Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

15 қараша күні Абай облысының Көкпекті ауданында тұңғыш рет командалық ақындар айтысы өткізілді. Айтыстың ақтаңгері Қалихан Алтынбаевқа арналған «Жыр тұнған жағасында Көкпектінің» атты ақындар айтысын Көкпекті ауданының әкімдігі мен Халықаралық айтыс ақындары, жыршы-термешілер одағының Абай облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырды.

Қалихан Алтынбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен жыр сайысына Семей, Өскемен қалалары, Аягөз және Көкпекті ауданының құрама командалары қатысты. Барлығы 12 айтыскер ақын сынға түсті. Семей қаласының құрамында Айбек Жеңісқазин, Қуандық Кенжебекұлы және Ерасыл Сәрсенбаев өнер көрсетті. Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының намысын Аян Қалымбектегі, Қуаныш Еркінұлы және Қуатбек Қуанар қорғады. Ақындар мен аңыздар елі – Аягөз ауданының атынан Әлішер Қыдырбек, Баян Бағдатұлы және Еркін Қуаныш бақ сынады. Көкпекті ауданының атынан Тамаша Рахатқызы, Жасұлан Мақаев және Фархат Маратұлы сынға түсті.


Ақындардың өнеріне лайықты бағасын берген әділқазылар алқасының құрамы да сөз өнерінің білікті мамандарынан құралды. Әділқазылар алқасына Халықаралық айтыс ақындары, жыршы-термешілер одағы Абай облыстық филиалының төрағасы Дәулет Сметов төрағалық етті. Семей қаласындағы «Халықтық» ақындар орталығының директоры Дәметкен Омарбаева, белгілі ақын Бауыржан Игілік, Ақсуат аудандық мәслихат депутаты, ақын Дулат Шідерин, көкпектілік айтыскер ақын Мұратқазы Бекішев қазылар қатарынан табылды. Шара тізгінін жергілікті ақын Манарбек Ақанұлы ұстады.
Айтыстың ашылу салтанатына Көкпекті ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев қатысып, айтыссүйер көпшілік қауымды киелі Көкпекті елінде өткізіліп жатқан айшықты шарамен құттықтады.
- Киелі де қасиетті Көкпекті топырағына қош келдіңіздер. Қазақ елінің рухани астанасы Алаш қаласынан айтыстың көшін бастап келген Дәулет Сметовқа, барша айтыс-кер ақындарға аудан халқының атынан шексіз алғыс айтамыз. Қалихан Алтынбаев - белгілі айтыскер ақын, журналист, зерттеуші, тіршілігінде қаншама еңбектерін жарыққа шығарып, ауданның рухани дамуына қомақты үлес қосқан тұлға.
Қалихан Қалиасқарұлы 13 жасынан «бала ақын» атанған. Өзінің шығармашылық жолында Жарма және Көкпекті аудандарында тел өскен дара тұлғаның соңғы ұрпаққа қалдырған мұрасы мол. Десек те, өлең сөздің бесігінде тербеліп, ұтқыр ойларын қиыннан қиыстыра білген айтыс өнерінің ақтаңгер шығармашылығының басым бөлігі көркейген Көкпектісімен тығыз байланысты.
Ол өз шығармашылығына көрікті өлке Көкпектінің табиғаты мен жер-суының әсемдігін, Қалба тауларының боз жоталарын, оның жан-жануарлары мен өсімдіктер дүниесін арқау етті, олармен сырласа білді.
Аудандық газет редакциясында қызмет еткен ұзақ жылдарда Қалихан Қалиасқарұлы оның беттерінде өз қолтаңбасын қалдырып, сол кезеңдегі оқырмандарын мағыналы да мазмұнды мақалаларымен сусындатқан. Ақындық өнерге баулып, соңынан ерткен сандаған шәкірттері оның салған сара жолын, шыншылдығын, бәйгеден озып шығып, қолма-қол суырып салатын тапқырлығын таңдана еске алады.
Қалихан Қалиасқарұлының шығармашылық жолы соңынан өсіп келе жатқан болашақ ақындар үшін жарқын үлгі. Олар Қалихан аталарындай туған елі мен жерін жан-тәнімен сүйетін азаматтар болып өссін, - деді Ділдәбек Тәжібайұлы.
Аудан басшысы жиылған көпшілік алдында бірқатар азаматтарды марапаттау рәсімін жасады. Елімізде меценаттық және қайырымдылықты дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының "Жомарт жан" төсбелгісімен Халел Фахрутдинов марапатталды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес "Күміс алқа" алқасы көпбалалы ана Ақмарал Ақатаеваға табысталды. Сондай-ақ аудандық "Толағай табыстары" төсбелгісіне Көкпекті руханиятына еңбек сіңіргені үшін Дәулет Сметов лайық деп танылды.
Ұлтымызға ғана тән суырып салма сөздің шеберлері Қалихан Алтынбаевтың ақындық өнері мен мол мұрасын, елдік пен бірлікті, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін, Толағай баурайындағы киелі Көкпекті елінің, қойнауы қазыналы Қалба жерінің ерекше қасиеттерін жалынды жырларына арқау етті. Тартысты өткен жыр додасының нәтижесінде 1 орынды Аягөз ауданы жеңіп алды. Тамаша өнерімен көпшілікті тәнті еткен Семей қаласының құрамасы 2 орынды олжалады. Әділқазылар алқасының шешімімен Көкпекті және Өскемен құрамаларына 3 орын берілді. Әділқазылар алқасына да сый-сыяпат жасалып, құрмет көрсетілді.
- Абай облыстық филиалы ашылғалы бері Көкпекті ауданында өткізіліп отырған алтыншы айтыс жыр жампозы Қалихан Алтынбаев атамызға арналды. Ел азаматтарының басын осындай өнегелі өнерге біріктіріп, айтыстың өтуіне ылғи ұйытқы болған аудан басшысы Ділдәбек Тәжібайұлына барлық өнерсүйер қауым мен ақындардың атынан зор алғыс айтамыз. Көкпектілік көрерменге тамаша айтыс сыйлаған жас ақындардың шабыттары шарықтай берсін. Келесі жылы өтетін облыстар арасындағы командалық айтысқа дайындығымызды пысықтап, шамамызды байқап алдық. Қалихан Алтынбаевтай нар ақынын ұлықтаған ұлылар елі Көкпекті көркейе берсін. Ұлтымыздың мол мұрасы айтыс өнерінің абыройы арта берсін! – дейді Халықаралық айтыс ақындары, жыршы-термешілер одағы Абай облыстық филиалының төрағасы Дәулет Сметов.
Дүбірлі жыр додасының Көкпекті ауданында өтуіне аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев мұрындық болды. Көрерменнің көңілінен шыққан айтыстың жоғарғы деңгейде өтуіне Қалихан Алтынбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің ұжымы, аудандық кітапхана қызметкерлері, Көкпекті ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметкерлері, Көкпекті ауылдық округі әкімінің аппараты, аудан әкімінің аппараты мен ішкі саясат бөлімі ерекше атсалысты. Айтыстың бас жүлдесіне Қойгелдиндер әулеті 600 мың теңге демеушілік жасады. Басқа да жүлде қорына Көкпекті ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінен қомақты қаражат бөлінді. Сондай-ақ сөз сайысының өтуіне ауданға белгілі кәсіпкерлер Владимир Виничук пен Александр Бойков қолдау көрсетті.
Керемет кеш соңы Көкпекті жұртының айтыс өнеріне деген ерекше құрметімен айшықтала түсті. Биғаш ауылдық округінің әкімі Қайрат Ахметқалиев халықтың атынан ауылдың тумасы, талантты жас ақын Жасұлан Мақаевқа шапан кигізді. Аудандық мәслихат төрағасы Талғат Сарманов жас ақынның дарыны мен жалынды жырына тәнті болып, өз атынан Жасұлан ақынға бір жылқы мінгізді. Ел ағаларының мәрттігі мен жомарттығына тағы бір мәрте куә болдық.
Айтыс сүйер Көкпекті елі мен жомарт жүректі азаматтары барда ұлттық өнеріміз өркендей берері сөзсіз.

Пікір:

Директор-редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің директор-редакторы Д.Б.Дюсембаев. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қараша 2023 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 24 25 26
27 28 29 30      

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз