастап, кәсібін дөңгелетіп отырған іскер жастар замандастарымен тәжірибе бөлісіп, мақсатқа жету жолында табандылық танытуға шақырды. Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ісін өрге домалатқан жерлесіміз Жанна Жабекова өндіріп отырған өнімдерімен де таныстырды. Қазақстан бойынша жарнамаланып, бүгінгі күні сұранысқа ие болып отырған қолөнер туындылары расымен де көздің жауын алады. Жастардың жігерін жалынды сөзімен жаныған Жаннаның алар асулары әлі алда екеніне еш күмән жоқ.
Сондай-ақ, кездесу барысында сөз алған жас-тар әр салада атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, жетістіктерді мақтанышпен айтты. Дербес микрофон бөлімінде көкейде жүрген өзекті мәселелер ортаға салынып, аудан басшысы тарапынан жүйелі жауап алды. Бүгінгі күні өзектілігі артып тұрған мәселелерді ортаға салған, ортақ ұсыныстар айтқан әрбір жастың көзінде ауданның болашағына деген алаңдаушылық, туған еліне деген сүйіспеншілік отын байқау қиын емес. Аудан орталығынан жастар қалашығын салу жоспары туралы ұсыныс көпшіліктің қолдауына бірден ие болды. Осындай игілікті істердің басында белсенді жастардың жүруі жетістік кепілі болары сөзсіз.
Мемлекеттік жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар жастар аудан әкімінің алғыс хатымен және арнайы дайындалған мерейтойлық кәдесыймен марапатталды. Ауданның білім, мәдениет, кәсіпкерлік, спорт, ауылшаруашылық және жастар саясаты салаларына үлес қосқан білікті де жігерлі жастар сый-құрметке бөленді. Бұл марапатқа жас кәсіпкер Жанна Жабекова, халықаралық ән фестивалінің жеңімпазы Саяхат Тұрлыбеков, дарынды ақын Айдын Тоқсанов, «Көкпекті жастары» жастардың патриоттық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарбол Алпысбаев, жас балуан Амангелді Ғизатоллаев, тарих пәнінің мұғалімі Айгүл Еркінқызы, шаруа қожалық басшысы Кенжетай Сарымсақов лайық деп танылды.
Фархат Озанов, форумға қатысушы жас ұстаз:
- Елбасы жастардың болашағына үлкен сеніммен қарайды, бізге қашанда сенім артады. Елбасының сенімін ақтау үшін білімді азамат, білікті маман болуға міндеттіміз. Жастар форумы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Желісі үзілмеген игі шара биыл да жалғасын тапты. Осы шара арқылы жастарға қатысты түйінді мәселелермен танысуға болады. Ауданымызда жастар саясатына байланысты атқарылып жатқан шаралар талқы таразысына салынып, жастардың жұмысқа орналасуы, өмірден өз орнын табуы секілді мәселелер қозғалады. Жалпы, форумның жастарға берері көп.
«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қай-ратты, қырандай күшті қанаты, мен жастарға сенемін!». Мағжан атамыз айтқан бұл сөз қанша заман ауысса да мәні мен маңызын еш жоймақ емес. Әр дәуірде жастарға сенім артып, солардың жолына үлкен үмітпен қараған. Келешекті кемел, болашақты баянды етеді деп жауапкершілік артқан. Аға ұрпақтың жастарға бар қамқорлығын аямай, қажетті білімін жинап, біліктілігін арттыруда жолбасшы болуының сыры да осында. Бүгін де Тәуелсіз Қазақстанды өркениеттің көшінен қалдырмайтын, ұлтты ұшпаққа шығарар жастарға даңғыл жол салынып жатыр.

Дархан БЕРДІБЕК

 

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Желтоқсан 2016 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз