Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Есімі «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырында аталатын, Қалба тауының күнгейін тұтас қоныстанған, шығысын ежелгі Ертіс пен Зайсан көлі көмкерген Көкпекті – облыстағы іргелі ауданның бірі екені белгілі. Ол тоғыз жолдың торабында орналасқан. Көкпектіде  «Шығыс сақина» тас жолы салынған кезде, шаруашылығындағы ангор ешкісінің даңғы шыққан жылдары белгілі жазушылар  Мұхтар Әуезов, Леонад Соболевтер іссапармен келіп, құнарлы мақалаларға арқау болған мекен. Сондай-ақ белгілі ғалым  Әлкей Марғұланның «Ежелгі жыр, аңыздар» атты кітабында Көкпекті туралы айтылады.

 

Көкпектінің іргетасы қаланғаннан бастап, оқу-ағарту саласында өзіндік тарихы қалыптасқаны мәлім. Қазақ-татар медресесінен бастау алған үрдіс, білім беру бағыты үзіліп көрген емес. Кеңестік дәуірдегі сауатсыздықты жою жылдарында ағарту ісі кең қанат жайды.
Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру барысында үздік шыққан көкпектілік ұстаздар аз емес. Мысалы, 1925 жылы мұғалімдердің Бүкілодақтық бірінші слетіне қатысушы Шерияздан Бабайұлы Фахрутдинов, 1938 жылы аудан мұғалімдері ішінен тұңғыш рет Бүкілодақтық ақсақал Михаил Иванович Калининнің өз қолынан Ленин орденін алған Махамбетов және тағы басқалардың есімі ауданның оқу-ағарту саласы бойынша ұмытылмақ емес. Сонымен қатар Тұрлыхан Хасенов 1930 жылдары осы Көкпекті аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді, әрі аудандық газетке редактор ретінде қол қойғаны да анық. Өткен күндерден сәл-пәл деректерді айтып отыруымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені, жоғарыдағыдай аға толқын салған даңғыл жолмен кейінгі ағарту ісінің легі де өрлеу баспалдақтармен өркен жайды.
Сол топтың ішінде еңбегімен еліне елеулі болған Заманғазы Қасымов. Ол өзінің бүкіл саналы өмірін оқу-ағарту саласына арнады. Жалпы, әр мамандықтың өзіндік қасиет сыры бар десек те,ұстаздық әлемінің көкжиегі тіпті шексіз. Өйткені, ол болашақтың иесі жас ұрпақтың ой-санасына білім жұлдызын жағады. Бұл жұлдыз аспандағы жұлдыздан биік әрі жарқын өмірге бағыт беретін темірқазық тәрізді.
Алдымен адалдығы мен азаматтығы шын мәніндегі адамгершілігі қандай кезеңде де ұстаздарға ұйтқы, ұйымдастырушысы бола білгендігі небір қиындықтарға қайсарлықпен төтеп берген рух иесі екені еске түсетіні шындық. Заманғазы Қасымұлын кезінде журналис-тер әңгімеге тартқанында:
- Мен Шар өңіріндегі Қызылжетек ауылында туғанмын. Осындағы орталау мектепті тәмәмдаған соң Георгиевкадағы Абай атындағы мектепте оқуым одан әрі жалғасты. 1949 жылы осы оқу орнын күміс медальмен бітірдім. Алтынға ұсынып еді, орыс тілінен төртке түсіп қалдың деді. Содан соң «Алдыма толған мақсат, толған таңдау, Алайын мынасын ба, анасын ба?» деп Сұлтанмахмұт ақын айтқандай, көптеген армандас достармен бірге жоғарғы оқу орнына түсуге аттандым. Алатау бауырындағы әсем қала Алматыдағы оқу орнында оқу ғанибет. Емтиханнан сүрінбей өтіп, студент болдым. Көңіл қуанышымда шек жоқ.Ауылдан ынталанып келген кез ғой ол. Ғалымдардан тыңдаған лекцияны қалт жібермей еркекше ынталанып оқыдық. «Думаны мол студенттік кездер-ай!» деп әнге қосылған тамаша дәурен де өте шықты.
