Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Тектілер мекені Тассай өңірінде кәсібін несібесіне негіз еткен еңбекқор жандар аз емес. Солардың бірі көкөніс өсіруді әулетінің дәулетіне айналдырған қарапайым ауыл тұрғыны Біржан Түсіпбеков. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев 8 қыркүйек күні Тассай ауылдық округіне жұмыс сапары барысында еңбекқор жанның үйіне арнайы атбасын бұрып, ел сүйсінген азаматтың бақшасындағы көкөністерді көріп қайтты.
Әсілінде, еңбек еткен адамға алынбайтын асу жоқ екенін білсек те нақты іске келгенде қорқа-соқтап қалатынымыз жасырын емес. Кейбіреулер қолға алған істен түк шықпайтынын айтып кері шегіне берсе, енді біреулері қара аспанды қапылтып, оңай жұмыс іздеуге кірісіп кетеді. Ал, бала күнінен шаруаның ыңғайын білген Біржан болса бірден тәуекелге бел буып, үй жанындағы шағын ғана аумаққа көкөніс өсіруді қолға алған. Осылайша өзінің бақшасына және әкімшілік ұсынған 1 гектар жерге картоп, бақшасына қияр мен қызанақ егіп тастаған.


- Осыдан 3 жыл бұрын Павлодар қаласынан картоптың «гала» атты мықты тұқымын әкелдім. Басында жақсы өнім берді. Келесі жылы тұқым ауыстыру қажет. Ең бастысы мен көкөніс өсіруде ешқандай химиялық қоспалар қолданбаймын. Барлығы табиғи тыңайтқыштар. Картоп егілген бұл аумақ бұрын күл-қоқыс төгетін бос орын еді. Әкімшіліктің қолдауымен осы 1 гектар аумақты қоршап, жеке бақша ретінде қолданысқа енгіздім. Биыл 5 түп картоптан 2 кг 200 грамм өнім алып жатырмыз. Жаман көрсеткіш емес. Осы аумақтан 2 тонна өнім алуды жоспарлап отырмыз, - дейді шаруасының қыр- сырымен бөлісіп.
Иә, арман-мақсаты асқақ адам кез келген қиындыққа қарамастан өз дегеніне жетпей қоймайды.
– Қанша еңбек етсең сонша өнім аласың. Барлығы «картопты жерге салып қойсаң өзі өседі» деп ойлайды. Алайда ол олай емес. Әр түпті балаңа қарағандай күні-түні аялауың керек. Түбін қопсытып, арамшөпті жұлып отыру керек. Сөйткенде ғана бейнетіңнің зейнетін көріп, табысқа кенелесің. Ерінбеген адамға ауылда жұмыс көп. Ауылдастарға үнемі айтып отырамын, жұмысты дұрыс ұйымдастыра білсе табыстың көзі осы шағын аумаққа көкөніс өсіруде, – дейді Біржан Қажымұратұлы.
Мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін Біржан Түсіпбековтың еңбекқорлығына ауылдастары сүйсіне қарайды. Мұнда алыстан ат арылтып арнайы келіп, көкөніс өсірудегі тәжірибесінен тәлім алушылар да аз емес.
Айта кетейік, шалғайдағы Тассай ауылының қарапайым тұрғыны Біржан Түсіпбеков әлемдік «YouTube» желісінде өте танымал. Жаңбырлатып суғару, аз аумақтан мол өнім алу сынды видеосабақтарды көрушілер қатары күн санап артып келеді. Қызықты әрі өте мазмұнды болып келетін әр видеоға пікір білдіріп, қолдау танытушылар мыңдап саналады. Еңсесін адал еңбекпен тіктеген жанның абыройы да асқақ болады.
Аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлы еңбегімен елге сыйлы азаматтың еңбекқорлығына сүйсініп, кәсібіне береке тіледі. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Рахимбаевқа алдағы уақытта Біржан Түсіпбековтың көкөніс алқабында тәжірибе алмасу семинарын ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ аудан орталығынан арнайы муницыпалдық дүкен ашып, қолжетімді бағадағы өнімді халыққа делдалсыз сатуды ұйымдастыру керектігін айтты.

ӘУЛИЕ БӨДЕС АТА БЕЙІТІН ЖАҢАРТУ БАСТАМАСЫ КӨТЕРІЛДІ

Әулие, халық емшісі Ырғызбай ата Досқанаұлының есімі қалың көпшілікке жақсы таныс. Ырғызбай атаның жолын жалғаған шәкірті, туған жиені Бөдес ата туралы қасиетті әулие, танымал емші болған деген аңыз-әңгіме ел ішінде сақтаулы. Көкпекті – Тассай тас жолының бойында тұрған Бөдес ата бейітіне жолаушылар арнайы тоқтап, басына зиярат етіп жүреді. Жергілікті халық қасиетті әулие атаны басына құран бағыштай барып, ауруына ем сұрайды.
Тассай ауылының тумасы, белгілі шежіреші Мүсәйіп Сыдықов өзінің «Көнші шежіресі» атты жинағында біршама деректер ұсынады. «Бөдес ата – аруақ қонған әулие. Қыржы Ырғызбайдың жиені. Кезінде Омскіден фельдшерлік оқу бітіріп, адам емдеп, атағы шыққан. Қылы бойындағы зиратын Әзірхан бастаған ұрпақтары қайта көтеріп, қасынан адам түнейтін үй салған. Ауырып-сырқаған адамдар, аруағына жалбарынып басына түнеп жүреді» делінген шежіреді.


8 қыркүйек күні Тассай ауылына жұмыс сапары барысында аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев ардақты ақсақалдармен, ел ағаларымен келелі кеңес өткізіп, әулие Бөдес ата бейітін жаңарту туралы бастама көтерді.
- Әулие Бөдес ата туралы бұрын көп деректер естіген едім. Емшілік қасиеті туралы халық арасында көп әңгіме сақталған. Тассай ауылына алғаш келген сапарымда жол бойындағы ата бейітіне арнайы тоқтап, құран бағыштадық. Бүгін міне ауылдың бас көтерер азаматтарымен кездесіп отырмыз. Әулие Бөдес ата бейітін жаңғыртып, аумағына абаттандыру және көріктендіру жұмыстарын жүргізу керек деп санаймын. Бұл біздің елдігімізге сын, азаматтығымызға аманат, - деді Ділдәбек Тәжібайұлы.
Аудан әкімінің тапсырмасы бойынша ауылдық округ әкімі Ержан Мазыбаев дайындаған жоспар сызбасы көпшілік назарына ұсынылды. Алдағы уақытта бейіт аумағын қоршау, таза ауыз суға қажетті құдық қаздыру, адамдар түнейтін баспана салу, қосымша қажетті нысандарды орнату, аумақты абаттандыру сынды жұмыстардың жоспары құрылып, қажетті қаражат көлемі есептеледі.
Жиынға қатысқан Қуан Түсіпбеков, Жанат Ибрагимов, Қанат Тлебалдин, Мәуітбек Оразбаев, Болат Ағымбаев, Құдайберген Абикенов, Серік Тұрлыбеков, Данияр Изгуттинов сынды ауыл азаматтары аудан басшысының бас-тамасын бірауыздан қолдайтындарын білдірді. Ауыл ақсақалдары бұл ізгілікті бастама көптен бері көптің көкейінде жүрген шаруа екенін айтты.
Арнайы жұмыс тобы құрылып, қор ашылатын болды. Ауыл азаматтарының ұйғаруымен Болат Ағымбаев қорға төраға болып сайланды. Жан-жақта жүрген ауыл тумаларын тартып, жастарды бұл іске араластыру маңыздылығы да назардан тыс қалмады. Көптен бері ойда жүрген істің осылайша бастау алып, бір жолға қойылғанына қуанған қалталы азаматтар қорға қосатын қаражатын да бірден ортаға салды. Қашан да Тассайдың барлық шаруасына атсалысып жүретін жомарт жүректі ел ағасы Жанат Ибрагимов Бөдес ата бейітін жаңарту жұмыстарына 500 мың теңге қосты. Қуан ата бір айлық зейнетақымды қосамын десе, Қанат Тлебалдин бастаған азаматтар 1 жылқы атады. Іргелі шаруашылық басшысы Мәуітбек Оразбаев барша азаматтар атынан қолдау болатынына нық сенім білдірді. Осылайша игілікті шаруа бастама көтерілген сәттен бастап алға басып кетті.

ЛИМАНДЫ СУАРУ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛАДЫ

Тассай сапарының соңында аудан басшысы Ділдәбек Тәжібайұлы Жүзағаш өзенінің бойындағы «Дүтбай» каналына барып, лиманды суару жүйелерінің жағдайымен танысты.
Ауылдық округ әкімі Ержан Мазыбаев, «ШығысСуШар» басшысы Қанат Социалұлы, жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуат Алкенов, ауылдағы шаруа қожалық басшылары Жанат Ибрагимов және Қанат Тлебалдинның қатысуымен каналды қалпына келтіру мәселесін талқылады.
- Лиманды суару жүйесін қалпына келтірудің маңызы зор. Болашақта суарылатын жер көлемін ұлғайту мал шаруашылығының дамуына негіз болып табылады. Біздің жұмысымыз аудандағы барлық лиманды суару жүйесін қалпына келтіру және жөндеу сол ағындарды пайдалануға бағытталады. Нәтижесін алдағы жылдары көреміз, - деді аудан басшысы.


«Дүтбай» каналында 7 бірдей су өткізу бөгеті жақсы жағдай сақталған. Тек кейбір бөлшектері істен шыққан соң толыққанды жұмысқа жарамсыз. Тассай ауылдық округінің әкімі Ержан Мазыбаев пен «ШығысСуШар» басшысы Қанат Социалұлына каналдың су өткізу бөгеттерін қалпына келтіру бойынша ұсыныс енгізу міндеттелді.

Дархан БЕРДІБЕК

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қыркүйек 2022 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз