Бүкіл ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған елінің қадірменді ұлдарының бірі болған Жақия Шайжүнісовтың жүріп өткен жолы кімге болса да үлгі мен өнегеге толы. Ол елдің алғысы мен ризашылығының арқасында өмірін мәнді өткізді. Соңынан өшпейтін із, сөнбейтін шырақ, таусылмайтын өсиет қалдырды.
Берекесіз ел мерекесіз болмайды. Ел ішінің құрмет тұтқан азаматтарын ардақтаудан аянбайтын ежелгі ізгі дәстүрінің үлгілі көрінісі Жақия Шайжүнісовтың туғанына 100 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шаралар арқылы паш етілді. Тұғыры биік дара тұлғаның 100 жылдығын атап өтуге облыстан, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген меймандар қатарында ұлы Тоқан Жақияұлы мен оның жұбайы Людмила Лаврентьева, немересі Жанна және тағы бір ұлы Сержан Жақияұлы өзінің Аллен атты ұлымен, ұстаздың қыздары Надежда мен Гүлсім болды. Сонымен қатар, бұл мерейтойға кезінде оны өз әкелеріндей жақсы көріп, құрмет тұтқан тәрбиеленушілері де жиналды. Атаулы датаға арналған іс-шаралар Жақия аға ұзақ жылдар еңбек атқарған Қ.Раев атындағы балалар үйін аралаумен өз бастауын алды. Бұл жерде қадірлі қонақтар ұлы ұстазға арналған мұражайдағы бағалы экспонаттармен танысып, фотосуреттерді тамашалады. Балалар үйінің бүгінгі жай-күйінен мағлұмат алды. Келесі кезекте қонақтар еңбегі жанған азаматтың есімін арқалап отырған білім ордасына қарай бет алды. Білімнің қара шаңырағы ұстаздың мерейтойына жиналған қауымды жоғары дәрежеде қарсы алды. Мұғалімдер ұжымы қабырға стендтері арқылы ұстаздың өрелі өнегесі мен рухани мұрасы жайлы сыр шертсе, оқушылар қазақтың қара домбырасымен құйқылжыта күй орындады. Қадірменді қонақтар мұражайдағы, білім ошағындағы аяулы азаматтың кеуде мүсініне және орталық саябаққа гүл шоқтарын қойып, тағзым білдірді.
Мерейтойлық шара Қ.Алтынбаев атындағы аудандық Мәдениет үйінде өз жалғасын тапты. Ең алдымен қонақтар өнер ошағының кіре берісіндегі ұстаздың өмір жолы мен қызметтік жылдарын сипаттайтын көркемделген көрмемен танысты. Кең залда орналасқан көрмені тамашалуға жиналған халықтың қарасы мол болды. Келесі кезекте барлық қауым көрермендер залында бас қосып, олардың назарына Балалар үйінің өткен ғасырдағы 60-70 жылдардағы тыныс-тіршілігінен мағлұмат беретін кинофильмі ұсынылды. Салтанатты жиынның шымылдығын кішкентай бүлдіршіндердің ұлағатты жан, ұстазға арналған әдеби-сазды монтажы ашты. Бұл жиынның барысына құрметті қонақтармен қатар аудан басшысы Д.М.Мусин, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары мен ауыл ақсақалдары қатысты. Алғашқы сөз кезегі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ш.Мұстафиноваға беріліп, ол «Тұғыры биік дара тұлға» тақырыбында баяндама оқыды. Сонымен қатар, жиын барысында Қ.Раев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі болған, кейіннен өнегелі тәлімнің арқасында тәрбиеші қызметінен аталмыш мекеме директорының орынбасары қызметіне дейін көтеріліп, жемісті еңбек атқара білген Г.Орсаева, Көкпекті ауданының білім беру саласының ардагері В.Сейсембаева, кезінде аудан, облыс аумағында жауапты қызметтер атқарған зейнеткер С.Ахметов сөз кезегін алып, ұстаздық мамандықтың көш басында тұрған абыздың сан қырлы қасиеттері жайлы әңгімеледі.
Бұдан соң мінберге көтерілген ұстаздың ұлы Тоқан Жақияұлы өнегелі ой айтты. - 100 жыл бір ғасыр. Уақыт зымырап өтеді де кетеді. Меніңше, үлкен марапат кеудеге таққан жұлдыз емес, халыққа мүлтіксіз қызмет ету үдесі. Әкемнің еткен еңбегін елеп, осындай құрмет көрсетіп отырғандарыңызға көп рахмет. Әсіресе, аудан әкімі Дүйсенғазы Мағауяұлына балалары атынан үлкен алғыс білдіремін, - дей келе жоспарланған онкүндік шаралар аясында өткен жарыстардың қорытындысы бойынша жүлделі орындарды иеленген жеңімпаздарды марапаттады. Бір айта кетерлігі, жеңімпаздардың мойындарына тағылған медальдар Ж.Шайжүнісовтың 100 жылдық мерейтойына арнайы жасалған. Салтанатты шарада қорытынды сөз кезегін алған аудан әкімі Дүйсенғазы Мағауяұлы мерейтой қарсаңында аудан көлемінде атқарылып жатқан іс-шаралар жайында баяндады. - Көкпекті ауданынан шыққан ұлы тұлға Жақия Шайжүнісовтың есімін ардақтау және оның ерлік істерін жас буынға насихаттау — баршамыздың міндетіміз. Осы мақсатта ауылдың барлық мектептерінде ұстаз мерейіне арналған іс-шаралар болып өтті. Бұл шаралармен шектеліп қалмаймыз деген ойдамын. Ауылдастардың айтулы тұлғаға деген құрметі қашанда жалғасын таба берері сөзсіз, - дей келе, жиналған қауымды мерейтоймен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Салтанатты жиын балалар үйінің тәрбиеленушілері болған, бүгінгі таңда студент, талай ән байқауларының жеңімпаздары ағайынды Нұрбек пен Еламан Мұратхановтардың орындауындағы «Мерекем» әнімен өз мәресіне жетті.
Мерейтойлық шаралардың легі одан кейін ипподром жақта ұйымдастырылған аламан бәйге, тай жарыс, құнан жарыс сынды ұлттық спорт сайыстарына ұласты.
Арайлым МИРАТҚЫЗЫ
Қымбатты Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!
Сіздерді 9 мамыр – Ұлы Жеңіс Күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі.
Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Елдің басына үлкен қауіп пен қатер, алапат қайғы мен қасірет төнген сол бір ауызбен айтып жеткізгісіз ауыр уақытта оттан да ыстық Отан үшін от кешкен майдангерлердің көрсеткен өшпес ерлігін, қаһармандық өнегесін жас ұрпақ бойында қалыптастыру ең басты мақсатқа айналуға тиіс», - деп атап көрсеткен еді.
Қымбатты ардагерлер!
Сіздер елімізді жаудан ерлікпен қорғай білдіңіздер. Ал, бейбіт күндерде еліміз бен туған өлкеміздің игілігіне адал еңбек еттіңіздер. Қандай шаруаға болса да белсене қатыстыңыздар. Бүгінгі күні де біздің ортақ мәселелерден шет қалмайсыздар. Даңқты ерлік дәстүрлеріне адалдық пен патриотизм, қаһармандықтың лайықты үлгісі болып келесіздер. Ұлы Жеңіс үшін, өшпейтін Ерлік үшін шынайы көңілден шыққан алғысымызды қабыл алыңыздар.
Баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ пен береке тілейміз!
Д.Мусин, аудан әкімі
Р.Беспаев, аудандық мәслихаттың хатшысы
Құрметті Қазақстан Қарулы күштерінің жауынгерлері мен ардагерлері, ауданның ер-азаматтары!
Сіздерді Отан қорғаушылар күні — жалпыхалықтық мерекемен, жігерлі адамдар және ерік күш иелері күнімен құттықтаймыз!
Бұл күні біз Қарулы күштер қатарында қызмет еткендер мен сапта жүргендерге құрмет көрсетеміз. Мемлекеттің, қоғамның және әрбір қазақстандықтың қауіпсіздігін қорғаушылар мен өз еліне шексіз берілгендер де сондай ілтипатқа ие.
Бұл — ерекше мереке. Біз бұл күні Ұлы Отан соғысы ардагерлері, ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлгісін көрсеткен барлық жерлестеріміз, Ауғанстанның отты жолдарымен өткен ержүрек жауынгерлер алдында тағзым етеміз. Уақыт алмасады, ұрпақтар өзгереді. Бірақ, Отанға деген сүйіспеншілік, қажырлылық, ерлік, жауынгерлік рухымыз өзгеріссіз қалады. Көкпектіліктер бүгінгі күні де өз Отанымыздың қорғаныстық қабілетін нығайтуға, Қазақстан халқының игілігі мен бейбітшілікті қорғауға лайықты үлесін қосуда.
Отан қорғаушылар күні Отанды қадірлейтін, оның тарихын құрметтейтін, ерлік пен жауынгерлік күшке ие нағыз ерлердің мерекесіне айналды. Нақ осы күн Отанға сүйіспеншілік іспетті адами құндылықтардың тұрақтылығы және өлшеусіздігі, оның мүдделерін қорғауға әзірлік, патриотизм мен ерліктің барлық көріністерімен айғақталады.
Қымбатты жерлестер!
Осындай ерекше күнде Сіздерге шын жүректен бақыт пен татулық, әрбір отбасына ізгіліктер мен игіліктер тілейміз. Ардагерлеріміздің дені сау болып, сарбаздар мен офицерлеріміз табысты қызмет ете берсін. Ержүрек және жігерлі адамдардың бұл мерекесі әрдайым қуаныш пен бейбіт күн әкеле берсін!
Д.Мусин, аудан әкімі
Р.Беспаев, аудандық мәслихаттың хатшысы
Көзді ашып – жұмғанша көктемнің соңғы айы мамыр да жетіп қалды. Алғашқы күнінен бірлік пен берекеге бастайтын бұл айдың барша адамзат үшін асқақ абыройы бар. Дүниежүзілік Ынтымақ, Еңбек, Бейбітшілік күні біздің елімізде де «Қазақстан Халқының бірлігі» күні деп аталып өтіледі. Бұл мерекені біздің аудан да бар сән-салтанатымен, думандатып атап өтті. Таңертең ертемен Абай көшесінен бастау алған мерекелік шерудің легінде барлық ұлттар өкілі ұлттық киімдерімен, шаттық көңілдерімен, қызылды-жасылды шарларымен Орталық алаңға қарай ағылды. Бірлігі жарасқан әр ұлт өкілдерінің көтерген «Мәңгілік ел» ұрандары аудандағы бейбіт өмірді, ынтымақтастықты паш еткендей. Татарлар, өзбектер, орыс ұлты, корейлер, украиндар, т.б. ұлттар бір атаның баласындай бір шаңырақтың астында татулық пен достықтың үлгісін көрсетті.
Шерудің сәнін келтіріп, қазақилықтың нағыз көркемдігін көрсеткен Аудандық орталық аурухананың ұжымы қастарына тазы ерткен сұлу, жорға сәйгүліктерге мініп, сал-серілердің салтанаты мен қазақ биін билеген қыздар жиналған қауымның қызу қошеметіне бөленді. Аудан әкімі Д.М.Мусин барша халықты айтулы мерекемен құттықтай келе, «Туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде әрқайсымыз өз үлесімізді ел бірлігінің сақталуына, бейбіт те мазмұнды өмір кешуімізге атсалысайық» деген тілегін білдірді. Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының мерекелік концерті мен сауық-сайранына ұласты.
Социалистік Еңбек Ері, Халық мұғалімі, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, Ағарту саласының үздігі. Осыншама жоғары дәрежелі атақтар мен марапаттар бір ғана адамға емес, өз ісіне шын берілген, еңбегі сіңген бірнеше педагогтар мен тәрбиешілерге де жетер еді. Бірақ, Жақия Шайжүнісовтың панасыз қалған жетім балаларға қалай қызмет етіп, оларға өз бойындағы барлық жылуы мен даналығын, рухани күш-қайратын аямастан ақырына дейін жұмсағанын білгеннен соң, оның «Ұстаз» деген биік атқа нағыз лайық жан екеніне көзіңіз жетіп, жаңағы атақ-даңқтың, тіпті де, көптік етпейтінін ұғасыз.
Кейінгі ұрпақққа жарқын да өшпейтін ұлағат қалдырған, тірі кезінде-ақ аты аңызға айналған Жақия Шайжүнісұлы бұрынғы Семей облысы, Абай ауданының тумасы. 1914 жылы табиғаты көркем, ырысы мол Архат тауының баурайындағы Жабағы қыстауы деген жерде дүниеге келген ол, әрине, болашақ тағдырынан бейхабар еді. Аяғын апыл-тапыл басып, енді ғана тілі шығып келе жатқанда майдандағы қара жұмысқа алынған ауылдағы абзал азаматтармен бірге оның әкесі де кетіп, жыл толмай Шайжүністің Петроград түбінде қаза тапқаны туралы қара қағаз келген. Қайғы мен қасіреттен назаланған анасы Ләтипа ауыр науқасқа шалдығып, 1922 жылы дүние салды. Сөйтіп, Жақия 3 жасында әкеден, сегіз жасында анадан айрылған еді. Немере ағасы Ілияс Байсалбайұлы мен ақ ниетті жеңгесі Қайни кедейлігі мен жалшылығына қарамастан, қарапайым адамгершіліктің зор үлгісін көрсетіп, өздерінің шиеттей үйелмелі-сүйелмелі перзенттерінің қасына оны да қосып тәрбиелеп өсірді.
Мектепте алған білімін Семей қаласындағы педагогикалық техникумда жалғастырған Жақия 1933 жылы оқуын тәмамдап, жолдамамен Көкпекті балалар үйіне тәрбиеші болып келеді. Әлі де жұмыс тәсілдері қалыптасып үлгермеген жаңа ашылған, тың мекемеге келген бойда, балалардың дене, киім жүдеулігі мен көңілсіздігін бірден байқаған болатын. Аласапыран өмір талқысынан, оның ауыр сынынан өзі де өткен Жақия жетім балалармен іш тартып, шүйіркелесіп кету оңайға соқпағанмен өз тобындағы балалармен түсінісіп, ортақ тіл табуға бар күшін жұмсаған. Осылайша, уыздай жас жігіт қамкөңіл балалардың жай-күйін жан-жүрегімен сезініп, жауапкершілігі үлкен істі қатардағы тәрбиешіліктен бастап, Көкпекті балалар үйінің оқу ісінің меңгерушісі болса, ал 1938 жылдан бастап 1976 жылға дейін, яғни зейнеткерлік жасқа толғанша осы мекеменің директоры қызметін атқарды.
Өмір бойы тапжылмастан балалармен, тәрбиешілермен қоластындағы қамту қызметкерлерімен әртүрлі ұлттың балалары тұратын үлкен отбасында 43 жыл бойы үздіксіз қызмет еткен ол, бар ғұмырын балалардың тұрмыс-жағдайын жақсартып, тәлім–тәрбиесі мен оқу-білімін жетілдіруге арнады.
Балалардың ісіндегі қабілеттілігін қалыптастыру үшін оған сауатты да шебер басшылық қажет. Жақия аға өзінің жұмыс бөлмесінде шағын кітапхана, методикалық бұрыш ұйымдастырды. Тәрбиеші педагогтардың жұмысын ұйымдастырып бақылаумен қатар өз міндеттерінің бір буыны етіп балалар үйі советінің жұмысын алды. Балалар үйі советінің тұңғыш председателі болып сайланған Әлжан Исабаевтан бастап, буыны қатып, біршама ержетіп қалған Әнуар Ибрагимов, Қабден Нұрмұханов, Құмар Раев, Виктор Речной балалар үйінің сенімді ұйытқысы дәрежесіне көтерілді. Балалар кеңесі, әсіресе, тәрбиеленушілердің ішкі күн режиміне байланысты тіршілік әрекеттерін басқаруды міндеттеріне алып, тәрбиешілерді осы шаралардағы жұмыс бастылықтан жеңілдетуге мүмкіндік жасады.
Аумалы-төкпелі заманда түрлі қиындықтардың салдарынан тағдырдың соққысына ұшыраған қамкөңіл жетімдермен ұзақ жылдар бойы тапжылмастан еткен үздіксіз де қажырлы еңбегі үшін Ж.Шайжүнісовке әуелі «Қазақ КСР-не еңбек сіңірген мұғалім», ал 1968 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Қазіргі таңда кезінде Жақия Шайжүнісұлының шарапатына бөленген, ел шаруашылығының сан саласына кірпіш болып қаланған түрлі ұлт өкілдерін құрайтын азаматтар мен азаматшалар жүздеп, мыңдап саналады. Мәселен, Орсаева Галина, Солтанбек Өріспаев, Өгізбаева Гүлнар, Қабден Нұрмұханов, Алексей Трунов, Құмар Раев, Халел Әкімжанов, Төлеш Ахатов, Жанна Оразбекова, М.Сополева және тағы да басқа жүздеп саналатын түлектердің есімдерін мақтанышпен атай аламыз. Ұстаздың жарқын бейнесі олардың санасынан ешқашан өшпек емес.
Соғыстан кейінгі ауыр жылдардың өзінде балаларды бос уақытында түрлі үйірмелерге қатыстыруға мүмкіндік жасап, олардың өнерге, білімге деген құлшыныстарын оятуы ұстаздың үлкен жетістігі екені белгілі. Балалар үйінің үрмелі аспаптар оркестрін еске алмай кету мүмкін емес. Мерекелік шерулерде үрлемелі аспаптар оркестрі үнемі топтың алдында жүретін. Көркемөнерпаздар үйірмесін өз ісіне шебер мамандар басқарғанмен, Жақия аға бас дайындықтарды, көбінесе, жеке өзі жүргізетін. Оған ұсақ-түйек деген болмайтын, ол үшін балалар өмірінің барлық жағы басты болды. Қыздардың шаштарын тексеріп, ұлдардың етіктерінің ішіндегі шұлғауларын қарап, мектеп формаларын киюін үнемі қадағалайтын. Әрине, бұл жалғыз кісінің ғана қолынан келетін іс емес, ол кісінің жанында үнемі әріптестері Галина Федоровна Винтовкина, Солтанбек Өріспаев, Менташ Жакуповна Искакова, М.З.Құсайынова т.б. болды.
Көкпекті балалар үйінің атын бүкіл Одаққа паш еткен қосалқы шаруашылықтың болуы Жақия Шайжүнісовтың ерен еңбегінің нәтижесі еді. Қосалқы шаруашылықты дамытуда ерен еңбегімен көзге түскен адамдарды айтар болсақ, олар қосалқы шаруашылықты ұйымдастырушы Әбділманов Жұмажан, жылқышы Жүрсін Қорлыбаев ақсақал мен оның жұбайы Шәріпжамал апа, Базарбай Иманбаев, Сергей Нестеронко сынды қарттар белдіктерін бір ағытпады деуге болады.
Балалар үйіндегі еңбек тәрбиесінің үш бағыты қалыптасты. Олар – өзін-өзі қамту еңбегі, оқу еңбегі және қоғамдық пайдалы еңбек. Еңбекке үйрету шаралары алғаш қарапайым әрекеттерден басталған. Мәселен, «түйме», «жаға», «оқулық», «дәптер» атты арнаулы операциялар, жиі-жиі мақсатты конкурстар өткізіп отыру әдетке айналдырылды. Олар балалардың қоғам мүлкіне деген жауапкершілігін арттыруға көп септігін тигізді.
Сондай-ақ, ересек балалардан құрылыс бригадаларын құрып, жазғы каникул кезінде кірпіш құйдырып, жаңа оқу жылы қарсаңына ағаш және тігін цехтары бар шеберхана іске қосылған. Осы цехтарда арнайы дайындығы бар мамандар Әмина Шалабаева мен Чилажитден Махмутовтың жетекшілігімен, өз істеріне тиянақтылығы мен шеберліктерінің арқасында балалар еңбек пен кәсіпке жетік үйрене бастады.
Өз тәжірибесінде Жақия аға балалар үйіне педагогтық және қамту қызметшілерін қабылдауға ерекше жауапкершілікпен қарады. «Тәрбиеші болу үшін тәрбиелі бол» деген қағидаға Жақия Шайжүнісұлы ешқашан қиянат жасаған ұстаз емес. Басына сәбилік күнінен тағдырдың өзі берген аяусыз жазасы аздай, тәрбиешіден жәбір көрген жарым көңіл балалардың келешегі оны қатты алаңдатты. Ол кісі балаларға жәбір көрсеткен, дене жазасын қолданып, балалардың ар-абыройына тіл тигізген адамдармен аяусыз күресті.
Уақыт өте келе балалар үйі, тұтас алғанда, қанша күш пен қабілет жұмсалған тынымсыз еңбектің нәтижесінде танымал тәрбие мекемелері қатарынан орын алып, қалыпты арнасына келді.
Жақия ағаның жан-жары – Александра Викторовна Хлыновская атты орыс қызы. Көкпекті өңірінің үлкендері құрметпен Шура апай деп атап кеткен. Жақия аға мен Шура апай 4 ұл - Мәркен, Тоқан Жағыпар, Сержан, 4 қыз - Балхис (1934ж.т.), Надежда, Найля, Гүлсім атты 8 баланы өсіріп, тәрбиелеген бақытты отбасы. Александра Викторовна ұлын ұяға, қызын қияға қондырған өмірден түйгені мол, үлкен-кішіге қадірлі, өте байсалды жан болды. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін, тіпті айтатын ойын мақал-мәтелді қосып, әрлендіре жеткізетін, қазақы салт-дәстүрді қалт жібермейтін-ді. Ұлағатты ұстаздың өміріне серік , демеу болған абзал ана 2008 жылы дүниеден қайтқанда қазақ салтымен Семей қаласында жерленді. Ардақты әке атын арқалап жүру балаларына оңай соқпасы рас. Алайда, балалары әке атына кір келтірмей, бәрі де жоғары білімді мамандық алып, еліміздің әр жерінде жауапты да мәртебелі қызметтерін адал атқара білді. Оқырмандарымызға түсінікті болу үшін айта кетсек, үлкен қызы Балхис Алматыдағы мұражайда еңбек еткен, қазір зейнеткер. Ұлы Мәркен республикада, Семей, Павлодар, Маңғыстау облыстарында, Москвада жоғары лауазымды қызметтерде болған. Қазір зейнеткер Астанада тұрады. Надежда - дәрігер болған, қазір Алматыда, зейнеткер. Тоқан (1944 ж.т.)Өскеменде, «ҚАЗГИПРОЦВЕТМЕТ» АҚ Президенті. Жағыпар (1947 ж.т.) – педагогтық еңбекпен шұғылданған, зейнеткер Семейде тұрады. Найля – (1950 ж.т.) Семей медициналық университетінде сабақ береді, дәрігер. Гүлсім – Алматыда бизнес колледжде сабақ береді, Сержан (1957ж.т.) – мамандығы дәрігер, Семей қаласында бизнеспен шұғылданады.
Артына өшпес із қалдырып, мың баланың әкесі атанған еңбегі жанған ұлы ұстаз 1983 жылы 70 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.