Сөйтіп,1954 жылы Алматы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірдім. Ол кезде жоғарғы оқу орнын бітіргендерге жолдама беріледі. Аталған жерге барасың, жұмыс дайын, сонымен қатар барғанға дейінгі көтерме жалақыны мемлекет төлейтін. Маған жолдама Көкпекті ауданына берілді. Аудандық оқу бөліміне инспектор болып орналасып, еңбек жолым басталды,- деп ұзап кеткен, қайта айналып келмес жылдардан сыр шерткені бар.
Көкпекті өңіріндегі 1920 жылдан құрылған қазақ-татар медресесі 4 кластық бастауыш мектепке айналдырылғаны мәлім. Осындай ұзақ тарихы бар оқу орыны – қазіргі Ж.Шәйжүнісов атындағы қазақ орта мектебі. Бұдан талай таланттар білім алып елге танылғаны мәлім. Міне, осы білім ордасына 1962 жылы Заманғазы Қасымұлы оқу ісінің меңгерушісі болып келді.
Жоғарыда айтқанымыздай, аудандық оқу бөлімінде қызмет істегенде жұмыс бабымен бүкіл мектептердің тыныс-тіршілігін байқай білген Заманғазы Қасымұлы бұл мектептегі жұмыстың жаңа сипат алуына өзіндік үлес қосты. Тағы бір жағдай, аудан орталығындағы мектеп басқаларға үлгі көрсетуі тиіс. Ондай болмаған жағдайда көрген көздердің ауылдық мектептерге сырттай төмен баға беруі мүмкін ғой.
Екінші бір айта кететін мәселе, бұл мектептегі мұғалімдердің көбі – әйелдер. Олар осы ауданға ауысып келіп отыратын басшылардың жұбайлары. Пенде болған соң кімде кеуде болмайды дейсіз? «Тауда туған құлынның екі көзі биіктегі таста болады» дегендей, Заманғазы Қасымұлы өзгеге де, өзіне де талап қойғыштығынан танған емес. Бұл оған жастай қалыптасқан мінез, құдай берген, көкейіне қалыптастырған тәртіп тағылымы.
«Жас келсе - іске» дегендей,Заманғазы Қасымұлы мектептің оқу-тәрбие жұмысын жаңа белеске көтерді. «Жақсының жақсылығын айт - нұры тасысын» деп халық тегін айтпаған ғой. Ол мектептің ішкі-тысқы жұмысын оңынан келтіріп, асығын алшы түсірді. Ата-аналармен де тығыз байланыс жасап, тиянақтылығын танытып, тәрбие нәтижесіне ие болды. Мұнда алты жыл оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі болып істеген Заманғазы Қасымұлы аудандық оқу бөлімінің меңгерушілігіне ауыстырылды.
Бұрын бір мектептің жұмыс көлемі болса, енді ол аудан ауқымына кеңейді. Оның соншама зор жауапкершілігін шын мәнінде түсінген Заманғазы Қасымұлы өзінің қалыптасқан дағдысы бойынша ізденіс жолынан танған жоқ.
«Оқытушыны бағалағанда олардың іске қатысы жоқ сөздеріне қарап емес, олардың егістерінің бетіне шыққан жемістеріне, яғни оқушыларына қарай бағалау керек» деп әйгілі педагог Ыбырай Алтынсарин айтқан ғой. Осындай ой-тұжырымдарды тікелей басшылыққа алған Заманғазы Қасымұлы үнемі тиянақты жетістіктерге ие болды. Әңгіменің бір кезегінде ол:
Мен оқу бөлімінің меңгерушісі болған алғашқы жылдары ауданда 38 бас-тауыш, 19 сегіз кластық, 13 орта мектеп болды. 9000- ға жуық шәкірт білім алды. Жылдар өткен сайын мектептің материалдық- техникалық базасы нығайды. Үлгілімалшы, Тассай, Көкжайық, Шұғылбай, Теректі, Биғаш, Қарағандыкөл, Көкпекті ауылдарында жаңа үлгі-жобадағы мектеп ғимараттары салынды. Жыл сайын ұстаздар қатары жастармен толықты. Сондай-ақ мұғалімдердің біліктілігіне қарай санат дәрежесі де өсті. Оқу - ағарту саласының үздіктерінің бірнешеуін әр мектептен ұшыратуға болады. Тіпті, ол ол ма 1968 жылы балалар үйі директорларының республикалық семинары Көкпекті ауданында өтті. Оған Қазақ ССР оқу-ағарту министрлігінен, облыстық оқу бөлімінен өкілдер қатысып, тәжірибе алмасты. Келесі жылы осы балалар үйінің директоры Жақия Шәйжүнісов, оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі Галина Федоровна Винтовкина, тәрбиеші Сұлтанбек Өрісбаев облыс көлемінде алғаш рет Бүкілодақтық Ауылшаруашылығы жетістіктері көрмесінің екінші дәрежелі қола медалімен марапатталды. Сондай-ақ көрмеге барған он тәрбиеленуші бала да көрме медалін алып, сый-сияпат көрді,- дейді өткен күндерді еске түсіріп.
Оқу-ағарту саласында облыс көлемінде жақсы көрсеткішке ие болған көкпектіліктер ізденіс жолынан тайған жоқ. Осындай оңды нәтиженің арқасында 1966 жылы Заманғазы Қасымұлына Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі атағы берілді. Бұдан кейінгі жылдары Лениннің туғанына 100 жыл толу мерекелік медалімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Облыс көлемінде 1973-83 жылдары көкпектілік ұстаздар жетістігі өте жоғары болды. Жарыс жеңімпазы атанды. Заманғазы Қасымұлы Қазақстан мұғалімдерінің төртінші және алтыншы съезіне делегат болып қатысты. 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Сол бір жылдары Көкпекті ауданының мектептерінде 15 мұражай,11 мергендер бөлмесі, 13 спорт залы, 19 шеберхана жұмыс істеді. Пионерлер үйінің жас техник шеберлерінің жасаған модельдері Одақ көлемінде екінші орын алды. Аудан көлемінде осындай игілікті істердің атқарылуы нәтижесінде Заманғазы Қасымұлы 1983 жылы СССР Халық ағарту ісінің үздігі атағын алды. Сондай-ақ оқу-ағарту министрлігінің, облыстық атқару комитетінің Мақтау грамоталарымен де марапатталды.
Дербес зейнеткер Заманғазы Қасымұлы жұбайы Айтжан Мәсәлімқызы екеуі өнегелі отбасының тұтқасы. Айтжан Кәрменова - ұлағатты ұстаз. Білім беру саласындағы қос ардагердің балалары Серік, Асқар, Бауыржан, Айгүл, Нұргүл.
«Ұстаз тарапынан барынша ынталылық, табандылық қажет» деген ұлағатты ойды айтты әйгілі ғалым Әл-Фараби. Осындағы тұжырымды үнемі басшылыққа алған, ынталылық пен табандылық танытқан Заманғазы Қасымұлы – зор беделдің иесі.
Алтын бесік ел ішінде есімі елді елең еткізер ардақты әке, ұстаздардың ұстазы Заманғазы Қасымовтың ғұмыры 79 жасында үзіліпті. Бірақ ол кісінің асыл бейнесі жақсы білетіндердің көз алдынан әсте кетуі мүмкін емес. Себебі,ол кісінің жаратылысы бөлек еді ғой. «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер» деп данышпан Абай айтпақшы, бір отбасының ғана емес, бүкіл мұғалімдер қауымына тұлға болған, сол алдыңғы толқынның бірі емес бірегейі, кескін келбетіне қарай білім-білігі де ерен-көшбасшы болып өнеге көрсеткені қамқоршы болып қатарына біздерді алып жүрген азамат Заманғазы Қасымұлы еді.
Осындай жемісті еңбек жолы бар педагог З.Қасымовтың тәрбиелеген кадрлары мектеп директорлары З.Бұлабаев, Қ.Мұқашев, Алпысов, және тағы басқалар, кейінгі толқындар Өкеш Тоқтабаянов, Марат Сатыбалдин, Сансызбай Қалиев, Тұрарбек Байдәулетов, Әділбек Қауысов, Ғалымбек Сұлтанов, Жұмабай Ерботин, Балшекер Тоқбаевалар басқарған ұжымы үлгілі істің иелері. Таудың аласармауын, бұлақтың сарқылмауын мұрат тұтқан ата-бабаларымыз өзінен кейінгі ұрпақтың да ел-ұйтқысы боларлықтай азаматтар болуын ешқашан қаперінен шығармаған З.Қасымұлы ат тұяғы жетер жердегі сәулесі, көзінде оты бар жастарды шала, қия биіктен танып, тәрбиелеп, баулып баққан. Ұстаздың адамгершілік еліндегі еккен бақшасы мәуелі. Оның айғағы өзінен тәлім алған жас әріптестері әр жылдары оқытқан шәкірттерінің еліне қосып жатқан елеулі еңбектері.
Заманғазы Қасымұлын ұстаздар, Көкпекті халқы оның адами қасиеттерін сүйіспеншілікпен, оған деген риза көңілдерімен еске алысады. Ешбір адамның көңіліне реніш ұялатпайтын. Ашуы сәл қатты болғанмен, райынан қайтуы тез еді. Бір ғажабы ол кісі қанша ұрысса да, ешкім көңілге кек ала қоймайтын. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмас» дегендей тегі, кегі жоқ болуы керек. Өйткені, өзі жұмыс атқарған уақытта да ол кісі бір адамды жауға да, дауға да берген емес. Өз қағидасында «еңкейгенге еңкей, ол әкенің құлы емес, шалқайғанға шалқай, ол Пайғамбардың ұлы емес» деген қағиданы берік ұстанған азамат еді. Бойындағы жылылығын, басқадан артық ұлылығын ұстаздар бойына білдірмей екті. З.Қасымұлының ақыл-кеңесі әңгімесінен кейін қалай қанаттанып қалғаныңды өзіңде сезбей қаласың. «Болмасаңда ұқсап бақ» деп Абай атамыз айтпақшы, З.Қасымұлынан алған тәрбиені біздің буын ерекше қадірлейді десем, артық болмас. Замаш аға бақытын ұстаздықтан тапқан тұлға.
Бір ғұлама: «Өз шәкірттерін еңбектен қуаныш табуға үйрете білген ұстаздың мерейі үстем» деген екен. З.Қасымұлы құрғақ сөздің адамы емес, шұғыл істің азаматы екенін әркез дәлелдеп, ел құрметіне бөленген ерекше жан. Ұстаздарды баптап өсірген бағбан, өмірде өзіне тиесілі жүлдесін талассыз тартып алған жеңіскер. Өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу ірі адамның ғана қолынан келмек» деген Мағжан Жұмабаевтың сөзі осы ардақты жанның өміріне арналып айтылғандай.
Адамның бақыты деген жаны сүйетін кәсіппен айналысып, ұрпақ өсіріп, сый-құрметке бөлену болса, ол кісі де осылай өмір белестерін өткізді. Өмірінің бастау бұлағын білім нәрімен сусындатушы тұлға, өмірде ұстаздығына қоса сүйікті жар, ардақты әке, асыл ата бола білген З.Қасымұлының өмірі мәнді де, мағыналы.
Заманның абызы, саналы ғұмырының бәрін де ұрпақ тәрбиесіне арнаған ел ардағы Заманғазы Қасымұлы Толағай көтере алмас асқаралы істерді жүзеге асырып, бұл жетістігіне масайрап, еш міндетсінбеген, мұнысына сай дәмете, әлдекімнен ақы күтпеген адамдар осынау асыл қасиетімен де көптен ерек. Мұндай кісілер осы қайталанбас таңғажайып жаратылысымен де халқының жүрегінде сақталады. Осы сөздің дәлеліндей «дария кеуде, тау мүсін» Заманғазы Қасымұлының да адал еңбегі ескеріліп, өзі табан аудармастан 45 жыл, оның 25 жылын оқу-ағарту бөлімінің басшысы қызметіне арнаған Көкпекті ауданының бір мектебіне Заманғазы Қасымұлының аты берілсе, нұр үстіне нұр.
Заманғали Қасымұлының білім ордасының тарихынан орын алары сөзсіз. Артында өшпейтін із қалдырған құрметті, жаны жайсаң, халықтың адал ұлы - бейнеңіз жадымызда мәңгі қалады.


Венера Сейсембаева,
Қазақстан Республикасы
оқу ісінің үздігі

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2023 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
3 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз