Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Құрметті отандастар!
Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отыр.Коронавирус індеті дүние жүзін жайлап барады.Бүгінде 177 мемлекетте 800 мыңға жуық адам осы дертке шалдықты.Оны жұқтырғандар саны күннен-күнге артуда.Біз төтенше жағдай жариялап, Қазақстанда вирустың жаппай таралуына жол бермедік.
Соның арқасында ахуалды бақылауда ұстап отырмыз.Халқы Қазақстанмен шамалас кейбір елдерде коронавирусқа шалдыққандар ондаған есе көп.
Мен елорда мен Алматыда ғана емес, еліміздің барлық өңірінде карантинді күшейтуді тапсырдым.Барша қазақстандықтарға сабыр сақтап, түсіністік танытқаны үшін алғысымды айтамын.Біз дүрбелең тудыруға жол бермейміз.Дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек.Бұл – аса маңызды.
Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт.
Дегенмен, біз індетке шалдыққан адамдарға барлық қажетті көмекті көрсетеміз.
Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда.
Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары.
Сондықтан пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдадым.
Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстемеақы төленеді.
Медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесі де шешімін тапты.
Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілерге де айрықша алғыс білдіремін.
Төтенше жағдай режімінің қашанда экономикалық және әлеуметтік салдары болады.
Біз үшін азаматтардың денсаулығымен қатар олардың өз табысынан айырылмауы да маңызды.


Мен бұған дейін дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасын жарияладым. Үкімет пен әкімдер оны жүзеге асыруды бастады.
Жағдайдың ушыға түскенін ескеріп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде мынадай қосымша шешімдер қабылдадым.
Бірінші. Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін жылдық өлшеммен алғанда 10 пайызға индексациялауды тапсырамын.
Осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді.
Екінші. Биылғы 23 наурызда табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілетіні туралы айттым.
Енді осы көмекті алатын азаматтардың санатын кеңейтуді тапсырамын.
42500 теңге көлеміндегі бұл қаражат бұрын тұрақты жұмыс істеп, жалақы алғандарға ғана емес, сондай-ақ өзін өзі жұмыспен қамтыған және ресми тіркелмей еңбек ететін азаматтарымызға да берілуге тиіс.
Мұндай көмекті алу үшін олар өздерінің мәртебесін бекітуге тиіс. Содан кейін аталған азаматтар төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттен ай сайын әлеуметтік көмек алып отырады.
Еш жерде көрсетілмесе де жеткілікті табысы бар адамдар осы төлемді алу үшін өтінім беруі мүмкін.
Бұған дейін де осындай жағдай болғаны жасырын емес.
Бірақ кейбір жауапсыз адамдардың кесірінен шын мәнінде көмекке мұқтаж жүз мыңдаған азаматымызды қолдаусыз қалдыра алмаймыз.
Жалпы, 23 наурызда және бүгін жарияланған шаралардың нәтижесінде 3 миллионға жуық азаматымызға көмек көрсетіледі.
Үшінші. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойын-ша сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу құқығын 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырамын.
Аталған сақтандыру жүйесінде болу-болмауына қарамастан осы кезеңде азаматтарымызға толық медициналық көмек көрсетілуге тиіс.
Төртінші. Тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың санатын кеңейту керек.
Мұндай көмек түрі қосымша І-ІІ-ІІІ топтағы мүгедектерге, мүгедек балаларға және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға берілуі қажет.
Осындай шара арқылы 800 мыңнан астам адамға көмек көрсетеміз.
Бұл ретте тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түліктің шекті мөлшерін бекіткен жөн.
Жергілікті шағын және орта бизнесті өнім өндіру және оны жеткізу ісіне жұмылдыру қажет.
Үкімет отандық ІТ-компанияларды әлеуметтік қолдауға бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуына тиімді мониторинг жүргізетін платформа әзірлеу жұмысына тартуы керек.
Алдағы уақытта мұндай көмекті заттай емес, азаматтардың өздері таңдап, сатып алуы үшін қаржылай беруге көшкен жөн.
Бесінші. Көктемгі егіс науқанын уақтылы өткізу аса маңызды.
Бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат шаруаларға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Оның үстемеақысы 5 пайыздан аспайды.
Осы мақсатқа «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.
Аталған бағдарлама аясындағы түпкі мөлшерлеме барлық салалар бойынша біріздендіріліп 6 пайыз болды.
Ең алдымен шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн.
Сонымен қатар Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын 15 пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді.
Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылатын болады.
Арзан жанармай шаруаларға дейін жетуге тиіс. Оны жеткізетін «операторлардың» жұмысы толығымен ашық болуы керек.
Үкімет пен Бас прокуратура өңірлерде тиісті бақылау мен қадағалау жұмыстарын қамта¬масыз етуге тиіс.
Карантин жағдайында күрделене түсетін бірқатар мәселе бар.
Бұл – кепілге қойылған мүлікті халыққа қызмет көрсету орталықтарында ресімдеу, нотариалды куәландыру, қосалқы бөлшектер сатып-алу және т.б.
Сондықтан Үкімет пен әкімдіктер көктемгі егіс науқанын ерекше бақылауға алуы керек.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда әр күніміздің маңызы зор.
Алтыншы. Карантинге байланысты елорда, Алматы және Шымкент қалалары төңірегінде еңбекке жарамды, бірақ жұмыссыз қалған азаматтардың саны арта түсті. Бұл, ең алдымен, жастарға қатысты.
Үкімет пен әкімдер «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында аталған өңірлерде нақты жобаларды жүзеге асыруды дереу қолға алуы қажет.
Азаматтарымыздың табыс көзі болуға тиіс. Олар күнін көре алмай құрсауда қамалып отырмауы керек.
«Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жұмыс істеуге ниет білдірген азаматтарға ең төменгі мөлшердегі екі жалақы немесе 85 000 теңге төленеді. Мұны олар бірден жұмыс орнына келген кезде алады.
Бұл тұрақты жалақысы емес, соған қосымша ретінде беріледі.
Осыған орай арнайы мобильді орындар ашылып, әкімдіктер түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, коронавирусқа қатысты экспресс-тест алып, жұмысшыларды жұмылдыруды және жаңа жұмыс орнына дейін жеткізуді ұйымдастырады.
Жұмыс берушілер «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша еңбек ететіндердің бәріне лайықты жағдай жасап, қорғану құралдарымен қамтамасыз етуге тиіс.
Жетінші. Мен бұған дейін шағын және орта бизнесті қолдауға арналған шараларды жарияладым.
Бұл – салық жеңілдіктері, қарызды өтеу мерзімін шегеру және тағы басқа шаралар.
Шағын және орта бизнес өкілдерінің ұсыныстарына келетін болсақ, олардың көбі қазірдің өзінде қолдау тауып, құзырлы органдар тарапынан жүзеге асырылып жатыр.
Соның ішінде мемлекеттік қолдау шараларына сай келетін қызмет түрлерін кеңейту, несиенің үстемеақысын төмендету және біріздендіру, мемлекеттік кепілдіктердің көлемін арттыру жұмыстары қамтылған.
Қаржы нарығын реттеу агенттігі шағын және орта бизнестің несиелерін өтеу мерзімін ұзарту, төлемді қайта қарастыру мәселелері бойынша банктермен, басқа да қаржы ұйымдарымен жұмыс жүргізуде.
Осы мәселеге жеке тоқталып өткен жөн.
Көптеген кәсіпкер төтенше жағдай кезінде несиенің пайыздық үстемеақысын есептемеу үшін банктерге тапсырма беруді сұрап отыр.
Мұндай қадам банктерді шығынға ұшырататынын түсінуіміз керек. Олар да біздің экономикамыздың ажырамас бөлігі.
Дегенмен, мен тағы да екінші деңгейдегі банктерден азаматтық жауапкершілік пен түсіністік танытуды сұраймын.
Банктер қиын жағдайға тап болғанда мемлекет оларға айтарлықтай көмек берді.
Қазір сіздер халыққа және отандық бизнеске қолдау көрсетулеріңіз керек.
Қажет болған жағдайда мемлекет тарапынан қосымша нұсқаулық шаралар қолға алынады.
Жағдай одан әрі ушығатын болса, Үкімет пен қаржы саласының құзырлы органдары бұл мәселені шешу үшін тиісті шаралар қабылдайды.
Келесі мәселе. Кәсіпкерлеріміз салықтық жүктемені азайтуға қатысты қосымша қолдауға мұқтаж. Бұл жұмыс орындарын сақтау және жалақы төлеу үшін аса маңызды.
Сондықтан экономиканың ең көп зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнес өкілдері 6 айға (биылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін) еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан және басқа да төлемдерден босатылады.
Бұл қоғамдық тамақтану, сауда, көлік қызметі, консультациялық қызмет, ІТ, қонақүй, туризм және басқа да салаларды қамтиды.

Оның нақты тізімін төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия бекітіп, қажет болған жағдайда толықтырып отырады.
Кәсіпкерлердің үндеуінде дағдарыс кезеңінде салық төлемеу туралы өтініш болғанын айтқан едім.
Осы орайда мынадай мәселені атап өткім келеді.
Тиісті жедел шешім қабылданды. Менің тапсырмам бойынша Үкімет шағын және орта кәсіп иелерінің барлық салық төлемдерін 3 айға тоқтатты.
Бұл қазіргі қалыптасқан жағдайда салықтан босатылғанымен, оның кейін төленуі керектігін білдіреді.
Сонымен қатар біз экономикалық ахуалды жан-жақты бағамдап отырмыз. Алдағы жағдайға байланысты түпкілікті шешім қабылдаймыз.
Келесі мәселе. Үкімет еліміз үшін маңызды импорт тауарларына салынатын баж салығын алып тастау мәселесіне қатысты Еуразия экономикалық одағын-дағы серіктестерімізбен жұмыс жүргізуде.
Жеке қорғаныс құралдары, өндіріске қажетті шикізат, вакциналар мен диагностикаға арналған құрал-жабдықтар жөнінде тиісті шешім қабылданды.
Өз елімізде жеткілікті емес азық-түлік тауарларына салынатын импорттық баж салығын төмендету бойынша жұмыс жалғасуда.
Үкімет отандық бизнестің сұраныстарын ескеріп, аталған жұмысты жеделдеткені жөн.
Сондай-ақ жергілікті шағын және орта бизнестің әлеуетін пайдалану қажет. Бұл – өте маңызды мәселе.
Әкімдіктер және Үкімет («Мемлекеттік азық-түлік корпорациясы» арқылы) отандық агро және қайта өңдеу кәсіпорындарынан кемінде 6 ай бұрын өнімді сатып алудың кепілді жүйесін жолға қоюға тиіс. Басқаша айтқанда, «алдын ала сатып алу» немесе «алынған өнім бойынша сатып алу» тетігін енгізуі керек.
Кәсіпорындардың өзара ықпалдас-тығының нақты жолын анықтау қажет, яғни егістік басынан дүкен сөресіне дейінгі тізбекті айқындап, оларды жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету қажет.
Бұл ретте бизнес өкілдері өндіріс көлемін қамтамасыз ету, тұрақты бағаны ұстап тұру, жұмыспен қамту және өзіне жүктелген басқа да міндеттерді жауапкершілікпен орындауға тиіс.
Сегізінші. Аталған шаралар топтамасын жүзеге асыру үшін Үкіметке және Ұлттық банкке барлық қажетті қаражат көздерін пайдалануды тапсырамын. Соның ішінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, Ұлттық банктің ресурс-тары мен құралдары да бар.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы құрған Ұлттық қордың қаржысын ұтымды пайдалануымыз керек.
Бөлінген қаражатты нақты экономикаға жедел әрі тиісті деңгейде жеткізу үшін мемлекеттік даму институттары арқылы қаржыландыру мүмкіндігін де қарастырған жөн. Олардың қатарында «Бәйтерек», «Аграрлық несие корпорациясы» және басқалары бар.
Осындай қолдау түрі өзге де жеңілдіктер сияқты экспорттық әлеуеті бар тез дамып келе жатқан орта деңгейдегі компанияларға арналуы тиіс. Мұндай компаниялар дағдарыстан кейінгі кезеңдегі негізгі «қозғаушы күшке» айнала алады.
Тағы бір мәселе. Дағдарысқа қарсы шаралардың ауқымы мен қаржылық ресурстардың көлеміне байланысты бөлініп жатқан қаражаттың мақсатқа сай әрі тиімді жұмсалуының, азаматтарға және бизнеске қолдау көрсету кезінде ашықтық пен айқындық қағидатын қамтамасыз етудің маңызы арта түседі.
Бұл міндет Есеп комитетіне жүктеледі. Бұл жұмысқа аймақтық ревизиялық комиссияларды, қоғамдық кеңестерді де жұмылдыру қажет.
Осы ретте төтенше жағдайда қойылатын арнайы талаптар да ескерілуі керек.

Қадірлі ағайын!
Коронавирус індетіне байланысты баршамыз күрделі кезеңді бастан өткеріп отырмыз.
Бірақ бұл – уақытша қиындық.
Біз мұны міндетті түрде жеңеміз!
Бүкіл әлем күресуде. Біз де бар күш-жігерімізді саламыз.
Біз, мемлекет және қоғам болып барша азаматтарымызға қолдау көрсетеміз, ешкімді көмексіз қалдырмаймыз.
Мұқтаж адамдарға қол ұшын береміз.
Бұған ешқандай күмән болмауы керек.
Қоғамдағы береке-бірлік күш-қуат-ымызды арттырады.
Осы ретте індетті жұқтырған азамат-тарға да қолдау білдіргім келеді. Еш мойымаңыздар! Бұл ауру қаншалықты қауіпті болғанымен, одан емделіп шығуға болады. Сіздерге көмектесу үшін барлық жағдайды жасаймыз.
Ең бастысы, шыдамдылық, төзімділік және жауапкершілік танытайық.
Біз – рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз.
Сондықтан бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсереміз деп сенемін.
Басты тойларымыз әлі алда.
Төрт құбыламыз түгел болсын, ағайын!
Біз біргеміз!
31 наурыз 2020

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2020 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30      

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз