Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Асыл әкеміз Қалихан Алтынбаев өз өмірінің тең жартысын Көкпекті ауылында өткізіп, осы жерде топырақ бұйырды. Бұл кісінің қызметін Көкпекті халқының аға буыны өте жақсы біледі.
ХХ ғасырдың 70-80 жылдары қазақ тілінің қолданылу аясы тарылып, ақындық өнер феодализмнің сарқыншағы деп айтылған кезде, ол Семей облысы көлемінде ақындық өнерді сақтап қалуға көп күш-жігерін жұмсады. Айтыстарға ақындарды жинап, бастап алып жүрді. Зейнеткерлікке шыққанға дейін Көкпекті аудандық газетінің редакциясында қызмет атқарды.

Көкпектінің Құрметті азаматы атағын алған өнердің майталманы Қалихан Алтынбаев жұмыстан тыс уақытта қандай еді дегенге келсек, бір сөзбен қарапайым адам болды деп айта салуға болушы еді. Олай етсек, адам портреті ашылмай қалады. Қалихан атын әкесі Қалиасқар алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың атына орайластырып қойған. Қалихан өмір бойы атына заты сай ұлтжанды азамат болып тұрды. Көкпектіде зиялы қауым өкілдері өз балаларын 60-70 жылдары болашағы жарқын болсын деп, орыс мектебіне беріп жатқан кезде «қазақ боп туды, қазақ болып жүрсін» деп өз балаларын Көкпектідегі М.Горький атындағы қазақ орта мектебіне берді. Әлі есімде, мен бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімде «Батырлар жыры» деп аталатын қалың кітапты әкеп қолыма бергені. «Сенің атыңды Қалыбай деп Матай руынан шыққан атақты батырдың есімімен атадық. Сол секілді батыр болғың келсе, мына кітаптағы батырларды білуің керек», деген.

Ол кезде батыр болудан ешкім бас тартпайтын. Барлық ұл балалар батыр болуды, ғарышкер болуды армандайтын. Сол кітапты күнде әжеме оқып беріп, жарты айда тауысқан секілдімін. Содан ба, бір ғажабы, бойыма қуат бітіп, оқуды бастауыш сыныптарда үздік оқыдым.

Ол заманда әкелерден, «Әзіл әлемінде» Тұрсынбек Қабатов айтатындай, барлық балалар жасқанатын. Әкеміз жұмыстан келсе, тып-тыныш отыратынбыз. Бірақ, менің әкем, балаға қол көтермек түгіл, қатты ұрыспаушы да еді.
Жазушылар, ақындар үйге көп келетін. Әкем ол кісілермен ұзақ әңгімелесіп, бір демалып қалатын. Олар кеткеннен кейін қойын дәптерін алып, керек нәрселерді жаза қоятын. Сондай қонақтардың бірі әлі күнге дейін есімде. 1975 жылдың тамыз айы шығар, әкем жасы жетпістерге таяп қалған ұзын бойлы бір ақсақалды ертіп келді. Мен 10 сыныпқа көшкен кезім, әжептәуір спортпен шұғылданатынбыз. Әлгі кісі қолымды алып қысып жібергенде, көзден жас шығып кете жаздады. Дастарқан басында ақсақал әңгімесін айта отырып, үлкен жаңғақтың бір-екеуін қолмен үгіте салды. Бұл кісі кеткеннен соң кешке әкемнен сұрағанда ол Ахат қажы, Семей қаласындағы Абай мұражайының директоры, Шәкәрім Құдайбердиевтің ұлы болып шықты. Кейбір кездері түрлі жағдайлармен бейтаныс кісілер де келіп жататын. Бірақ, жөнді есімде қалмапты.
Кеңес Одағы құлағаннан кейін, бұрын коммунист боп, елдің алдында жүрген азаматтар бір түннің ішінде құбылып, мұсылман болып жатты. Партбилеттерін өткізіп, Алланы ауыздарына алып, өзгере қалды. Ал, әкем марқұм партбилетін тапсырмай, өзінде ұстады. Әкеме «ол не керек, бәрі тапсырып жатыр ғой» деп айтатынмын. Сондағы айтқандары есімде қалыпты. «Партияның құдайға еш қатысы жоқ. Құдай жүректе болады, ал партбилет қалтада жүреді. Екі дүниеде де екіжүзді адамдар оңбайды. Олар бүгін өздерін алдаса, ертең басқаларды алдайды», дейтін. Яғни, Қалихан Алтынбаев өз ұстанымына берік адам болатын.
Тәуелсіздік жылдары Көкпекті, Ақсуат, Жарма өңірлерінің тарихын жазуға көп көңіл бөлді. Көптеген кісілердің аузынан талай әңгімелер жазып алды. Ол әңгімелерді ойша талдайтын, содан кейін бір-бірімен қосып, түйіндейтін. Қазақ халқына кең тарап бара жатқан рушылдықты, мақтаншақ бауыршылдықты жаны сүймейтін. Ол жылдары Оңтүстікте бабаларын мақтап, ас беріп, асыра айту шектен тыс орын алып кетті. Сол туралы үйде әңгімелесетінбіз. Сонда айтатын: «Қазақ үш жүзге бөлінген кезде, Цеван Рабдан 70 мың қолмен кеп қазақты шапқан уақытта, қазіргі кезде ең көп батырлар шығып жатқан ұлы жүз жоңғарлардың қол астына қарап қалады. Кіші жүз орыстарға қосылып кетеді де жан алып, жан берісіп сақталып қалған Орта жүз болды. Абылай хан орта жүз сарбаздарымен қазақ жерін азат етті. Мақтанғанда да бәрінің орны бар ғой», деп. «Сол кездерде батырлар тарихын жазып жүрген оңтүстік ағайындардың айтуы бойынша батырлар саны жеті жүздей екен. Егер әр батырдың жасағы жүзден жауды жайратса, батыр атағына ие болу үшін мұнан кем болмауы тиіс. Сонда 70 мың жоңғар жоқ болады ғой. Ал қазақ жерін басып алып, сонда кім билеп тұрды? Жоңғарлардың әруақтары ма? Цеван Рабдан кезінде ғана сонша жауынгер болды. Оның отыз мыңы Қытай жақ шекарасына қарай үш айдан кейін қайтып кетті. Қалған кездері жоңғар қолы отыз мыңнан асып көрген жоқ», деп отыратын Қалихан Алтынбаев. Яғни, тарихи тақырыпта шынайылықты жақсы көретін. Сол үшін телефонмен әңгімелесіп тұрған адаммен ұрсысып та қалатын. Өтірікті қисындырмай айта бастаған адаммен, үйде отырса да әрі қарай сөйлеспей, шығып кететін.
Өмірінің соңына дейін қазақ халқы үшін адамға да, қоғамға да ең керегі тәртіп. Тәртіп болған жерде бірлік, бірлік болған жерде тірлік болады деп үнемі айтып жүретін.
Мынандай бір қызық оқиға есімде қалыпты. Көкпекті мен Ақсуат аудандарының айтысында Ақсуаттың ақыны Мақан Баймұрзин Көкпектінің асханасындағы тамақ беруді сынапты. Сол кезде Қалиханның айтқаны:
- Мына Мақан Баймұрзин не дейді, ойбай!
Сынады Көкпектімнің түгін қоймай.
Ауылында мал басы азайған соң,
Ашуланып келіпті етке тоймай! - деп Көкпектісінің намысы үшін жанын салып, жеңістік бермейтін еді.


Қалыбай Алтынбаев,
ақынның ұлы

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қараша 2017 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30      

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз