Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Қазан айындағы Қарттар күні және Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орайластырылып, «Жас Отан» жастар қанатының ауылдық округтердегі жастар ұйымдары бірқатар шараларды өткізді. Солардың бірі Самар ауылында ұйымдастырылған кездесулер болды. Самар ауылында соғыс ардагерлері саусақпен санарлықтай қалды. Солардың ішінде жалғыз әйел адам бар. Ол Валентина Степановна Федосова. Жасы 93-ке келген жауынгер-ана бұл кездесуді тосын сый ретінде қабылдады. Кездесуге арнайы үйіне келген екі орта мектеп пен агротехникалық колледждің оқушыларын ол қуана қарсы алды. Жылуын аямай тұрған күздің мизамшуақ айында ауладағы демалыс бұрышында өткен кездесуде балалар Валентина Степановнаға қызықты сұрақтар қойды.


В.Федосова Сібірдің Марьинск қаласында туған. Соғыс басталмай тұрып, 1932 жылы әкесінен айырылған шиеттей 6 баланы анасы жалғыз өсіріп жатты. «Біз қатты қиналдық. Бірақ ешқашанда мойыған жоқпыз. Соғыс басталғанда 17 жастағы мені әскер қатарына шақырды. Сол бетінде Воронежге келіп, байланысшылар курсына оқуға кірістім. Оны аяқтаған соң майданға аттандым», - деп есіне алады ол. Арнайы киім жоқ. Ескі шинельдерді қысқартып киеміз, аяқтағы етігіміз үлкен. Бүкіл әскер де қарулану жағынан қарық болып тұрмағаны да бар. Сонымен, алғашқы жылдары шегінген полктармен бірге шегіндік, кейін ғой немістерді тықсыра қуғанымыз дейді әңгімесінде В.Федосова. 76-шы атқыш артиллеристер полкінің құрамында Румынияға дейін жеткенде, көптен күткен «Жеңіс!» деген сөзді естіген. Ол болашақ жары Иван Федосовпен майданда танысып, Бухарест қаласындағы елшілікте некелері қиылды. Иван Константинович пен Валентина Степановна Сібірде тұрмақшы болды. Бірақ жас жігіт туған жерін кереметтей сағынатын еді. Ақыры, Құлынжонға келіп қоныстанды. 1946 жылы тұңғыштары өмірге келді. Төрт баланы өсіріп, жеткізді, барлығына да жоғары білім берді. Қазір бақытты әже немере, шөберелерінің ортасында отыр.
Міне, балалардың қойған сұрақтарына осындай жауап қайтарылды. «Мен сендердің бақытты бейбітшілікте өмір сүргендеріңді қалаймын. Ешқашан да соғыс деген болмасын! Еліміз тыныш болып, берекеміз арта берсін деп тілеймін!» - деді қоштасарда қарт жауынгер. Оқушылар да ол кісіге денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
Өткен аптада Самар агротехникалық кол-леджінің бірінші курс студенттері Самар мә-дениет үйі жанында жұмыс істейтін «Асыл қазына» әжелердің фольклорлық-этнографиялық клубының мүшелерімен кездесті. Құрылғанына биыл 5 жыл толып отырған әжелер клубының өскелең ұрпаққа берер тағлымы мол. Клуб жетекшісі К.Нұрпейісова клубтың қалай құрыл-ғаны, мақсаты туралы қысқаша айтып берген соң, оқушылар түрлі сұрақтар қойды. Ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген аналарға қойылған сұрақтар да ұлттық салт-дәстүр, ұлттық тағамдардың әзірленуі туралы болды.
«Жал-жая деген жылқының қандай мүшесінен қалай әзірленеді?», «сірне тағамы қайдан шыққан, қалай дайындалады?», «Тұсау кесу» және басқа дәстүрлердің мағынасы қандай?» деген сұрақтар көптеп қойылды. Бұл сұрақтардың барлығына көнекөз қарт аналар тәптіштеп жауап берді.
Сонымен бірге, әжелер қыздардың тәрбиесі, олардың ибалылығы мен жүріс-тұрысының дұрыс болуы керектігі жайында ақыл-кеңестерін айтты. Көпшілігі ата-аналарынан жыраққа алғаш рет шыққан студенттер әжелерді жібермей ұзақ ұстап, әртүрлі сұрақтарды көп қойды. Соңында әжелерге ән айтып беруді өтінді. Абайдың әні «Желсіз түнде жарық ай» басталғанда оқушылар өздері де қосылып отырды. Барлығы кездесу соңында ескерткішке суретке түсті.
«Ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбы аясында өткен кездесулердің маңызы өте зор. Қазіргі өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, «Мәңгілік ел» идеясын қалыптастыруда соғыс, еңбек ардагерлері мен қоғамдық ұйымдардың атқарып отырған жұмысы ауқымды. Алда келе жатқан Қарттар күні мерекесімен барша ардагерлерді, зейнеткерлерді, аға ұрпақ өкілдерін шын жүректен құттықтаймыз. «Қарты бар елдің- қазынасы бар», - деген, қашанда аман-сау болыңыздар!


Клара НҰРПЕЙІСОВА

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қазан 2016 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
          1 2
3 4 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз