Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Аудан әкімі Д.М.Мусин ауданымызда саябақтар мен гүлзарлардың көбеюіне, көше тазалығына жоғары мән беруде. Ал, ауданның гүлденуіне, абаттанып, ажарлануына тұрғындар тарапынан шамалы да болса үлес қосылып жатса, берекелі елдің нышанын көрсететіндігі айқын. Тазалық бар жерде – береке бар. Осы орайда, сәуір мен мамыр айлары сенбілік науқаны болып жарияланғаны белгілі. Оның алғашқысы 5 сәуір күні болып, оған айнала тазалығы үшін аудандық мекеме қызметкерлері, ауылдық округ азаматтары бір кісідей білек сыбана кірісіп, жұмыс атқарғандарының куәсі болдық. Ал, округтардағы абаттандыру бойынша жүргізілген шаралар жайлы жұмыс сапары барысында біліп қайттық.

Үлкенбөкен және Белое ауылдық аймақтарының көшелерінде тірі жан көрінбеді. Шашылып жатқан қоқыс, әр түрлі пластикалық және шыны ыдыстар, қағаздар мен пакеттер облыстық маңызға ие жолдың бойын әрлеп, сол арқылы көңілсіз көрініс тудыруда. Бірақ, бұл жағдай не ауылдық әкімшілік аппаратын, не ауыл тұрғындарын алаңдатпайтын сыңайлы. Олар бұған бейжай қарап, немқұрайлық танытуда. Ал, Палатцы ауылдық округіне соққанымызда ауылдық әкімшілік мекемесінің есігін үлкен қара құлып күзетіп тұрғанын көрдік. Барлық жерге зер сала қарағанымызда тазалық бойынша атқарылған істердің ешбір нышаны байқалмады. Аппарат қызметкерлері де, ауыл тұрғындары да, округ әкімінің өзі де орнынан табылмады. Облыс әкімі сенбілік басталмай тұрып екі жұма бұрын барлық тұрғындарды жұмылдыра отырып, абаттандыру бойынша жұмыстар өткізуді тапсырған болатын. Сондай-ақ, аудан әкімі де жұмыс кеңесінде  ауылдық округ әкімдеріне сенбілікке үлкен жауапкершілікпен қарап, үлгілі ауыл құруға міндеттеген еді. Алайда, бұл тапсырмалар кейбір әкімдердің назарынан тыс қалғанға ұқсайды. Бастаушы ауылдық округінде тазалық жұмыстары жүргізілгені аз да болса байқалып тұрды. Кейбір жерлерде өртелген жапырақтардың түтіні маздап жатса, тағы бір көшеде шаруашылық құралдарын қолдарына ұстаған тұрғындар жүрді.

Ал, Самар ауылында өткізілген сенбілікте белсенділік пен ұйымшылдық танытқан ауыл тұрғындары мен Самар агро-техникалық колледжінің ұжымын ерекше айтып өтуге болады. Теректі округінің тұрғындары әрдайым өздерінің ауызбіршілігімен елге танымал. Осы жолғы игі шарадан да олар шеткері қалмады. Ауыл әкімінің бастамасымен тұрғындар қолдарына тырма мен күрек алып, маңайларды тазартты. Өздерінің азаматтық белсенділіктері мен патриоттылықтарын Құлынжон және Миролюбовка ауылдық округтерінің тұрғындары да танытты. Олар өздеріне бекітілген телімдер мен ауыл көшелерінде қызу жұмыстар жүргізіп жатты. Осындай бастамаларды ерекше атап өткен жөн. Себебі, ол өзге адамдарға үлгі боларлықтай іс.

Қ.Аухадиев атындағы ауылдық округтегі сенбілік шаттыққа толы болды. Әкім аппараты, мектеп, аурухана, кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары өз аумақтарында ұйымшылдықпен жұмыс жасай білді. Жұмыла жасалған жұмыстың нәтижесінде басты көшелер күл-қоқыстан тазартылып, айнадай жарқырай түсті.

Көкпекті ауылындағы тазалық шарасына, әсіресе, мекемелердің басым көпшілігі белсенді түрде қатысты. Таңертеңгі сағат 9-дан бастап сенбілікке қатысып, өз аумақтарынан қоқыс-қалдықты шығарып, ағаш түптерін, жол жиегін әктеген көкпектіліктер ортақ үйіміздің әсемденуіне септіктерін тигізді. Әсіресе, барлық мекемелерден жиыны 50 шақты жасты жинап, өз еріктерімен бастама көтеріп, бұрынғы Көкпекті орта мектебінің аумағын тазалаған «Жастар орталығы» белсенді жұмыс жасай білді. АЭС қызметкерлері де сыпырғыш, күрек секілді саймандарын алып, мекеме маңайын, қасындағы саябақты, жол жиегін де бұрқыратып сыпырып, жоғары деңгейде сенбілікті өткізе білді. Сонымен қатар, ЦОН, Білім беру бөлімі, орталық аурухана, спорт мектебі, оңалту орталығы, балабақша және ауылдық округ аппаратының қызметкерлері де өздеріне бекітіліп берілген аумақты тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстардан тазартып, қоқыс таситын тракторға толтыра тиеп жіберді. Дегенмен, ауданның абаттандырылуына қызығушылық танытпай, игілікті істен тыс қалған мекемелер де бар болды. Нақты айтсақ, олар – қазынашылық, прокуратура, салық басқармасы және туберкулезға қарсы емхана. Бұл мекеме қызметкерлерінде белсенділік жоқ, жауапкершіліктері де төмен. Екі апта бойы сөз етілген сенбіліктен хабарсыз күйде болған бұл мекемелер осы қылықтары арқылы тек аудан әкімінің ғана емес, сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасын елемей, селқостық танытты. Тура осы сөздерді аудандағы кәсіпкерлер тарапына да қарата айтуға болады. «Заречный» ауылындағы бір-екі кәсіпкер ғана қолдарына құралдарын алып, өз дүкендерінің маңайын тазалады. Осы орайда кәсіпкер Бақытбек Сәрсенбаевты ерекше атап өткім келеді. Себебі, бұл адам өз отбасымен бірге тек жеке дүкенінің аумағын ретке келтіріп қоймай, көрші тұрған асыл әже Жамал Төлепбергенованың ауласын айнадай қылып, қоқыстарын өртеп, тазартып берді.

Осы жолы мекеме аумақтарын тазалаған қызметкерлер алдағы сенбіде көше-көшеге шығып, өздеріне бекітіліп берілген жер телімдерін тазартады. Сонымен қатар, өзінің аты айтып тұрғандай сенбілік сенбі күні жасалатын шара. Сол себептен, барлық мекемелерді тазарту жұмыстарын сенбі күні жасауға шақырамыз.

Ауыл ішін аралап, тазалық жұмыстарының барысымен танысып жүрген біздің назарымызға ауласын тазартып жатқан бірнеше ғана тұрғын кезікті. Ауыл адамдарының тазалық жұмыстарына қатыспауына ауылдық әкімдік аппаратының ұйымдастыру жұмыстарының төмен болғандығы бірден бір себеп болып отыр. Себебі, аудан әкімінің абаттандыру және тазалау жұмыстары бойынша өткізген жиынға тек мемлекеттік қызметкерлер ғана қатысқан. Бұл орайда, аудан әкімі Д.М.Мусин осы іске жауапты болып бекітілген Р.Беспаев пен Г.Ақшабаеваның жұмыстарын сынға алып, төмен дәрежеде атқарылғандығын атап өтті.

Өз ауласын тазалауға шыққан тұрғындардың бірі Соня Байгаскина болса, екіншісі Баймұратовтар отбасы. Соня Байгаскина нәзік жан бола тұра, қолына күрек пен аша алып, үйінің маңайын қоқыстан арылтуға белсене кіріскен. - Аудан орталығы таза да талапқа сай болуы үшін баршамыз бір кісідей атсалысуымыз қажет. Сондықтан да, көкпектіліктерді сенбілікке қатынасуға шақырамын. Тек бір өкініштісі, тұрғындарға аулада жинаған қоқысты дала жаққа апарып төгу қиындық тудырады. Осы мәселені ауылдық округтің әкімшілігі оңтайлы шешуге көместессе деген өтінішім бар, - дейді ауыл тұрғыны. Сонымен қатар, сенбілік жайлы мемлекеттік қызметкерлер де өз пікірлерін жасырып қалмады.

Сәуле Матанова, «Балерке» балабақшасының қызметкері:

-Әрбір адам өз үйінің алдына ағаш отырғызып, ауданның көркеюіне үлесін қосса, біздің аймақ жасыл желекке айналған болар еді. Менің ойымша, өзін қоршаған ортаның тазалығын сақтап тұру - бұл әрбір қала мен ауыл тұрғынының міндеті. Сол себептен, сенбілік сынды игі шарадан біздің азаматтар бейжай қалмауы тиіс.

Ақерке Манкеева, АЭС қызметкері:

-Көктем - жаңару мен тазарудың белгісі екені белгілі. Сондықтан, міне, бүгін ұжымымыз бір кісідей болып жиналып, сенбілік жасап жатырмыз. Бір өкініштісі, ауылымызда қоқыс мөлшері өте көп. Ауыл тұрғындары бөтелке, күл-қоқыс толтырылған қаптарды көше бойына лақтыра берген. Міне, осымен үш трактор тіркемесімен шығарылған қоқыс әлі де таусылар емес. Сол себептен, ұжымымызбен ауыл тұрғындарын тазалықты сақтауға, кез келген жерге қоқыстарын тастамауға шақырамыз.

«Тазалық - денсаулығымыздың кепілі» екенін ұмытпасақ та, ұмытып кете беретіндерге не деуге болады? Өздерінің денсаулығын, келешегін ойламайтын тұрғындарға таңымыз мол. Мүмкін, осыдан соң ойланармыз, төңірегіміздің таза болуы бәріміз үшін де керек емес пе?

Екатерина СКУДАРНОВА, Арайлым МИРАТҚЫЗЫ

 

 

 

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
  1 2 3 4 5 6
7 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30        

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз