Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Алтынбаев Қалихан Қалиасқарұлы (1927–2002) жж. - аудан тұрғындарының құлағы мен көзі, рухани азығы, өңір өмірінің айнасы болып табылатын «Жұлдыз» газетінде ұзақ жылдар редактордың орынбасары болып жемісті еңбек еткен көкпектілік ақын. Редакцияның шығармашылық шеберханасынан қаншама шәкірт тәрбиелеп, журналистердің қанатын қатайтып, қаламдарын ұштап шығарғаны да баршаға белгілі.
Биыл ерекше тұлға, журналист, әдебиет зерттеушісі, шежіреші, тарихшы, өмірінде 18 рет облыстық, республикалық ақындар айтыстарында жеңіске жетіп, жүлдегер атанған суырып салма ақынның туылғанына 90 жыл толады. Осыған орай, аудан көлемінде бірқатар ауқымды шаралар жоспарлануда.


Шығармашылығын аудандық басылыммен байланыстырған Қ.Алтынбаевтың жер-су атау-ларына, шежіреге, өнер-білімге, туған өлкеге, замандас тұлғасына, еңбек адамдары мен аудан жетістіктеріне арналған мақалалары мен өлеңдері газеттің мазмұнын арттырып, шырайын енгізетін еді. Оның жазған мақалалары тарихи деректілігімен құнды болатын.
Дарынды ақын, өлең сөздің ақтаңгері Қалихан Қалиасқарұлы Алтынбаев бүкіл саналы өмірін «Жұлдыз» газеті редакциясындағы сүйікті ісі - шығармашылық қызметке арнаған. Осы орайда, оның жерлесі, белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың өз жанынан шығарылған мақал-мәтелдері ойға оралып отыр. Солардың ішіндегі «Басқаның алдында бір кітап жатса, журналистің жанында екі кітап жатады. Оның біреуі – жазылған кітап, екіншісі - өмір» деген игі лебіз мерзімді баспасөзде талай жыл көз майын тауысып істеген Қалихан ақынға арналғандай. Оның сиясы кеппестен терілімге жіберілетін мақаласы, өлеңдері, публицистикасы, зерттеу жазбалары аудандық, облыстық газеттердің қалың оқырманына кеңінен мәлім. Ақын туралы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, көп жылдар аудандық газетте қолтаңбасын қалдырған, шығармашылық шеберлігінің арқасында редакторлықтың тізгінін ұстаған ақын, марқұм Нәкен Серікбаевтың «Әр жылдағы ойлар» очеркінде: «Қалекең өзі таңдап алып жазатын тақырыбына өте қағылез, сергек. Оған қызық факті, деректерді тергіштеп, көңілінің түкпіш кенішінен нәрін құйып, шымыр туындыны оқырманына ұсынады... Көркем әдебиет, өлең, әңгіме жазу оңай емес, оған дарын, қабілет керек. Ал оларға қоса ізденушілік, еңбекшілдік қалам ұстаушыға қажет нәрсе. Сонау «Балдырған» журналында, аудандық газетте істеп жүргенде Қалекең қолынан өткен талай жас таланттың балауса жырлары оқырманның рухани қазынасына айналды», - дейді. Қалихан ақын баспасөзде А.Ахметов, Н.Айтов, Т.Әбдікәкімов сынды жазба ақындарға сәт сапар беріп, тұсауын кесті. Ал оның баулыған айтыскер шәкірттерінің әрқайсысы туралы жеке әңгіме етуге болады. Иә, айтыс ақыны ретінде кең танылған жүйріктердің бірі, аудандық газеттің жұлдызын жарқыратып, мыңдаған адамның сырласына айналдырған қайран ақын атамыздың айтқанынан айтпағы, жазғанынан жазары көп еді...

Бақыт МҮЛІКОВА

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Маусым 2017 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз